Билік

Дамудың дәл жолы

Бүгінде халықты арзан ауыл шаруашылығы өнімдері және көкөніспен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналғаны белгілі. Осыған орай Ақтөбе қаласы бойынша 2009-2010 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен сенбі күні Ақтөбе қаласының Тұрғындар қалашығындағы коммуналдық базар жұмысымен танысқан облыс әкімі Елеусін Сағындықов қала басшыларының осы бағыттағы жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар облыс әкімі қаладағы бірнеше нысанды аралап көріп, Астана қаласының тойына орай ашылған гипермаркеттің тұсаукесеріне қатысты.

Базардың бағы – бағасында

Жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құрайтын бұл базар – қаламызда ашылғалы отырған осындай нысандардың ең ірісі. Мұнда тек ауыл шаруашылығы өнімдері мен жергілікті бау-бақша иелерінің маңдай терімен өсірілген жеміс-жидектері салыстырмалы түрде арзан бағаға сатылып жатыр. Сауда орындары әзірге сатушыларға тегін ұсынылған. Мұндай «батпан құйрық» саяжай иелеріне тұрақты түрде бұйырады да, сауда орындарын жалға алушылар болашақта 300 теңге көлемінде төлемақы төлейтін болады. Ал жергілікті өнім өндірушілер мен зейнеткерлер сауда орындарын 50 пайыздық жеңілдікпен пайдалана алады.

Осындай жетістіктермен танысқан облыс әкімі сауда қатарларын аралап, сатушылар және сатып алушылармен тілдесті.

Коммуналдық және шағын базарлар мен сауда павильондарын салуға қалалық қазынадан 55 миллион теңге бөлінген. Әзірге бұл қаражатқа салынуы тиіс 10 нысанның бесеуі халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, шағын базарлар 11 және 12-шағын аудандарда, Әуе қалашығында, сүт зауыты ауданында орын тепкен. Ал осы Тұрғындар қалашығындағы базардың құрылысына 7,4 миллион теңге жұмсалыпты.

Әкімдік атынан бұл нысандарға тікелей иелік етіп отырған «Бизнесті дамыту орталығы» ЖШС директоры Меңдібай Мақтаевтың айтуынша, бұл – қаладағы алғашқы коммуналдық базар. Қалғандарының құрылысы осы аптаның ішінде аяқталуы тиіс. Олар бүгінгі күнге 90 пайызға дайын болғанымен, ішкі ұсақ жұмыстары аяқталмай жатқанға ұқсайды.

– Жасалған жұмыстардың барлығы – елдің қамы. Қалалықтарды Орталық базарға сабылтпай, үйлерінің жанындағы базардан арзан өнім алуларын мақсат тұттық. Базарларды салуда халық тығыз қоныстанған аудандар таңдалды. Бұл нысандар қалалық әкімдіктің меншігінде болғандықтан, тәртіп пен тазалық бірінші орында тұрады. Біздің талабымыз бойынша мұндағы көкөніс өнімдерінің бағасы өзге базарлардан анағұрлым төмен болуы тиіс.

Мұндай базарларда ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеміс-жидектен басқа тауарларды саудалауға рұқсат жоқ. Ет сатушыларға арналып тоңазытқыш жабдықтары  алынды. Сонымен қатар тез бұзылатын сүт өнімдері санитарлық қызметтің талаптары мен қағидасына сай келуі тиіс.

Қазір барлық шағын базарларға 48 адам жұмысқа қабылданады. Бұл жұмысшылар кездейсоқ қабылданып жатқан жоқ. Бос орындар халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрған жұмыссыздар есебінен толықтырылады. Ал сауда орындарын жалға алушыларды қосқанда 200 адамға дейін жұмыспен қамтылмақ, – дейді М. Мақтаев.

Директордың айтқаны қолдауға тұрарлық. Мәселен, базар алаңы түгелдей асфальтталған, инженерлік желілерге қосулы, айнала мұнтаздай. Енді бұл жерде әрбір сенбі сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуге толық мүмкіндік бар.

