Мәдениет

Мәдениет

Би падишасы

Қазақтың би өнерінің қалыптасып, дамуына ат салысқан тұлға, әйгілі биші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалованың туғанына  90 жыл толуына орай Ойылда «Айдын көлдің аққуындай тербелген» атты тарихи-танымдық конференция өтті.

Конференция Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен шара Ойылдың төл перзенті Нұрсұлу Тапалованың өмірі мен өнерін баяндаған бейнебаянмен басталды. Аудан әкімі Мавр Абдуллин сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Би әлемінің падишасы Нұрсұлу туралы өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Рысты Досова өз зерттеулерін бейнебаян арқылы көрсетті. Кезінде әйгілі биші, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапаловамен түйедей құрдас, ауыл сахнасында талай рет бірге өнер көрсеткені туралы Гүлбарам Жағыпарқызының әңгімесін де көрермендер бейнебаян арқылы тыңдады.

Нұрсұлудың ізбасарлары — «Әсем» үлгілі би ансамблінің бишілері «Айжан қыз», «Ұйғыр биі», «Қазақ биі», «Асатаяқ», «Шашу» билерін тойға тарту етті.

Көптеген таланттар жоқтаушысы болмай, ұмыт қалып жатыр. Осы ретте қазақтың Нұрсұлудай нар қызының «есімі ескерусіз, қабірі қараусыз қалды» деп, қақпаған есігі қалмаған апамыз туралы деректер жинастырған азамат — Жәрдем Ақбисеновтың еңбегін атап өткіміз келеді. Осы жиында оның биші апамызға арнаған «Сағынады туған жұртың өзіңді» атты туындысы орындалды. Сондай-ақ, Нұрлан Нұрымжанов та Нұрсұлудай дарын иесін есте қалдыру мақсатындағы шараларға көп еңбек сіңірді.

Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы Елеусін Займолда биші апамыздың шығармашылығы туралы баяндама жасап, атақты бишінің көзін көріп, өнерінің куәсі болған Сағымбай Қаумешов естелік айтты. Жиында аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия  Рысбаева да сөз сөйледі.
Нұрсұлу Тапалованың мерейтойына арналған шаралар әлі де жалғасын табатын болады.

 

 

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл ауданы.

 

«Қылқалам әлеміндегі» кездесу       

 

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Қылқалам әлемі» көрме залында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, график Әнуар Өтеген – Тананың шығармашылығына арналған «Тылсым өнердің танымгері»  атты кездесу кеші өтті.

Әнуар Өтеген-Тана — тарихи тұлғалар образын жасауда, Отан, туған жер тақырыбында көп еңбек сіңіріп жүрген суретші. Кездесуде жастарды суретшінің шығармашылығымен жақын таныстыру арқылы олардың эстетикалық талғамын, дүниетанымын кеңейтіп, өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, туған ел мен жерді қадірлеу тұрғысында ой тастау, қылқалам шеберінің еңбегін үлгі ету көзделді. 

Шара барысында кеш қонақтары — Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Жәдігер Кенбай, Есет Исмайылов, Мәрзия Жақсығарина және өлкетанушы, музей ісінің ардагері Роза Балдығарина сөз сөйлеп, суретшінің туындылары, азаматтық келбеті жөнінде жылы лебіздерін білдірді. Әнуар Өтеген – Тананың шәкірті, жас та болса, көптеген байқауларға қатысып, өнерсүйер қауымға танылып үлгерген талантты суретші Д. Дерезовский өз ұстазын мақтаныш ететінін тебірене жеткізді. Жастар суретшіге көптеген сұрақтар қойды.

Кездесу соңында кеш иесі: «Осыдан елу жыл бұрын менің ең алғашқы көрмем осы облыстық кітапханада болған еді, сондықтын бұл орда маған қашан да ыстық» — деп, кітапхана ұжымына алғысын айтты.

Кеште облыстық халық шығармашылығы үйінің әншісі Қ.Аленова мен 

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Ж.Бекбосынов орындаған әндерге тыңдарман риза болып қол соқты. Тың орындаған әсем әндері кешті әсерлендіре түсті.

Қылқалам шеберінің туындылары кітапхананың көрме залында 2014 жылдың мамыр айына  дейін тұрады. Келіңіздер, тамашалаңыздар!

 

Ақерке САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

өнер әдебиеттері бөлімшесінің меңгерушісі.

 

    

Өлкетанудың басты қазынасы

 

Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен  «Ескерткіш — өлкетанудың басты қазынасы» тақырыбында семинар–кеңес өтті. 

Жиын «ЮНЕСКО»  тізіміне енген  «Тамғалы» тарихи – мәдени  және табиғи қорық-музейінің көне жартастағы петроглифтеріне арналған виртуалды  экскурсиямен ашылды.

Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Сайра Аманкелдіқызы осы жиын арқылы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер кең көлемде таныстырылып, оларды қорғау мақсатындағы шараларды пысықтау көзделіп отырғанын айтты. Ауданда ұлттық тарихты зерделеу бағытында жасалатын іс-шаралар жоспары бекітілген.

Мәртөк ауданы аумағында қай кезеңдерде  археологиялық  зерттеулер жүргізілді? Ол жұмыстарды кімдер жүргізді? «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қандай істер атқарылды? Жиында осыған кең түрде шолу жасалды. Осы жұмыстар негізінде ауданның археологиялық картасы жасалып, қорғандардан табылған құнды жәдігерлердің фотосуреттері жинақталып, «Ақтөбе облысының тарихи–мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері. Мәртөк ауданы» кітабы шығарылған.   

Хлебодар селосы маңындағы Бесоба, Сынтас  қорғандарынан 1984 жылы табылған  құнды жәдігерлер  облыстық тарихи—өлкетану  музейінің қорына жолданған, бұл жәдігерлер — ежелгі сармат мәдениетінің ескерткіштері болып табылады. 

Жайсаң орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі В. Есмұхамбетова, аудандық музей директоры И. Сухинькая баяндамалар жасады. 

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры М. Дүйсенғали Мәртөк, Қобда, Алға, Хромтау, Ойыл аудандарының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері туралы мағлұматтар жинақталған бірнеше кітапты табыс етті. Бұл кітаптарды аудандық орталық кітапханадан табуға болады.

