Мереке

Шопоголизм: дерт пе, әлде әдет пе?

Зерттеулер бойынша,  әйелдер өмірінің үш жылын дүкен аралауға арнайды. Олардың тоқтаусыз дүкен аралап, киім алуға әуестігі  шопоголизм немесе ониомания деп есептеледі. Бұл медицинада психологиялық ауру болып саналады.  Аталған терминге ХХ ғасырдың соңында неміс психологы Эмилем Крепелином мен швед психологы Эйгеном Блейлером алғаш рет түсінік берді.  Қазіргі таңда  осы дертпен  АҚШ-та 60 миллион, ал Ұлыбританияда 700 мыңға жуық әйел ауырады екен. Сонымен шопоголизм дегеніміз дерт пе, әлде әдет пе?

 

Шопинг шипа ма?

 

Медицина мамандары шопоголизмді психологиялық ауру деп есептесе, енді бірі әдет деп түсіндіреді. Десекте, бұндай «дертке» негізінен нәзік жандар шалдығады. Олар сауда дүкендерін аралағанды жаны қалайды. Қызыққан затына қалайда қол жеткізеді. Яғни шопоголиктер өз қаржысын бақылап, белгілі бір мақсатқа жұмсамайды.  Олар бір затқа қызықса, соны алуға тырысады. Тіпті қаржысы болмаса несие карточкасы арқылы қол жеткізеді. Әсіресе, жаңа тауардың жарнамасы шопоголиктерге қатты әсер етеді. Қалайда сол затты тұтынып көреді. Уақытының көп бөлігін дүкен аралауға, сәнді киімдер мен аксессуарлар алуға жұмсайды. Қолы қалт етсе, сән әлеміндегі соңғы жаңалықтарды жазған журналдарды ақтарады. Ақырғы тиынын соңғы үлгідегі киімдерді алуға жұмсайды. Құрбыларымен бас қосса, алған заттарын әңгімелейді. Сауда орнына кірсе, қажет болмаса да, қызыққан затын міндетті түрде алып шығады.

Шопоголиктердің де түрі көп. Белгілі фирманың бренд киімдеріне әуес келетіндері сол фирманың тауарын көрсе, алмай тынбайды. Ал енді бірі «арзандатып сату» деген жазуды байқаса, әлбетте бір нәрсені сатып алады. Сөйтіп уақыт өте келе осы әдет бірте-бірте ауруға айналады. Адам өзін бақылай алмайды, ақшаны жаңа киім мен қажетсіз тауарларға жұмсап, айдың соңында қарыз сұрап жүруді әдетке айналдырады. Психологтардың зерттеуінше, бұндай аурудың құрығына алдымен  жалғыздықтан шаршаған ақшалы адамдар ілігетін көрінеді. Өйткені, біріншіден, олардың дүкен аралауға уақыты, екіншіден, ақшасы бар. Бұған қоса қазір сән әлемінде жаңалықтар өте көп. Киім-кешек пен  әйелге қажетті түрлі бұйымдардың түр-түрін көруге болады. Ал ақшасы бар арулар сәннен қалмай киінгенді тәуір көреді. Сөйтіп сән қуып жүргенде өздерінің қалай шопоголик атанып  кеткенін сезбей қалады. Ал көңіл күйін көтеру үшін жиі дүкен аралайтын нәзік жандар да шопоголизмге шалдығады екен.

 

Әдеттен қалай арылу керек?

 

Ұлжан ОРЫНБАЕВА, №1 қалалық емхананың психологы:

