Мәдениет

Батырлар әлемі

Біздің тарихымыз елін, жерін, ұлтымыздың намысын қорғаған ұлы тұлғалармен — хандар, билер мен шешендер және батырларымызбен даңқты. Батырлар туралы ел аузында сақталып қалған аңыздар, ғибратты әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бала күнімізден естіп өскен әңгімелерге тағы бір үңілдік.

 

Батырлықтың түрлері…

Айбын-атағы алысқа кеткен батырлар болған: өз елін көзінің қарашығындай қорғайды; басқаларға жөнсіз шабуылдамайды, бірақ оның асқан даңқынан, сұсынан айналасындағы өзге жұрттардың бәрі сескенеді. Солардың бірі – біздің мақтанышымыз Қобыланды батыр. Мысалы, орыста — Илья Муромец. Қобыландының шыққан тегі – Қыпшақ, оның ішінде Қара Қыпшақ. Ол Жошы ханның Шайбан деген баласының тұқымы Әбілхайыр ханның тұсында (XV ғасыр) өмір сүрген, соның белгілі қолбасшыларының бірі болған. Қазақ Хандығының пайда болуына да осы Қобыланды батырға қатысты оқиғаның әсері болған делінеді.

Ерекше күш-қайратымен ел құрметіне бөленген батырлар да бар. Мысалы, Қабанбай батыр. Атақты қолбасшы Қабанбай батыр жас күнінде жабайы қабанды өз қолымен тұншықтырып өлтірген. Оның азан шақырып қойылған аты, яғни шын есімі – Ерасыл екені мәлім. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы дүниеден озған. Қабанбай батыр Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт ұрпағынан тараған. Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлардың қолынан қаза табады. Он алты жастағы Ерасыл жау арасына жасырын барып, әкесі мен ағасын өлтірген жоңғардың батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында тәлім-тәрбие алады. Осында жылқы бағып жүріп, малға шапқан жабайы қабандықару-жарақсыз, тек қолымен ғана тұншықтырып өлтірген, сол үшін халық оны «Қабанбай батыр» атап кеткен. Бір шайқаста Қабанбай батыр жоңғардың батырымен жекпе-жекке шығады. Сонда атамыз жоңғардың батырын қылыш сілтегенде, күшінің орасан зор болғаны сонша, қарсыласымен қоса атын да екіге бөлген екен.

Халқымызда ештеңеден қорықпайтын жаужүрек батырлар жөнінде де аңыз-әңгімелер өте көп. Мысалы, бір үлкен шайқаста қазақтарда 10 мың ғана қол болған, ал жоңғарлар жағы —100 мың, яғни 10 есе көп болған. Сонда  ықпалды билер ақылдасып: «Бұл — өте қауіпті жағдай, қазір қырылып қалсақ, қайтадан көтеріле алмаймыз. Сондықтан қайтайық, қол жинап, кейін шайқасамыз» — дейді. Халық айтылған сөзге көніп, енді бұрылып кете бергенде, Нұрбике есімді бір жас қыз (оның аты тарихта қалған), қылышын суырып алып: «Мен жаумен жалғыз шайқасамын!» — дейді. Мұны естіген жұрт кілт тоқтап, кері қайтады. Сөйтіп, қазақтар жаумен кездеседі. Сөйтсе, жоңғарлардың қатарын толықтырып, қалың қол ғып көрсеткен көмекке келген қытайлар екен. Екінші жағынан жау жоғарыда орналасқандықтан, көп болып көрінген.

Ал кері қайтқалы тұрған қазақтарды батыр қыз — Нұрбике тоқтатып, шабуылға  шыққанда, қытайлар қалмақтармен бірге соғысудан бас тартып, кетіп қалады. Сол жолы қазақтар жауды ойсырата жеңеді. «Қалмақ қырған», т.б. жерлер — осындай ерлік көрсетілген жерлер.

Халқымыз батырларын неге ерекше құрметтеген? Көшпенділердің бүкіл өмірі соғыста өтетіндіктен, соғыс ісі атадан балаға жалғасатын кәсіп болған. Әр қазақ баласының батыр болғанын тілеген. Ел үшін жанын қиған батырлардың есімі ел ұранына айналған…

 

«Олжа қатын»

Сұлу әйелге қатысты ерліктер туралы да көп айтылады. Айтмағанбет атты батыр, сері кісі болыпты. Жұрт оны Сарыбатыр атап кеткен екен. Батырлығына қоса ат баптап, бәйгеге қосуға құмар екен. Сарыбатыр бәйгеге қосқан сәйгүліктер оның даңқына даңқ қосып жүрді деседі.