 

Ұ.ОСАНОВА,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 

 

Ырғыз туралы жырлар

 

Ақтөбедегі «А— Полиграфия» баспаханасынан «Осы дала Отаным… Шежірелі Ырғыз өңірі туралы толғаныстар» атты кітап жарыққа шықты.

Кітап Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рахымжан Өтемістің құрастыруымен жарыққа шықты. Жинақтың демеушісі – Ырғыз ауданының құрметті азаматы, «Желдорформация» ЖАҚ директоры Құдайберген Бекенов.

Төрт бөлімнен тұратын кітапқа ақындардың Ырғызға арнаған жырлары арқау болған. «Тарихы таңдай қақтырған» деген бөлімге Ырғыз өлкесі туралы прозалық шығармалардан үзінділер топтастырылған. Ырғызға арналған әндердің мәтіндері де осы жинаққа енген.

 

М.Кенжалы.

 

 

Өнегелі істің ізі

 

Ұстаздар мерекесіне орай тарих ғылымының кандидаты, доцент Беркін Құрманбековтің ғылыми еңбектерінен көрме ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігі ғимаратындағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің кең бөлмесіне жасақталған көрмені тамашалауға ардагерлермен қатар, ғалымның туыстары қатысты. Көрменің ашылу салтанатында бірлестік төрағасы Ғ.Қамысбаев сөз сөйлеп, көрмені ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.  

ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков жиналғандарды саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ғылым жолына арнаған өнегелі ұстаздың өмір жолымен таныстырды.

Бойындағы бар қажыр-қайраты мен биік зердесін, кәсіби шеберлігін оқыту ісі мен өлке тарихын зерттеуге арнаған ұстаз-ғалым жайында ардагер Р.Сәрсенова мен С.Ботағариндер  әңгімеледі. 

Көрмеге Б.Құрманбековтің «Дума депутаты А.Қалменов», «Темір тарихы», «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» және тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаймен бірлесіп жазған «Қайраткер А.Қалменов» туралы еңбектерінен басқа, әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген ғылыми-танымдық мақалалары да жұртшылық назарына ұсынылды.

 

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Қуыршақтар әлемінің әсері

 

«Театр әлеміне алғашқы қадам қуыршақ театрынан басталады. Егер қуыршақ театры болмаса, ертеңгі күні драма, опера театрларына баратын көрермен қайдан табылады?».

Ресейдің Тольятти қаласындағы «Дюймовочка» қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Геннадий Гипиков осылай дейді. Бұл пікір «Ассалаумағалейкум» халықаралық қуыршақ театрларының ІІІ фестивалінің ашылуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды. Жиында журналистер сауалдарына облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова, фестивальға келген театрлар басшылары, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелері жауап берді. Әңгіме, негізінен, өнердің, соның ішінде театрдың бала тәрбиесіне әсері төңірегінде өрбіді. Нәзира Табылдинова: «Балалар жасандылықты, жалғандықты тез аңғарады. Сондықтан, қуыршақ театры сахнасына ең мейірімді, жаны таза, шынайы ойнайтын артистер ғана шыға алады. Кішкентай көрермендерді тек осындай қасиеттермен баурайды», — десе, Геннадий Гипиков: «Австрия, Швейцария сынды елдерде болдық. Қуыршақ театрлары ол жақтарда — жеке меншікте, бірақ әр қойылым үшін  мемлекет қазынасынан қаржы алады және оларға «айына мұнша қойылым шығарылсын» деген міндет жүктеледі екен. Демек, театрға тәрбиенің бір көзі ретінде қарап отыр. Бізде де бұрын солай болды. Мысалы, қуыршақ театрларынан ауылдық жерлерге шығып тұру талап етілетін. Өнер адамды жақсы мен жаманды айыра білуге үйретеді, мағыналы өмір сүруге деген талпынысқа жетелейді. Ал бала өнерге жақын өсуі үшін, қуыршақ театрлары керек», — деді.

Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Досымхан Бейсенбаев, әсіресе, бала атаулының санасын компьютерлік ойындар, түрлі құбыжықтарға толы мультфильмдер, ұялы телефондағы «кереметтер» жаулаған қазіргі уақытта оларды өнерге жақын етіп өсіруге, өнер арқылы тәрбиелеуге екі есе күш салу керек деп есептейді. «Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде халық ертегілерінің қаншалықты маңызды екені мәлім. Егер қуыршақ театрынан тамашаласа, ол ертегінің  балаға әсері ерекше болады», — деді Досымхан Бейсенбаев.

Астаналық қонақ бүгінгі күні қуыршақ театрлары репертуарында қазақ тіліндегі дүниелердің аз екенін айтты. «Қазақша қойылымдар қатарын көбейткіміз келеді, бірақ бұл оңай емес. Бізге лайықтап жазатын драматургтер аз. Ал тапсырыс беру мәселесі қаржыға тіреледі», — деді ол.

Жиында қуыршақ театрларын қолдау мақсатындағы шаралар туралы да сөз қозғалды. Журналистердің бұл орайдағы сауалдарына ресейлік қонақтар жауап берді. «Қолдау әр өңірде әртүрлі көрсетіледі.Ол өңір басшысының өнерге деген көзқарасына, жанашырлығына байланысты. Мысалы, Тольятти басшысы бізге демеуші тауып берді. Театрымызға «Аком» зауыты қамқорлық көрсетіп отыр. Меніңше, қуыршақ театрларының жұмыс істеп тұруы қаланың абыройы үшін қажет. Себебі сол қаланың өз тұрғындарын айтпағанда, сырттан келетін меймандар да балаларын апаратын мәдениет орындарын іздемей ме?» — деді Геннадий Гипиков.

 

Индира Өтеміс.

 

 

 

Қазылар алқасы — балалардың өздері

 

Бұл фестивальдің ерекшелігі  деп үш күн бойы барлық театр ұжымдары ұсынған  қойылымдарды балалардан құралған қазылар алқасы бағалағанын айту керек. Бірде-бір спектакльді   қалт жібермеген балғын сарапшылар   фестивальдің қорытындысын шығарар сәтте өзара қызу пікірталасқа барып, біраз бас қатырды.

