Мереке

Ғасыр-ғұмыр иесі

Ақтөбе қаласының тұрғыны, қиын-қыстау заманда қазақ  ұлтын сақтап қалған баһадүр Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы Айсұлу Сұлтанғалиева 8 наурыз күні 100 жасқа толады. Әженің мерейтойын ұрпақтары мереке күні атап өтпек болып отырғанын естіп, біз де ғасыр-ғұмыр иесінен бата алғанды жөн көрдік.

Сөйтсек, біз ғана емес, 100 жасаған кейуананың батасын алуға асыққан басқа да БАҚ өкілдері қаланың Мәскеу ауданында тұратын әженің кенже қызы Салиха Тасболатованың үйіне барған екен.

— Өткен жылы 99 жасқа толғанда әжелерің сайрап отыр еді. Ертерек дүние салған жалғыз ұлынан қалған  тұяқ — Асылбектің сырқаты жанына батып,  ауырып қалды. Бұрынғыдай көп сөйлемейді, қатты шаршап қалады. Қалқайып отырғанына шүкір дейміз. Жыл сайын 8 наурызда бала-шағасы, немере-шөберелері мен шөпшектері осында жиналып, әженің туған күнін атап өтеміз. Бұрындары 80-90 жасқа толғанын мейрамханада атап өткенбіз.  Биыл да сол дәстүрді жалғастырғалы отырмыз, — дейді Салиха апа.

Қарияға біздің кім екенімізді таныстырды, әже айналып-толғанып бата берді. Одан кейінгі  әңгімені Салиха апа жалғастырып әкетті.

— Әкем Тасболат 69 жасында дүниеден озды. Көзі тірісінде намазға жығылып, анам екеуі Алланы аузынан тастамай отыратын.  Бірақ ол Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған дәуір еді  ғой. Әрі қуғын-сүргінді көп көрген олар бізге Құран үйретпек түгілі,  ата-бабаларымыз туралы тіс жарып айтқан жоқ…

Әкем өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы еді, сотта істеді, есепші болды. Бізді түп-тамырымыздан ажырап қалады деп қорыққан болуы керек, зейнеткерлікке шыққаннан кейін  анам екеуінің қайдан, кімнен тарайтыны туралы жазып қалдырды. Үйімізде бір бума құжаттар мен әкемінің жазғандары сақталған көне сөмке болатын. Ағам Тұрсынбек өмірден ерте кетті де, анам қабырғасын қайыстырған қайғы-қасіреттен көпке дейін ес жия алмай, ұлын жоқтап жүргенде ол сөмкенің қайда қалғанын да  білмей қалдық. Қазір ойлап отырсам,  оның ішінде қазақ тарихына қатысты дүниелер бар еді. Ол уақта оны шығару үшін өте жоғары деңгейден рұқсат алу керек болатын.  Әкем Мәскеуден кітап етіп шығару үшін жазғандарын КСРО басшысы  Брежневке жіберіп, шығарманы қысқарту керектігі туралы жауап алды. Бірақ соның артынша ол қайтыс болып кетті де, кітап шықпай қалды, — дейді Салиха апа.

 

хан ұрпағы

 

Оның «әке-шешеміз ата-бабамыз туралы ештеңе айтпады» деуінің жөні бар. Айсұлу Сұлтанғалиева — Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы. Хандар мен билер, баһадүр батырлардың ұрпақтары атылып, Итжеккенге айдалып, қуғын-сүргін көрген  заманның өкілі  Тасболат ағаның бабалары жайында жақ ашпауы түсінікті де. Кіші жүз ханы Әбілқайырдан Айшуақ хан, одан хан ордасының батыс бөлігіне билігін жүргізген Баймұхаммед сұлтан туған. Баймұхаммед сұлтаннан Сүйіншәлі туады, оның немересі Сүйінғали  — Айсұлу әженің әкесі.

Отағасы Тасболат Айсұлтанов  — саяси қуғын-сүргін жылдары абақтыға жабылған қазақтың әйгілі күйшісі Қамбар Медетовтің немере інісі. Қамбар Медетов пен Тасболат Айсұлтанов та — Әбілқайыр ханның ұрпақтары. Хан баласы Нұралының немересі Шонықтан Медет пен Айсұлтан, ал олардан Ерқожа мен Жанқожа туған. Қамбар — Ерқожаның, Тасболат — Жанқожаның баласы.

