Мәдениет

«МҰҢНАН МОНШАҚ ТАҒЫНЫП…»

«Әке әлдиі» деген атпен Гүлжайнар Қалдинаның тұңғыш кітабы жарыққа шықты.

Бұған дейін өлеңдері республикалық, аймақтық басылымдарда жарияланып, жұртқа танылған, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Тұманбай Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған ақынның кітабы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Жалын» баспасынан жарыққа шығып отыр.

«Ұлт өзін танып-білу үшін өзінің ақындарын дүниеге әкеледі», — дейді. Гүлжайнардың қай тақырыптағы жырларынан да қазақы болмыстың қоңыр самалы еседі.

Әдемі, ойлы шумақтарға толы «Әке әлдиін» — үлкен жолдың бастауы деп білеміз.

Оқырмандарымызға осы кітаптан бірнеше өлең ұсынып отырмыз.

 

 

Кейде барым,

Кейде жоғым беймәлім,

Екі дүние есігіне сыймадым.

(Ұлы ісің деп ұлықтар ма ұлы ием,

Үйлестіріп келейінші үй қамын).

 

Үнім қайсы?

Қанжарым жоқ қындағы,

Сірілі екен мендік үннің үр жаны.

Жапырақ та жылап тұрып жымиып,

Ай кұлағын жауып тұрып

тыңдады.

 

Кеуек көңіл кептіргенмен аңқамды,

Тоқта, тамыр!

Қалдырып кет қаңқамды.

Күлім қағып күнге келіп тұрдым да,

Ұрын барып

Түнге салдым қолқамды.

Тұжырымым — ол таңғы.

 

Тәнім тоңды.

Жаным жанып тұрғанда,

Сәнім солды.

Ұры көңіл ұрланба!

Нар денемнен наз ақтарып көрейін,

Көрші ғалам, біз айтпаған сыр бар ма?

Жаныма үңіл!

Жанарыма бас ұрмай,

Досым кедей болғанымен

Қасым — бай.

Өмірмен де келіспейтін күйім бар,

Миллион мен нөлдің айырмасындай….

 

 

 

****

Дерті қалың Ай неге?

Күлкі қашты күннен де..

Жетіскенді бай деме

Желіккеннен күлгенге…

 

Кызыл, сары, ақ шарап

Жердің бетін жуып тұр..

Қабырғада қас… қабақ…

Танытады суық түр.

 

Кежегем де керіліп,

Кері тартып көрпесін…

Кәрілеу мұң…

Өлі үміт…

Өзегімді өртесін…

 

Арзан ардың сотынан

Тәубеге кім тойынбақ?..

Құл басымның отырам,

Құлпытасын оюлап…

 

Тәңір көріп тиынды,

Тәуір көріп бергенді…

Еншіме мұң бұйырды

Елу   қарыс…

Ең кемді…

Тектілерге — төр үлгі,

Тепкілесең — соры елдің.

… Кеп тіреймін өмірді

Өңешіне Өлеңнің.

 

Мүсінші

 

Тоңмойындар торына

Қайрылғым жоқ…

Түсінші!..

Алтын жұғып қолыма,

Болып алдым мүсінші.

 

Пендешілік — сый мыңға,

Құбыжық — ой…

Аран — нән…

Көз жасымды құйдым да,

Саз иледім санамнан.

 

Сұрамадым шешімді,

Ойдан орман — жол үсті…

Кескіндеп ем кесірді,

«Бөжәй» болды келісті.

Музейімде айнадан

Көрсін өзін «Биіктер»…

Жүрегіммен ойнаған

Жанның бәрі — кейіпкер.

Қоғам — қарттың ала шаң

Қарашығы жай күнгі…

Сұрауыңды ал,

Қаласаң,

Қақыратса қайғыңды.

Көңілімнің уымен

Орнатқанмын…

Амалсыз… мүсіндердің түрінен,

Өзіңізді табарсыз…

 

***

 

Әке әлдиі

 

Мұзарттың маған биігін тілеп,

Күйігін өзі жасырып баққан.

Мейірін шексіз үйіріп жүрек,

Әлемге нұр боп шашылып жатқан.

 

Асқақ ойымның аңсары биік,

Жанарға тамшы үйірді мұңым.

Сағынышымның саусағы сүйрік,

Күмбірлей тартты күйіңді бүгін.

 

Елеңдеп жүрсем, ән-күймен бағып,

Еркелей білсем, кешірдің талай.

Арқалап жүріп, әлдиге салып,

Арқалы қызды өсірдің солай.

 

Батасын бердің балаң жырымның

Тағдырымменен туысқан өлең.

Ауа жайылған адалдығыңның,

Ақ самалымен тыныстап келем.

 

Текті терегім тамыры терең,

Тәбәрік болып тағылым мәңгі –

Қабағыңдағы қадырыңменен,

Жанарыңдағы жалының қалды.

 

Көңілім кисе көйлегін мұңның —

Түсімде күн мен айналдың айға.

Әкешім, әсем әлдиің — үнің,

Әуелеп әлде кетті ме? Қайда?

 

Көбейді күндер мұңым тербейтін,

Санамды сарқып сағыныш демі

Әке, түн тағы тыным бермей тұр,

Әлдиіңді айтып, тербеші мені.

 

Қара қыз

 

Иыққа шашы төгіліп,

титімдей ғана көрініп.

Арылмас мұңға беріліп,

Қабырғасы сөгіліп.