№20 орта мектептің 7-сынып оқушысы Рауан Жексенбай мен №25 орта мектептің 8-сынып оқушысы Дарья Кушнеренконың пікірі бір жерден шығып, олар ресейлік «Дюймовочка» театрының қойылымына жоғары ұпай берді. Рауан: «Қалалық, облыстық деңгейде өткен түрлі шараларға үнемі қатысып жүремін. Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде  қазылар алқасы құрамына енуім — мен үшін қуаныш. Актерлер қуыршақпен де, көрерменмен де жұмыс жасай білуі керек деп ойлаймын. Мен осы жағына көбірек мән бердім», — дейді.

Ал, №47 орта мектептің 4-сынып оқушысы Тұрлан Серікқалиев «Дюймовочкамен» қатар Набережные Челны театрының «Қалайы жауынгер» қойылымын жоғары бағалапты. Ол айтады: «Барлық театрлар өзінше әдемі. Бірақ, көбіне балаларға көңілді әуенді спектакльдер көбірек ұнады деп ойлаймын. Мұны залда отырған көрермендердің көңіл-күйінен байқадым».

№42 орта мектептің 6-сынып оқушысы Меруерт Өмірзақова «Алақай» театрының «Ұсқынсыз үйрегі» мен Татарстанның «Қалайы жауынгерін» ерекше атады.

№5 орта мектептің 7-сынып оқушысы  Арайлым Шүйіншібайға  «Ұсқынсыз үйрек» пен  Солтүстік Қазақстан облысының «Ақ кеме» спектакльдері ұнапты.

№9 орта мектептің сынып оқушысы Арина Петрова Болгариядан келген  театрдың «Жіптен өрілген  ертегісіне» жақсы баға қойған. Арина өз пікірін былайша білдірді: «Маған Софиядан келген актрисаның «Жіп туралы ертегі» атты моноспектаклі ұнады. Оның болгар тілінде сөйлегенін ұқпағанмен, ойынына қызықтым. Сахнадағы барлық нәрсені іске жаратты, сөйлете білді».

Фестивальдің жабылу салтанатында балғын сарапшылар театрлардың ішінде    басым дауыспен Ресейдің Тольятти қаласынан келген «Дюймовочка» театрының «Кім қулығын асырды?» қойылымы жеңімпаз болғанын айтты. Жеңімпаз театрға диплом және естелік сыйлық табыс етілді.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова фестивальге қатысқан барлық театрлардың директорларына  Алғыс хаттар мен ескерткіш- сыйлықтарды тапсырды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Қош, «Ассалаумағалейкүм!» фестивалі!

 

Қазан айының 3-6 аралығында Ақтөбеде  өткен «Ассалаумағалейкум-ІІІ» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де аяқталды.

Онда 10 спектакль көрермендер назарына ұсынылды, қазылар алқасы әдеттегідей белгілі театр сыншылары, өнертанушылар емес, балғын көрермендердің өзі болды.   

Болгариядан келген Катерина Илькованың («Ильков-театр»)  «Жіппен өрілген ертегі» және Чуваш мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Чуваш Республикасының еңбек сіңірген актері Юрий Филипповтардың моноспектакльдері фестивальдің жаңалығы болды деуге болады. 

Катерина Илькованың спектаклі басында балаларды жіптен тоқылған түрлі қуыршақтарымен, заттарымен қатты қызықтырғанымен, болгар тілінде айтқан сөздерін түсінбеген соң, бүлдіршіндер басқа жаққа алаңдап  кетті. Актриса әрі режиссер, пьеса авторы Катерина Ильковаға осы ойды жеткізгенімізде былай деді:

— Бұл спектакльдің қойылғанына 25 жыл болды. Бірінші нұсқасын менің құрбым дипломдық жұмыс ретінде қойған болатын. Кейін маған сыйлады, біз сценографиясын, режиссерлік шешімін өзгерттік. Мұны авторлық спектакль деуге болады.  Біздің театрда бұдан басқа   «Тышқан неге оқи алмайды?», «Ылғалды ертегі» деген моноспектакль бар. Спектакль 4 жастағы бүлдіршіндерге арналған.

Бұл жақта менің спектаклімді балалардың қабылдай алмаған себебі, біріншіден, тілді түсінбеуі кедергі келтірсе, екіншіден, көрермендер мен актердің арасында диалог болмады. Спектакльдің айтпағы мынау — ата-аналар өздері қабылдайтын дәрі-дәрмектерді балалардың қолы жетпейтін, көзден тасалау жерге қоюды ұмытып кетіп жатады. Сол дәріні есі кірмеген бала қызық үшін ішіп қойса, оның арты орны толмас өкінішке айналуы мүмкін деген ой, сақтандыру, одан арғысы бүгінгі күні адамзатқа қауіп төндіріп тұрған нашақорлықтың алдын алуға бағытталған. Сахнадағы барлық затқа тіл бітіру, қозғалысқа келтіру, оқиғаға араластыру бір актердің кәсіби шеберлігінің деңгейін көрсетеді. Тоқыманы пайдалануды форма, түр деп қарау керек. Бұл — интерактивті спектакль. Болгарияда бұл спектакль әлі күнге жүріп жатыр, көрермендер жалыққан емес. Мұндай дүниені фестивальдерде көрсету маңызды деп ойлаймын, әр түрлі мәдениет, эстетика, өзгеше ойлаудың өзі қуыршақ театрлары  мамандары үшін құнды болмақ.

Қазақстандық театрлардың қойылымдары ұнады, олар өз мәдениетін, тарихын, дәстүр-салтын құрметтейді екен.

Чебоксарыдан келген чуваш режиссері әрі актері Юрий Филипповтың «Қалқанқұлақ Елюк» бір актілі моноспектаклі орыс тілінде жүрді, балғын көрермендерді жалықтырмады.  Юрий Михайлович сахнаның декорациясын да ауыстырып, бір өзі 9 кейіпкерді сөйлетеді. Бақытты отбасында өсіп жатқан пілдің баласы сүйген қызы Хеведусті іздеп Индиядан Чувашияға жолға шығады, сол жолда жақсы достар табады. Отбасы құндылығын, достықты, мейірімділікті дәріптейтін спектакльдің оқиғасы да елітіп әкетеді. Юрий Филипповпен де бірер ауыз тілдестік.

