Денсаулық

Қатерлі ісіктің құрбандары

Қазақстанда қатерлі ісік ауруларының ішінде сүт безінің ісігі бірінші орынға шығып отыр

 Қазір ел аймақтарында 22 қазан мен 3 қараша аралығында әйелдер денсаулығын қорғау мақсатында ақпараттық-білім беру акциясы өтіп жатыр. Бұл — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған шара. Акция аясында қыз-келіншектердің денсаулығын қорғауға қатысты түрлі іс-шаралар, оның ішінде сүт безі, жатыр мойыншасының қатерлі ісігі ауруларының алдын алу және дерттің қауіптілігі жайында мол ақпараттандыру, адам паппиломы вирусына қарсы екпелер жүргізіледі.

Республикалық акцияны жүзеге асыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қолдауымен аймақта тақырыпқа байланысты баспасөз мәслихаттары, дөңгелек үстел отырыстары мен семинарлар ұйымдастырылып, медицина  мекемелерінде ашық есік күні өтіп жатыр. 

 

ДЕРТ ДЕР КЕЗІНДЕ АНЫҚТАЛСА…

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2007 жылы әлемде қатерлі ісікпен ауыратын әйелдердің саны бір жарым миллионға жеткен. Ресми ақпарат көздерінде Еуропада жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінің 350 мың жаңа оқиғасы тіркелетіні, 130 мың əйелдің осы аурудан қайтыс болатыны туралы жарияланыпты. Қазақстанда қатерлі ісік ауруларының ішінде сүт безінің ісігі бірінші орынға шығып отыр. Елімізде жыл сайын 3000-нан астам әйел осы ауруға шалдықса, дерт салдарынан 1500-ге жуық адам көз жұмады. Мамандар әйелдердің дәрігерге кеш қаралуын бұл дерттің асқынуының басты себебі екенін айтады.

Әлия Маханалина, «Ақтөбе облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» мемлекеттік мекемесінің дәрігер-маммологы:

— Сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайды, сондықтан әйелдер бұл дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Егер бойдағы дерт дер кезінде анықталып, ем-дом жасалса,  аурудың асқынуына жол берілмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Осының ізінше елімізде 2008 жылдан бастап 50-60 жас аралығындағы әйелдерді толық тексеруден өткізетін «маммографиялық скрининг» деп аталатын ұлттық бағдарлама дүниеге келді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — сүт безінің қатерлі ісігі ауруын алдын ала анықтау, өлім-жітімді азайтып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпіріне, оның ішінде облысымызға да маммографиялық қондырғылар әкелініп, 50-60 жас аралығындағы барлық азаматшаларға тұрғылықты мекен-жайына  қарасты емханалардан  екі жылда бір рет  тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалды.

Жалпы сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің көпшілігі ауру асқынған кезде, яғни 3-4-ші сатысында ғана ем алуға келеді.

Былтыр орталықта осы ауруға қатысты үш күн ашық есік күні ұйымдастырылып, нәтижесінде 600-ге жуық адам тексерістен өтті. Акция аясында 3 адамның бойынан сүт безінің қатерлі ісігі ауруы анықталып, науқастарға  ауруханаға жолдама берілді. Ашық есік күні қыз-келіншектерге ультрадыбыстық тексерулер тегін жүргізіледі, аурудың қауіптілігі турасында  кеңінен кеңес беріледі.

 

МАММОГРАФИЯ ЖӘНЕ МҮМКІНДІК

 

Қазір «Ақтөбе облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» мемлекеттік мекемесінде  тек қалалықтар ғана емес, аудандардан келетін  тұрғындардың жолдама арқылы тегін тексеруден өтіп, кеңес алуына мүмкіндік бар. Биыл өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша, орталықта мың жарым әйел  маммографиялық тексерістен өтіпті.  

Әлия Болатқызының айтуынша, кейбір науқастар өз денсаулығына немқұрайды қарайды. Тексеру нәтижесінде дерт анықталып, науқастың ауруханада жатып ем алуына жолдама берілгенмен, кейбіреулері бұған  салғырт-салақ қарайды. Яғни жолдаманы қолдарына алғанмен олар ауруханаға емес, үйлеріне баруға асығады.

Қазір облысқа маммография қондырғысы жетіспейді. Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би, Темір, Қобда, Ойыл аудандарында әзірге мұндай аппарат жоқ. Өткен жылы Шалқар ауданына кешенді жабдықталған маммография қондырғысы жеткізілді. Маммография қондырғысы бар аудандарда мамандар әйелдің бойынан қандай да бір өзгеріс анықтаса, орталыққа жіберуге құқығы бар. Бүгінде орталықта екі маммография аппараты ғана бар. Орталықта  ауыл-аймақтарға қатынайтын заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған жылжымалы автокөліктер бар. Отбасын жоспарлау орталығы иелігіндегі арнайы маммографиясы бар автокөлік те аудандық жерлерге барады, мамандар тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетеді. Тәжірибелі мамандар мінген арнайы көліктердің баратыны туралы жергілікті халыққа алдын ала ескертіледі. Осындай мүмкіндіктерді шалғай ауылдарда тұратын тұрғындардың жіберіп алмағаны дұрыс. Өйткені ауылдық жерде тұратын әйелдер көп жағдайда қатерлі дерттің алдын алу үшін тексерілуге құлықсыз. Ал қаладағы қыз-келіншектердің көпшілігі сүт безінің немесе жатыр мойыншасының қатерлігі ісік ауруларының қауіптілігінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар екенін айтып, өздігінен тексеріліп жатады, — деді Ә.Маханалина.  

