Мәдениет

Құлқай ағаның ормандары

Ұзақ жолға сапарға шықсаң да, қала сыртында бір мезгіл серуендеуді қаласаң да айналаңнан жайқалған жасыл тал іздейсің. Жазғы аптапта ыстықтың бетін қайтарып, қыстың бұрқасынында желдің өтінде қорған болатын секілді ол. Тіпті ауаға да бір самал тарататындай ма, өзі. Шүкір, Ақтөбенің айналасы, тіпті аудандарға апарар бағыттардың бойы да жасыл желектен кенде емес.

Бір қызығы, соларды кім екті, қашаннан бері бой көтерді, күтімі мен бабын кім жасады, оған назар аудара бермейміз. Көбінесе, табиғаттың өз аясынан өніп жатқандай сезінеміз.

Алайда бір ақиқат бар. Сол жол қуалаған ормандар адамның қолымен тұрғызылған. Бақылап-баптаумен өсірілген. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген санаулы адамдар бұл күнде алдыңғы буынға шықты. Егер солардың арасынан екінің бірін немесе өзін іздейтін болсақ, бәлкім, бірегей деген теңеуге сай келетін болар, ол — Құлқай аға Нұрмағамбетов.

Бүгінде сексен бес атты белеске бел талдырмай келіп отырған оның өмірбаянына үңілсек, бұл сөзіміздің ақиқаттығына ден қоясыз. Қарап көріңіз.

Құлқай Ордабайұлы сонау тың игеріліп жатқан 1954 жылы Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл кезде ол оңды-солын әбден байқай алатын, өмірден тәжірибе жинақтай бастаған жиырма алтыдағы қынулы жас жігіт еді. Жоғары оқу орнын сәл кейіндеу бітірген себебі, оған дейін Ақтөбе кооперативтік мектебінде білім алып, бухгалтерлік кәсіпті де меңгеріп алған болатын. Сол екпінімен Мәртөктегі аудандық тұтынушылар одағында біраз есеп-қисаптың да басын қайырып үлгерген.

Міне, осындай салмағы бар жас маман «іздегенге — сұрағандай» емес пе?! Шынында да солай болды. Оны Ақтөбе механикаландырылған орман шаруашылығының ұжымы қуана қарсы алды. Бас-аяғы алты жылдың ішінде осында инженер, бас орманшы, директор лауазымдарын атқарып үлгерді. Содан соң бір жылдай облыстық жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарады да, қайтадан бұрынғы үйренген ортасынан бір шығады.

Ол енді он бес жыл бойы облыстық, арасында шамалы уақыт өлкелік деп те аталады, орман шаруашылығы басқармасына жетекшілік жасайды. Одан кейін алты жылдай қаланы көгалдандыратын «Зеленстрой» деген мекеменің тізгінін ұстайды. Кейінгі жағында ол ірілендіріліп, құрамына тағы да бірнеше ірі ұжымдар қосылып, трест атауын алады.

Бәлкім, осы арадан бір тыныс алып, орман шаруашылығынан бой тартып, тал-терек ектіруден кейін шегінер деп ойларсыз. Жоқ, мүлдем олай емес. Құлқай аға осыдан кейінгі он екі жылды Батыс Қазақстан теміржолының Ақтөбе және Қызылорда облыстары қорғаныштық тал отырғызу дистанциясына басшылық жасаудың үлесіне қалдырады.

Ол осы шаруалардың қай-қайсысында да кеңседе отырып, қағазға шұқшиюмен тірлікті тындырған адам емес.

Өзі жалпы осы салаға келгенде облыс аумағында шағын алты орман шаруашылығы бар еді, оны көп ұзатпай он екі қылды. Жиырма жеті орманшылықты іске қосты, олардың міндеттерін саралап, елге пайдалы іске жекті. Мұның сыртында жеті жұртшылық тұтынатын цехтар ашылды.

Өзі туып-өскен өңірдегі Мәртөк механикаландырылған орман шаруашылығының қалай құрылып, қалай қанат қағып кеткені бір бөлек әңгіме. Бүгінде осы ұжымның атқарған істерін республика біледі. Мәртөктің көшеттері қазір еліміздің әр түрлі аймақтарында бой көтеруде. Мұнда өсірілетін тал-теректердің түрлері мен аттарын бір тізіммен айтып шығу оңай емес.

