Спорт

Әлемде — біріншіміз!

Бокс

 Сенбі күні Алматыда бокстан әлем чемпионатының жалауы түсірілді. 12 күнге созылған додада  4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Біріншіліктің финалын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, тамашалады.

 

Сынға түскен он жігіттің сегізі медальға ілігуі — зор жетістік. Онда да 52 келідегі Ілияс Сүлейменовтің  ширек финалда уэльстік Эндрю Селбиге ұтылғаны көрермендер арасында үлкен күмән туғызды. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та: «Ілияс жеңілген жоқ, әттең төрешілер шешімі солай болды…» — деп отыр.

48 келі. Жартылай финалда «ежелгі дұшпан» — кубалық Иосвиани Вейтианы еркін ұтқан Біржан Жақыпов финалда алжирлік Мұхаммед Флиссиге рингтің «бесінші бұрышын» іздетті. Ең жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған Біржанның бұл жеңісіне қуанбаған адам жоқ. Ылғи төрешілер жолын кесіп, сәтсіздік тобығынан қаққан оғланның  бұл жолы жұлдызы жарқырады. Айтпақшы, ең ауыр жеребе осы Біржанға түскенін де айта кеткен жөн. Еуропа чемпионы, ресейлік Бэлик Галанов, дүниежүзілік универсиада жеңімпазы, соққысы зілдей өзбек Хасанбай Дусматов, Куба қабыланы Иосвиани Вейтиа секілді кіл жас перілердің «тірсегін қиған» Біржан қандай мақтауға да лайық!

52 келі. Ілияс ұтылған Селбиді жартылай финалда тоқтатқан өзбек Жасурбек Латиповтың ақтық айқаста ресейлік Миша Алоянға шамасы жеткен жоқ. Бірінші раундта сәл басым болғанымен тәжірибелі Алоян шешуші сәтте барын салып, жеңіске жетті.

56 келі. Қайрат Ерәлиев жартылай финалда әзірбайжандық Жавид Чалабиевпен арыстанша айқасып, ұпай санымен жеңілді. Ширек финалда олимпиада чемпионы, кубалық Робейсу Рамирес Каррасананы тәубесіне келтірген Қайрат үшін қола медаль  да аз нәтиже емес. Ал Жавид Чалабиевтің финалда орыс боксшысы Владимир Никитинді  қапы қалдырып, үздік шыққанын ескерсек, Қайрат басқа емес, чемпионға ұтылды. Айтпақшы, сол жартылай финалдағы төрешілер шешіміне риза болмай: «Қайрат жеңіп еді…» — дейтіндердің де қарасы қалың. Бұл пікірді де негізсіз дей алмайсың. Бірақ…

60 келі. Маңғыстау облысының атынан шығып жүрген ақтөбелік Берік Әбдірахманов та қола медальмен шектелді. Жартылай финалда Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, осы біріншілікте де жасындай жарқыраған кубалық қабылан Лазаро Альберес Эстрадаға қарсы лайықты қарсылық көрсеткен, тіпті кейбір сәттерде оның зәресін ұшырған Берік көрермендердің көзайымына айналды. Соққысы жойқын, үнемі шабуыл өтінде жүретін Беріктің жеңілгеніне күмән келтіргендер де бар. Бірақ Әбдірахманов жігіт екен: «Эстрада  техника  жағынан алдымды орап кетті…» — деді «Казспортқа» берген сұхбатында.

64 келі. Жиырма жасында Бейжің олимпидасына қатысып, төрешілердің кесірінен бүгінде  жұртшылық атын да ұмытып үлгерген қытайлық боксшыдан «жеңілген», кейін ел біріншілігінде де жолы болмай біраз қағажу көрген Мерейдің мерейі тасыды бұл жолы. Жартылай финалда әлем чемпионы, бразилиялық Эвертон Лопестің «шаңын қағып алған» Мерей финалда даңқты кубалық  Ясниер Толедо Лопестің шәпкісін теріс кигізіп жіберді. Мерейге құрамадан сырт қалған кезде «Астан арландарының» сапында өнер көрсеткені тек қана пайдаға шыққанын көрдік.

69 келі. Команда капитаны Данияр Елеусіновтің осы жолы алтын алатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Жартылай финалда «неміс» Арик Марутянмен өте қиын кездесу өткізген Данияр финалда Ариснойдис Деспайжнның алдын орап кетіп отырды. Әрі-бері қарсыласының тұмсығын көздеп  көрген кубалық қабыланның онысынан түк шыққан жоқ. Данияр «билеп» жүріп, Ариснойдистің дымын құртты. Әр кездесуінде  интеллектуалды ойын көрсете білген Елеусінов Қазақстанның қоржынына үшінші алтынды салып қана қоймай, біріншіліктің ең үздік боксшысы атанды!

75 келі. Осы біріншіліктің көзайымы болған,  жиырма жастағы Жәнібек Әлімханұлы финалда Джон Куиглиді бірінші раундта-ақ нокдаунға жіберді. Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар, әрі Ресейдің чемпион болады деп сенген Артем Чеботаревін жартылай финалда көкала қойдай ғып сабаған Джон қазақ баласының гүрзі жұдырығын «иіскеумен» болды. Төртінші алтын! Жарайсың, Жәнібек!