 

ӨЗГЕРІСТІ ӨЗІҢ БАҚЫЛА!

 

Мамандардың айтуынша, қазір елімізде ұрпақ өрбітуге қабілетті әйелдердің 80 пайызға жуығы сүт безі ісігіне шалдығады. Ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз болып екіге бөлінеді. Бұл дерттің 90 пайызы — қатерсіз ісіктер. Оның асқынған, асқынбағанын тек функция жасап, оны цитологиядан өткізу арқылы анықтап білуге болады. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда ол адам дереу есепке алынып, дәрігерлік мәлімдеме жасалады, диспансерлік емдеуге жіберіледі.

Қазір елімізде қатерлі аурулардың ішінде сүт безінің ісігі бірінші орынға шығып отыр. Дерттің бұлайша таралуының бірнеше себебі бар. Ағзадағы  гормоналдық өзгерістер мен жүктілік, жыныстық аурулар, етеккірдің бұзылуы, климакс жағдайлар да сүт безі қатерлі ісігі ауруларын тудыруы мүмкін.  Дерттің пайда болуына экологиялық ахуал да әсер етеді.

Сүт безінің қатерлі ісік ауруының кеудеде пайда болғанын әйелдер айлап, тіпті жылдап та сезбеуі мүмкін. Басқа ісік ауруларына  қарағанда дерттің бұл  түрі  жанға батып ауырмайды. Сондықтан әрбір әйел омырауында қандай да бір өзгерістің бар-жоғын өзі бақылауы керек. Егер өзгерістерді байқап, сезіктенсе, дереу мамандарға жүгінгені дұрыс, — дейді Әлия Болатқызы.
Қазір облыста қолында арнайы сертификаты бар дәрігер-маммологтар саусақпен санарлықтай ғана.  Аудан орталықтарында маммологтың міндетін онколог-дәрігерлер атқарады. Арнайы бұйрыққа сай, онколог-дәрігерлер толық ставкада жұмыс жасауы тиіс, бірақ бұл талап көп жерде сақтала бермейді. Қазір облыста жартылай хирургтің, жарты ставка онкологтың қызметін атқарып жатқан мамандар да бар.

 

АУРУДЫ АСҚЫНДЫРМАС ҮШІН…

 

Гүлмереке Сүйінова, облыстық перенаталдық орталығы жанындағы клиникалық диагностикалық бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:

— Қазір елімізде жатыр мойыншасының қатерлі ісігі ауруы жасарып барады. Облыста бұл дертке шалдыққандар санының көбейгені байқалып отыр. Жыл сайын шамамен отыз әйел осы дерттің салдарынан көз жұмады.

Биыл өткен тоғыз айда облыста 59 жағдай анықталды. Оның барлығы қатерлі дерттің 1-2-ші сатысы бойынша ауыратын науқастар. Қазір Ақтөбеде 485 әйел онкогинекологтың есебінде тұр. Мұның 60 пайызы ғана бес жылдан артық өмір сүре алады. Десек те, бұл дерт көпшілік ойлағандай, ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын ауру емес. Бұл аурудың туындауына адам папилломасы вирусы себепші болады. Өйткені зерттеулер көрсеткендей, бұл вирус жатыр мойыншасы обырының 99,7 пайыз жағдайында анықталып отыр. Қазір қауіпті саналатын вирустың бұл түрі әйелдерге жыныстық қарым-қатынастан жұғуы мүмкін. Өйткені бұл вирустың бүгінде жүзге тарта түрі анықталса, соның отызы ғана жыныс мүшелерін зақымдайды. Бұл аурудың туындауына өзге де факторлар әсер етуі мүмкін. Шылым шегу, ерте жыныстық қатынас, бала туу мен түсік,  гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану дерттің асқынуына жол береді.  

Өкінішке орай, қазір адам папилломасы вирусын емдейтін тиімді құралдар жоқ. Қазір медицинада вирус тудырған қауіпті емес ісіктерді ғана емдеп, жазуға мүмкіндік бар.

Елімізде жатыр мойыншасының қатерлі ісік ауруларын емдеуге бағытталған скринингтік  бағдарлама қабылданып, алдын алу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама аясында 35-60 жас аралығындағы әйелдер толық тексеруден өтеді. Скринингтік тексеруден өтпеген әйелдердің учаскелік дәрігерге барып қаралуына толық құқығы бар.

 

P.S. Енді маммография қондырғысы жоқ аудандардың мәселесі шешілетін болады. Мамандардың айтуынша, бір-біріне жақын орналасқан 2-3 ауданға бір маммография аппаратын орнату мәселесі қазір ойластырылып жатыр.  

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button