Мәдениет

Тектілік

Жақсылық Айжанұлы ақындар елі атанған Байғанин өңірінен шыққан біршоғыр талантты ақындардың жалғасы. Кезінде қазақтың классик ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы қанат қақтырған қалам иесі. Жақында баспадан «Аңсау» атты жаңа кітабы жарық көрмек. Сол кітапқа енген бір топ өлеңдерін оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз.

 

Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевқа

 

Қанымдағы от намысым-тамызық,

Қалған жалғыз бойымдағы несібе ед.

Жеңіс жайлы бесігіңде аңыз ғып,

Әлди әнге салды анаң неше рет …

 

Ақ білектің күші қанша сыналды,

Ақ найзаның ұшы қанша тірелді.

Деп жүр едім қиқулатып ұранды

Жеңістерге бастайды кім бұл елді?…

 

37 жасытқан-ды

арыстарды айдатып,

Бодан тірлік тұсаған-ды бұғау сап.

Көк байрағым көрімді де жайнатып,

Енді міне, шықтым тағы ұран сап.

 

Керілдім де түстім бүгін бір аунап,

Бар екен деп ту көтерер бір ұлан!

Бейжің жақтан бүкіл әлем сыр аулап,

Жатқан сәтте

кеудемдегі КӨК БӨРІ көп ұлыған.

 

Шаршы алаңда намыстанып ұмтылдың,

«Батыр бабам, бүгін мені жебе» деп.

Адал сүтті арда емген ұл туған,

Ұлы едің сен де АНАСЫ керемет!

 

Жынданғанмын жүргізсе өзге әмірін,

Жеңілістен жанарыма кек тұнып…

Тіл мен көзден сақтай көргін ТӘҢІРІМ,

АРМАНЫМ жоқ,

Жалғызыма жалғасыпты ТЕКТІЛІК.

 

Іңкәрдария

Қайран, Іңкәрдария,

Атың қандай ғажап-ты,

Қайратыңмен нұрландырған қазақты.

Құм бораны жанарыңды аштырмай,

Көрген күнің болды-ау сенің азапты.

 

Толқып ақтың күнін кешіп ғашықтың,

Арманды оймен Аралыма асықтың.

Аспаныңнан тілеулес бұлт толғанса,

Тамшыларды арнаңда тасыттың.

 

Күтуші едің жылдың сырлы көктемін,

Нәрлендірер кезерген қыр бөктерін.

Жылға біткен тілекші боп жатқанмен,

Бірақ ұлы мақсатыңа жетпедің.

 

Жұтты сені, бірақ күнде көшкін құм

Жадында тек жүрсін бүгін есті ұлдың.

Өтті дәурен арпалысып дауылмен,

Аққу үнін арнаңнан естір кім?

 

Жалғамады арманыңды сан ғасыр,

Қуат бердің қиын кезде жанға асыл.

Шолпан, Аймен хабарласар заман бұл,

Құм астынан сенде бізге толға сыр.

 

Сен сезесің бұл өмірдің саз әнін,

Шоршиды әлі сағынышпен сазаның.

Қызыл құмның астында сен қалмайсың,

Арнаңды жырмен іздеп қазамын.

 

Тап бола ма бағыңды ашар батыр шын?

Көктен Тәңір қолдар ма екен, ақылшың ?

Жер бетінен жоғалғанмен,

Қайран Іңкәрдария,

Жүрегімде жылап ағып жатырсың.

 

Бекзат құстар

Бақытты деп ойлаушы едім құстарды,

Жаным еркін көкке ұшуға құштар-ды.

Ұнатқан соң саятқұмар арабтар

Қыран тектес бекзат құстар ұсталды.  

 

Ойламадық оны байлық көзі деп,

Торда тұрды.

Жанарынан бір қасірет сезілед.

Алып сатар болып алған бауырым,

Доллар үшін әкеп берді өзі кеп.