— Мен Ақтөбеге келгенде өз үйімде  жүргендей болдым. Кей елдерге барғанда адамдары тосырқай қарайды, өзіңде де жатырқау сезімі болады.

Біздің елде 68 жылдық тарихы бар жалғыз қуыршақ театры жұмыс жасайды. Осы театрда 16 жылдан бері қызмет істеймін, Санкт-Петербургтегі театр институтын бітіргенмін. Фестивальге жалғыз өзімнің келген себебім — Чебоксарыда мүгедек балаларға арналған фестиваль басталды. Туабітті сал ауруы бар балалардың үйіне барып өнер көрсетеді. Бұл фестивальдің ұйымдастырылғанына 7 жыл болды. Осы ертегімен талай балалар есейді.   Осындай кінәраты бар бір қыз бала қазір бойжетті, компьютерді үйреніп алды, алда өзі сияқты бір жігітпен сөз байласып, тұрмысқа шыққалы жатыр. Қазір мұндай жағдайдағы отбасылар бізге қысылмай хабарласатын болды. Адамның қандай жағдайда да бақытты болуға құқы бар. Ал қол-аяғы сау, есі бүтін адамдардың бұған бейжай қарауға хақы жоқ деп ойлаймын.

Мен «Қалқанқұлақ Елюкпен» осындай жандардың пәтерлеріне барып өнер көрсетемін.  Бұл спектакльдің суретшісі,  марқұм Анатолий Розов «Өзің қойдың, өзің ойна, оған сенің шамаң келеді» деген соң қолға алған едім.

«Қалқанқұлақ Елюкты» басқа халықаралық фестивальдерде Израильде тұратын қуыршақ өнерінің майталман маманы, Ресей Федерациясының Театр қайраткерлері одағының қуыршақ театрлары бойынша комиссиясының мүшесі, Израильдегі «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығын беру жөніндегі  қазылар алқасының мүшесі, режиссер  Виктор Шрайман көріп, жоғары баға берген болатын. «Виртуоз по марионеткам» номинациясын жеңіп алдым.

Бұл спектакльде кейіпкер де, сөз де, ән де, безендіру жағы да көп күшті қажет етеді. Егер өз ісіңнің нағыз шебері болсаң, өз кәсібіңді беріле сүйсең, сахнада дүниені ұмытып, сол ертегінің өзіне айналасың. Мен ешқандай жайсыздықты, жалғыздықты сезінбеймін.

Біздің театрдың репертуарында чуваш, орыс, тағы да басқа елдердің ертегілері бар, — дейді ол.

Ақтөбелік «Алақай» қуыршақ театры «Ұсқынсыз үйрек» және «Тізгініңді босат та құстай самға!», Орынбор мемлекеттік облыстық қуыршақ театры «Қызыл түстілер көсемі» , астаналықтар «Қаңбақ шал» ертегісі бойынша қойылған спектакльдерін көпке ұсынды. Арасында көрермендердің ыңғайына жығылып, ұнауға тырысқан, арзан күлкіге құрылған дүниелер де болғаны рас.

Набережные Челны қаласынан келген қуыршақ театры дат ертегішісі  Х.Андерсеннің «Қалайы солдат» ертегісіне жан бітірді. Театр суретшісі, Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері  Алексей Митрофанов фестиваль туралы ойымен бөлісті. «Ақтөбеде өткен қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне 2004 жылы келгенім бар. Одан бері көп нәрсе өзгеріпті. Қалада бос жерлер көп сияқты еді, қазір тіпті жүргіншілерге арналған жол да қалмапты.

Театр да көркейіп келеді, балалар үшін таңғажайып әлем болып табылатын қуыршақ театрына қамқорлық жасалып отырғаны байқалады», — дейді ол.

Ресейлік «Дюймовочка» атты Гипиковтердің  отбасылық театры «Кім қулығын асырды?» сияқты  көңілді қойылымдарымен көрермендерді бір сергітіп тастады.

Солтүстік Қазақстан облыстық­ қуыршақ театры Ш.Айтматовтың  «Ақ кеме» қойылымымен балғын көрермендерді баурап алды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Суретші бенефисі

Мың құбылған бояулар

 

«Ассалаумағалейкүм — III» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде

тағы бір тосын сый болды. Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінің соңы «Алақай» қуыршақ театрының директоры әрі бас суретшісі Әсия Құрманалинаның шығармашылығына 30 жыл толуына арналған «Мың құбылған бояулар» атты бенефисіне ұласты.

Осыдан30 жыл бұрын Алматы технологиялық техникумын киімдер бойынша

суретші мамандығы бойынша бітірген Әсия Тәжібекқызы жолдамамен Ақтөбедегі

облыстық орыс драма театрына қызметке келген екен.

1989 жылдан бері «Алақайда» бас суретші болып қызмет етіп келе жатқан

Әсияның қолынан шыққан небір дүниелер оның бенефисінде көрермендерін де,

әріптестерін де таң қалдырды.

Бенефисте Әсияның эскиздері бойынша жасалған костюмдердің дефилесі өтті.

«Музей» бөлімінде қобыздың әуенімен ескерткіштей қимылсыз тұрған Алтын

адам, Бүркіт, Томирис, Қыдыр Ата, Төлеген мен Қыз Жібек, есекке мінген Алдар

Көсе секілді кейіпкерлерге, түйелі керуенге, спектакльдер кейіпкерлерінің 7

костюміне көрермендердің көз алдында жан бітеді.

Екінші бөлімде Әтештің шақыруымен Тауық, Балапан, Бұқа мен екі Сиыр, Ат,

Қой, Қабандар сахнада сайрандап жүреді, соңында оларды басқарып жүрген

Әтеш қуып жібереді.

«Жаз түніндегі түс» бөлімінде спектакль кейіпкерлері кенеттен соққан боран мен

аяздан қорқып, сахнадан ығысады.

«Жаңа жыл» бөлігінде бірнеше Аяз Ата, Ақшақарлар, Қояндар, Аюлар,

Жолбарыстар, Қар ханшайымы шығады. Аяз Аталар «Кімнің қапшығы үлкен,

сыйлығы көп?» деп бір-бірімен жарысады. Дауды Ақшақарлар өршіте түседі.

Одан әрі Наурыз ұлттық мейрамына ұласады.