Бірде алға жылжып,

тебініп,

Бірде тым кейін шегініп —

 

Жалғыз аяқ жол.

Қара күз.

Келеді тағы Қара Қыз.

 

Жанары жасқа малынып,

Қара шәлі жамылып.

Мұңнан моншақ тағынып,

Тәңіріне табынып.

Хантәңірісін сағынып,

Жанартаудай жарылып,

 

Сағыныш мұңы зор еді,

Қара Қыз тағы келеді.

 

«Сағына атты ақ таңым,

Зарыға күткен шақтарым.

Тағы да келдім.

Таппадым,

Әкешім, бір тіл қатпадың.

Топырақ-көрпе жамылып,

Тым-тырыс қана жатқаның,

Жаныма осы — батқаны.»

 

Жылады тағы Қара Қыз,

Селт етпейсің, қара күз!

Жары жаз көңіл,

Жары жаз,

Бір — тыныш,

Бірде — жарылыс.

«Әке!» деді.

Мұңы бір —

Қара Қыз — Сары Сағыныш.

Қараның Сары мұңынан,

Қара күз, сен де қанып іш…

 

 

Анама хат

 

Дарақы ойдан ада қалдырған,

Зәрсіз қаттылық — өмірлік пайым.

Қап-қара шашқа ақ қар шалдырған,

Мендегі тағдыр — сендегі уайым.

 

Жаулықты жолдың өрімі қанша?

Жатбауыр етпес жаныңа кеңдік.

Нәзік жүректі гүлің болғанша,

Емен боп неге етпедім ерлік?

 

Қиянға қалқып құс қанат кезбе,

Алар да ұшар азықтық ұнды.

Көлбеңдей шықты керімсал кез де,

Табыстап маған нәзіктігіңді.

 

Таңымды ойлаған тынымсыз түнің,

Тосқауыл болып тиген де қамшы.

Тентек торы ма?

Кінәсі мұның –

Торлы өңге салған іздерім айшық.

 

Тарамыс қолдан тағдырыңды ұқтым,

Тартса да тағдыр қиясы мұңға.

Торыған топтан баладай күттің,

Танадай көздің ұяшығында…

 

Кеттім де еніп ішіне демнің,

Күрсіне берді аңсап таңың да.

Көлбеңдеп, Ана, тізіле бердім,

Көзіңнің мөлдір моншақтарында…

 

***

 

Нүкте

Бақ…

Байлық…

Пайымдай тұр,

Құдайға жайыңды айтып.

Бұл неткен сансыз сұрау –

Нүктесі қойылмайтын.

 

Кетсе де кімге есеміз,

Ішкі ойды үрлесеңіз.

Үтірі тоқтамайтын,

Үмітпен күн кешеміз.

 

Көкжиек — таңның үні,

Күнге ерді бал ғұмырым.

Күндерім — күнделігім,

Жылдарым — жаңғырығым.

 

Таратса түгесін дәл.

Бітпеген күресім бар.

Өмірдің өзін қайдам…

Үнінде үлесім бар.

 

Бұл әлем — өсеріміз,

Бүгінгі:

Кешелі із.

Кетумен «ана жаққа»,

Бітеді «есебіміз».

 

Нүкте — ой пайымдайды,

(Емес ол уайым-қайғы):

Өмірге қойылғанмен,

Өлеңге қойылмайды.

 

***

Әй, менің Аққайтымым!

Көлім болсаң, көзімдей сақтайтыным.

Өзенің боп өлкемді өріп өтсем,

Алмас ем, ақпай тыным.

Әй, менің Аққолтығым!

Жаныңа жуытпас ем жат қолтығын.

Жайлаудайын жағаңды жәй сипаса,

Самалдың сыбырынан сақтан, күнім!

 

Паһ, шіркін, Мұздайқұдық!

Көркіңмен көрсетесің қыздай қылық.

Екіұштылау тағдырыңа дәру болсам,

Ерніңде еріп кетем тұздай күліп.

 

Әй, Ұлы, Кіші Борсық!

Ұялдың ба, танаудың ұшы тершіп?

Жайдарлысы бола ма жарқын жаздың,

Кер даланың тұрғанда қысы өршіп.

 

Әй, менің сары құмым!

Ойдан пісіп жатқандай кәрі мұңың.

Бауырыңнан тараған әр ғұмырдың,

Сездің бе басқан ізін — тағылымын?

 

Әй, менің алақандай ауылым-ай!

Бақытқа байланса екен бағың ұдай.

Амандық бер!

Аңқылдақ ағайынның,

Аузының бірлігін бер, тағы Құдай!

 

Балдәурен

 

Бұйдасын үзген балғын шақ,

Бақыт боп қайта қонбайды.

Балалық әуен, алтын сәт,

Базарым — қолын бұлғайды.

 

Сырғанап сағым сан жылдар,

Сергелдең салдың — таппадым.

Қамалып қайда қалдыңдар,

Былдыр да былдыр — тәтті әнім.

 

Ақ қайың, келдім алдыңа,

Болмасын менде бос үміт.

Тәтті сәтімді қалды ма,

Жапырақтарың жасырып?

 

Жанарым шашса от демін,

Жетелеп жылдар тізбегін.

Жоғалды көңіл көктемім,

Табылар ма екен?

Іздедім.

 

Балдаурен шағым — гүл өлкем,

Күлкісін таптым күнімнің.

Жасырынып тұр екен

Жанарында ұлымның.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button