 

Қорғаймыз деп құрған талай жоспарын,

Ғалым біткен кезді тауды, аспанын.

Таба алмады бекзат құсты іздеді,

Аһ ұрумен сонда ұстады бастарын.

 

Рахмет айтты күліп арабым,

Бекзат құстың мұң торлады жанарын.

Мұғалжардың төсінде өскен білмеді ол,

Алыс елге саят үшін барарын.

 

Бұл фанидің рахатын көрген ел,

Ұрпағына қажеттісін бөлген ел,

Қызықтады Қазақстан құстарын,

Жүрегінің әміріне сенген ел.

 

Енді өкініп бекер санға қолды ұрма,

Түсті теңге қанағат қып болдың ба?

Ал сол құстар қазыналық байлық деп,

Бағаланды сан миллион долларға.

 

Кім ойлаған біледі деп қадірін,

Әділдік те бар ғой жерде,Тәңірім,

Еніпті деп бұлар қызыл кітапқа,

Босатуға берді шейх әмірін.

 

Бүткіл құсты содан жинап алдырды,

Есеп үшін сақина да салдырды.

Бақылауға ап қорғауды да тапсырды,

Бұйрығымен жұртты аң-таң қалдырды.

 

Содан жүздеп бөліп-бөліп ұшырды,

Қайран құстар,

Тордан шыға еркіндікті түсінді.

Бір-ақ сәтте көкке сіңді ғайып боп,

Көрсетейін дегендей- ақ күшімді.

 

Өкініпті саят құмар сері де,

Аңға шығар күнде, түнде беріле.

Бекзат құстар талай тауды менсінбей,

Тартып кеткен екен туған жеріне.

 

Бірі оралып Семейінің тауына,

Бірі еніп Мұғалжардың бауына,

Қасиетті өлкесімен қауышып,

Қайта тірлік бастапты бір сауыға.

 

Құста болсаң құдіретті ең, киелі ең

Беу дүние-ай,

Сені ыстық жүрегіммен сүйер ем.

Неткен ерлік мойындатқан өрлікті,

Сені ұстатпай отқа-дағы күйер ем.

 

Саятына қызығамын жат ұлдың,

«Қызыл кітап» қолға алып отырмын.

Туған жерде жүрмін…

Жүрмін, бірақ та

Бекзат құстай бола алмадым, өкіндім.

 

Тоңқайма

Жем бойында жер бар аты Тоңқайма,

Шаруаға болатұғын оңтайлы, ә. . .

Шығатұғын салсаң егін бітік боп,

Құмы да бар, талай көлік шоңқайды, ә.  

 

Ұлын ертіп қалған сонда ер жетіп,

Жұбаналы қолда кетпен, аяғында керзі етік.

Атыз салып, тыным таппай жүретін,

Тойсыншы деп жетім бала, кем – кетік.

 

Қоңыр күзде қарық болып қауынға,

Бір тоқшылық басталатын ауылда.

Жемнің суы зәм – зәм ғой деп жүретін,

Бүгінгілер үміт етсе жауынға.

 

Есте әлі, арқа – жарқа тойған күз,

Домалатып қарбызды да жойғанбыз.

Ұсталып қап бағбан қартқа ұрлықты,

Үйірілген қамшыдан соң қойғанбыз.

 

Кешір дейміз он жығылып, он тұрып,

Ал жеңдер деп берді қарбыз толтырып.

«Ұрлық қашан ас болып еді қарынға»

Деді дағы, кете барды ол тұрып.

 

Өзгерген соң жүздегі әлгі сұстылық,

Кірісеміз пайда болып күштілік.

Үржан апам үр қызындай үлбіреп,

Берер және бал қауынды қыстырып.

 

Өтті шалдар көз алдында кешегі,

Кейінгілер мықты біз деп бөседі.

Бағбан айтқан: «күннен, жерден қуат ап,

Адам-дағы ақ ниетке өседі».