Ал «Қуыршақтар» бөлімінде бойшаң балауыз қуыршақтар орналастырылып,

содан соң мереке басталады. Оған барлық ертегілердің кейіпкерлері қатысады.

Соңғы бөлім «Ертегілер елінде» өтеді, онда Тырналар, Скоморохтар, Шахматтар,

Ұлу, Қасқыр, Түлкі, Айдаһар, Жылан, Маймылдар, Жұлдызшылар шығады.

Дефиле басталғаннан ішінде не бары белгісіз түрлі-түсті қораптың құпиясы

ашылады. Ол — кештің иесі Әсия Тәжібекқызына арналған сыйлық қуыршақ

болып шығады.

Фестиваль қатысушыларының ішінде Татарстан қуыршақ театрының директоры

Зухра Фаатқызы, «Дюймовочканың» актрисасы Нина Гипикова, Болгариядан

келген Катерина Ильковалар бенефис иесін құттықтады, суретшінің

шығармашылық әлеуетін жоғары бағалап, өздері үшін де сабақ болғанын айтты.

Ал Әсияның өзі былай дейді: «Өзім бір жұмысты қолға алар кезде шабыт шақыру

үшін музыка тыңдаймын немесе суретшілер өміріне қатысты дүниелерді

парақтаймын. Сонда ғана қиялыма қанат бітіп, жаңа ісіме кірісемін. Сол сияқты

менің бенефисіме келген әріптестерім де, жалпы халық та жақсы әсер алып, еңсесі

көтеріліп, қуат алса деп ойладым».

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Аталар, хорға келіңіз!

 

Ақтөбедегі «Ұстаз» халық хорының бір топ мүшелері қала әкімдігі тарапынан марапатқа ие болды.

Атап айтқанда, осы ұжымға 15-20 жыл уақыт бойы мүше болып келе жатқан Андрей Литвиненко, Надежда Честнова, Людмила Гильдебранд, Мая Волкова, т.б. марапатталды.

Соғыс және еңбек ардагерлерінен құралған «Ұстаз» халық қоры өз өнерімен көпшілік көңілінен шығып жүр. Өткен жылы ұжымға жаңа жетекші келді. Жас маман Мербол Құспанов хор репертуарына өзгерістер енгізіп, «Атамекен», «Туған жер» сынды әндерді, халқымыз сүйіп тыңдайтын Шәмші әндерін қосты.

Ұжымда 40 шақты мүше бар. Бір айта кететін жайт, олардың дені өзге ұлт өкілдері. Әсіресе, ер адамдар арасында қазақтар аз. Осыған орай, газет арқылы еңбек ардагерлерінен хор мүшелері қатарын толықтыруға келуін сұраймыз.   

 

Л.ЖАҒЫПАРОВ,

ҚР білім беру ісінің үздігі.

 

 

Бір ел — бір кітап

 

Фариза блогы ашылды

 

Жақында С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында абонемент бөлімі «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында оқуға таңдалып алынған  ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы бойынша  «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты поэзия кешін өткізді.

Мерекеде «Фариза жырлары — бүгінгі поэзияның рухы биік дабылы, сонымен бірге қарапайым, шебер тігінші пішкен көйлектей қонымды», — деп баға беріп, талдау жасаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев сөзінің соңында 2013 жылдың 26 сәуірі күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған қаламдас інісі, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың «Еліккөрген» атты өлеңін шынайы сезіммен оқып берсе,  «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының партиялық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Дариға Байжанова қазақтың ерекше үнді ақыны 1996-2004 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты болғанын, оның бүгінгі күнге дейінгі елге, қазақ поэзиясының өркендеуіне қосқан үлесінің өте зор екенін айтып берді.

Шараға орай «Жыр жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Жыр — менің жалғыз тарланым, жанымды жырмен жалғадым» атты фото-шежіре слайд көрсетілді.

Бұл шарада кітапхана оқушылары А.Қайырова, А.Өтегенова, М.Зейнел т.б. ақынның «Өлең», «Жыр — менің жалғыз тарланым», «Қыз тағдыр», «Телефон шыр етеді», «Құштарлық», «Жігіттерге» өлеңдерін,  аудармаларын, ұл балаға және қыз балаға берген баталарын  мәнерлеп оқыса, М.Алқамбай, А. Қуандықов, Қ.Киікбаева ақынға арналған жырларды оқып берді. Облыстық шығармашылық үйінің әншісі Қ.Серікбаева М.Мақатаевтың «Фаризаға» әнін орындап, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Г.Ибашева өзінің жүрек жарды «Фариза апаға» атты өлеңін тарту етті. №21 орта мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы, Атырау қаласында өткен ІV республикалық Махамбет оқуларының І-орын иегері Ә.Аяпбергенов Ф.Оңғарсынованың «Жыр — менің жалғыз тарланым» атты  өлеңін көрермендерге жан сезіммен орындады.

Шара соңында сөз алған кітапхана директоры Несібелі Жұмағұл шараға қатысушы қонақтарға зор алғысын айта келе, кітапхананың ұжымы республикалық акция аясында Фариза ақын шығармашылығына арнайы «Тыңда мені жүрекпен» атты блог ашылғанын хабарлады.

 

Рысжан ҚАРАҒҰЛОВА,

абонемент бөлімінің меңгерушісі.

 

Көркейе бер, мектебім!

 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың бастамасымен өтіп жатқан «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында №5 Жем орта мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлес қосқан азаматтар бар. 

Мектебімізге кәсіпкер Қуаныш Тағанов 150 мың теңгеге 4 шкаф,  Ақтөбедегі «Рамазан» фирмасының директоры Серік Нұртаев 100 мың теңгеге теледидар, мектебіміздің түлегі Рауан Тастаев 20 мың теңгеге принтер сыйлады. Ал мектебіміздің 2007 жылғы түлектері Айбек Жақасов, Әйгерім Махамбетова, Гаухар Оспанова, Айнұр Медеуова, Айымгүл Нұрманғалиева 50 мың теңгеге  сандық кинотеатр сатып алып, тарту етті.

Жомарт жандарға мектеп ұжымы атынан алғыс айтып, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілейміз.

Нұржамал Тастаева,

№5 Жем орта мектебінің директоры. 