81 келі. Жартылай финалда өте сауатты өнер көрсетіп,  өзбек Ойбек Момозулуновты нокдаунға түсірген Әділбектің  тағы да жолы болмады. Екі жыл бұрын Бакуде өткен әлем чемпионатының финалында кубалық   Хулио де ла Круз Пераззамен кездесіп, жеңілген Ниязымбетов бұл жолы да Хулиоға жол берді. Әдетте екінші номерде ойнап, қарсыласын соңына «ертіп» жүріп соғатын Әділбек бірден-ақ шабуылға көшкен. Бірақ қолды-аяққа тұрмайтын Хулио біздің ұлдың соққыларын дарытқан жоқ. Өзі де мықтап ұра алған жоқ, бірақ төрешілердің шешімімен 2:1 есебімен тағы да чемпион атанды. Ал әлем чемпионатында, олимпиадада, Азия біріншілігінде  күміспен күптелген Әділбек тағы бір күміс медаль алды. Әлеуметтік желілерде оны «Күмісбек» деп атап жатқандар да бар…

91 келі. Бұл салмақта біздің Антон Пинчук өзбек Рустам Төлегеновтен «таяқ жеп», жарысты ерте аяқтағаны белгілі. Сондықтан да өзгелердің боксын қарауға мәжбүр болдық. Финалда Италия боксының жарық жұлдызы  Клементо Руссо ресейлік Евгений Тищенконы жеңіп, жеңімпаз атанды!

+91 келі. Түрі боксшыдан гөрі баскетболшыға келетін, сирағы ұзын Иван Дычко «екі-ақ аттап» финалға жеткен. Жарысқа екінші айналымда қосылған, әрі ширек финалдағы қарсыласы шықпай қалып, жартылай финалда неміс  Эрик Пфайферді аса күш жұмсамай еркін ұтқан Ваняның финалда екі аяғы көктен келді. Екі раунд бойы ұпай санымен ұтылып жатқан Магомедрасул Меджидов не бел, не белбеу кететін тұста жойқын соққы жұмсап, Иванды нокдаунға жіберді. Төреші сегіз санағанда орнынан қалт-құлт етіп тұрып, алға ұмтылған Дычко тағы да тау құлататын ауыр соққыға тап болып, нокаутқа түсті. Айта кету керек, әзірбайжандық боксшы жартылай финалда атақты итальян былғары қолғап шебері Роберто Каммараллені де рингке бір аунатып тұрғызған болатын. Меджидов сонысымен де Бакуде бекер әлем чемпионы атанбағанын дәлелдеді.

Сонымен чемпионат бітті. 4 алтын, 2 күміс, 2 қола иеленген еліміз құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Бұл — бұрын-соңды болмаған оқиға! Екінші орынды 2 алтын, 2 күміс, 1 қоласы бар кубалықтар иеленсе, 2 алтын, 1 қола жүлдені қоржындарына салған әзірбайжандықтар үштікті түйіндеді. Ал келген сәтте бас бапкері Александр Лебзяк:  «Бірінші орын алуға келдік!» — деп мәлімдеме жасаған ресейліктер төртінші орынды қанағат тұтты.

Сонымен, чемпионат бізге не берді?

Біріншіден, Қазақстан өз тарихында бокстан тұңғыш рет осындай ірі жарысты өткізді. Бұл — еліміз үшін мерей!

Екіншіден, боксшылар бұл жолы жаңа ережемен бокстасты. Бас киімсіз бокста баса-көктей алға ұмтылам деп, жарақат алып жатқандар да бар.  Дегенмен Алматы турнирі «жаңаның басы…» ретінде көп былғары қолғап шеберінің есінде қалары хақ.

Үшіншіден, қазақ боксшылары өз көрермендерінің алдында барын салды. Сегіз боксшының жүлде алуы, ең алдымен, төккен тердің, бапкерлер құрамының әр қарсыласқа қарсы дұрыс тактика таңдай білуінің нәтижесі. Былғары қолғап шеберлеріне бар жағдайды жасаған  еліміздің бокс федерациясына мың алғыс!

Төртіншіден, құраманың жартысына жуығын құраған жастар өте батыл өнер көрсетті. Жәнібек алтын алса, Қайрат пен Берік қолаға алақан жылытты. Демек бізде буын алмасу процесі ешқандай қиындықсыз өтіп жатыр деген сөз. Ал  Бакудегі әлем чемпионатында алтынды «күреп алған» Украина құрамасының мықтылары кәсіби боксқа ауысқасын олардың орнын басқан жастар бұл жолғы біріншіліктен құралақан қайтты…

Бесіншіден, боксшылардың бәрі де — қазақстандықтар, басым бөлігі — қазақтар! Алтын алып, мерейімізді асқақтатқан да солар! Бас бапкеріміз де ана тіліміздің уызына жарып өскен қазақ. Көп спорт түрлерінде абыройымызды келімсектер жабатынын ескерсек, Қазақстандағы нөмірі бірінші спорт түрі — бокс екеніне енді ешкімнің дауы болмас.

Алтыншыдан, осы дуға әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама мықты бокшылар келді. Ағайынды Кличколар, Александр Поветкиндерді  және өзіміздің даңқты боксшыларды көрген қаншама ұланның көкірегінде арман оты тұтанды. Сол от бізді әлі де алысқа апарары хақ!

Жетіншіден, қазақ көрермені тұңғыш рет бокс аламанын тікелей эфирден тамашалады. Бұл үшін «Қазспорт» телеарнасына мың алғыс!

Айтпақшы, өз елімізде көп алтын «алып қойғанымызға» «ұялып» жүргендер де бар. Ұялатын ештеңе жоқ. Біздің жігіттер лайық өнер көрсетті!

                                                                                                                         

Бек СҰЛТАН.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button