— Шопоголизм ұғымы ХХ ғасырдың соңында пайда болды. Ең алғашқы шопоголик американдық Барбара Зелински. Ол күйеуінің жалақысын 2 минут 40 секундта өзіне қажетті және керек емес дүниелерге жұмсаған. Бірақ бұл қылығы оған пайдаға қарағанда зиян әкелген. Кейін осы әдет медицинада психологиялық ауру болып есептелді. Алайда шопоголизмді ауру емес, әдет деп қараған жөн. Егер шопоголизмге шалдыққан әйелге психологиялық көмек көрсетілсе, ол әдетінен айығады. Біздің елімізде де шопоголиктер көп. Бірақ оны дерт деп танып, емдеп жатқан ешкім жоқ. Күнделікті қажетті ұсақ-түйектен бастап, киім-кешекке қызығушылықтың соңы шопоголизмге әкеледі. Несиеге болса да жаңа затты сатып алуға тырысады. Сондықтан маман ретінде шопоголиктерге қаржыны қадағалап жұмсау керектігін айтамын. Алдымен «қажет» пен «керекті» айыра білген жөн. Яғни сауда орнына бас сұққанда әуелгі кезекте қажет дүниені сатып алған абзал.  Сондай-ақ «арзандатып сату» деген жазуы бар дүкендерден аулақ жүру керек.  «Екі затты сатып алсаң, үшіншісі тегін беріледі» деген жарнамаларға назар аудармаған дұрыс. Яғни көңіл күйді дүкен аралау арқылы емес, керісінше, спорт немесе  ән, би секілді өзге өнер түрлерімен көтеру тиімді.

 

Шопинг және сыйлық

 

Қазіргі таңда дамыған елдерде шопоголизм үлкен мәселеге айналып отыр. Өйткені нәзік жандардың көпшілігі өзге дүниені ұмытып, сән әлеміндегі соңғы үлгілерді алу үшін уақытының көп бөлігін дүкен аралауға жұмсаса, енді бірі несиеге белшесінен батады. Тіпті осындай әдеттен арыла алмаған әйелдердің көпшілігі күйеулерінен ажырасып  тынады екен. Ал біздің елімізде әзірге  бұндай мәселе жоқтың қасы. Дегенмен, ақшасы болса, біздің  қыз-келіншектерде базар аралағанды тәуір көреді. Осы орайда бірқатар нәзік жандармен тілдескен едік.

Әлия Таласова,  «Қазақстан» ұлттық телеарнасының  Ақтөбе облысындағы тілшісі:

—  Шопоголизм — ауру емес, әдет. Мұндай әдетке  ақшасы көп, бітіретін ісі жоқ адамдар ұрынады. Олар өзін бір нәрсемен алдарқатуды ойлап, дүкен аралап, сол жерден сатып алған затымен көңілін көтереді. Ал өзім шопоголик болмасам да, базар аралағанды тәуір көремін. Кем дегенде, айына бір киім сатып аламын. Қазір аксессуарлар пайдалануды үйреніп жүрмін.  Мойным қысқа болса да, әдемі мойынорағышқа құмармын. Сауда орнына бас сұқсам бір мойынорағыш алмай шықпаймын. Алтын әшекейлерге қатты қызығамын. Бірақ бұларды ақшама қарай аламын.  Сауда жасау үшін дүкен талғамаймын. Кез келген дүкенге бас сұғамын. Мереке қарсаңында міндетті түрде сауда орындарын бір сүзіп шығамын. Анама, апа-сіңлілеріме, нағашы әпкелеріме, достарыма кішкентай болса да  ырымын жасап, сыйлық алуға тырысамын.  Ал өзім жыл сайын  8 наурызда бірге жұмыс жасайтын әріптестерім мен ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегі жігіттерден сыйлық аламын.  Бауырларым мен достарым да сыйлықсыз қалдырмайды.

Айгерім Қангелдина, ҚР ДСМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы:

— Шопоголиктердің қатарында емеспін. Бірақ қолым қалт етсе, базарға барғанды жақсы көремін. Ұнаған затымды сатып алуға тырысамын. Ал мереке қарсаңында табаным тозғанша дүкен аралаймын. Тума-туыстарыма, анама, енем мен қайын апаларыма  сыйлық аламын. Сыйлық кішкентай болса да, үлкен талғаммен таңдалғаны жөн.

Ақнұр Нұрғали, М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

— Шопоголикпін деп айта алмаймын. Бірақ көңіліме ұнаған затты қалайда сатып аламын. Әсіресе, сәнді көйлектерге қатты қызығамын. Тіпті жолақысыз қалсам да, сол көйлекті үйге алып қайтамын. Алтын мен күмістен және асыл тастарды жасалған әшекейлерді тағып жүргенді ұнатамын. Несиеге болса да, ұнаған алтын бұйымыма қол жеткіземін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button