Мереке

Мереке

Статистика

 

Мерекелік портрет

 

Сонымен, міне, тағы да 8 наурыз келді.

Еркектер қауымы тағы да сыйлық әзірлеп, нәзік жандылар тағы да назданатын күн жетті.

Облыстық статистика басқармасы да жылдағы дәстүр бойынша бұл мейрамға байланысты өз деректерін тағы да ұсынып отыр.

 

Орташа жас — 32

 

Статистиканың деректеріне сүйенсек, облысымыздағы әйелдердің орташа жасы — 32 жас. Сол себептен бе екен, қалалық жерлерде тұратын әйелдердің мөлшері — 63 пайыз.

 

Бәрібір әйелдер көп

 

Соңғы мәліметтер бойынша облысымызда тұратын әйелдер саны — 412,5 мың. Одан әрі таратсақ, әрбір 1000 әйелге 930 ер адамнан келіп тұр. Бірақ бұл медальдың бір беті ғана. Себебі…

Дүние есігін ашқан 100 қыз балаға 107 ер баладан келіп тұр. Мектепте де қыз балалар саны ер балаларға қарағанда төменірек. Дегенмен жыл аяғында бұл цифрлар теңеседі.

Жасы ұлғая бастаған адамдар арасында әйелдер саны өсе түсетіні рас. Бұл, әсіресе, 65 және одан жоғары жастағыларды сараптағанда анық көрініп тұрады. Бұл ретте 1000 әйелге 535 ер адамнан келеді екен.

 

Ғұмыр

 

Әйелдер, әлбетте, еркектерге қарағанда ұзақтау өмір сүреді.

Айталық, әйелдер өмірінің ұзақтығы — 74 жас, ал еркектер үшін бұл мөлшер — 65 жас.

 

Неке

 

Әйелдердің жартысынан көбі некеде тұрады. Дегенмен жалпылай алғанда әйелдердің үштен бірі ешуақытта некеде болмағандар.

2012 жылы облысымызда әйелдердің 8812-і некеге тіркелді немесе күн сайын 24 әйел неке қағазын қолына алды.

Қалыңдықтардың орташа жасы — 24, ал күйеу жігіттердің орташа жасы — 27.

 

Сәбилер

 

2012 жылы 18 483 сәби өмірге келді, яғни әрбір сағат сайын 2 әйел дүниеге сәби сыйлаған.

Балалардың 14 пайызы, өкінішке қарай, некеде тұрмаған аналардың бөбектері.

Сәбилердің үштен бірін 20-24 жас аралығындағы аналар дүниеге әкелген.

Ал бала туған кездегі аналардың орташа жасы 28 жас болып отыр.

 

Есімдер

 

2012 жылғы желтоқсанда қыз балаларға көбіне төмендегі есімдер берілген:

Айзере, Айару, Кәусар, Інжу, Аружан.

 

2298 өкініш

 

Өткен жылы тіркелген ажырасулар саны — 2298. Бұл ретте 5 пен 9 жыл аралығында бірге тұрғандар көп ажырасқан.

 

Әйелдер тыным таппайды

 

Біздің облысымыздың әйелдері, несін айтасыз, жұмысбасты, тіпті жоғары деңгейде жұмысбасты және кәсіби белсенді.

Экономикалық белсенді жастағы әйелдердің шамамен 93 пайызы облыс экономикасында жұмыс істейді.

Рас, әйелдер арасында экономикалық белсенділік деңгейі ерлерге қарағанда біршама төмен: әйелдер — 69 пайыз, ал ерлер — 77 пайыз.

Оның есесіне жұмыс жасайтын әйелдердің білім деңгейі ерлерге қарағанда жоғары, шамамен 38 пайызды құрайды, ал ерлерде бұл көрсеткіш — 32 пайыз. Бірақ әйелдердің еңбекақысы ерлерге қарағанда 32 пайызға төмен.

Нәзік жандылардың басым бөлігі, әрине, қызмет көрсету, денсаулық сақтау, сауда, қаржы салаларында жұмыс жасайды.

 

Басшылар

 

Жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санында басшы әйелдердің үлес салмағы 5 пайызды ғана құрайды.

Әйелдер арасында біліктілігі жоғары дәрежелі мамандар үштің бірін құраса, біліктілігі орта деңгейдегі мамандар 22 пайызды құрап отыр.

Әрбір бесінші әйелдің (19 пайыз) жасап отырған жұмысы біліктілігіне сай емес.

Басшы әйелдердің ең үлкен мөлшері білім саласында — 38 пайыз, өнеркәсіптегілер — 18 пайыз, ал басқару саласында — 9 пайыз.

*   *   *

Облысымыздың әйелдер қауымының биылғы мереке алдындағы жинақтық портреті шамамен алғанда осындай.

 

Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша әзірленді.

 

 

Назеркенің тарысы диплом алды

 

Наурыздың алғашқы күндері Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарына арналған ІІІ халықаралық байқауда ақтөбелік оқушы Назерке Көбейсіннің экономика секциясы бойынша жасаған ғылыми жұмысы жоғары бағаланып, нәтижелі жетістікпен оралды.

Назерке Темір ауданының Шұбарқұдық №1 мектеп-гимназиясының 11-сыныбында оқиды. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінен келген барлығы 288 оқушы қатысқан білім додасы 4 секция бойынша жүргізіліпті. «Қазақстанда тары өсірудің маңызы» атты ғылыми жұмысын ғалымдар мен жоғары оқу орындарынан келген оқушылардың алдында қорғаған Назеркенің бұл еңбегі байқауда жоғары бағаланыпты.

Бұл байқауға бару үшін әуелі облыстық іріктеуден өттім. Алматы қаласында өтетін байқауға шақырту алғанымда қуанышым қойныма сыймады. Байқау экономика, математика, қолданбалы математика, механика секциялары бойынша жүргізілді. Экономика секциясы бойынша 44 оқушы қатысты.  Ғылыми жұмысымда еліміздегі тары өсірудің маңыздылығы туралы кеңінен талдап, талқылап жазуға тырыстым. Өйткені қазір елімізде тары өсіру ісі кенже қалып қойды. Зерттеуімше, Қазақстанның егістік алқаптарында бидай және өзге де дақылдардың түрі көп өсіріледі. Бұл орайда ғылыми жетекшім Райса Абашеваға айтар алғысым шексіз. Өйткені сол кісінің арқасында мен ғылыми жұмысты жан-жақты зерттеп жазуға тырыстым. Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің ұстаздарымен тығыз байланыс жасадым. Әсіресе, сол колледждің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, селекционер Игорь Цыганковтың берген мәліметтеріне сүйендім, — дейді Назерке.

Назеркенің өз қолымен өсірген «Яркое-3», «Яркое-5», «Берсиев» тарылары мен «12 сортты» бидай өнімдері ғылыми жұмыстың мәнін аша түсіпті. Оқушының бұл практикалық жұмысына комиссия мүшелері үлкен таңданыспен қарапты.

Енді ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың қолы қойылған бірінші дәрежелі диплом мен вице-министр М.Әбенов берген сертификат Назеркенің болашақ жолын айқындап, қалаған жоғары оқу орындарының біріне түсуге мүмкіндік береді.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Қарылғаның ұзын бұрымы

 

Аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы оқырмандарына арнап ұдайы әртүрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Соның бірі — халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткен «Қолаң шаш-2013» атты байқауы.

Байқауда бұрымды келіншектер тек шаштарының ұзындығы мен қалыңдығын өлшеп қана қойған жоқ, ақыл-парасатын да сынға салды. Өздерін таныстырып, дәстүрді дәріптеп, өнерлерін ортаға салды.

Бәсекеге түскен жеті келіншектің арасында Қарасу ауылдық амбулаториясының медбикесі Қарылға Бекбосыновамен таласар ешкім болмады. Ол — үш баланың анасы. Қашан көрсең де, үй тірлігімен қатар жұмысына да үлгеріп жүргені.

Оның шашының ұзындығы — 150 сантиметр, қалыңдығы — 23 сантиметр. Қазақ  дүние танымында ұзын бұрым сұлулықтың сәні саналады. Әрі оны баптау қыздарға барлық жағдай жасалғандығының немесе олардың бар жағынан жан-жақтылығын көрсетеді екен. Қарылғаның шашын қимай, күтіп-баптап өсіруі —  бүгінгі сіңлілеріне үлгі.