Қобда мен Қарабұтақта іске қосылған механикаландырылған орман суландыру стансаларының атқарған жұмыстары да халықтың көз алдында. Комсомол, Сазды орман шаруашылықтары осындай тәжірибелерден соң жалғасын тапты. Ал Темірдегі орман шаруашылықтары тал-терек өсірумен шектелмей, жеміс беретін салаға да ден қойды. Темірдің тәтті алмасын әлі күнге дейін тамсана еске алатындар бар.

Ойылдың орманы кейін сырттан келген қонақтарға мақтанмен көрсететін өңірге айналды. Шалқардың қалың құмындағы көкке өрлеген теректер, Қарғалының Қосестегіндегі жасыл алқаптар көздің жауын алатын болды.   

Бүгінде Ақтөбе қаласының көшелерін аралап жүріп, бір кездері өзі отырғызған көшеттердің көктеп, тамыры тереңге тартқанына көңілі көтеріледі. Абай атындағы бульвардың ажарын ашып тұрған сол жасыл желектер емес пе?! Осындай ізбен Әлия атындағы даңғыл да көріктендірілді.

Бір кездері қазіргі ескі қала деп аталып жүрген бөлік пен өнеркәсіп аймағы бетіндегі жаңа құрылыстар арасы адам жүруі қиындау, батпақты-шалшықты жер болатын. Сол аумаққа 200 гектар алқапқа жасыл белдеулер жүргізілді. Қараусыз жатқандай кеңістікке жан кірді, тіршілік тынысы кеңіді.

Осы тұстарда қала жұртшылығы бау-бақша шаруашылығын дамытуға ден қоя бастады. Бұл іс те өздігінен шешіле салмайтыны анық еді. Көптеген ұйымдастыру, орналастыру жұмыстары жүргізілді. Айналада көк молайып, жасыл желек көтерілген сайын қаланың экологиялық ахуалы жақсара түсті, бір шеттен көкке көтеріліп жатқан зауыт түтінінің зиянды әсерін азайтатын мүмкіндік қалыптасты. Қала бойынша суармалы құбырдың іске қосылуы да көпшіліктің көңілінен шыққан игілікті бір іс болды.

Жалпы айтқанда, адамның іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, атқарған еңбегі өз бағасын бір алары анық. Құлқай аға көп жылдар бойы осындай жұмыстарды атқарып, зейнет демалысына шыққан тұста да іздеусіз қалған жоқ. Өзі көп жыл еңбек еткен саланың жаңа басшылығы, іс басында жүрген мамандары ақыл-кеңесіне жүгініп тұрды, бұл кісі де өзінің білгенін, тіпті қол көмегін де аянып қалған емес.

Өмір деген қызық қой. Сөйтіп жүргенде, жасы жетпіске таяп қалды, алаңсыз демаламын деп ойлаған. Бір күні облыс әкімі шақырып алып, әкімшіліктің қаржы-шаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болу ұсынысын айтқаны бар. Шамасы, Құлқай Ордабайұлының шаруашылық жүргізудегі мол тәжірибесі қажет болғанға ұқсайды. Ол үшін бұл, бір жағынан, ерекше құрмет болғанымен, екінші жағынан, жауапты міндет те еді. Сондықтан жаңа шаруаға бел шеше кірісті.

Бүгінде Құлқай аға сонау қынулы қырық жастағы күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек еткен кезеңдерін ыстық ықыласпен ойға оралтады. Сондайда Кеңес Нокин, Байсалбай Жолмырзаев, Хакім Бекмұхамбетов секілді ел басқарған беделді азаматтармен бір мақсатта, бір ниетте қатарда жүргені көңіліне шуақ болып орнайды.

Азаматтың ажарлы жүруі отбасына да байланысты деп айтылып жатады ғой. Құлқай аға өзінің өмірлік серігі Фарида екеуі Әділ, Жанетта, Еділ есімді перзенттер өсірді, олардан немере-шөбере өрбітті. Әулеттің шағын орманы осылай жапырағын жайды.

… Құлқай аға қазір де табиғат аясына жиі шығып кетеді. Жол бойындағы жасыл желектердің жағдайын алыстан-ақ болжап біледі. Қурап қалғандарына қарап, көңілі қобалжиды. Жапырағы желмен ойнап тұрған тал-терекке сүйсіне көз салады.

Құлқай аға Нұрмағамбетов кейінгі буынға егіп берген талдар әлі де ұзақ жылдар көктей беретін болар. Ол осыған сенеді.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.     

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button