Билік

Елеусін Сағындықов: Девальвация үшін алаңдауға негіз жоқ

Кеше кешкісін облыс әкімі Елеусін Сағындықов теңге девальвациясына байланысты өткізілген шұғыл жиналыста осындай мәлімдеме жасады. Бұл жиынға облыс көлемінде әрекет етуші екінші деңгейдегі банк филиалдарының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған еді.

Облыс әкімінің айтуынша, теңгені еркіне жіберу – экономикалық тұрғыда қажеттіліктен туған іс. Осыған қарамастан елімізде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 3 пайыздық немесе 5 теңгелік ауытқумен 150 теңге шамасында болады. Бұл үдеріске алдымен мұнай бағасының төмендеуі себеп. Бүгінде Қазақстан экспортының алпыс пайыздайы мұнайға байланысты және ол қаржы нарығындағы табысты сала болып есептеледі. Соңғы жарты жылда ғана қара алтын бағасының 3 есеге дейін арзандауы бағамдық бағаларды қайта қарауға мәжбүр еткен.

Елеусін Сағындықов Ұлттық банк тарапынан бүгінгідей жағдайдан пайда табамын деушілерге тосқауыл қою керектігін айтты. Ал тұрғындар тек ресми валюта айырбастау орындарының қызметіне жүгінулері тиіс. Облыс басшылығы тарапынан да халық арасында қобалжулардың күшеймеуі үшін бірқатар жұмыстар атқарылмақ.

– Халық арасында дүрлігу, қобалжу болмауы қажет. Бүгін күні бойына осы процесті бақылағанымызда, ешқандай келеңсіздіктің жоқтығына көз жеткіздік. Бірқатар банкирлермен күні бойына байланысып отырдым. Доллар – сату- айырбастау бекеттерінде 154 теңгенің шамасында болды.

Республика бойынша доллар қоры жеткілікті. Кейбір банктерде шектеулі мөлшер ғана бар. Алайда тұрғындар сұранысын қанағаттандыратын мөлшердегі валюта табылады. Осыған байланысты дүрбелең туғызудың қажеті жоқтығын тағы қайталаймын. Ертеңгі күні мұнай бағасы көтерілгенде, теңгенің тұрақтылығы да қалыптасады, – деді облыс әкімі.

Валюта айырбастаушылар арасындағы жасанды қарбалас тудырушыларға облыс көлемінде де тосқауыл қойылмақ. Облыс әкімі күні кеше құқық қорғау органдарының басшыларын жинап, осы мәселеге байланысты тапсырма бергендігін де айтты.

Девальвация – заңды үдеріс. Бұл – алдымен отандық өндірушілерге, оның ішінде экспорттаушыларға тиімді құбылыс. Облыс әкімі қолдан құнсыздандыру процесін  толық басқаруға және бақылауда ұстауға болатындығын да жеткізді.

– Девальвация – Қазақстан кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізетін әдіс. Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы өткен жылы 9,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның 2 миллиарды – импорт, ал қалған 7,6 миллиарды – экспорттың үлесінде. Бұл көрсеткіштің биылдан бастап еселенері анық. Қазір тау-кен өндірісінің ахуалы онша мәз болмаса да, ілгерілеушілік бар. Экспорт көлемі артқан сайын өндірісті модернизациялау үдерісі жоғары болады. Жаңа жұмыс орындарының ашылары да анық, – деді Е. Сағындықов.

Әрине, облыс экономикасына былтырдан бері әлем елдерін алаңдатып отырған қаржы дағдарысының ызғары тиіп отырғаны рас. Алайда біздің облыстың өзінде ғана өткен жылы үш жүзден аса жаңа кәсіпорын пайдалануға берілген. Өндірілген өнім көлемі, сыртқы экономикалық байланыс көлемі де еселенді.

Облыс әкімі қаржылық қиындықтарға қарамастан биылдың өзінде облыс экономикасына 270-280 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынатындығына да тоқталды. Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сияқты іргелі кәсіпорындары жаңа өндіріс орындарының құрылысын бастамақшы. Әлеуметтік салада 154 жалпы білім беретін мектеп, осынша балабақша салынбақшы.  Бұл көрсеткіш те 2008 жылғы қол жеткен нәтижелерден артық.

Осындай табыстарды алға тартқан облыс әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қаржы саласындағы соңғы өзгерістердің әсері болмайтындығын айтты.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button