Бұл жетістіктермен облыс әкімі Елеусін Сағындықовты қала әкімі Архимед Мұхамбетов егжей-тегжейлі таныстырды. Барлық сауда орындарын аралап шыққан облыс жетекшісі сатушылар мен сатып алушылардың пікірлеріне құлақ түріп, сатуға шығарылған өнімдер бағасының тұрақтылығына баса мән берді. Базарларда жергілікті өнімдердің молаюына көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Бақшашылардың әрқайсысының жанына аялдап, өнімінің сапасы мен бағасын халықтың көңілінен шығатындай етіп қоюды тапсырды. Ал бау-бақша иелеріне жасалып отырған жеңілдіктерді айта келе, олардың өнімі бағаны тұрақтандырудың басты жолы екендігін жеткізді.

– Соңғы жылдары көптеген саяжайлар иесіз қалды. Бау-бақша ұжымдарының тірлігінде бұрынғыдай қарбалас байқалмайды. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін қараусыз саяжайларды көкөніс егіп, арзан өнім өндіремін деушілерге беруге болады. Осыны ескеру қажет, – деді облыс әкімі бақша иелерінің біріне. Әрі биліктің тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың барлық амалдарына дайын екендігін білдіртті.

Күн сенбі болғанымен, жаңа базардың ашылғанынан хабарсыздықтан болар, сауда алаңқайында кісі қарасы көп болған жоқ. Алайда жағымды жаңалықты көзімен көріп, құлағымен естігендері базардағы өнімді мүмкіндіктерінше қаптамаса да, қалталап тасып жатты. Әсіресе, картоп пен пияз, қырыққабат, жұмыртқа алушылар қатары аз болмаған секілді.

Облыс басшысы көкөністерді Орталық базардан көтерме бағамен алып, коммуналдық базардың ырзығын көрушілердің көп екендігіне кейістік білдіргенімен, қала әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті бау-бақша өнімдерінің 10 күннің аржақ-бержағында пісіп қалатындығын айтты.

Өзінің «Достық» бау-бақша ұжымындағы 12 сотық жерінде өскен сан алуан гүлдері мен шелек-шелек бүлдіргенін алып жеткен қалалық «Садовод» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Валентина Дынник жүздеген бақшашылар атынан облыс және қала басшыларына алғысын білдірді.

– Бұрын бау-бақша иелері маңдай терімен өсірген өнімдерін көше бойында, үйлердің қалтарыстарында полициядан қашып-пысып жүріп әрең сататын. Бұл базар бізге жасалған үлкен сый деп білемін. Енді айымыз оңымыздан туып, бізден ақы алмайтын базарларға арзан өнім әкелуге дайынбыз, – деді төрайым.

Жалпы, бұл күні билік өкілдеріне арналған ақ батада шек болған жоқ.

Бүгінде шағын базарларда жергілікті «Адель и М», «Бал-Юн», «Айс», «Рокос», «Рамазан», «Ақтөбе-нан», «Ақтөбе кондитер фабрикасы» серіктестіктері сияқты өнім өндірушілерге де орын бөлінген. Тіпті, қалаға қарасты селолық округтерге де тиімді болып отырған жайы бар. Мысалы, 2 мыңдай ірі қара, 200-дей шошқа, 400-дей жылқы және 5 мыңдай қойы бар Новый селолық округінің тұрғындары үшін мал өнімдерін өткізетін орын осындай базарлар болмақ.