Аяжанға көмектесті

 

Осыдан біраз күн бұрын отбасымызда адам көптігін, немереме мектепке қажетті құралдар керектігін айтып, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының біздегі өкілдігіне  өтініш білдірген едім. Міне, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 3-сынып оқушысы, немерем Аяжан Сұлтановаға мектеп формалары, оқу құралдарын, сөмке, спорт киімі, мектеп формасы, туфли, кроссовка алынып берілді. Іс шараны ұйымдастырып, көмек қолын созған Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлеріне шексіз алғысымды жеткізгім келеді.

 Мәдина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.

 

 

 

Гүлжанаттың жеңісі

 

Аудан орталығындағы халық шығармашылығы үйінде ауылдық мәдениет үйлері және клуб қызметкерлері арасында «Ауыл айнасы» облыстық байқауы өтті. Байқауға облыстың барлық аудандарынан мәдениет қызметкерлері қатысты.

Осы байқауда Құрылыс селолық «Мәні» мәдениет үйінің қызметкері Гүлжанат Махмутова «Мәдениет майталманы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Оған облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық тапсырылды.

— Әрине, еңбегіңнің еленгенінен артық бақыт жоқ. Сондай-ақ, мұндай байқаулардың кәсіби тұрғыда, әріптестеріңмен тәжірибе алмасуда маңызы өте зор, — дейді Гүлжанат.

Гүлжанат 1987 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған. Содан бері, яғни 26 жыл уақыт бойы Құрылыс селосындағы мәдениет үйінде еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде өз кәсібіне деген адалдығын, шебер ұйымдастырушы екенін көрсете білді. Болашаққа жоспарлары көп. «Іске сәт!» — дейміз.

 

С.ӘБЕНОВА,

Ырғыз ауданы.

 

 

Тарих пен тағылым мекені

 

 Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасындағы «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубы өз жұмысын жалғастырды.

Жаңа оқу жылындағы алғашқы отырыс «Тарих пен тағылым мекені» деген атпен  Қобда ауданының тарихына арналды. Өлкетану сағатына Қобда  ауданының азаматы Мұхамбетия Қамашов, батыр Әлия Молдағұлованың бауыры Әліп Сарқұлова қатысты.

Мұнда жиналғандар әуелі «Көзге ыстық, көңілге жақын —  туған жерім!» кітап көрмесі, «Қобда» бейнематериалын тамашалады, одан әрі шақырылған қонақтардың мәнді де қызықты әңгімелері арқылы Қобда ауданының тарихына қанық болды. Сол өңірде туған батырларымыз,  әсіресе Қобыланды батыр, Әлия Молдағұлова туралы естелік әңгімелер айтылып, рухына тағзым етілді. «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының мүшелері ақын Гүлсамал Аймаханованың «Қызғалдақ ғұмыр — Әлия», жерлесіміз Еркін Жиеналиннің «Ұлы Қобда» атты жырларын жатқа оқыды.

Шара соңында «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының 2013-2014 оқу жылдарына арналған бағдарламасы бекітіліп, оқырмандарды елін, жерін, тілін сүюге шақырып, үндеу таратылды. 

А.ЗЕЙНУЛЛА,

«Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының жетекшісі. 

 

 

«Жастардан гөрі, кеңес дәуіріндегі мектеп өкілдері мықты»

 

Суретші шығармашылығы жұртшылыққа, ең алдымен, көрмелер арқылы танылады. Облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі — барлық ақтөбелік суретшілер үшін ортақ үй, өнерсүйер қауыммен арадағы алтын көпір іспеттес қара шаңырақ. Осы музейдің ғылыми қызметкері Жанар Мақсотованы өңіріміздегі бейнелеу өнері өкілдерінің қазіргі тыныс-тірлігі жөніндегі әңгімеге шақырған едік.

— Бүгінгі күні қазақ суретшілерінің жетістіктері бүкіләлемдік мәдени кеңістіктен көрініп жүргені жөнінде жиі айтылады. Ал ақтөбелік суретшілер арасынан кімдер өз ізденістерімен, жаңа туындыларымен жұртты елең еткізе алып жүр?

— Елімізде бейнелеу өнерінің орталығы; тек бейнелеу өнері ғана емес, жалпы өнердің астанасы — Алматы екені белгілі. Ол орталықтан алыстау болсақ та, бізде де уақыт көшінен қалмай, жақсы жетістіктерімен қуантып жүрген суретшілер жетерлік. Өңірімізде кескіндеме (живопись), графика, мүсін өнері, қолданбалы өнер, басқа да жанрларда талмай еңбектеніп жүрген 60 шақты адам бар. Олардың жартысына жуығы — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Живопись, графика жанрларында жазып жүрген жерлестеріміздің арасында, кейінгі жастардан гөрі, аға буын, яғни кеңес дәуіріндегі мектеп өкілдерінің мықтылығы байқалады.

Живопись жанрында Орынғали Хайруллин, Сағынтай Әлімбетов, Ирина Құрманалина, Жәнібек Есенғұлов, Әділғали Баяндин сынды суретшілеріміз республикалық, халықаралық көрмелерде үздіктер қатарынан көрініп, өз жетістіктерімен өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүр. Сағынтай Әлімбетовтің туындылары — Тұңғыш Президент музейінде, ал Ирина Құрманалинаның еңбектері Алматыдағы «Ұлар» галереясы қорында сақтаулы. Графика, соның ішінде экслибрис жанрында Әнуар Өтеген-Тана мен Мәрзия Жақсығаринаның еңбектері елімізде ғана емес, шет елдерде де кеңінен танымал. Осы жерде сүйінші хабар айтқым келеді — алдағы 8 қарашада Мәскеуде Мәрзия Жақсығаринаның көрмесі өтеді. Бұл — үлкен жетістік. Мүсін өнерінде жерлесіміз Марат Габдрахмановтың табыстарын мақтаныш ете аламыз. Оның еңбектері де Тұңғыш Президент музейінде, БҰҰ жанындағы ҚР миссиясында сақтаулы. Марат 2012 жылы Астанада ұйымдастырылған Түркі әлемі мүсін өнерінің V халықаралық биенналесіне арнайы шақырту алып, қорытындысында ең үздік бес мүсіншінің бірі атанды.

