Спорт

Көптен күткен дода

Бүгінде әлемнің ең үздік боксшылары қазақ жерінде жүр. 14 қазан күні Алматыда бокстан әлем чемпионаты басталғаны белгілі. Елімізде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ең алғаш рет әлемдік дода өткізіліп отыр.

Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионатына 111 елден 457 былғары қолғап шебері қатысады. Біздің ұлттық құрама барлық он салмақ бойынша өнер көрсетеді: Біржан Жақыпов (49 кг); Ілияс Сүлейменов (52 кг); Қайрат Ералиев (56 кг); Берік Әбдірахманов (60 кг); Мерей Ақшалов (64 кг); Данияр Елеусінов (69 кг); Жәнібек Әлімханұлы (75 кг); Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Антон Пинчук (91 кг) және Иван Дычко (+91 кг). Бәрі де мақтаныш етуге әбден лайық спортшылар: Әділбек Ниязымбетов — 2011 жылғы әлем чемпионатының және Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері; Иван Дычко — 2011 жылғы әлем чемпионатының және Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы; Біржан Жақыпов — 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ұлттық құраманың капитаны — «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін өреніміз, Азия чемпионы және 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусінов. Құрамамызда Данияр мен Иваннан басқа да бес Азия чемпионы бар.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жекпе-жектер 14 қазанда басталды. Біздің боксшылар, АИБА-ның жаңа ережесіне сай, жарыс қожайындары ретінде әрі рейтингтері жоғары болуы себепті, алғашқы айналымдағы жекпе-жектерден босатылды. Қазақ боксшылары жарысты 18 қазаннан, яғни қасиетті жұмадан бастайды. 

Қазақ үшін бокс — №1 спорт түрі. Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта қазақстандық боксшылар алты рет әлем чемпионы атанды: Болат Жұмаділов (1999); Галиб Жафаров (2003); Геннадий Головкин (2003); Серік Сәпиев (2005); Ердос Жаңабергенов (2005) және 2007 жылы Серік Сәпиев екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Осы алты алтынның ішінде Ақтөбе бокс мектебінің де үлесі бар: Галиб Жафаров — біздің жерлесіміз; сондай-ақ 2005 жылы Қытайда өткен чемпионатқа ұлттық құрама сапына Маңғыстау облысы атынан алынған Ердос Жаңабергенов те Ақтөбедегі олимпиадалық резервтер даярлайтын бокс мектебінде жаттығып-шыңдалған.

Өкінішке орай, соңғы екі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтынсыз қалған еді. Боксшыларымыз 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында өте сәтсіз өнер көрсетіп, бір ғана қола медальмен қайтты. 2011 жылы Бакуден екі күміс, екі қола жүлдемен оралды. Әрине, бұл Миландағы нәтижеден гөрі тәуір болғанымен, боксшылардың алтынсыз қалуы; соның ішінде: «Алтыннан басқаны сәттілік деп есептемеймін» — деген Серік Сәпиевтің алтынсыз оралуы қазақ жанкүйерлеріне ауыр тиген еді. Енді Алматыдағы әлем чемпионатына үлкен үмітпен қараймыз. Жоғарыда аталған алты чемпионның қатары толыға түседі деп үміттенеміз. ИншАлла!

 

Айна САРЫБАЙ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button