 

Бой көтерді баяғы үйлер жатаған,

Ер көбейді болатұғын «атаман».

Әр пенденің пешенесі әр бөлек,

Өсіре алмас Айбазар да Атажан.

 

Алдық па шын баптай дархан даланы,

Құнарлы жер шөліркейді жанары.

Қауыншысыз қалған біздің сол ауыл,

Кәрістерден қауын сатып алады.

 

Жіберер ед бір ауылды қарық қып,

Сол бір шалдар

Заманадан ерте туған нарықтық.

Байқалмайды Тоңқаймада тоқшылық,

Жаңатаңда

Жоқ қой бүгін Жұбаналы жарықтық.

 

Жарқамысты сағыну

Жарқамыстың жар қабағы аман ба,

Қарлығаштар жүр ме екен ұя сап.

Сағынған да қиын болды-ау,

саған және маған да

Жүреміз тек жүрекпенен жиі аңсап.

Бақытты едім сенде өзгеше, гүл-өңір,

Тайға мінген күндерімді жоқтадым.

Ағысымен алып барады Ұлы Өмір,

Саған көптен соқпадым.

Қырық бұлақ құйылғанда еркелеп,

Жем жайдары толқынданып ағатын.

Алатауым, Қаратауым сезімімді өртемек

Табиғатың тым ғажайып болатын.

Тербеле ме үкі таққан нар қамыс

Көктерегің таласа өскен биік-ті,

Көкейімнен кетпей қойды Жарқамыс

Әлемдегі сенсің өлке сүйікті.

Жетелейді саған қарай өр үміт,

Қоңыр күзде құстан сәлем айтамын,

Бұлт болып аяулы ойға беріліп,

Самал болып есем саған, байтағым.

 

Ұйқыдағы ару

Қыс айы. Қаңтар. Кеш керім

Ұйықтауда ару кинода.

Сезімнің естім ескегін,

Көзіңді ашшы қинама.

 

Жұмылып жатты жанарың,

Кірпігің бірақ төкті нұр.

Таңғалып бір сәт қарадым,

Лап етті кенет отты жыр.

 

Үр қызы алыс үндінің,

Жағым да қалды- ау қарысып.

Бірі едім мен де тілдінің,

Жүрегім жатты алысып.

 

Теңселіп шықтым түнімен,

Қарсы алдым оймен таңды да.

Қалайша көзге іліп ем,

Меңдетіп барад хал мына.

 

Есігіңді де қақпадым.

Терезеңді де ашпадым.

Тым ғажап ұйықтап жатқаның,

Көрініс керім қас – қағым.

 

Ұқсаспыз, қара торысың,

Бізде де бар ғой меңді қыз.

Сәуегей ойды жорысын,

Жолығамыз ба енді біз.

 

Оқыр ем жырды ағытып,

Тартпас ем сөздің тізгінін.

Қата алмай тілді жарытып,

Жүректе қалды-ау ізгі мұң.

 

Бейнеңді жатқан сыр бүгіп,

Жоғалтпайын деп бекіндім.

Бола алмай жігіт үнділік,

Дүние-ай, сол сәт өкіндім.

 

Сағынып іздеп бармаймын,

Сүйсінер саған бар тұлға.

Оятып сені алмайын,

Ұйықтай бер жұмбақ қалпыңда.

 

Таңғалып бекер қарадым,

Өтіп те кетті-ау отты жыл.

Жұмылып жатты жанарың,

Кірпігің бірақ төкті нұр.

 

Тартқанмын сүйіп тәтті-уды,

Шын ғашық болсаң азап көп.

Ардақтай білер аққуды

Таңдандым, кешір, қазақ боп.

 

Көкбөрі

А – у – у – у ,

Ей, Көкбөрі,

Көкке қарап неге ұзақ ұлыдың,

Мұң бар сенің үніңде.

Жат болдық па тағдыр салып құрығын

Жырақтадық бүгінде.