– Біздің округтен бұл жолы шұбат, қымыз, құрт-ірімшік және басқа да сүт өнімдерін әкелдік. Енді көзіміз ашылатын болды,- деген окургтің бас маманы  Сергей Жақыповтың сөзін округ әкімі іліп әкетті. «Ауылымызда, әсіресе, сүт өнімдерін сатушылар қарасы мол. Бұл ретте шаруа қожалықтарының белсенділіктері жоғары. Бір ғана «Матай» шаруа қожалығы өздерінің келісімі бойынша қаладағы сауда нүктелеріне күніне 300-400 литр сүт тасымалдайды. Бірақ соңғы кездері тұрғын үйлер көптеп салынып, халық саны көбейген сайын мал ұстаушылар азайып келеді», – дейді Қанымқұл Рысмағамбетов.

Тәртіп пен тазалық

Мұнан соң облыс әкімі Елеусін Сағындықовты қала әкімі жуырда ғана ғаламат күшпен тәртіпке келтірілген Тұрғындар қалашығындағы алаңқайда  атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында мұндағы сауда нысандары мен дәмханалардың құжаттары тексеріліп, 8 нысанның төртеуі заңсыз салынғандықтан бұзылған екен. Бұл маңдағы берекетсіздіктің кесірінен қылмыстық оқиғалар да жиі тіркеліп отырған.

Қала басшыларының араласуымен қазір бұл алаңқай адам танымастай өзгерген. Нысандардың сырты керамогранитпен қапталып, ағаштар арасынан жаяу жүргіншілер жолы салынған. Көліктер тұратын орындар да белгіленіп, аумақ тұтастай жарықтандырылыпты. Қала әкімі Архимед Мұхамбетов таяу болашақта осы маңнан субұрқақ салынып, халық тынығатын орынға айналдыру жоспары бар екендігін де айтты.

Мұндай жұмыстар таяу күндері теміржол вокзалы алдындағы алаңқайда жалғасады. Жалпы, қайта жарақтандыру мен абаттандыру жұмыстарына облыс әкімі ризашылығын білдірді. Және Ақтөбе қаласының 140 жылдығы тойланар күнге дейін барлық шаруаның пысықталуы қажет екендігін ескертті.

Олжалы «олжа»

Ғазиза Жұбанова көшесінің бойында заманауи гипермаркеттің лентасын да облыс әкімі сенбі күні қиды. Астана қаласының тойына орайластырылып ашылған бұл нысанның иесі – «RIFMA GROUP» компаниялар тобы.

Сауда орталығының құрылысы 2007 жылдың тамыз айында басталып, биылғы наурызда аяқталған. Ғимараттың жалпы алаңы 6500 шаршы метр болса, сауда алаңы 4300 шаршы метрді құрайды. Инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл жерде жаңадан 250 жұмыс орны ашылған.

Гипермаркет қожайындарының айтуларына қарағанда, сауда орталығында 30 мың түрлі тауар бар. Тамақ өнімдерінің өндірісі, атап айтқанда, ет, балық өнімдері, наубайхана мен кондитерлік цехтарға дейін өз меншіктерінде.

Мұнда күніне 5000 адамға дейін еркін сауда жасай алады.

Болашақта жергілікті ауыл шаруашылығы өңдеушілерімен, өнім өндірушілермен бірігіп кластер құру мүмкіндігі қарастырылмақшы. Ең бастысы, жергілікті өнімдердің саудаға шығарылуына молынан жағдай жасау жоспарлары да бар. Гипермаркет 18 шілдеден бастап толық қуатындағы жұмысқа көшеді.

Сауда орталығын толығымен аралап көрген Елеусін Сағындықов кәсіпкерлердің талғамы мен талабына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар облыстағы индустриялық-инновациялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Облыс басшысының пікірінше, биылдың өзінде ашылған және ашылатын кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандары келесі жылы бюджетке 40-50 миллиард теңге көлемінде кіріс кіргізеді. Бұл қаражат халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалмақ. Биылдың өзінде жаңадан ашылатын 17 мыңдай жұмыс орны, оның ішінде сегіз мыңдай жоғары жалақы төлейтін жұмыс орны облыс экономикасының айнасы іспеттес.