Барлық талаптардан сүрінбей өткен бұрымды Қарылға Аманжолқызы бас жүлдені жеңіп алды. Қолаң шашты алты келіншек те атаулы номинациялар бойынша марапатталды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

 

Әулеттің анасы

 

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп әйелдерді отбасының ұйытқысы ретінде бағалаған қазақ халқында ежелден-ақ Анаға деген құрмет ерекше болған. Қазір қоғамда сол жақсы дәстүрден жаңылып қалған жоқпыз ба деген үрей бары рас. Қарттарды құрметтеуге, үлкенді сыйлауға кейінгі буынды тәрбиелеу өткір мәселе болып тұр. Ол үшін өнегелі отбасыларды, қадірлі қарияларды насихаттап, баспасөз беттерінде олар туралы көбірек жариялап отырған дұрыс деп ойлаймын. Әйелдер мерекесі қарсаңында сондай бір үлгілі әулеттің анасы, ауыл-елдің данасы бола білген Шаһизада Әбдіғазиева әже туралы айтқалы отырмын.

Әбдіғазиевтер — қазақтың қарапайым, өнегелі отбасыларының бірі. Әйтеке би ауданында үбірлі-шүбірлі болған әулеттің анасы Шаһизада әже қазір өмір бойғы бейнетінің зейнетін көріп отырған құрметті демалыстағы жан. Биыл 80 жасқа толған ол — Батыр ана, бір әулеттің қадірлі кейуанасы.

Шаһизада Әбдіғазиева 10 бала, 18 немере тәрбиелеп, олардан шөбере сүйіп отыр. Ол немере-шөберелері айналасына жиналып, әулет мүшелері бас қосқан кезде жастық дәурені, еңбек еткен жылдары туралы естеліктерімен бөліседі. Сабақ болсын деп көрген бейнеті мен өмір жолында кездескен жақсы адамдардан көрген жақсылықтарын айтып отырады.

— Баласына дұрыс тәрбие беру үшін жақсы менен жаманды айыра білу әрбір ананың бойынан табылуға тиіс қасиет. Ата-ананың мойнында ұрпақ тәрбиесі үшін үлкен жауапкершілік барын қазіргі жас отбасылар анық білмей жүргенге ұқсайды. Қазақ әйелі қанағатшыл болғаны дұрыс, — дейді ол.

Шаһизада әже жасырақ уақытында бухгалтер, кассир, сауда-саттық саласында беделді қызметкер болды. Оның еңбекқорлығын қадірлейтін ауылдастары Кеңес өкіметі уақытында халық депутаты етіп те сайлады. Қоғамдық өмірге белсене араласқан қария: «Саудада достық жоқ» деген дұрыс сөз. Сауданың айналасында нәпақа тауып жүрген адамдар адал болуды өздеріне бірінші талап етулері тиіс. Алдап-сулап тапқан артық кіріс ұрпағыңа жұқ болмайды, пәле болады», — деп отырады. Біз Шаһизада әжені мерекесі қарсаңында құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз.

Әсемгүл НӘБИЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

 

Тоқсанға толған әже: 37 немере, 40 шөбере

 

Нұрсұлу әже негізінде наурыз айында дүниеге келген. Ол кездері құжат дайындау көбінесе кешеуілдеп жүрсе де, үлкендер мұндай сәтті ұмытпайды ғой. Сол үрдіс ұдайы жалғасып, бүгінде ардақты ананың балалары үлкен кісіні екі рет құттықтайды. Біріншісі — 8 наурызда болса, келесі той дастарқаны араға төрт күн салып тағы да жайылады.

Бұл әулет үшін биылғы наурыз ерекше болғалы тұр. Өйткені Нұрсұлу Ордабайқызы тоқсан жасқа толмақшы.

Әжемен әңгімелесе қалсаңыз, тоқсан жылдың тоғыз аттамға да татымайтындығын айтады. Шынында да, ол кісі өз өмірбаянын қолының саусақтарын бүгіп отырып-ақ баяндап бере салады.

Он алты жасында Айшуақ өңірінің азаматы Әбушан Медетовке тұрмысқа шығыпты. Азаматы соғысқа аттанып, майдан өтінде жүргенде кішкене Ықпалын қолтығына қыса жүріп, колхоз шаруасынан қалмаған. Әбушан жауынгер соғысты бітіріп, әскер қатарында тағы да бір жыл болып, елге 1946 жылдың күзінде оралады.

Ерлі-зайыпты екеуі ауыл шаруашылығында белсенді еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосады.

Нұрсұлу әже еңбек ете жүріп, өмірге перзенттерін әкеліп, оларды қанаттандырып отырған. Ықпалдың соңынан ерген Жұмағұл, Ықыра, Айнагүл, Бағдагүл, Смағұл, Жұпаргүл, Назымгүл, Саягүл, Мереке әрқайсысы әртүрлі мамандық алып, әке-шеше үмітін ақтады. Әулетте он баладан 37 немере, 40 шөбере өсті.

Әбушан ата өмірден 2004 жылы сексен бес жасында өтті.

Нұрсұлу әже әлі де қуатты. Әр баласының, олардан тараған ұрпақтарының қуанышына мәз болып, амандықтарын тілеп отырады.

 

Нұр ДҮЙСЕНОВ.

 

 

Баян  әженің бақыты

 

Жетпістің төртеуіне аяқ басқан Баян Нұғыманқызы қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Әулетке келін болып түскен күннен бері ол енесінен бір сәт те бөлек тұрған емес. Ал келінін қызындай тәрбиелеп өткен қадірлі ене Әлиманың тоқсаннан асып қайтқанына қазір төрт жылдың жүзі болды.

Мереке қарсаңында Баян әжеге жолыққанымызда, ол өз өнегесін жастарға былайша жеткізді: «Анамыздың дана да дара мінезінің арқасында үлкендермен қалай сөйлесу керектігін, қонақ күту, келінге тән басқа да қасиеттердің қыр-сырын меңгеруге тырыстым. Жас келіндер үшін мұндай кезеңнен өтуде ененің беретін тәрбиесі үлкен рөл атқарады.  Менің  енем қайратты, айбынды, елдің анасы бола білді.  Ол кісі мені туған қызындай мәпелеп өсірді».

Баян әже енесінің соңғы дәмі таусылғанша оған лайықты құрмет көрсетіп, барынша жағдайын жасады, сыйласымды ғұмыр кешті. Ене мен келін арасындағы берік татулықтың шаңыраққа шаттық сыйлайтынын өз тәжірибесінен алып әрі өмірден түйгендерін қолындағы келіні Бекзадаға әркез айтудан жалықпайтын оның  жүріп өткен жолы тұнып тұрған өнеге.

Киелі шаңырақтың келіні атанған ананың  құрсағынан Кеңес, Гүлнар, Самат, Марат есімді ұл-қыздар өмірге келді. Қазір олар өз алдына шаңырақ құрып, ел ықыласына бөленіп жүрген маман иелері. Әйтсе де, анаға бауыр еті баласының қайғысын көргеннен өзге азап жоқ. Сұм ажалдың құшағында кеткен Саматтың  қазасы әулеттің қабырғасын қайыстырып жіберді. Мейірімге, сағыныш пен қайғыға толған ана жүрегі Саматын әлі күнге дейін сағынады.

Бүгінде Баян әже ұлының артында қалған балаларының амандығын тілеп, тәубе етеді. Көз қуанышы мен жүрек жұбанышына айналған Жанна, Шолпан, Ержан, Ерсұлтан мен Еркен сынды немерелерінің әрбір басқан қадамына алаңдап, оларға кісілік пен кішіліктің қадір-қасиетін үйретуден жалыққан емес.

Жолдасы Мирас Боқаев ұзақ жыл геология-барлау қызметінде еңбек еткен жан. Облыс аумағында, әсіресе, Шалқар, Қобда,  Байғанин, Мұғалжар өңірлерінің мұнай-газ қорын барлау қызметінде жүріп, бұл салаға әкелген табыстары жылдар  өткен сайын жаңғырып, ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Бүгінде балалары мен немерелері қамқор әкенің, ардақты атаның мейірімге толы әрбір ісін сағынышпен еске алады.

Баян әженің де геологияның қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстан өтіп, алған білімі бар. Бұл саланың қиындығы әйел адамдар үшін аса ауыр. Жолдасының жанында  бірге атқарған қызметтегі жылдарын еске алған абзал ана мұның барлығын келінге көрсеткен ененің зор мүмкіндігі мен қамқорлығы деп түсіндірді.

Қазір ене мен келін арасындағы сыйластыққа сүйсінген оның құрдастары «елу жыл ене баққан Баян» деген қалжыңды жиі айтады. Шынымен де, жарты ғасырдан астам енемен бір шаңырақ астында жарасымды тірлік кешкен келіннің, яғни Баян әженің бақытты ғұмыры кейінгілерге өнегелі іс боларлық тағылым.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Бір күннің үш батасы

 

Бір шаңырақтың астында бір емес екі ата-енесімен бірге тұрып, олардың көңілін таба алатын келіндер де бар екен.  Отбасында келінге тән иба-әдебінен жазбай әрі қызметінен де қалмай жүрген №51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Сапартілеуқызына жолыққан едік.