Қолданбалы өнерге келсек, соңғы кезде өңірімізде қолөнер шеберлерінің қатары көбейіп, олар ұлттық қолөнерімізді қайта жандандыруға, жаңа бір өрнектермен байытуға өз үлестерін қосып жүр. Мысалы, Ерқосай Әбілов Непал астанасы Катманду қаласында өтетін халықаралық фестивальға жолдама алып отыр. Бұл фестивальға еліміз бойынша он қолөнерші ғана қатысады, осы он жолдаманың иегерлері 130 адамның арасынан таңдап алынған.

Сонымен қатар, бүгінде Алматыда жүрген, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылған суретшілер арасында да біздің жерлестеріміз бар: Марат Бекеев, Қуаныш Базарғалиев… «Тарлан» сыйлығының иегері Марат Бекеев бейнелеу өнерінің қыр-сырымен ең алғаш Ақтөбедегі оқушылар сарайының көркемсурет студиясында танысқан. Кейін қаламыздағы мәдени-ағарту училищесін бітірген. Өзінің тың ізденістері арқылы Марат әлемдік деңгейде танылып отыр. Оның туындылары Лондондағы әйгілі Christie және Sotbis аукциондарына қойылған.

— Әрине, қазақ суретшілерінің АҚШ, Қытай, Еуропа елдері азаматтарының жеке коллекцияларына сатылған еңбектерінде есеп жоқ болар? Бұл туындылардың көпшілігі — шетелдіктер талғамына сай жазылған, сол жақтардан бастау алған түрлі бағыттар мен жанрлардың Қазақстанда да дамып-өркендеп жатқанына дәлел болатын дүниелер екені даусыз. Ал шетелдіктерге өз тарапымыздан не ұсына алдық?

— Бұл орайда, меніңше, қазақтың киізден түрлі бұйымдар жасайтын көне өнерін заманға сай жаңғыртып, сол арқылы танылып жүрген Әлібай, Сәуле Бапановтарды айту керек. Өнер тарихын зерттеушілер кезінде халқымыздың киізден текемет, сырмақ сынды дүниелер ғана емес, сәндік, тұрмысқа қажетті басқа да көптеген бұйымдар (100-ден астам бұйым) әзірлегенін айтады. Бапановтардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киіз паннолар мен гобелендер, киім үлгілері әлемнің бірқатар елдерінде жеке коллекциялар ғана емес, музейлер қорына да алынған, олар шетелдерге, әсіресе, Еуропа елдеріне жиі шығып, шеберлік сабақтарын өткізеді.

Өз өңірімізге келсек, осы өнерді серік етіп жүрген жас шебер Әсел Хайрула бар. Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде, облыс орталығында өткен көрмелерде жұртшылық Әселдің еңбектерін өте жылы қабылдады. Алда одан үлкен үміт күтеміз.

Әрине, сонымен қатар, абстракция, авангардтық жанрда жазылған дүниелердің бәрін бірдей ұлттық өрнектен ада санауға да болмайды. Мысалы, Әділғали Баяндиннің шығармаларын қараңыз: абстракция болғанымен, ұлттық нақышқа  бай, ұлттық мазмұнда жазылған дүниелер.

— Жалпы, суретші туындысының көпшілікке жетуі қиын. Ақтөбеде суретшілер шығармашылығының насихатталуы қалай?

— Иә, мысалы, ақынның немесе жазушының кітабы мыңдаған данамен таралады. Ал суретші керемет бір туынды жазғанымен, ол күндердің күнінде көрмеге қойылғанға дейін, шеберханада немесе үйінің бір бөлмесінде ешкімге беймәлім тұра беруі мүмкін. Тіпті мұқтаж жағдайда жеке бір адамға сатылып кетіп, кейін «сол туындымды халыққа көрсетпедім-ау, тым құрыса суретке түсіріп алмаппын» деген өкінішке ұрынып қалатын жағдайлар да кездеседі. Суретшілер, кем дегенде, 3-4 жылда бір рет көрмесін ұйымдастырып, өз шығармашылығын өнерсүйер жұрттың назарына ұсынуға тырысады. Кейде суретшінің деңгейі бір-ақ картинасынан байқалып, соңынан жұрт оны іздеп жүретін болады. Тіпті бейнелеу өнерінен мүлде бейхабар жандардың арасынан да: «Сондай туындыны бір рет көріп едім. Тағы да көргім келіп жүр. Қайдан табамын?» — деп сұрап жататындар кездеседі.

Ақтөбелік суретшілер шығармашылығын насихаттау — біздің тікелей міндетіміз. Суретшілер көрмелерін өткізіп, Әнуар Өтеген-Тана, Сағынтай Әлімбетов, Орынғали Хайруллин сынды аға буын өкілдерінің катологтарын әзірледік. Ақтөбеде, бізден бөлек, облыс орталығындағы басқа да музейлерде, «Соло» жеке галереясында шағын көрмелер өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының көрме залы бар, мұнда да жақсы шаралар ұйымдастырылып жүр. Біз суретшілер көрмелеріне балалардың, жастардың көбірек келуін қалар едік. Жас ұрпақтың өнерден қол үзбегені жақсы.

— Суретшілер тарапынан: «Қазақ қоғамының бейнелеу өнерін түсініп-бағалауға дәрежесі жете қойған жоқ» — деген пікірлер естиміз.

— Өнерге деген қызығушылық — адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі. Дегенмен, өнерді түсініп-бағалаудың оңай еместігі де шындық. Мысалы, кейде абстракциялық дүниелерге қарап тұрып: «Оп-оңай нәрсе ғой? Мынадай сызық-сызықты менің балам да салмай ма?» — деп салатындар болады. Сөйтіп, сызықтар астарындағы ойды, суретшінің жеткізсем деген сезім-толғаныстарын бір-ақ ауыз сөзбен жоққа шығарады. Негізінен, суретшілер өз ортасының, өнертанушылардың, жан-жақты білімді, таным көкжиегі кең жандардың пікіріне көбірек құлақ асады.

— Байқауымызша, өз шығармашылықтарын насихаттауда шетелдік суретшілер ғаламторды жақсы пайдаланып отырған секілді. Ал бізде қалай? Жеке сайтын ашқан суретшілер бар ма?