«Жол картасы» – жайлылықтың кепілі

Жол-жөнекей Пожарский көшесінен қалалық полигонға және Жіңішке өзені өткеліне дейінгі автокөлік жолының күрделі жөнделгеніне, Сәңкібай батыр даңғылының кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолының салынғанына көз жеткізген облыс әкімі аталған жұмыстарға ризашылығын айтты.

Мұнан соң «Жол картасы» аясында Маресьев көшесінің Ә. Молдағұлова даңғылынан бастап Сәтпаев көшесіне дейінгі аралығының күрделі жөндеуден өткізіліп жатқандығын көрді. Бұл 700 метр жолға республикалық қазынадан 74,2 миллион теңге бөлінген. Естеріңізде болса, «Астория» мейрамханасының бір қапталы көшенің қақ ортасына дейін салынып, автокөлік қозғалысына кедергі келтірген соң, қала басшылығы оны бұздырып тынған болатын. Қазір Маресьев көшесінің бұл бөлігі айнадай жалтырап, кеңейіп қалған. Жаяу жүргіншілер жолы да бар. Бұл өзгерістің Әбілқайыр хан даңғылындағы көлік жүктемесін азайтуға септігін тигізіп отырғаны және рас.

Осындай игі істерге куә болған Елеусін Сағындықов БАҚ өкілдеріне кең көлемде сұхбат берді.

– Осыдан он жылдай бұрын бұл жұмыстарды атқаруға ынта мен қызығушылық болғанымен, мүмкіндігіміз болмады. Қазір қала әкімдігі «Жол картасы» бағдарламасын мақсатты түрде орындап отыр. Биылдың өзінде қаланың 60-70 шақырым автокөлік жолы мен 12 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөнделмекші. Тұрғын үйлердің аулаларына да көңіл бөліне бастады. Сонымен қатар Ғ. Жұбанова көшесі мен Сәңкібай батыр даңғылының аралығында жол айрығы салынып жатыр. Онымен қоса, алғашқы аталған көше 11-шағын ауданға дейін ұзартылады. Бұл қазірдің өзінде 150 мың автокөлігі бар қалада көлік тығынын азайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, бірнеше теміржол өткелін салу, Елек өзеніндегі көпірді кеңейту жұмыстары да қолға алынбақшы. Аталған жұмыстардың барлығы 2011 жылға аяқталуы қажет.

Тереңірек үңілсек, Батыс елдері мен Қытайды жалғастыратын ғаламат автокөлік жолының салынар күні де алыс емес. Қазірдің өзінде біздің облыс аумағына осы жол үшін 3,5 миллиард доллар қарастырылды. Бұл жол пайдалануға берілгеннен кейін облыс экономикасы кемінде 30 пайызға ұлғаяды. Бас жоспар бойынша Ырғыз селосына жақын жерден қонақ үйлер, қызмет көрсету орындары бар шағын қалашық бой түзеуі тиіс. Сөйтіп, табиғаты керемет аудан туристік орталыққа да айналады. Облыстың әлеуеті мен мүмкіндігінің мықтылығының бір парасы – осы.

Қазіргі күні Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театр жөндеуге жабылғанын ел біледі. Оны жаңаша сипаттағы кірсе-шыққысыз орталыққа айналдырамыз және келесі жылдары Абай атындағы демалыс саябағы тұсында әлемдегі озық театрлардың үлгісімен 700-800 орындық қазақ театры ғимаратының құрылысы басталады.

Ал алдағы қыркүйекте Кірпішті ауылының тұсында еліміздің батыс аймағында теңдесі жоқ 4 жабық және 6 ашық корты бар теннис кешені пайдалануға беріледі. Болашақта спорттың қазығына айналар бұл маңда 20 мың орындық стадион салу ойымыз да бар. Оны алдағы бес жылдықтың жоспарына енгіземіз, – деді облыс әкімі.

Сөйтіп, Елеусін Наурызбайұлының бір демалысы осындай қызу қайнаған тірлікке ұласты.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button