Жасы сексеннің үстіндегі Нұрқасен ақсақал немере келіні  Гүлнәр туралы былай дейді: «Кемпірім Сақып екеуміз барлық балаларымызды жақсы көреміз, әрқайсысының тілеуін тілеп отырамыз. Гүлнәрімнің жүзі жайдары, күліп тұрады, елгезек, күніне  кем дегенде үш рет батамды беріп отырамын. Құйған шайы қандай, асты-үстімізге түсіп күтеді. Ал Ислам мен Гүлнәрдан  көрген Мирас шөберем бәрінен де тәтті».

Ал кіші енесі Балапан: «Өз балаларың жайлы айтуға қорқасың, тіл-көзден сақтасын. Тәубе, Гүлнәр балам алтын ғой, қолынан бәрі келеді. Мектептің жұмысы да оңай емес, үйге де, түзге де үлгереді. Жолдасым Қуанышбай екеуміздің шағын кәсібіміз бар, қолым боста өзім  баламнан көмегімді аямаймын. Ата-енем тұрғанда мен де келінмін ғой», — дейді.

— Гүлнәр, екі бірдей ата-енемен бірге тұрған қалай екен?

— Осындай отбасына тап келуімді өзімнің бағым деп санаймын. Үлкен кісілері бар үйдің берекесі бір бөлек, үйдің іші көңірсіп, отбасына шуақ сеуіп тұратын сияқты. Осыдан он шақты жыл бұрын Исламмен қол ұстасып, осы үйдің босағасынан аттағанда, алдымнан айналып-толғанып қарсы алған үлкен ата-енемнің ықыласы қатты толқытты. Кіші ата-енем де ол кісілер үшін әлі  бала сияқты. Бұл кісілер Ақтөбеге Мұғалжар ауданынан көшіп келген екен. Қазір сексен алтыдағы атам мен сексен үш жастағы  енем әлі де қуатты, өздері жүріп-тұрады, бір-бірімен әзілдері жарасып отырады. Атам кезінде мал баққан. 7 баласы бар, солардың әрқайсысын іздеп, бірер күн хабар болмай жатса, алаңдап отырады.

Өзім Ойыл ауданының  Жетікөл ауылында туып-өстім, сегіз баланың кенжесімін. Әкем марқұм менің бес жасымда дүниеден озған. Сондықтан әкенің, атаның қамқорлығына сусап өскен маған екі атамның болғаны жағымды әсер етті. Ата-енелерімді ерекше құрметтеуіме, оларға қолдан келгенше қалтқысыз қызмет көрсетуіме анамның тәрбиесінің, ұстаздық қызметімнің септігі тиді деп ойлаймын. Әрі  жолдасымның көңіліне де қаяу түспегенін қалаймын. Сыйластық екі жаққа да байланысты, Ислам да қайын жұртын сыйлап тұрады.

Екіншіден, «Жақсы үйге келген келін — келін, жаман үйге келген келін — келсап» деген сөз бар. Өнегелі отбасына тап келдім, мені өз қыздарынан кем көрмей, жақсымды асырып отырған — ата-енелерім. Ата-әже бала сияқты, артық ештеңе талап етпейді, үш мезгіл шай-тамағын уақытында беріп, бабын жасап отырсаң болды, «Айналайын, бақытты бол!» дегеннен басқаны айтпайды. Ал кіші енемнің мінезі өте жайлы, ылғи: «Балам, былай істесек қайтеді?» деп ақылдасып жүреді. Шаруаның бәріне өзімнен бұрын  кірісіп кетеді. Үйдегі береке-бірліктің, жылылықтың салтанат құрып отырғаны да осы кісінің арқасы деп ойлаймын.

Оның үстіне үйден қонақ арылмайды. Үстел басына жиналғанда, жоқ дегенде, он шақты адамның басы қосылады. Соның өзі мереке іспетті. Мұндай жағдайда басқаға уақыт жоқ.

— Неше бөпең бар, қазақтың санын көбейту ойларыңызда бар ма? Өздеріңіз өсіп-өнген отбасыдан шықтыңыздар ғой.

— Әрине, құдай қаласа, төрт жастағы Мирасханның соңынан іні-қарындастары ерсе деп ойлаймыз. Мектепте ұстаздық етумен қатар,  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрайымы сияқты қызметтерді атқардым. Жұмысбасты болдым. Биыл кішкене арқа босап, денсаулығыма қарап жатырмын. Оның үстіне ата-енелерім аман-есен тұрғанда бала өсіру бізге қиындық тудыра қоймас.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Әлияның қуыршақтары

 

Әрбір қыз бала кішкентай кезінде қуыршақ ойнап, оларға киім тігуге әуес болған шығар. Мен де қуыршақтың түрімен ойнап, оларға әлім келгенше киім тіккенді ерекше ұнататынмын. Жақында «Мега-Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінде өткен қолөнершілер көрмесінде балалық шақты еске салатын ойыншық көзге түсті. Бірақ бұл бала кезде мен ойнаған қуыршаққа ұқсамайды, қолдан жасалған, жұп-жұмсақ. Бақсақ, бұл тильда стилінде жасалған қуыршақтар екен.

Тильда — испанның «tilde» сөзі «қолтаңба, жазба» деген мағынаны, яғни толқын немесе ирек тәрізді типографтық бірнеше белгінің атауын білдіреді екен.

Тильданың авторы — 1973 жылғы норвегиялық суретші Тони Финнангер. Бұл стиль Еуропа қолөнер шеберлерінің арасында кеңінен танымал, соңғы уақытта Ресейде де қолданыла бастады. Қазір тильда стиліндегі қуыршақтар, жануарлар немесе интерьер бұйымдары осы дизайнер Тонидің үлгілері бойынша тек матадан тігіледі.

Хромтаулық жас келіншек Әлия Байсеркешова көрмеге әкелген қуыршақтарын осы тильда стилінде жасапты. Әңгімеге тарттық.

— Кішкентай кезімде қуыршақпен ойнап, оған киім тігіп тұрдым. Ал оқушы кезімде қолөнерге қызығып, әсіресе, бисермен жұмыс жасағанды ұнатушы едім. Тұрмысқа шыққан соң, «Бебиблог» сайтына тіркеліп, өзім секілді жас аналармен сөйлесіп жүргенмін. Бір күні осы сайттағы қолөнершілер қауымдастығына жазылдым. Бұған дейін бисерден гүл жасаған едім, сол гүлдің суретін салмақшы болдым. Сайтқа кіргенімде көзіме екі қуыршақ түсті, олар тильда стилінде жасалған екен. Тильда бұйымдарының түрі көп, әрқайсысы мағынасына қарай өзіндік атауларға ие. Менің ең алғаш көргенім — қолдарында жастығы бар «Ұйқы періштесі» қуыршақтары. Олар балалар ұйқысының тыныштығын қорғап, оларға тәтті түс тілейді. Тильда стилінің басты ерекшелігі де сол — ойыншықтар мен бұйымдар жақсы ырыммен жасалып, ниеттес, тілектес болуы, — дейді Әлия.

Содан Әлия қуыршақтарды сайтқа салған тігінші әйелге хат жазып, қызына алып бермекші болып, қанша тұратынын сұрапты. Бағасы біз үшін өте қымбатқа шығатын болғасын, өзі жасап көруді ойлайды. «Түнімен ойымнан шықпады. Таңертең интернеттен іздеп, тильда қуыршақтарының үлгілерін шығарып алып, апама бардым. Ол кезде тігін машинам болмады, тігуді де білмейтінмін. Апам біріншісін үлгілерге қарап, пішіп-тігіп көрсетті. Қуыршақ қызыма өте ұнады. Екіншісін өзім тіктім. Екеуін тігіп, мұнымен тоқтағым келген жоқ. Жолдасыммен ақылдасып, несиеге тігін машинасын сатып алдық», — дейді.

Хромтауда тауарға таңдау аз. Мұны бірден байқаған Әлия тауарды Ақтөбедегі Нұргүл әпкесіне ақша беріп жіберіп, алғызады екен. Жаңа жылға таман жасаған қуыршақтар топтамасын Алматыдан тапсырыс арқылы алдыртқан тауарға тігіпті.

— Бұл кәсіппен айналысқаныма жарты жыл да болған жоқ. Үйде бала күтімінде отырған адамға өте жақсы ермек деп ойлаймын. Алайда баламен үйде отырғасын жасаған дүниелерімді көпшілікке ұсынуға мүмкіндік жоқ. Көбіне тума-туысқа көрсетемін, солардың жұмыстарына беріп жіберіп, өткіземін. Жаңа жыл мерекесінде ата-аналар сыйлыққа балаларына «Ұйқы періштелерін» жақсы алды. Бізде қолөнерге үлкен сұраныс жоқ, бірақ қуыршақтарымды көрген адамдар, ұнатып, сатып алып жатады. Бұл мен үшін — үлкен қуаныш, — дейді шебер.

