Спорт

8 Боксшымыз жартылай финалға шықты!

Бокстан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында 9 қазақ боксшысы ширек финалға шыққан болатын.

48 келі. Біржан пуэрто-рикалық Энтони Чаконды қиындықсыз жеңіп, жартылай финалға шықты. Біржанның кіл жас перілермен қолғап түйістіріп келе жатқанын айта кеткенін лазым. Жақыпов алтынға барар жолда кубалық ноян Иосвани Вейтиа  Сотомен қолғап түйістіреді. Ол — Бакудегі әлем біріншілігінде Біржанды аттан аударып кеткен мықты. Қарымта қайтаратын сәт туып-ақ тұр…

52 келі. Екінші кездесуінде Азия чемпионы қырғыз, Асан Үсенәлиевті жолдан тайдырған Ілияс Сүлейменов ширек финалда уэлстік даңқты бокшы Эндрю Селбимен кездескен еді. Тең жағдайда өткен айқас соңында төрешілер Селбидің қолын көтерді…

56 келі.  Қайрат Ерәлиев Лондон олимпиадасының чемпионы, кубалық Робейсу Рамирес Карасананың екі аяғын бір етікке тықты. Бұл — ең біріншіден, тактикалық жеңіс. Арақашықтықты сақтай жүріп, өз соққыларын дарыта білген Қайратты Робейсу рингте «қуып», жете алмай жүрді. Тек Қайрат үшінші раундта қоян-қолтық ұрысқа кірісем деп сәл таяқ жеп қалды. Жартылай финалда ол — әзірбайжандық Жавид Чалабиевпен кездеседі.

60 келі. Екінші кездесуінде Германия өкілі Роберт Харутунянды «үйіне» қайтарған Берік Әбдірахманов ширек финалда венесуэлалық Луис Диаспен кездесті. Берікке қарғанда бойшаң Диас бірінші раундта басымдау көрінген. Бірақ екінші раундта біздің ұл барын салып, қарсыласын өз дегеніне жүргізді. Үшінші раундта қабағы жарылса да, қарсыласының тұмсығын көздеумен болған Берік ақыры жеңіске жетті!

64 келі. Мерей Ақшалов қырғызстандық Ермек Сәкеновті үш раунд бойы соққының астына алды. Жартылай финалда Мерей бразилиялық Эвертон Лопеспен финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады.

75 келі.  Алғашқы екі кездесуінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Жәнібек Әлімханұлы бұл жолы сол биік деңгейден көріне алмады. Мырзағали Айтжановтың пікірінше, Жәнібек қарсыласы румын Богдан Журотонидің әдісіне «түсіп» қалып, ашық айқасқа кіріскен. Соның кесірінен біраз жұдырық жеді. Бірақ шешуші сәтте барын салып, жеңісті жұлып алды.

+91. АИБА-ның атынан шыққан Сатиш Кумар жекпе-жектен бас тартқандықтан Иван Дычко да жартылай финалға шықты. 

Сонымен сегіз оғланымыз жартылай финалға шықты. Сегіз медаль бар деген сөз.Алтыны көп болғай!

Бек СҰЛТАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button