Мереке

Шаттық күні

Ақтөбе халқы Наурыз мейрамын әдеттегідей той-думанмен қарсы алды. Облыс орталығы мен селолық округтерінде 30-дан астам киіз үй тігіліп, қазандар асылды, алтыбақандар тербеліп, ән-күйлер айтылды.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта жергілікті кәсіпкерлер мен аудандардың 12 киіз үйі тігілді. Халықпен бірге Наурыз мерекесін облыс, қала басшылығы да қарсы алды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ақтөбеліктер мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады:

— Ырыс пен берекенің бастауы болып есептелетін Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Күн мен түн теңесіп, мал төлдеп, табиғат жаңаратын, елдің ауызы аққа тиіп, жер үстіне шаттық орнайтын күн.

Жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Сондықтан Наурыз — адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Сексенінші жылдардың соңында Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қайта жаңғырған төл мерекеміз — Наурыз мейрамын өзінің арнайы Жарлығымен мемлекеттік мереке ретінде жариялады. Бұл тарихи шешім жалпы адамзаттық құндылықтарды бекіту, ежелгі дәстүрлерді сақтау, қайта жаңғырту мақсатында қабылданған болатын. Одан кейінгі жылдарда еліміздің, өңіріміздің Наурыздан-Наурызға дейінгі қол жеткізген табыстары аз емес, жылдан-жылға еліміз, облысымыз өркендеп, экономикамыз өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осының барлығы — бейбіт елімізде бірлікте, ынтымақтастықта  істеген жұмыстарымыздың нәтижесі. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа жеті бағытын айқындап, алдымызға үлкен міндеттер мен талаптар қойды. Ендігі біздің мақсатымыз — 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың, жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құруда қажырлы еңбек ету. Алдағы биік белестерді бағындырып, ел экономикасын дамыту бағытындағы міндеттер мен талаптарды орындауға біздің ақтөбеліктердің мүмкіндігі жетерлік.

Бірлікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз отанымызға береке, халқымызға амандық, мемлекетімізге молшылық, әр шаңыраққа бақыт әкелсін! — деді өңір басшысы.

Мерекелік бағдарлама Қыдыр атаның келуімен басталды. Елге ырыс пен ынтымақ тілеп келген Қыдыр ата түйеден түсіп, төрге өтті. Онымен ілесе келген он екі жылдың белгілері, күн мен түннің теңесуі образдары әдемі хореографиялық көріністермен жалғасты. Наурыз керуені халыққа жақсылығын тілеп, әр отбасына береке-бірлік әкелетін мейрамның барлығымызға ортақтығын жеткізді. Әсем безендірілген күймелердегі Әз Наурыз бен Қыдыр баба қолын жайған халыққа

бата беріп, Жылан жылының берекелі жыл болуын тіледі. Жиналған қауым киіз үйлерге бас сұғып, ақ дастарқаннан дәм татып, спорттық ойындарды тамашалады.

Мереке қарсаңында қаламыздағы 40 кафе, мейрамхана 2 тоннадан астам бауырсақ пісіріп, 4 мың литр наурыз көже асып, халыққа тегін таратты. Осы күні қаламыздың көпшілік көп жиналатын жерлерінде де мерекелік шаралар өткізілді. Кешке күн бата ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақты мерекелік отшашу нұрландырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button