Ресми

Елбасы құттықтады

Мемлекет басшысы «Қазақтүрікмұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жемісті жұмысын жоғары бағалап, ұжым қызметкерлерін 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Мен осы кезең ішінде компанияның қазақстандық мамандардан жоғары білікті кадрлар дайындайтын орталыққа айналғанын зор мәртебемен атап өтемін.

Компания ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасы бойынша көлемді жұмыстарды табысты жүзеге асырып, республикада бірінші болып аяқтады. Бұл — аймақтардың экологиялық ахуалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосылған елеулі үлес.

Компания алдында мұнай өнеркәсібіндегі жұмыс процестерін жетілдіріп, жасыл экономиканы енгізудің ықпалды әдістерімен қамтамасыз етуде ауқымды мақсаттар мен іргелі міндеттер тұр.

Халықаралық ұжым «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бұл міндеттерді табысты жүзеге асырып, нәтижелі еңбек арқылы еліміздің экономикалық әлеуетін арттырады және бауырлас мемлекеттер арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды нығайта түседі деп сенемін», — делінген Елбасы хатында.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС егемен Қазақстанның мұнай саласында тұңғыш рет құрылған біріккен қазақ-түрік кәсіпорны.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін әлемде бірінші болып мойындаған Түркия Республикасы тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды орын алады.

Кәсіпорынның 20 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, сондай-ақ ең жоғары деңгейде дамушы қазақ-түрік қатынастарының 20 жылдығына сәйкес келіп отыр.

Компания ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасы бойынша көлемді жұмыстарды табысты жүзеге асырды. «Қазақтүрікмұнай» ЖШС ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын орындауды республикада бірінші болып аяқтады. Бұл аймақтардың экологиялық ахуалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан лайықты үлес.

2007 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылына кәсіпорынның есебінен «Оңтүстік Қаратөбе-Жарқамыс» газ құбыры тартылып, тұрғындар тегін газбен қамтамасыз етілді.

Осы жылдардың барлығында да «Қазақтүрікмұнай» ЖШС әлеуметтік мәселелерге, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы әр түрлі меншік түріндегі ұйымдарға демеушілік және қайырымдылық көрсетуге баса назар аударды.

Сонымен бірге «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, әлеуметтің әлеуетінің артуына атсалысқаны үшін» 2011 жылы компания «Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «Парыз» жүлдесіне ие болды.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button