Билік

Девальвация — салмақты қадам

Өткен аптада облыс әкімі Елеусін Сағындықов Ақтөбе қаласындағы ірі-ірі сауда орындары, базар және тасымалдаушы компания жетекшілерімен кездесті. Тақырып біреу – теңгенің девальвациясынан кейін халық үшін бірінші кезекте қажетті азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу.

Ұлттық валютамыздың құнсыздандырылуы өткен аптада қазақстандықтар үшін басты тақырып болды десек, артық айтқандық емес. Бұл орайда облыс әкімі алдымен екінші деңгейлі банктердің, құқық қорғау органдарының басын қосып, ел арасында дүрбелең туындамауы үшін жағдай жасалу керектігін баса айтқан болатын. Ал бұл жолы нақты тапсырма кәсіпкерлерге берілді.

Ұлттық банк доллар бағамын 3 пайыздық немесе 5 теңгелік ауытқумен 150 теңге көлемінде белгілегені рас. Енді кез келген айырбастау қосыны долларды бұдан қымбат бағаға сатуға құқылы емес.

Облыс әкімінің айтуынша, валюта девальвациясы – әдетте берекесіздікпен немесе Үкімет шешімімен жүзеге асырылатын шаруа. Ал ұлттық теңгеміздің құнсыздануына мемлекет тарапынан мүдделілік туындауы – экономиканы сауықтыру, жандандырудың нышаны.

Демек, девальвация банк жүйесінен бастап, экономиканың барлық саласын аяғынан тұрғызуы тиіс.

Елеусін Сағындықов бұл салада шұғыл өзгеріс не күтпеген құбылыстың да болмайтындығын да атап өтті. Алайда теңгенің тағдыры тікелей әлемдегі ахуал мен мұнай бағамына тәуелді болмақ.

– Әлемдік нарықта қара алтын қымбаттаса, теңге де нығая түседі. Біз бұндай жағдайды тоқсаныншы жылдардың соңында бастан өткергенбіз. Ол кездері 1 АҚШ доллары 160 теңгеге жеткені де есімізде. Девальвациядан соң өндіріс орындарының да тамырына қан жүгіргенін білеміз. Қалай дегенде де мемлекет – бұл саланы бақылауда ұстап, реттеп отыратын тетік.

Теңгенің құнсыздандырылуы алдымен экспортшыларға тиімді. Оның ішінде Ақтөбе облысының өнеркәсіп орындары ұтпаса, ұтылмайды, – деді облыс әкімі.

Облысымыздың сыртқы экономикалық байланысында экспорттың үлесі жоғары болуы – табыстың көзі. Бұл кәсіпорындар техникаларын жаңалап, экономикалық көрсеткіштерін арттырар күн алда. Мәселен, облыс әкімі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл өндірісті жарақтандыру мен дамытуға 700 миллион доллар салатындығын атап өтті. Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «Дөң» кен байыту комбинатын дамытуға бағыттайтын қаражаты үш есеге дейін көбеймекші. Тіпті, облыс әкімінің араласуынан соң қаржы көздеріне ие болған химиялық зауыт та ақпан айынан бастап толық жұмыс күніне көшеді.

Әкімнің айтуынша, доллар қымбаттаған күннен бастап жекелеген дүкендер мен дәріханалар азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын көтеріп жіберген. Ал негізсіз жасалған бұндай қадам қарапайым халық үшін қиянатпен тең.

Осындая қысылтаяң уақытта мемлекеттің сансыз жеңілдіктерін алып отырған «Жаңа Әлжан» ұн-жарма комбинаты өз өнімдерінің бағасын 3 пайызға көтеріпті.

Жиын барысында кәсіпорын басшысын орнынан көтерген Елеусін Сағындықов жеке кәсіпкерге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қатаң ескертті. Мәселен, осы тектес компаниялар облыс көлемінде су тегін электр энергиясы мен көгілдір отынды қажетінше тұтынып отыр. Ал әлеуметтік жауапкершілікке келгенде тым-тырыс күйде қалатындығы қынжылтады.

– Қазіргідей қиын уақытта қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ұмытпаған жөн. Оның үстіне, халықтың 40 пайызы әлеуметтік әлжуаз топтардың қатарында, яғни тұрмыстары ортадан төмен. Сондықтан да осындай топтағылардың қымбат азық-түлікті алуға шамалары жетпейді. Әрине, базар басшылары, өндірістік мекеме қожайындары күйлі. Бірақ қандай да бір қымбатшылық залалын тигізбейтін топ өзгелерді де ойласын. Біз бір кеменің үстінде келеміз. Жағдайды шиеленістіруге болмайды, – деді кейбір кәсіпкерлердің теріс қылықтарына қынжылыс танытқан облыс басшысы.

Облыс басшысы жағдай тұрақталған соң билік тарапынан кәсіпкерлер жұмысына араласудың болмайтындығын да ескертті. Тек қазіргідей сәтте облыс тұрғындары, патриоттары бір-бірінің қолтығынан демеу қажеттігін де айтып өтті.

Расында, облыс әкімдігі тарапынан халықты әлеуметтік қолдау мақсатында жыл сайын миллиардтаған теңге қаражат бөлініп жатыр. Тіпті, наурыз айында электр қуатының бағасы қарапайым тұтынушылар үшін тағы төмендеуі мүмкін.

Осындай жетістіктерге кеңінен шолу жасап өткен облыс әкімі жиын барысында кәсіпкерлердің де пікірлеріне құлақ түрді. Ортақ мәселені тізе қосып шешу керектігі айтылды.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button