Әлия өзі жасаған бұйымдардың әрқайсысына тоқталып, қандай мағына беретінін әңгімеледі. Оның айтуынша, «Шаңырақ шаттығының ұйытқысы» қуыршағы — шаңыраққа шаттық, отбасына құт-береке сыйлайды, ал жүкті әйел бейнесіндегі қуыршақ нәресте тілеп жүрген немесе аналардың аман-есен жүруіне тілекші болады. «Аспазшы» қуыршақ ас үйдің берекелі, дастарқанның молшылықта болуына ниеттес болатын көрінеді. Бұдан басқа ол балалардың ойнауына қауіпсіз етіп, мата-мақтадан жұмсақ қояндар, көжектер тігеді. Қуыршақтардың бағасы да қымбат емес: 1300-2000 теңге. Атап айтсақ, 28 сантиметрлі көжектер — 1300 теңге, 45 сантиметрлі қоян — 2 мың теңге, «Ұйқы періштесі» — 1500 теңге, «Шаңырақ шаттығының ұйытқысы» саналатын қуыршақ пен жүкті әйел бейнесіндегі қуыршақ — 1700 теңге тұрады.

Жас келіншектің қолынан шыққан әр дүние көркемдігіне қоса, жақсы ырыммен сыйлауға таптырмас сыйлық бола алады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Күнсая — футбол жанкүйері

 

Футбол десе алақайлап, ішер асын жерге қоятын, стадиондағы ойындарды тамашалаудан бір жалықпайтын қыздарды білесіз бе? Саусақпен санарлық. Солардың бірі — Күнсая Оралбай.

Ол өзіне ұнайтын футболшылар мен үздік командалар туралы таң атқанша әңгімелеуден жалықпайды. Ал футбол маусымы басталса, «Ақтөбе» футбол клубының шарфын тағып алып, стадионға кетіп бара жатқанын көреміз. Теледидарға телміріп, тапжылмай және отырады.

— Футболға қызығушылығымды оятқан марқұм әкем болатын. Кішкентай кезімде әкем ылғи теледидардан Мәскеудің «Динамо» командасы мен Голландияның құрама командасының ойындарын үзбей қарайтын. Кейін мектеп бітіріп, Ақтөбеге келгенде қазіргі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өткен футбол ойынын тамашалауға өзім бардым. Бұл менің жасыл алаңда өткен ойынды алғаш рет өз көзіммен көргенім еді, — дейді Күнсая.

Әлемдік футбол туралы әңгімелескенде де алдына жан салмайтын Күнсая — Испания құрамасының жанкүйері. Құрама ойыншыларын он саусағындай жатқа біледі. Ал ерекше әспеттейтін жұлдыздары — Зинеддин Зидан мен Икер Касильяс. Ірі стадиондардағы әлемдік додаларды көруге қатты қызыққанымен де, жанкүйеріміз — өз елінің патриоты. Қазақстан футболының даңқын асқақтатып жүрген ұлттық құраманың үздік ойыншылары Жамбыл Көкеев, Самат Смақовтарға тілекші екенін әңгімелейді. Ол ең әуелі өзіміздің «Ақтөбе» командасының белсенді жанкүйері екенін, Юрий Логвиненкоға, Абат Айымбетовке жаны ашып отыратынын айтады.

Футболды соншалықты жақсы көретінін Күнсая былай жеткізеді:

Футбол — басқа бірде-бір спорт түрі таласа алмайтын даңққа ие, кең таралған әдемі ойын. Тіпті өнер деуге  де болады. Стадионнан ойын тамашалаған сәтте бәрін ұмытып, шаршағаным басылып, демалып қаламын. Жанымның қалауы десе де болады. Әрі мені футболшылардың шеберлігі, шапшаңдығы, ептілігі қызықтырады.

Күнсая орайын келтіріп, мықты футболшылардың қолтаңбасын алып қалуға тырысады. Оған, әсіресе, көп қолтаңбаның ішінде әріптестерінің көмегі арқылы қол жеткізген өзіміздің «Ақтөбе» командасының ойыншыларының жаңа жылмен құттықтаған қолтаңбасының орны ерекше. Сондай-ақ ол тартысты ойындарды, футболшылардың қызықты сәттерін фотоға түсіреді, ал кейде интернеттен өзіне ұнаған суреттерді көшіріп алып, жинайды. Айтпақшы, Күнсая 2010 жылы 14 наурызда Елордамыз Астанада «Астана-Арена» стадионында Суперкубок үшін «Ақтөбе — Атырау» арасында өткен ойынды тамашалауға барып қайтты. Ол арнайы автобуспен «Ақтөбе» командасы үшін тілекші болып, жандары ауыратын «13 сектор» жанкүйерлерімен бірге барғанын әңгімеледі.

Күнсаяның негізгі мамандығы — филолог. Ол спортты, оның ішінде осы футболды жақсы көргендіктен мамандығын «өзгертті», анығы, екінші мамандықты оқып алды. Оқи жүріп, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының дене мәдениетінің теориялық негіздері кафедрасында қызмет етті. Қазір ол қыздардың тек жақсы жанкүйер ғана емес, ойыншы бола алатынын көрсетіп жүр. Қала мектептерін аралап, қыздарды футбол секциясына шақырып, жазды. Сөйтіп, №8 облыстық футболдан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мектебінде бапкер болып жүр. Спортқа деген сүйіспеншілігі оны осы жерге алып келіпті. Сонымен бірге ол бос уақытында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт мамандығының студенттерімен бірге футбол ойнайды.

Қазір Күнсая стадионда өтетін ойындарды еркін тамашалау үшін абонемент сатып алып, футбол маусымының басталуын асыға күтіп жүр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

 

 

Гүлжан — ең жас кәсіпкер

 

Былтыр Ақтөбе қаласында  «Жұмыспен қамту — 2020»  мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз ісін бастаған жас кәсіпкер біреу ғана. Ол  — Гүлжан Қалиева. Мемлекеттен шағын несие алып, тігін цехын ашқан Гүлжанның алға қойған мақсаты — заманауи үлгіде ұлттық киім тігіп, оны насихаттау.

Мереке қарсаңында Гүлжанды біз тігін цехында жолықтырдық. Қаланың орталық көшелерінің біріндегі зәулім ғимараттың кең бөлмесін жалға алып отырған Гүлжанның қарамағында төрт жұмысшысы бар. Негізгі көмекшісі — анасы Алтынгүл. Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығынан бизнеске қолдау көрсету мақсатында биржа арқылы жіберілген жұмысшыны да Гүлжан жұмысқа қабылдап, қазір  тігіншілік қасиеттің  қыр-сырын үйретіп жүр. Оған шарт негізінде еңбекақының елу пайызы орталықтан, ал қалған бөлігі цехтан төленеді.

Әкем Өміржан мектепте ұстаздық еткен адам. Сурет салатын, сан түрлі ою-өрнектерді оятын өнері бар. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары  Атыраудың Құлсары қаласы Наурыз мерекесін тойлай бастады. Ол кезде мерекеге киіп шығатын  ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киімдер өте қат болды. Содан  әкемнің қолдауымен, анамның бастамасымен үйде шапан тігу ісін қолға алдық. Кейін отбасылық кәсіпке деген сұраныс артты. Анам ұзақ жыл тігін шеберханасында меңгеруші еді, киімдерді пішіп, тігуде өте шапшаң қимылдайды. Әкем ойған оюларды матаға шебер жапсыра білетін жан. Кішкентай болсам да, ата-анама қол ұшымды беріп, көмектескім келіп тұратын. Ұлттық киім тігуге деген қызығушылық менде осылай басталды, — деп Гүлжан әңгімесін бастады.

Қалиевтер отбасы көп кешікпей Ақтөбеге қоныс аударады. Жастайынан  ұлттық өнерге, салт-дәстүрге жақын болып өскен Гүлжан мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ою-өрнектің шығу тарихына, олардың әрқайсысының мәні мен маңызын білуге құштар болды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің кәсіптік оқу және еңбек мамандығын оқыған кезде де құрбыларынан көш ілгері жүрді. Білімін ғылыммен ұштастыруды ойлаған ол кейін магистратураны аяқтағанда «Қолөнер арқылы оқушы тұлғасын қалыптастыру » тақырыбында ізденген жұмысын сәтті қорғайды.  Еңбек жолын мектепте ұстаздық етуден бастаған ол  кейін колледж, университет қабырғаларында оқушылар мен студенттерге технология пәнінен дәріс беріп, мол тәжірибе жинақтайды.

