Спорт

Алмас — күміс жүлдегер!

Польшаның Вроцлав қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті.

Осы жолы тұңғыш рет қазақ баласы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жүлдесін иемденді.

Атап айтқанда, 94 кг салмақ дәрежесінде Алмас Өтешов күміс жүлдеге ие болды. Осы салмақта тағы бір отандасымыз — Владимир Седов қола медальға қол жеткізді. Бұрын 94 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Илья Ильиннің басқа салмаққа ауысқаны белгілі және ол бұл сынға қатысқан да жоқ. Сөйтіп, біздің Ильядан аса алмай, діңкесі құрып жүрген ресейлік Александр Ивановқа бір мүмкіндік тиді. Ол қос жаттығу қорытындысы бойынша 402 кг (180+222)  көтеріп, өз салмағы бойынша көш бастады. Алмастың көрсеткіші Ивановтан 5 келі төмен (175+222); ал Владимирдің көрсеткіші — 396 кг (180+216).

Бұл екі медальға Ильяның үлесі бар екенін айта кеткен жөн. Илья Алмас Өтешов пен Владимир Седовты чемпионатқа өз бағдарламасы бойынша әзірледі және Вроцлавқа олардың бапкері ретінде барды.

Жалпы, чемпионат қорытындысында Қазақстан құрамасы екі медальмен 6-орынға табан тіреді. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни Вроцлавта медаль алуды жоспарлап отырмағанын, тек екінші, үшінші нөмірлі жастарды жіберіп, оларға тәжірибе жинатуды көздейтінін айтқан еді. Чемпионатқа қатысқан жастарымыздың бәрі де алғашқы ондықтан көріне алды.

 

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button