Айсұлу әже бұл туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана  ашық айта бастапты. Соның өзінде  отағасы екеуі сыбырласып қана еске алатын Қамбар Медетов туралы, оның замандастары жөнінде ашықтан-ашық айтуға болатынына көпке дейін сенбей жүріпті. 2001 жылы, Қамбар Медетовтің 100 жылдығында Ақтөбе өңірі әйгілі күйшіге арналған шаралар ұйымдастырылғанда, сол шаралардың біріне барған әже қарсы алдында ілініп тұрған қайынағасының портретін көріп, сәлем етеді. Қосағы екеуінің шыққан тегі, сол үшін көрген бейнеттері туралы шындықты ұрпаққа айтатын күннің туғанына сонда сенеді. Айсұлу әженің күйшінің портретіне сәлем еткенін көрген жұрт осы оқиға туралы көпке дейін айтып жүріпті.

 

«Күйші қайынаға»

 

Қамбар Медетовтің атын естіген әженің құлағы елең етті. Енді әңгіме  қазақтың әйгілі күйшісі туралы әженің естелігіне ойысты.

— Мен 1930 жылы күйші қайынағамның әкесі Ерқожаның үйіне келін болып түстім. 1936 жылы қайынағам Мәскеуге барған қазақстандық делегацияның құрамында болып, үлкен сахнада «Ақсақ құланды» ойнады. Сол әдебиет пен өнердің онкүндігінен үлкен абыроймен қайтқан қайынағамды іздеп келушілер көп еді. Алматыдағы үйімізде Ахмет Жұбанов, Қанабек және Күләш Байсейітовтер  сияқты қазақтың белгілі тұлғалары жиі қонақ болатын. Бірақ ондай бақытты күндеріміз ұзаққа созылған жоқ. Бірде қайынағам үйге көңілсіз оралды. Көп ұзамай оны  филармониядағы басшылық қызметінен алып тастады, бірақ сонда да жұмысына барып-келіп жүрді. 1937 жылдың 23 қарашасында ақыры сол кеңсесінен  НКВД жендеттері алып кетті. Оның тұтқындалғанын естіген бойда бір жамандықтың боларын сезіп, қауіптеніп жүрген атамыз бізді көшіріп жіберді. Алматының бір шетінен бөлме жалдап, кіріп алдық. Сол күні көшіп кеткеніміз жақсы болыпты. Әйтпесе,  Тасболаттан да айрылып қалады екенбіз — НКВД жендерттері біз кеткен бойда үйде кім барын тексеру үшін тінту жүргізіпті, — деп есіне алып отыратын анамыз,  — дейді Салиха апа.

Содан Айсұлу әжеміз абысыны Ихрам екеуі Қамбар Медетов жабылған түрменің есігін күні-түні күзетіп, жолыға алмайды. Оны Қиыр Шығыстағы абақтыға жапқаны туралы хабар жетісімен, киім-кешек, азық-түлік салады. Кейін Қамбардың өзінен домбырасын түсінде көріп жүргенін, оны салып жіберуін өтінген хат та келеді. Күйшіні ақтап алу үшін Ерқожа ақсақал  жан-жаққа арызданып, Мәскеуге дейін қуынады.

Бір күні жоғарыдан хат алған ақсақал үйге сүйіншілеп жетеді. «Осы қағазды Қамбарым жатқан жерге жеткізсе, міндетті түрде оны босатып жібереді», — деп балаша мәз-мейрам болады. Бірақ сол қағаз әйгілі күйшіні қамаған абақтыға жетпеді ме, әлде оның әкесін  үкіметтегілер алдады ма, Қамбар Медетов елге оралмайды. Кейін біреулер лагерьде көз жұмғанын, енді біреулер Ұлы Отан соғысына кеткенін айтып жүріпті. «Судың бетінде домбырасы қалқып жүріпті, жарықтық, суға кеткен ғой» деген аңыз да, «Тірі екенін көзіммен көрдім, елге келе жатыр» деп сүйінші алғандар да болған…

«1945 жылы біз Алматының түбінде Амангелді атындағы колхозда тұрып жатқан болатынбыз. Атам сол жылы біздің қолымызға келді, сары уайым қойсын ба, көп ұзамай көз жұмды. Біз қарғыс атқан заманның құрығынан қашып құтыла алмасымызды біліп,  Алматыда қала алмадық, Таразға көштік. Абысыным Ихрам да екі қызын ертіп, бізбен бірге кетті. Онда да  көп тұрақтай алмай, Ақтөбеге оралдық».   Бұл —  Айсұлу әженің естелігі.