— Білім ордаларында еңбек еткен жылдары белгіленген жоспар аясында ғана жұмыс істеуге тура келеді.  Өзімнің шығармашылығымды дамыту үшін мектеп, колледждерде айтарлықтай мүмкіндік болмады. Әрине, ұстаздық етуден жалыққан емеспін, бірақ ойлаған жоспарларымды жүзеге асыруға біржола бекіндім.  Тың идеялар арқылы халыққа заманауи үлгідегі ұлттық киімдердің сан түрін тігіп, сатуға шығаруды мақсат еттім. Қазір әкемнің өз кәсібі бар. Ою ойғаннан бөлек, тақия тігудің хас шебері. Өткен жылы анамның қолдауымен өз кәсібімді ашуға бел будым. «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттен 2 миллион бір жүз мың теңге көлемінде несие алдым. Бағдарламада біз секілді жас кәсіпкерлерді қолдау бағытында түрлі жеңілдіктер қарастырылған.  Бизнестің әбден бекіп, жандануы үшін алған несиені төлеуде  бастапқы жылдары демалыс айлары беріледі. Енді несиені бес жыл ішінде 7,8 пайызбен қайтаратын боламын, — дейді жас кәсіпкер.

Болашақ кәсіпкерлерге  орталық арқылы Астанадан келген мамандар  бір апта дәріс оқыды. Бұл курстан түйгенін Гүлжан болашақ кәсібін ашу жолында сәтті пайдалана білді. Ол бизнес жобасын дайындауға көмектескен сыңары Нұржанның еңбегін ерекше атайды.

— Мемлекеттен ең төменгі сыйақы мөлшерінде алған несие бізге ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызметтер, болмаса  жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге емес, бизнеске қажетті құрал-жабдықтар алу, жарнама жасау мақсатында берілді.  Қазір мен бұл қаражатқа 2 өндірістік тігін мәшенкесі мен маталар сатып алдым. Мәшенкеге әлі де тапсырыс беріп қойдым. Бұлардың әрқайсысы  120 мың теңге тұрады. Олар — Ақтөбеге Қытайдан әкелінген техникалар. Ресейлік тігін мәшенкелерінің әрқайсысы 300 мың теңгенің шамасында.  Әзірге қымбат қондырғыларды алуға  біздің мүмкіндігіміз жетпейді, — дейді Гүлжан.

Гүлжанның айтуынша, бір қараған адамға оюдың оюдан еш айырмашылығы жоқ сияқты көрінеді. Бәрі бір тектес секілді. Бірақ әрбір оюдың өзінше мағынасы, түсірілу тәсілі бар.

Қошқар мүйіз оюлардың атасы саналады. Жалпы оюлар осы қошқар мүйізден бастап өрбиді. Күн секілді шеңберден тұратын дөңгелек оюдың да өзіндік мағынасы бар. Яғни аспаны ашық болсын, күндей күлімдеп жүрсін деген ой тастайды. Сыңар өкше оюлар текеметтің жиегіне салынса, жаурын оюлардың да мағынасы кең. Бұл — ер адамдардың киіміне салынатын ою, — дейді ол.

Ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосып отырған Гүлжан бизнесті ақша табу көзі деп жеңіл қарамайды. Әрбір бұйымның ұлттық ерекшелігімізге сай болуын басты мәселе деп есептейді.

 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

 

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері агенттігінің Төрағасы:

«Ислам діні әйелге құрметпен қарайды»

 

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050 стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды бірінші орынға қойды.

Мемлекет басшысының: «Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана — оның ең ардақты тұлғасы болды» деген көпшіліктің қолдауына ие болған тезисі халықты бір мақсатқа жұмылдырған, мемлекеттік және қоғамдық деңгейге көтерілген басымдыққа айналды.

Бұл мәселеге кеңірек тоқталсақ, от басы, ошақ қасының берекесі, ата мен ана, ұл мен қыз секілді құндылықтарды халқымыз қашанда қастер тұтқан және қастерлей де бермек.

Бұл жерде ата-ананың орнын өте жоғары бағалайтын асыл дініміз — Исламнан дәлел келтірген жөн деп ойлаймын. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы мұрасы – жақсы өнегелі тәрбиесі» деген хадисі бар.

Бұл жерде ананың рөлі ерекше маңызды. Қазақ халқы: «Әйел күннің шуағынан жаралған» деп дәріптесе, Алланың пайғамбары «Жәннат — аналардың басқан ізінің астында» деп әйел қауымды ұлықтаған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс» деп ерекше атап көрсетті.

Елбасымыздың осы ұлағатты сөзінің аясында Қасиетті Құранның әйел мен еркектің Жаратқан Иеміз — Алла тағаланың алдындағы құқығы мен міндеткерлігі бірдей екендігіне куәлік беретінін атап айтқым келеді. Исламға дейінгі кезеңде, яғни жаһилия заманында кейбір араб тайпалары қыз балаларды тірідей жерге көметіні туралы тарих сыр шертеді. Алла тағала Құран аяттарын адамзатқа түсіре отырып, бұл әдетті кісі өлтіру қылмысымен тең санап, үлкен күнә ретінде тыйым салды. Ислам бейкүнә сәби қыздардың өмірін құтқарғанда, олар есейгеннен кейін әділетсіздік пен теңсіздіктің зардабын шеге берсін деп құтқарған жоқ, оларға барлық кезеңде, соның ішінде бойжетіп, әйел, ана болған шақта да жылы жүзбен әділ қарым-қатынас жасауды талап етті.

Ислам әуелден-ақ адам баласы ретінде еркек пен әйелдің құқығын бір-бірімен тең санады. Құран Кәрімде адам баласы екі жыныста — еркек және әйел болып жаратылғаны туралы айтылған. Мұхаммед пайғамбарымыз «Құптарлық істердің ең қайырлысы — көркем мінез-құлық. Көркем мінез-құлық — иманның жартысы. Кімде-кім өзінің сенімінің күшейгенін қаласа, өз жұбайына жылы махаббат сезімімен қарайтын болсын» деген екен.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі — тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деп баса айтты.

Барлық әлемдік діндер, соның ішінде ислам да отбасын құру мен бала тәрбиелеуге ерекше мән береді. Мұхаммед пайғамбарымыз былай деген: «Исламда неке қиюдан абзал іс жоқ. Кімде-кім менің сүннетіме сай өмір сүргісі келсе, үйленсін. Некелесіңдер, өсіп-өніп, қатарларыңды көбейтіңдер».

Ислам еркек пен әйелдің барлық ерекшеліктерін ескере келіп, отбасын басқару рөлін ер азаматқа берген.

Қасиетті Құран кәрімде: «Ерлер – әйелдердің қамқоршысы, өйткені олар әйелдер үшін өздерінің мал-мүлкін сарп етеді» делінген. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыздың «Нашар мінез-құлықты адам ең алдымен өзі зардап шегеді. Ең үлкен кемшілік — өз айыбыңды көрмей, біреудің мінін іздеу» деген хадисін мұсылман баласы күнделікті тіршілікте «кесе сылдырлағанда» еске алып отырады.

Отбасылық мәселелер дөрекілік, қияңқылық пен бірбеткейлікке салынып шешілмейді. Бұл мәселені кеңірек қарастырар болсақ, отбасындағы моральдық ахуал және адамгершілік, отбасыны нығайтуға, отбасының берік болуына көңіл бөлу секілді құндылықтар әрдайым жоғары бағалануға тиіс екенін ерекше айтуға болады. Менің ойымша, өзара құрмет пен түсіністік — салауатты және берекелі отбасын құрудың, отбасында дені сау нәрестенің туылуының кепілі екенін дәлелдеп жатудың өзі артық.

Мұхаммед пайғамбарымыздың бұл жайында айтқан нақыл сөзі бар: «Әйел иілген қабырға іспеттес, оны түзетем деп әуреге салсаң, сындырып аласың. Ал әйеліңнің тілін тапсаң, иілген қабырғаң жаныңның жастығы болар» деген.

Мемлекет Басшысымыз өзінің Жолдауында: «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Олар заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.

Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол — біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды», — деп ерекше атап өтті.

Шындығында, Ұлт көшбасшымыздың қыздарымыздың, жұбайларымыз бен аналарымыздың қазіргі қоғамдағы орны туралы айтқан мағынасы терең, бағдары айқын ұлағатты сөздері біздің ұлттық ағартушыларымыздың көзқарастарымен үндесіп жатыр.

Қыз — ардақты ана, аяулы жар, ұрпақ жалғастырушы, яғни «қыз» деген ұғымға толассыз сөздер толып жатқаны айдан анық. Қыз бала болашақ – ана, инабатты келін, ана-әже. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Мұхаммед пайғамбарымыз қыз баланы қатты қастерлеген мынадай даналық сөзі бар: «Қандай отбасында болмасын, қыз бала дүниеге келсе, сол күннен бастап, сол отбасының тілеуін періштелер үздіксіз тілеп отырады». Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді — тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына, немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, жалғастырушы, дамытушы әрине, әйел-ана.

Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы Ілияс Есенберлиннің мынадай сөздерін тілге тиек еткім келеді: «Ұлттың мінезін әйел-ана айқындайды. Әрбір халықтағы әйел-аналар шын мәнінде ұлттың мінезін қалыптастырады.

Сірә, қазақ әйелдерінен артық бостандық сүйгіш әрі ерікті әйел заты бүкіл Шығыстан табылмас. Ол ешқашан жүзін тұмшалап, пәренжі жамылып көрген жоқ, сүйе білді және махаббаты үшін күресе білді, ауыл ақсақалдарымен бірге келелі кеңеске кірісуден қаймыққан жоқ, ел басына күн туғанда қару мен қалқан алып, қорамсаққа оқ салып, талдырмаш қана денесімен атқа қонды. Қазақта талай-талай ержүрек, дана әйелдердің аты аңызға айналған» деп жазады әйгілі «Көшпенділер» трилогиясының авторы.

Әріден келе жатқан әдепті берік ұстанған халық қызын ешкімге қорлатқан емес. Қазақ қашанда қызын әлпештеп өсіріп, оң жақта отырған қызға аңдап қарап, оның «ақылына көркі сай» болуын қадағалаған. Елімізде «қыз» сөзі және жалпы қыздарға байланысты халықтың ұғымында «қыз бала елдің көркі, халықтың гүлі, өмір-тіршілігі» дегенді білдіреді. Қазақ халқында қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді.

Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап үлпілдетіп өсірген. Оны аялап, мәпелеген.

Қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін қатаң ұстанған. Сондықтан өз ағасы, өз інісі саналатын рулас туыстары, ауылдастары арасында қыз баланың ешкімнен қысылып, жүзін жаппайтыны белгілі. Бұл дәстүр осы күнге дейін берік сақталып келеді. Осы дәстүрдің арқасында қазақ халқында атақты ғалымдар, әйгілі математиктер мен физиктер, майталман музыканттар, суретшілер мен спортшылар бар. Өйткені «ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген атадан мұра болып қалған сөз бар.

Бағзыдан жеткен ешбір жыр-аңызда, ешбір тарихи деректе, ешбір бейнелеу өнерінің туындысында қазақ даласында хиджабпен жүрген әйел баласы туралы мәлімет жоқ екендігін де атап өткім келеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі хадистерінде: «Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, иманды жүрегіңізге, парасатты ақыл-ойыңызға мән береді» деген.

Осы ретте ХХ ғасырдың әйгілі саяси қайраткерлердің бірі, Үндістанның бірінші Премьер-министрі болған Джавахарлал Неру өзінің «Дүниежүзілік тарихқа көзқарас» атты кітабында өзінің ислам өркениетіне таңданысы мен құрметін білдіре отырып, арабтардың хиджабты басқа халықтардан — римдіктер мен парсылықтардан алғандығын жазады. Оның пікірінше, «араб әйелдерінің арасында жүзін жабу дәстүрі болмаған. Олар ер адамдардан бой тасалап өмір сүрген емес, керісінше, қоғамдық орындарда олармен бірге жүріп-тұрған. Бірақ арабтар өздерінің жеңімпаз жорықтары барысында Шығыс Рим (Византия) және Иран секілді ірі мемлекеттердің кейбір салт-дәстүрлерін сіңірген. Арабтар Византия империясын күйретіп, Парсы империясын толығымен жойды. Алайда өздері екі ел дәстүрінің жетегінде қалып қойды. Әйелдердің еркектерден оқшаулануы тәрізді ғұрыптар арабтар арасында Византия мен Иран дәстүрлерінің әсерімен пайда болған. Бірте-бірте гарем жүйесі қалыптасып, әйелдер мен ерлер бір-бірлерінен бөліне бастады».

Осы орайда айтатын тағы бір айқын дәлеліміз, XX ғасырдың басында Ататүрік түрік әйелдерінің құқықтарын шектейтін арабтан келген хиджаб кию секілді түрік қоғамына жат салт-дәстүрлерді айыптап, әйел мен еркектің тепе-теңдігін сақтайтын, ұлттық сана-сезімге тәрбиелейтін, Исламның бес парызын мойындайтын зайырлы мемлекет құрғанын баршамыз білеміз. Мұстафа Кемал басқарған заманда бұл бауырлас мемлекетте ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын, түріктердің дәстүрімен үйлескен ислам діні насихатталды. Қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге хиджаб кигізуге қарсы болып отырған ел бар. Ол – Тунис. Тунис Республикасының негізін қалаған бірінші Президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында отыз жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Кувейтте, Оман Сұлтанатында, Ливанда, Мароккода хиджаб кию дәстүрі біртіндеп азаюда.

Зайырлы әрі демократиялық Қазақстанның азаматы ретінде біз де хиджаб мәселесіне қатысты баршаға ортақ ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Мұның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып келетін араб елдерінің жағдайынан көріп отырмыз.

Біз санымыз жағынан асып-тасып жатқан халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны ерекше.

Қазақстандық әйел азаматтарымыздың ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігінің төмендеуінен бізге өте үлкен интеллектуалдық залал келері анық. Оның үстіне қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл, әсіресе, ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген өзекті мәселелерге тікелей қатысты. Осындай нәзік сезімтал мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны бөлек.

Қазақ халқы тарихының өн-бойында өзіне тән діни қағидалар қалыптасқан. Бізге тек ата-баба жолын жалғастырып, өзіміздің дәстүрлі дінімізді сақтау керек. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы хижабпен бүркемеленген жат идеологияға тосқауыл қоюға болады.

Ұрпағымыздың ұлттық сана-сезімнен, ұлттық жадынан, ұлттық тарихы пен мәдениетінен айырылып қалмауы үшін біз сырттан келген жат ықпалға тойтарыс бере білуіміз қажет.

 

 

Ала таяқты Айымгүл

 

Құқық қорғау саласында қызмет ететін қыз-келіншектердің қатары аз емес. Әсіресе, қазір көшеден сақшы аруларды жиі көреміз.  Облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының  дербес батальонының инспекторы Айымгүл Бектібаеваның да осы салада еңбек еткеніне он жыл болыпты. Бала кезінен жол полициясы болуды армандаған Айымгүл жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын облыстық ішкі істер департаментінде бастады.

— Әкем Ұзақжол жол полициясында ұзақ жылдар еңбек етті. Бала кезімнен әкемнің формасына қарап қызығатын едім. Сол арман мені осы салаға алып келді. Алғашқы жылы тіркеу және емтихан бөлімінде қызмет еттім. Кейін жол полициясы басқармасына  ауыстым. Қазір батальондағы екі нәзік жанның бірімін. Алғашқы уақытта жол полициясының жұмысына үйренісе алмай жүрдім. Өйткені тәртіп бұзған жүргізушілердің барлығы бірдей мәдениетті емес. Әсіресе, әйел адамдарды сыйламайтындар бар.  Бірі түрлі лас сөздер айтып көлігінен шықпай отырып алады. Енді бірі тоқтамай кетеді. Тіпті әкесінің лауазымын бұлдап, қоқан-лоқы көрсететін жігіттерді де көріп жүрміз. Бұндай кезде заңның барлығына бірдей екенін айтып, түсіндіріп, хаттама толтырамыз. Бізге жүргізушілермен ұрысуға болмайды. Ішкі істер министрлігінің 304-қаулысы бойынша жүргізушімен мәдениетті түрде сөйлесуіміз керек, — дейді Айымгүл.

Жол полициясы басқармасының дербес батальонындағы нәзік жандарға  әріптестері құрметпен қарайды. Мереке қарсаңында оларды жұмыстан босатып, түрлі сыйлықтар тарту етеді. Тіпті көшедегі танымайтын жүргізушілер тарапынан да гүл шоқтарын ұсынатындар бар.

Айымгүл қазір екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Перизат мектепте оқыса, ұлы Санжар балабақшаға барады. Ал жолдасы Шаттықтың жеке кәсібі бар.

