Мәдениет

Жақсы жолдың жемісі

Адам баласын қашан да алға жетелейтін — жол. Несібенің өзі жол үстінен табылады. Сондықтан да сапарға шыққан жолаушыға айналасы «жеңіл барып, ауыр қайт» деп ақ тілегін білдіріп жатады. Кейде осындай ойларға беріліп кеткенде Әскербек аға өзінің ғұмыр соқпақтарына еріксіз көз жүгіртеді. Көңіл шіркін жүйрік қой, әп-сәтте артқы жылдарға шегініп, «алыстап кетті-ау құрғырлар» демей, бәрін санадан сараптап өткізе береді.

Әсіресе, ауылдан ең алғашқы ұзап шыққаны еш ұмытылмайды. Бұл — сонау елуінші жылдардың басы еді. Әкесі Мырзабек мұның үш жасында, соғыс басталған кезде алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Өзі үшін өмірдегі аяулы жанның дидары көз алдында сақталмағаны — орны толмас бір өкініші. Тіпті суреті де қалмапты артында. Кейін талай архивтерді ақтарды, — еш жерден ізі шықпады. Ауылдағы үлкендердің «әкеңнен аумай қалғансың» деген жылы сөзі ғана жүрегін жібітіп, сол сүйікті бейнені талай рет қиялмен көз алдына әкелгені бар. Соғысқа дейін ферма басқарған ол кісі ауылда еңбегімен көзге түскен, біршама беделді болған, сондықтан да шығар, кейінірек талай жерде есімінің өзі демеу болып жүрді.

Анасы Жаңылдық ерін майданға аттандырып салған соң-ақ күн-түн демей колхоздың шаруасына жегілді. Бұны Балым әжесі өсірді. Мырзабегінің көзіндей көргені шығар, түнде бауырына басып, күндіз арқасынан түсірмей, мәпелеп бағады.

Қарт әже, жесір әйел, буыны қатпаған бала — міне, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда бір шаңырақта қалған үшеуі бір-біріне сүйеу болып, тіршілік етіп жатады. Бұл кезде Әскербек ауылдағы төртінші сыныпты бітіріп, ерқара болып қалған кез еді. Сол тұста майданнан оралмаған ұлын «келіп қала ма?» күте-күте шаршаған қарт ана о дүниеге озды. Ең алдымен әже құшағында өскен бала жетімсіреді.

Тағдыр деген кейде ойламаған нәрсеңді алдан шығарады. «Әжеміздің артынан қайырлы болсын айтуға Ақтөбеден келген Сұлу деген апамыз, «әкең соғысқа кетерде балама бас-көз боларсың деп маған тапсырған, сені алып кетемін, Ақтөбеде оқисың» деді. Мен соған еріп жүре бердім» деп, Әскербек аға сол күндерді ойлана отырып еске алады. Қайран ана баласын қимай, қолынан шығаруға қарсылық білдіргенімен, «баланың көңілі — далада» деген рас па екен, әлде алды-артты ойлата қоймайтын аңғалдық па, Сұлу апасынан қалмапты. Жалғызының жолға шығуына жүрегі қан жылаған анасы етегі жасқа толып жүріп, бір қарын майын, бір дорба құртын қоржынға салып, бір текеметін арқалатын жібереді.

Тоқпансай ауылынан Алғаға қарай апасына еріп, жаяу жолға шыққан он екі жасар бала көз ұшына дейін бір қара көрінбейтін кең далада көңіліне қорқыныш кіргенін де, аяғы талып, кейіндеп қала бергенін де, бір сәт қолын бір сілтеп, артта қалған анасына қарай тартып кеткісі келгенін де көпке дейін ұмытпай жүрді. Бірақ тәуекелмен  жолға шыққан адамның кері бұрылмайтыны туралы кішкентайдан бойға сіңген ұғым оны алға жетеледі. «Адаспасақ болды, әйтеуір» деп ойлады сосын.

Кейін де қаншама рет жолға шықты, талай сапарлар алдан тартылды, тірліктің тосын сынақтары, бұдырлы белестері көлденеңдеп тұрды, соның бәрінде де кішкентай шағындағы алғашқы қадам ойына оралады.         