Түсінуші ек бірімізді –біріміз,

Ажыратты тас –тірлік.

А – у – у –у ,

Бүгін бөлек болып кетті тіліміз,

Сен де бізге көрсетесің қасқырлық.

Тыңдар сенен мүлгіп үнсіз қырым ән,

О бастан –ақ тірлігіміз бір еді. . .

Енді міне, даусыңды естіп ұлыған,

Көктөбетім саған қарап үреді.

Пенделер көп намыстыдан қорқатын,

Бабам айтқан, қайталаймын бұны мен.

Емінеркін кең далада жортатын,

Көкбөрі болып кеткім келед шынымен.

Сен естір деп жыр оқыдым сезбедің,

Құптағандай болады тек түн игі.

Мысық тірлік мазамды алған кездері

Түсіме еніп,

Жүрегімде көкбөрі көп ұлиды.

 

Төбекөң сағынышы

Ай, Өтеке!

Түсінбеді мына жұрт Абайын да,

Түсінбейді Сізді де талайы да.

Адамдарға сенемін, бірақ –тағы,

Мен де білмен, кімдер жүр маңайымда.

Жем бойында сыр айттың ағайынға,

Жарқамыста өткізген сан айыңда.

Бауырына баса алмай өкінгенді,

Маңғыстауда қоштасқан Адайың да.

Қалың ел қанық еді «шатағыңа»,

Өрелі өлеңдегі атағыңа.

Тұрушы ең, сиыр салған жаққа қарап,

Қызығып батар күннің шапағына.

Өреді Жарқамыста тал бұрымын,

Аңсайсың таза ауасын, таңғы нұрын.

Ұғатын жан бар ма деп мұңаясың,

Тобықтың бұлттарының жаңбыр үнін.

Дүние мұңға толы жалпағында,

Жоқтайды енді бүгін жалтағым да.

Кеңсайдан басты да бір көтермейсің,

Көрінбейді Алматы көшесінен қалпағың да.

Тірліктің қарсы тұрып ағысына,

Тиюші ең пенделердің намысына.

Іздейді, сағынады, қамығады,

Байғанин белі, көлі, қамысы да.

Көк аспан ерік берді тамшыға да,

Шыдар ма сағынғанда жан сірә да.

Абаймен тағдырлассың мен қайтейін,

Өкпе артпай өттің тиген қамшыға да.

Сырлы өлең ғасырларға берер едің,

Туған жер құшағында көрер едім.

Өр ақын Өтежаным келмеді –ау деп,

Жанары жасқа толы Төбекөңнің!

 

Ақынмен қоштасу

Телефоны үнсіз бүгін ақынның,

Күңіреніп теңіз, дала жатыр күн.

Боз таңдарда шырқамайды бозторғай,

Боз жусаным күрсінеді ақырын.

 

Өң мен түстей өтті өмір кешегі,

Қорғасын бұлт заңғар көкте көшеді.

Кеңсай жақта жатыр деумен Ес ағам,

Алатаудан мұңды самал еседі.

 

Жүруші еді күллі әлеммен үндесіп,

Тербетеді енді мәңгі жер бесік.

Қайғырады Қалдайбегің жырақта,

Жарқамысың жабырқаулы күй кешіп.

 

Кісілікті үлгі тұтып өзіңнен,

Арамдардан араны үзіп безінген.

Жыр тұлпары кетті-ау деумен өкініп,

Мұңаяды жұлдызды аспан көз ілген.

 

Естілмейді, енді Ес ағам дауысы,

Сырласады онымен тек тау іші.

Ұлылықты жырларынан сезініп,

Халқы жүрер сан ғасырлар қауышып.

 

Телефоны үнсіз бүгін ақынның,

Күңіреніп теңіз, дала жатыр күн.

Боз таңдарда шырқамайды бозторғай,

Боз жусаным күрсінеді ақырын.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button