«Әйелдің қырық жаны бар» деген, күні-түні жол қауіпсіздігін қадағалап, жұмыстан  шаршап келсем де үйдегі тірлікті бір сәт киінге ысырмаймын. Барлығына бірдей уақыт табамын, — дейді Айымгүл.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Әже туралы ән шырқалды

 

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында халықаралық қыз-келіншектер мерекесіне орай «Өмірде ана — бұлақ, ана — пана, Өмірді өркендетер ана ғана!» кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітапхана оқырмандарына арналған көрмеде кітапханашылар тәрбие, салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні туралы әдебиеттерге терең тоқталып, библиографиялық шолу жасады. Әсіресе, Қобыландының қамын жасаған Құртқа, жауының үрейін алған Ботакөз, сөздері жебеден ұшқыр Әлима мен Таразы ақындар, батыр қызымыз Әлия мен әуезді сазбен әлемді тербеген Ғазиза Жұбанова, тіл білімінің білгірі Рабиға Сыздықова сияқты ел мақтаныштары туралы кітаптармен таныстырды.  Жергілікті қоғамдық-саяси, әдеби-көркем «Білезік» журналы туралы мағлұмат беріп, мерзімдік басылымның мақсат-міндеті туралы түсіндірді.

Шарада М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушылары аналарына арнап шығарған өлең-жырларын айтты. Сондай-ақ көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ақиық ақын М.Мақатаевтың «Ана, сен бақыттысың», Т.Молдағалиевтің «Ана», М.Құрманалиннің «Ана» атты өлеңдерін оқушылар  тебірене оқыды.

Кеште Ақтөбе қаласындағы №15 «Жидек» балабақшасының бүлдіршіндері

Л. Гаращенко мен С.Қожаева, В.Костенколар қазақ тілі пәнінің мұғалімі Г.Тащеновамен бірге ақын М.Құрманалиннің сөзіне жазылған «Әжемнің шәйі» атты әнді орындап, ақ тілектерін білдірді.

К.ІДІРІСОВА,

кітапханашы.

Ақтөбе қаласы

 

 

 

Оқу ордасындағы отыз жыл

 

Ойыл өңірінде Суқашевтар әулетін білмейтіндер некен-саяқ. Негізгі буын — Ідіріс пен Айса ақсақалдар ісімен ауыл-аймаққа ғана емес, ауданға ұстаз бола білді. Бұл екі ағайынды азаматтың балаларының басым бөлігі мұғалімдік мамандықты қалады. Солардың бірі — Әлия Айсақызы.

Әлия оқушы күнінде-ақ үлгілі тәртібі, белсенділігі арқылы қатарының алды болуға ұмтылды. Ол физиканың қызықты құбылыстарын зерттеуге ұмтылды. Тапсырманы жауапкершілікпен тиянақты орындайтын оның осы қабілеті өзі түлеген Н.Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде еңбек жолын бастағанда жаңа қырынан көрінді.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұғалімді Ойыл сегізжылдық мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары етіп тағайындауы ұжым басшысының оңды шешімі іспетті еді.

Мектеп 1996 жылы облыстағы негізгі мектептер арасында үздік деп танылды. Араға он жыл салып Әлияның өзі ең үздік мектеп директорының орынбасары болды. Әлияның аудандық білім бөлімінің бастығы етіп тағайындалуы да оның іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін бағалағандық еді. Келесі жылы-ақ аудан облыс аудандары арасында ҰБТ-дан екінші орын алды. Әлия араға жыл салып өзі түлеген мектепке басшы болып оралды.

Мұнда «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетасы аясында ұжым мен оқушыларды жақсылыққа жұмылдыра білді. Әлия басқарған мектептің облыс әкімі тіккен автокөлікке ие болуы көп жайды аңғартса керек.

Соңғы үш жылда осы мектептен жиырма мұғалім облыс әкімінің озат мұғалімдерге арналған грантына ие болды.

Өзінің саналы ғұмырын білім беруге арнап келе жатқан Әлияның еңбек жолына отыз жыл толды. Білімді ұстаз, білікті маманға қандай тілек те жарасады.

 

Бақтығали БЕКТҰРҒАНОВ,

Ойыл ауданы.

 

 

«Ризамын…» — мерекелік бағдарлама

 

«Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Ризамын….» атты мерекелік хабар ұйымдастырды.

Бағдарламаға қаламызға белгілі байланыс, білім саласының қызметкерлері, спортшылар, тележүргізушілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері  және өнер иелері  жұбайларымен бірге қатысты. Бұл бағдарламада басымдық ер адамдарға берілді. Яғни «Ол отбасында қандай әке? Қандай жар және қандай күйеу?»… Осы тұста оларға арнайы әзірленген тапсырмалар мен сұрақтар қойылды. Тапсырмалар қатысушы азаматтардың отбасындағы бұйымдар мен жұбайларының, балаларының  тұтынатын заттарымен тікелей қатысты болды. Қатысушы ер-азамат қаншалықты аңғарымпаз, қаншалықты мұқият және қандай көмекші екендігі де кеш барысында анықталды. Бағдарламаға алты ерлі-зайыпты қатысты. Сайыста  жоғары ұпай жинап жеңіске жеткен жеңімпаздарға «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының арнайы дайындаған сыйлығы табыс етілді. Сондай-ақ кеш соңында танымал зергер Болат Атыраубаевтың қолынан шыққан күміс жүзік пен білезіктер тарту етіледі. Жеңімпаз атанған жұптың отағасы  әшекей бұйымды жұбайына сыйлады. Мерекелік бағдарламада  жұбайларға берілетін қызықты да тосын тапсырмалардың куәсі болғыңыз келсе, 8 наурыз күні сағат 19.50 «Ризамын…» атты мерекелік бағдарламаны көруге шақырамыз. Хабар  9 наурыз күні сағат 13.00-де қайталанады.

 

 

Жүз жастағы әжелер

 

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық ардагерлер кеңесінің және аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен 100 жасқа таяған кейуаналар құрметтелді.

Аудан әкімінің орынбасары Дариға Қарашолақова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев ғасырға жуық жасаған әжелердің үйлерін аралап, аудан әкімі, «Нұр Отан» ХДП Шалқар аудандық филиалының төрағасы Рахат Сыдықовтың Құттықтау хаты мен бағалы сыйлықтарын табыстады.

Жүз жасқа жақындаған 13 әже ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, баталарын берді.

 

Қыдырәлі ӘЛИН,

Шалқар.

 

Шын жүректен!

 

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы қарттар мен мүгедектер үйіндегі оқырмандарға  «Шын жүректен!» атты мерекелік кеш өткізді.

Үлкендерге құрмет, жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында №15 «Жидек» мектепке дейінгі ұйымы мен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жас өнерпаздары ән- шашуын тарту етті.

Сондай-ақ «Өмірде ана — бұлақ, ана — пана, Өмірді өркендетер  ана ғана!»  атты кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу өткізілді.

 

Эльмира КАШКЕНОВА,

инновациялық және

әдістеме-библиографиялық 

бөлімінің  меңгерушісі.  

 

1-сыныптың арулары

 

Халықаралық әйелдер күніне орайластыра №38 орта мектептің 1 «а» сыныбында «Сынып аруы — 2013» байқауы өтті. Білім мен өнерден, қол шеберлігінен жарысқа түскен кішкентай аруларымыз өздерін қай жағынан да көрсете білді.

Таныстыру, өз өнерін көрсету, киім үлгісіне жарнама жасау және ата-анасына көмектесіп ас мәзірін әзірлеу сияқты сайыстарда сыныптастар бірінен-бірі қалыспады.

Бас жүлде Аружан Ақылбайға беріліп, ол сонымен қоса «Көктемнің көзайым аруы» атағын жеңіп алды. Ата-аналар атынан Майра Жетпісбай сөз сөйлеп, әр арудың бір ерекшелігін көрсете білгенін айтты. Осы сыныпта оқитын балалардың аналарына мерекелік сыйлықтар тапсырды.

 

С.ХАЙРУЛЛАҰЛЫ.

 

 

Қайрат Отаров, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақтөбе облыстық филиалы директоры:

— Біздің отбасымызда мерекелерді атап өтудің әртүрлі ерекшеліктері бар. Мен көбінесе тосын сый жасап, мерекені қызықты етіп ұйымдастырамын. Балаларымның анасы Назымның мерекесі мен үшін ерекше күн, әрине. Екеуміз шаңырақ құрған 1990 жылдан бері осы 8 наурыз мерекесін бір рет те елеусіз қалдырған емеспін. Қызым қазір Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқып жатыр. Ол да әкесінен жыл сайын осы мерекеде сыйлық алады.

Сонымен биылғы 8 наурызда біз, отбасымызбен бірге араласып жүрген 5-6 жігіт, әйелдерімізді «Жастар» сарайында өтетін Мәскеу академиялық оперетта театрының «Брызги шампанского» атты концертіне апарамыз деп шештік. Одан кейін «Атамекен» мейрамханасының жанынан ашылған караоке клубта кешті өткізіп, сол жерде өзіміз дайындаған шағын қойылымды көрсетеміз. Оның мазмұнын ашып айтып бере алмаймын. Себебі, тосын сый ғой, ешкім әзірге білмеуі тиіс.