 

Жайылған жапырақ

 

Айсұлу Сұлтанғалиева сегіз баланы өмірге әкеліпті. Бірақ үшеуі бала кезінде тіл-көз тиіп, шетінеп кетеді. Бірінен соң бірінің сүйегін жерге бергізген қайғыдан ес жиып, қалған бес баласын аман-есен өсірген ана үшін өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан қосағы Тасболатының тұяғы Тұрсынбектен айырылу орны толмас қасірет еді. Тек жылдар бойы бауырына басқан немересі Асылбектің амандығын тілеумен өмір сүреді. 1970 жылы туған Асылбек әскери борышын Чернобыль апаты болған аймақта өтеген. Соның зардабы жылдар өткенде білініп, қазір екінші топ мүгедегі, әйелі мен жалғыз қызы өзінен бөлек тұрады.

Әженің бес баласынан қазір 15 немересі, 22 шөбересі, 4 шөпшегі бар. Олардың бәрі де алыс сапарға шығарда, үйленерде, оқуға түсерде бұл кісінің батасын алмай іс бастамайды екен. Жүз жасаған кейуананың батасын алуға арнайы келетін кісілер де бар көрінеді.

— Анам былтырға дейін құмалақ салып, болатын оқиғаның жақсы-жаман екенін болжайтын. Көрген түсті жорып отыратын да әдеті бар еді. Үйге жүкті әйел келе қалса, іштегі баланың не ұл, не қыз екенін кез келген УЗИ-ден артық айтып береді. Осы кісінің амандығын тілеп отырамыз. Ол біздің әулеттің тірегі ғой, бар береке —  осы кісіде.

Сандығының түбінде алтын мен күміс  араластырылып соғылған керемет әдемі жүзік жатты. Ханға лайық әшекей. Анама ол жүзік арғы аталарынан қалыпты. Оны сонау қуғын-сүргін замандарда қанша рет көшсе де жоғалтпай, қандай қиындық көрсе де сатып жібермей сақтап келді. Кейін жүзікті жарқыратып көрсетуге мүмкіндік туған, ел тәуелсіздік лебін анық сезінген жылдары анама жүзікті   ат басындай алтынға айырбастауға әзір екендерін айтып келген адамдар болды. Бірақ ол кісі сертіне берік адам ғой, ұрпаққа мұра болуға лайық көненің көзін сатқан жоқ, Ақтөбенің облыстық музейіне апарып тапсырды, — дейді Салиха апа.

 

«Адамның жасын Алла өлшеп береді»

 

Әжеге қамқор болып отырған кенже қызы да шөбере сүйіп отыр. Ол әкесі мен анасы қиын заманда балаларының бәрін де оқытуға тырысқанын мақтанышпен айтты: «Үйдің үлкені Сәния апам мәдени-ағарту училищесінде оқыды, Есенгүл өмір бойы медицина саласында жұмыс істеді, жалғыз ағам  Тұрсынбек теміржолдың оқуын оқып, сол жүйеде жұмыс істеп кетті. Мен өзім сауда-саттық саласында бітірген оқуыма лайық 8 жыл істеп, кейін күзет полициясына ауыстым».

Салиха ападан үйге келген кісілер «әженің көп жасауының сыры неде?»  — деп сұрайды екен. Ондайда не деп жауап берерін білмейтін Салиха апа:  «Адамның жасын Алла өлшеп береді, көп жасаудың сыры — еңбекте» деп отыратын анасының сөзін қайталайды.

— Негізінде көп жасау тұқым қуалайтын қасиет болуы керек. Әкесі Сүйінғали  мен анасы Күлбазар көп жасамаса да, шешемнің төркінінде ғұмыры ұзақ болған жандар бар көрінеді. Ата-бабасы тегін адамдар емес қой… Тек соны орысша ойлап, орысша сөйлеп, қаланың тірлігіне бейімделіп өскен біздің ескермей өскеніміз өкінішті, — дейді Салиха Тасболатқызы.

… Әженің бөлмесіне кетерде тағы бір бас сұқтық. Қоштасқымыз келді. Ғасыр-ғұмыр иесі ұйықтап жатыр екен. «Қарағым, үбірлі-шүбірлі бол!» деп аяқталған батасы бар қазақтың отбасы үшін қабыл болғай дедік.

Айгүл БАЙМЕНОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button