Ақтөбеде де оны ажарлы тұрмыс күтіп тұрмаған еді. Күйеуі соғыстан оралмаған Сұлу апасы да бейнеттің адамы екен, оның үстіне жалғыз бөлмелі үй келімді-кетімді кісіге толы. Соған қарамастан ол бауырын бір жылдай қолында ұстап, қала тіршілігіне үйретті, баулыды, тәрбиеледі. Ал бір жылдан соң №6 мектеп-интернатқа берді. Жетім қозының маңырап барып, отығып кететіні сияқты күй кешті бұл.   

Ол жақсы мұғалімдерге тап болады. «Шындығы, ол кездің ұстаздары ерекше сияқты көрінетін» деп еске алады бүгінде. Жастық шағын қан майданда ел қорғауға арнаған, бүгінде мектеп атын иеленген Ғұбайдолла Ақтаев аға математикадан дәріс берді. «Ол кісіден соғыс туралы көп сұрайтынбыз» дейді шәкірті. Сол сияқты Сағынғали Нұртазин, Нағима Төлегенова, Ұлмекен Аманбаева, Зияда Баймұхамедова секілді ұстаздардың берген сабақтары арада қанша уақыт өтсе де санада сақталып қалғандай.

Сол кісілердің алдынан алған тәлім оны адам болуға жетеледі. Ол уақыттың бұл реттегі өлшемі — алға ұмтылып, бір мамандықты игеру, сөйтіп ел иігілігіне қызмет ету еді ғой. Мектеп-интернаттың 1957 жылғы түлегі Ақтөбеге келіп жатқан Алматы медицина институтының көшпелі қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырып, сынақтардан сүрінбей өтеді. Сол шамада Ақтөбеде осындай институт ашылатындығы туралы хабар да келіп жетеді. Сөйтіп, 224 жас талап студент атанып, емдеу факультетінің есігін ашады. «Оқу өте қиын болды, оқу құралдары, оқулықтар жетіспейтін» деп еске алады сол шақты Әскербек аға. Халықтың тұрмыстық жағдайы да түзеліп кетпеген уақыт қой. Содан не керек, 1963 жылы бұлардың қатары селдірей келе, 163 түлек диплом алып шығады.

Алғашқы ректор Алмағамбет Дайыровты студенттер ерекше құрмет тұтады екен. Ол кісі болашақ мамандарға дәріс берумен бірге, операция да жасаған. Мәселен, Ақтөбеде жүрекке ота жасау ісін осы кісі бастапты. Ұстаз ұлағаты болар, студент Әскербек те бесінші курстан бастап хирург болуға бейімделе береді. Сабақтан тыс уақыттарда облыстық ауруханаға, медициналық-санитарлық бөлімге кезекшілікке барып, операция жасаушы білікті дәрігерлердің жанынан табылып, тәжірибе жинақтайды.

Ал қолына диплом тигеннен кейін Бершүгірдегі туберкулезге қарсы санаторийде жазғы маусымда еңбек етеді де, қысқа қарай тұрақты қызметке тұруды көздейді. Оның алдында екі таңдау тұр еді: біріншісі — Хромтауға екінші хирург болып бару, екіншісі — Жұрында хирург болу. Ол өзі дербес еңбек еткенді дұрыс көрді. Азды-көпті тәжірибесі бар, қалғанын іс барысында жетілдіремін деп ойлайды.

Бүгінде жол бойында елеусіздеу тұрған Жұрынның ол кез дәуірлеп тұрған шағы. Бас дәрігер Ақнияз Есентаев қуана қарсы алып, Бәйтен Есентаев деген ақсақалдың үйіне орналастырады. Осында үш жыл хирург болады. Соқырішек, басқа да ұсақ-түйек, арасында күрделі оталар да кездесіп қалады, соның бәрін қолдан өткеріп, талай адамды аяғынан тік тұрғызып жібереді.