Ал жалпы отбасымызда екі ұлым да осы мерекеде анасын ренжітпеуге, сыйлық жасауға тырысып жатады. Бұл өте дұрыс деп есептеймін. Осы мереке арқылы кейінгі буынға әйел затын құрметтеуді көбірек дәріптеуіміз керек.

 

Асылбек Құлмағамбетов, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

— Біздің қыздардың мерекесі наурызда болғаны қандай жарасымды… Мысалы, егер  бұл мереке қыста немесе күз айларының бірінде болса, көңілсіз, сүреңсіз көрінер еді. Жер бусанып, күн көтеріліп, табиғат жаңарып жатқан кезде әйелдердің мерекесін атап өтеміз. Үйде, жұмыста әйел адамдарды құттықтаймыз. Аналарымыз аман болсын, әйелдеріміз қазақтың ұрпағын көбейтсін, қыздарымыз ибалы, тәрбиелі, білімді болып өссін деген тілегімізді айтамыз.

Ұлым мен қызымның анасы Сәуле екеуміздің отау құрғанымызға биыл 24 жыл толады. Осы жылдар бойы 8 наурыз күні гүл сыйлауды әдетке айналдырдым. Ол гүлді өте қатты жақсы көреді, өсірген гүлдері көшедегі гүлзар сияқты үйдің ішін құлпыртып жіберді. Соңғы жылдары Сәулеге өсіп тұрған гүл сыйлайтын болдым. Ол гүлді жақсылап күтеді, екі-үш ыдысқа таратып отырғызып, көбейтіп қояды.

Ал қызыма қалаған нәрсесін сатып әперуге тырысамын. 11-сыныпта оқитын ұлым бар, оны да осы күні үй шаруасында анасына көмектесуге, өзінің қолымен жасалған сыйлықты ұсынуға, анасын қалай жақсы көретінін айтуға үйретемін.

 

Аман АҚШОЛАҚОВ, «Локомотив» дене шынықтыру және спорт кешенінің директоры:

— Мереке қарсаңында нәзік жандарға ілтипат білдіріп, сыйлық жасап қуантқан бір ғанибет. Алайда әйелдердің жаратылысы әртүрлі болғандықтан  олардың көңілін табу қиын. Сондықтан мерекені арнайы дайындықпен қарсы аламын. Гүл сыйлау ата ырымы болмаса да, әулетіміздегі қуаныш иелерінің барлығына гүл ұсынып қуантамын. Отбасымыз болып анам Маржанға сыйлық дайындаймыз. Ал әйелім Нұржамалға  арнайы раушан гүл шоғын  сыйлаймын. Бұдан кейін қарындастарым мен жеңгелерімді мерекелерімен құттықтап, ыстық тілектерімді жеткіземін. Жеті қайын апамды да ескерусіз қалдырмаймын.  Бұл күні алыста тұратын ағайындарға хабарласып, амандықтарын біліп, мерекелік сәлемімді жеткіземін.

Әйел отбасының  тірегі ғана емес, қоғамның да басты сүйеніші. Сондықтан осынау айшықты мереке күні барша нәзік жандарды  мерекелерімен  шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін.

 

Қайырбек Хасанов, жүргізуші:

— Көктеммен бірге келетін бұл мейрамды ізгіліктің, мейірімділіктің, даналық пен сұлулықтың символы саналатын аналарымыздың мерекесі санаймын. Жыл сайын бұл күнді өзім де асыға күтемін. Үйдегі анама арнап сыйлық алып, оны қуанту  қашаннан әдетім. Биыл анам үшін бұл мерекеге ерекше дайындалып жатырмын. Қаладағы алтын сататын дүкендердің бірінен анамның қолына ыңғайлы тұрады-ау деген алтын білезікті көздеп жүрмін. Әзірге бағасы құпия күйінде қала берсін.

Анам Кануза Хасанова қазір жетпістің үшеуіне келген жан. Сегіз бала тәрбиелеп өсірген анамның барына қуанамын. Батыр ана атанған анамызға бұл күні барлық балалары лайықты құрмет көрсетеді.   

Сол сияқты бұл мерекеде үйде — ана, түзде — еңбекқор болып жүрген төрт апам мен бір қарындасымды, екі жеңгемді де сыйлықсыз қалдырмауға тырысамын.    

 

Қуанышбай ҚОНТАЙ, ардагер ұстаз:

— Көктеммен бірге келетін 8 наурыз — ең әуелі кимешекті әжелеріміздің, ақ жаулықты аналарымыздың, ардақты апаларымыздың, сүйікті жарымыздың, қарындастарымыздың, қыздарымыздың мерекесі. Бір сөзбен айтсақ, әйел — әлемнің нұры. Әдебиетте ақын-жазушыларымыздың шығармаларына арқау болатын  тақырыптардың төресі  — сол сұлу қыз, адал жарға деген махаббат. Мысалы, ұлы ақын Абай: «Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым, мен не болсам болайын, сен аман бол», — дейді. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Отбасыма қарай ойыссақ, жұбайым Шекер екеуміз бас қосып, шаңырақ көтергенімізге биыл 46 жыл болады екен. Бес баламыз бар, шүкір. Бәрі де ер- жетіп, аяқтанды. Үлкен қызымыз Гүлшат — №6 мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі. Нұрлыбек — жеке кәсіпкер. Ақгүлім — медбике. Хамит пен Панабек қаладағы «Дина» супермаркетінің қызметкерлері. Немерелеріміз де шауып жүр. Баланың ең тәуірі —  ата-ананы алаңдатпай, аман-есен жүріп, өз алдына үй болып, аяққа тұрып кеткені. Панабек — қолымыздағы бала. Оның келіншегі, үйдегі келін Салтанат — «Балақай» бақшасында тәрбиеші. 8 наурыз — біздер үшін тек қыз-келіншектердің мерекесі ғана емес, Салтанаттың туған күні. Жыл сайын мерекеде барлық бала біздің үйге жиналып, мәре-сәре той болады.

Қолдан келгенше, ұлдар мен күйеу балалар қосылып, әуелі отбасымыздың ұйытқысы боп отырған Шекерге, сосын қыздарымыз бен келіндерімізге, немерелерімізге, жиендерімізге бағалы сыйлықтар сыйлауға тырысамыз. Әркез балаларға Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін бағытқа ала отырып, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Аруларға тек бір күн мерекеде ғана көңіл бөлмей, үнемі қабағын бағып, көңілдеріне кірбің түсірмеңдер деймін.

 

 

ВРЗ

 

«Қазіргі сән — бір сарынды»

 

Әсел Хайрула:

— Меніңше, қазіргі заманғы сән қанша эксклюзивті болмасын, бәрі — бір сарынды. Сән үлгілерінің идеясы бір жерге шоғырланып, қалыптары белгілі бір стандарттан шыға алмай жатады. Негізі, қолөнерде шыққан тегімізге, тарихымызға жақын болғанымыз жөн. Өмірде қазір жарқын, қуанышты сәттер мен қарапайымдылық жетіспейді. Оны көрсек те, көрмегендей болып, бейнебір сауыт кигендей,  киімнің астына жасырынамыз. Тіпті біз қанша сәнді киінсек те, ол — «біреудікі». Кейде өзгелер секілді қымбат әрі стильді киім сатып алғаныңмен, оны кигенде қуанбауың мүмкін. Яғни жаңа киім алғаныңды сезінбейсің. Өйткені мұндай киімді адам бойына жағымсыз әсер ететін құрамында хлор, формальдегидтер, түрлі бояғыштары бар бояулармен бояйды. Статистика бойынша, әлемде химиялық препараттар, атап айтсақ, 20 пайыз пестицидтер мен 22 пайыз инсектицидтер тек мақта өңдеу үшін қолданылады екен. Бұдан әрбір мақта өнімінде химия үлесі барын білу қиынға соға қоймас. Оған фабрикалардағы автоматтандырылған жүйені қосыңыз. Бұдан кейін мұндай киімнен энергетикалық әлеует іздеп көріңіз. Сол үшін де қазір сән әлемінде «экосән», анығы, «экологиялық сән» түсінігі пайда болды. Оның көздегені — табиғи материалдан, экологиялық таза киім әзірлеп, сән әлеміне қосу.

 

ВРЗ

Әсел Хайрула

Мамандығы: дизайнер.

Жасы: 24-те.

Туған жері: Қандыағаш.

Жетістіктері: 2010 жылы Алматы технология университеті атынан жас таланттар форумына,  2011 жылы Ресейдің Новосибирск қаласында өткен «Сибирское кутюрье» байқауына қатысқан. 2012 жылы Санкт-Петербургте өтетін халықаралық «Дизайн-Дебют» байқауына өзінің киім үлгілерінің жинағын жіберді.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button