Күндердің күнінде Сарыбатыр Қарагер атын баптап, жаратып, қалың арғын арасына кетеді. Үш жүздің небір қасқасы мен жайсаңы бас қосқан айтулы аста Сарыбатырдың жолы болады – Қарагер аламан бәйгеден озып келеді. Көңілі шат батыр елге оралса, жылқысына жау шауыпты. Түрікменнің барымташылары тұтқиылдан шауып, мұның үш үйір жылқысын қуып кетіпті. Сарыбатыр енді түрікмендер еліне аттанады. Сұрастыра жүріп, малын әкеткен ауылды, кінәлілерді анықтап алады. Сол ауылға келсе, атақ-даңқынан бұрыннан хабардар түрікмендер Сарыбатырды ерекше қошеметпен қарсы алып, қадірлі мейман етеді.  Ауыл басшылары еш сөзге келместен, өз тентектерінің өрескел ісін мойындап, жылқысын қайтаратынын айтады, айыбымыз деп тағы екі үйір жылқы қосып беретін болады. Сонымен, жоқ табылып, дау бітеді. Сол жерде Сарыбатыр бір тосын жайттан құлағдар болады. Бұл — жастайынан жесір қалған бір келіншектің дауы екен. Сол ауылдың маңдайалды марқасқа бір жігіті мерт болып, ақылына көркі сай жесір қалған келіншегіне таласушылар көп екен. Әмеңгерлер: «Жол менікі, мен аламын!» — дейді. Келіншек те өз таңдауын айтпайды. Ертеңіне түрікмен ауылы түгелімен жиылып, алқа-қотан отырып, ортаға келіншекті шығарады. Сол жиынға қызығушылықпен қатысқан Сарыбатыр қарап тұрса, келіншек расымен бет біткеннің сұлуы екен. Ал  түрікмендер өзара ұзақ дауласып, бір байламға келе алмайды, жағдай тіпті ушығып барады. Бір кезде рұқсат алып, ортаға Сарыбатыр шығады. Шығады да: «Әй, түрікмен ағайын, бір әйелге таласып, береке-бірліктеріңді бұзарсыңдар. Әйел кімге бұйырса, сонымен өштесіп,  жарасымнан айрыларсыңдар. Одан да, өзі ырзашылығын берсе, осы әйелді мен алайын, «мәрт түрікмен ағайынның маған жасаған сыйы» деп, еліме марқайып барайын» — дейді.

Сонымен, Сарыбатыр-Айтмағанбет әлгі сұлу келіншекті Жем бойындағы жайлауы Бесбайға әкеледі. «Сарыбатыр түрікменнен қатын олжалап әкеліпті» деген хабар елге тез тарайды.

Жайықтың Орал жақ тұсындағы ел ішінде Сарыбатыр досы, өз жұртының қадірлісі, қайтпас ер Қарабатыр деген бар екен. Әлгі жайттың ізін суытпай, Сарыбатырға сол келеді. Жұрт «Олжа қатын» атап кеткен келіншекпен әлі некесін қия қоймаған Сарыбатырға: «екеуміз дос едік, осы әйелді маған қи» — дейді.

Сарыбатыр:  «Аты «Олжа қатын» болғанмен, басқаға қимас қымбатым еді. Бірақ сенің де меселің қайтпасын, менің де көңіліме дық қалмасын, бостан-бос бере салмайын. Екеуміз күресейік, жеңсең әйел сенікі» — дейді.

Екеуі содан бір ай бойы күресіп, бірін-бірі жеңе алмапты.  Ақыры Сарыбатыр өзі күресті тоқтатып, Қарабатырмен мәмілеге келіп, келіншекті соған мінгестіріп жіберіпті.

 

Даналықпен ұғысу

Ертеде, найман руында Бектас деген батыр болған. Ол қыдырып келе жатып  үш түсті, үш үйір: ақ боз, қара, жирен түсті жылқыға кез болады да, алдына салып айдап кете барады, бірақ кімнің жылқысы екенін білмейді. Сөйтсе бұлар Құнанбайдың (Абайдың әкесі) жылқысы болып шығады. Содан жылқыны аулына алып келіп, өз жылқысына қосып қойып, жүре береді. Күндердің күнінде Жетісудағы атақты ізші Мұқажан Құнанбайға жылқысын Бектас батыр айдап кеткені туралы хабарды жеткізеді. Құнанбай жылқыны кері алып қайтуға жас, бірақ ел арасына атағы шыққан Абайды жұмсайды. Жол жүрер алдында Құнанбай Абайға: «Егер малды өз еркімен қайырса айыбымен қоса аларсың, ал қайтармаса, күшпен аларсың» — дейді. Абай Бектас батырдың еліне жолға шығады, оның келе жатқанын Бектас та естиді. Бұл кезде Абайдың билігімен, ақындығымен аты шығып, ел арасында танымал, мәлім болған кезі болса керек. Абай келіп қалды-ау деген мезгілде Бектас: «Күл салған бір үлкен шелекті толтырып, осы жерге әкеліп қойыңдар, Абай келгенде маған айтарсыңдар» — деп нұсқау береді. Содан, Абай аттан түсіп жақындай бергенде, бір шелек күлді Бектас анадай жерге апарып өзі төгеді. Абай Бектастың бұл қимылын бірден аңғарады, іс-әрекетінің нені меңзейтінін де бірден сезеді. Сондағы Бектастың бұл іс-қимылдан Абайға аңғартқаны: «анау күлді төккенім — кінәмді мойындағаным, жылқының бәрін де қайтардым, жасалған теріс қылығым да күлмен кетсін, енді мұндай жағдай қайталанбайды» деген мағына екен. Осы ишараны сезген Абайға да Бектас қатты риза болып, ішінен: «Абай шынымен де данышпан екен» дейді. Абайға да сол бойда жылқының қайтарылғаны және айыбымен қайтарылғаны туралы хабар келеді.

 

 

                                               Үкітай БАЙЖОМАРТОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік университетінің

«Экономика және менеджмент»

кафедрасының меңгерушісі, профессор.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button