Әлі есінде, сол бір күндерде ауруханаға «Ембі» кеңшарының Шевченко атындағы фермасынан Ыбырай деген ақсақалды ауыр халде алып келеді. Екі-үш күн үйінде ауырып жатқан ол кісінің соқыр ішегі жарылып кеткен. Үлкен қиындықпен жасалған операция сәтті аяқталып, осы жағдай жас дәрігердің беделін тіпті көтере түседі. Ал дертінен айығып, қатарға қосылған қария өмір бойы алғысын айтып өтті.

1966 жылы Мұғаджар ауданы ашылғанда бас дәрігерлік қызметке шақырды. Қолы үйреніп қалған хирургтік қызметімен бірыңғай шұғылдануды қалағанымен, партиялық талап айтқанына бағындырды. Енді емдеу жұмыстары өз алдына, шаруашылық мәселелерімен де тыңғылықты шұғылдануына тура келді. Жаңадан аудандық аурухана салынды, оны кадрлармен қамтамасыз ету үшін біраз жүгіруге тура келді. Шаруашылықтардың орталықтарынан учаскелік емдеу орындарын ашып, оларды материалдық жабдықтау істері жүзеге асырылды. Ол осы қызметке өз ғұмырының жиырма жылға жуық бөлігін арнады. Зейнеш Біралов, Аманбай Әбілов, Нағмет Дәрімбетов, Қаби, Айсұлтан Құрманбаевтар, Света Бекенбаева секілді әріптестерімен қоян-қолтық еңбек етіп, ауданның білікті дәрігерлер корпусын қалыптастырды.

Бір ауданның емдеу саласының басшылығында жүргенде талай марапаттауларға да ие болды. Бірақ ол үшін көңіліне әлі күнге дейін жылы шуақ шашып тұратын жай — елдің алғысы, халықтың бағасы. Шалғай мекеннен дертіне дауа таппай қиналып жеткен еңбек адамы, оқыстан денесіне зақым келген жасөспірім, дүниеге перзент әкелемін деп екі өмірдің арасында құбылмалы күй кешкен ана, міне, осындай қанша жанның ыстық ілтипатына ие болды, бәрі де көңілінде. 

Кейінірек Ақтөбеге қоныс аударып, облыстық ауруханада, теміржолдың емдеу орнында, одан соң күні кешеге дейін, яғни жетпіс бес жастың қарасы көрінгенше Ахтанов көшесіндегі №2 емханада өз мамандығы бойынша жемісті еңбек етуі өзі таңдаған мамандығының өмірімен біте қайнасқандығынан болар, сірә.

Әскербек ағаның өмірлік қосағы Несібелі Жәмпейісқызы да өзінен бір жыл кейін Ақтөбе медицина институтын бітірді. Ол да адам жанының арашашысы болып еңбек етті. Олардың үлкені, Азаматы, әке жолын қуып, оташы болды, қазір «Жедел жәрдемде» бас дәрігердің орынбасары. Саламаты әскери қызметті қалады. Полковник, Астанада қызмет етеді. Қариялардың қос келіні — Айнаш пен Шарапат — ынтымағы жарасқан абысындар, әулетке сүйкімді немерелер сыйлаған аяулы жандар.

Әскербек аға Тұрышев бүгінгі күні облыстағы іргелі жоғары оқу орындарының бірегейі, қазіргі тұста университет атағын иеленген — Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының алғашқы түлегі болғанын орынды түрде мақтан тұтады. 

…Ол туған жерін ұмытпайды. Балалық шағы өткен Тоқпансай қазір де көңіліне тым ыстық. Бір кезде қолтығына текемет қыстырып жолға шыққан жас өрім бүгінде ата жасына келді. Желдей ескен жеңіл көліктің тізгінін туған ауылға қарай еркін жіберіп келе жатып, баяғы, сонау елуінші жылдардағы ізім көрінер ме екен деп ойлайды.

Иә, сол жол оны ілгері күнге, жақсы сапарға қарай алып шыққан екен ғой. Елу жыл, яғни жарты ғасыр бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен алтын қолды дәрігер Әскербек Тұрышев соны көңілге медет тұтып, тағдырына тәубе етеді.  

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button