Мәдениет

Жыр жаттаған өрендер байқауда бас қосты

 «Ақтөбе—Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен ақын Бауыржан Бабажанұлының шығармашылығына арналған байқау өтті.

Байқау 7-11 класс оқушылары арасында ұйымдастырылды. Шараға Ақтөбе қаласының бірқатар мектептерінен, Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Қобда, Алға, Байғанин, Темір, Мәртөк аудандарынан — барлығы 14 оқушы қатысты.

Байқаудың бірінші бөлімінде қатысушылар ақын Бауыржан Бабажанұлы шығармашылығынан өздері жатқа білетін өлеңдерді оқыды. Айта кеткіміз келеді, кейбір оқушылар 20-25 өлеңге дейін жаттап келіпті. Әрине, бұл — жастардың поэзияға, өлеңге деген құштарлығының көрінісі.     

«Жыр жазамын» аталған екінші бөлімде оқушылар өз өлеңдерін оқыды. Тіпті, бірер шумақпен суырып салма ақындық өнерін ортаға салған өрендер де болды.

«Ақтөбе—Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының қызметкері Клара Өтетілеуқызы:

— Балалар өз өлкесіндегі, өз қаласындағы ақын-жазушыларды жақсырақ танып, олардың шығармаларын оқып, жаттап өсуі керек. Отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу сынды ұлы мұраттар жолында осындай шаралардың маңызы зор деп білемін,— дейді.

Шараға ақын Бауыржан Бабажанұлы қатысып, сөз сөйледі.

Байқау қорытындысында Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның оқушысы Аяна Жылқайдарова бірінші орынға ие болды. Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы Жұлдыз Ербақыт пен Алға ауданы Шибаевка орта мектебінің оқушысы Ғабиден Ғабитов — екінші орынға, ал Мұғалжар ауданы Құмсай орта мектебінің оқушысы Ғалым Бегенов, қазақ-түрік лицейінің оқушысы Аймамбет Абылайұлы, №51 мектеп-гимназияның оқушысы Айдана Ақышевалар үшінші орынға лайық деп танылды. Жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button