— Қаржы жағынан қиынға түсетін болғандықтан, Ақтөбеде жеке сайты бар суретшілер қатары тым аз, жоқтың қасы. Әйтсе де, суретшілеріміздің көпшілігі әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы өнерсүйер қауыммен күнбе-күн байланысып, көпшіліктің ой-пікірімен танысып отыр. Жуырда біздің музейдің сайтын ашу жоспарда бар. Сайтымыз арқылы ақтөбелік суретшілердің шығармашылығын жан-жақты насихаттауға мүмкіндік туады деп ойлаймын.

— Ауылда тұрып шығармашылықпен айналысып жүрген жандар бар ма? Сонымен қатар, суретшілер көрмелері тек үлкен қалаларда ғана өткізіледі. Ауылға олардың шығармашылығы мүлде жетпейтін сияқты…

— Шығармашылық адамы неғұрлым орталыққа ұмтылады ғой. Бірақ ауылдарда да өз шығармашылықтарын жолға қойып, көрмелер арқылы танылып жүрген Болат Құлниязов, Нұрлан Жақыбаев сынды азаматтар бар. Болат Қобда ауданының Калиновка ауылында тұрады. Өз туындыларын халықаралық көрмелерге де жолдап жүр. Нұрлан — қолөнерші, халқымыздың дәстүрлі тері өңдеу өнерін жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі. Ал аудандарда көрме ұйымдастыру біздің жоспарымызда бар. Бұл жөнінде аудан орталықтарындағы музейлермен бірлесіп жұмыс жасаймыз.

 

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

 

 

Қыз қосанның сыйлығы

 

Шалқар аудандық музейінде Қосан қыздың сал Сарыға сыйлаған мақпал қалтасы тұр.

Заманында әндері мен жырлары қазақ даласына кең таралып, аты аңызға айналған Сары Батақұлының:

«Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,

Аузын таспен зерлеп қойған торлап.

Қыз Қосан мен келгенше үйден шықпа,

Төртқара алып кетпейді сені зорлап.

Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,

Мен кеттім Бесқалаға басым қорғап.

Тілекті бұрынғыдай тағы беріп,

Төртқара жұтап қалғай құдай оңдап» — деп келетін «Қыз Қосаны» бүгінгі әнсүйер жұртқа да жақсы таныс.

Сары әнге қосқан Қосан — Сидақ есімді адамның қызы екен. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов: «Сидақ — Қабақ ішінде Қарабасы, өзі ешкімге теңдік бермейтін өр кеуделі адам. Қосан, Досан деген екі қызы болған. Қосан Еңліктің образындай «биік қабақ, сұрлау қыз» деуге жақын келеді екен. Өзі бойлы да, ойлы да болыпты» — дейді.

Зерттеушілердің айтуынша, мақпал қолғап Сарыға Жармола абақтысынан қашып келіп, Бесқала жаққа жүрер кезінде берілген. Ахмет Жұбановтың «Сары» атты мақаласында: «Қосан Сарыға европалық түсініктегі талисман сияқты, ескерткіш деп мақпал қолғап тігіп береді. Қайда жүрсең де, мені есте ұстап жүр деп» — делінген. 

Әнде де, мақалада да сөз қолғап туралы, ал музейде сақтаулы жәдігер — қалта. Бұл да зермен, түрлі-түсті жіптермен кестеленген, бір кездері өте әдемі дүние болса керек. Музейге мұны Зияда Мәмбетова есімді адам тапсырыпты.

Бірақ ол бүгінгі күнге дейін қалай жеткен? Кімдер сақтаған? Қалта туралы нендей деректер айтылған?

— Өкінішке орай, бұл жағы бізге беймәлім. Кезінде бұл туралы жазып алынбаған, ал кейін көне жәдігерді тапсырған Зияда Мәмбетова есімді адамды таппадық, — дейді музейдің экскурсия жүргізушісі Гүлсара Сейілова.

Біз де өз тарапымыздан Достан ұрпақтарына сұрау салып көрдік. Естуімізше, Зияда Мәмбетова — Сарының туған ағасы Тілеулінің ұрпағы. Қазір ол кісі дүниеден озған. Аудандық музей қызметкерлері енді мақпал қалтаның дерегін осы Зияда апамыздың көзін көргендерден іздестіріп-жиыстырады деп үміттенеміз.

Есет Көтібарұлының мылтығы, Әзберген батырдың найзасының ұшы, Қарағұл батырдың қылышы, Бақтыбай бабамыздың бейітінен табылған шырағдан сынды қастерлі жәдігерлер жинақталған музейден, сал Сары мен қыз Қосанның арасындағы сезімнің бір белгісі ғана емес, сол белгі туралы деректер де табылып жатса, әрине, «нұр үстіне — нұр» болмақ.

 

Айна САРЫБАЙ.

 

Бабалар мұрасы

 

Облыстық «Руханият» музейі қызметкерлерінің өңіріміздегі көне мешіттер және сол мешіттерді салдырған, ұстаған адамдар жөнінде деректер жинастыру жұмысын қолға алғанын оқырмандарымызға хабарлағанбыз.

Музей қызметкерлері биыл Қобда, Темір аудандарындағы жұмыстарын одан әрі жалғастырып отыр. Олар Темір қаласындағы көне мешітте, Қобда ауданындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешенінде, Абат-Байтақ қорымында болып қайтты.

Музейдің ғылыми қызметкері Айжан Қаңтарбаева:

Бір кезде үлкен уезд орталығы болған, тарихи қала Темірде тұрған көне мешіттің бой көтергеніне 113 жыл толыпты. Мешіт жақсы сақталған. Оны Орынбор саудагері Мәжит Батқұлұлы өз қаржысына тұрғызыпты. 1905-1937 жылдар аралығында халық «Ақ мешіт» атаған осы мешітті үздіксіз басқарған Ахмет халфенің тағдыры жөнінде де деректер жинастырдық, дейді.

Айжанның айтуынша, жинастырылған деректер «Діни-тарихи мұраны зерттеу ұрпаққа аманат» атты ақпараттық альбомды толықтыру үшін пайдаланылады. Бұл үлкен жоба. Сонымен қатар, осы сапарларда түсірілген бейнематериалдар арқылы болашақта фильмдер әзірлеу де жоспарланып отыр.

 

А.САРЫБАЙ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button