Мәдениет

Тверь жеріне сапар

Тверьдің орманы жас, жері кәрі,

Атақоныс санайды жұрттың бәрі.

Бұл жерде Әлияның қаны сіңген,

Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі…

Сонау мектепте оқып жүргенде жатталған өлең күтпеген жерден қайтадан ойымызға оралды. Оған себеп, алдымызда Тверь сапары тұр еді. Соғыстың алғашқы жылдарында Ақтөбеде жасақталған 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы майданға кірген, қанды шайқасты өткерген өңірге барып, ескерткіш тақта орнатуды көздеген ақтөбелік делегация құрамында жолға шыққан біз бұған дейін оқыған-тоқығанымызды жадымызда қайтадан жаңғырта бастадық. 

Мәскеуден батысқа қарай беттеген жол өткен ғасырдың қойнауында тұрған қасіретті соғыс жылдарының суретін күні бүгінге дейін көз алдыңа елестетпей қоймайды. Сырларын ішіне бүгіп тұрған қалың жолақты ормандар, әр жерлерде ескерткіш ретінде қарауытып көрінетін қорғаныс шептері, басқа да белгілер тарихтың жазылмас жарасы мен түзелмес таңбасын білдіреді.

Біз бағыт ұстанған Оленин ауданы Тверь облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, бір жағынан Смоленск облысымен шектеседі. Шағын ауданда қазіргі уақытта 13 мыңнан сәл ғана асатын халық тұрады. Бір-екі орман шаруашылығы бар, басқа алып бара жатқан өнеркәсібі не өндірісі көзге көрінбейтін бұл аумақта тұрғындар негізінен жеке шаруаларымен шұғылданады. Мектептердегі бала санының аздығы, селолардағы үйлердің селкеулігі мұнда да жастардың негізінен қалаға қарай қоныс аударуы орын алғандығын байқатады.

Аудан орталығы Оленино селосындағы жинақы үйлер, орталық базар, сол маңдағы қоршалай салынған дүкендер шаруа адамдарының толас таппас тіршілігі барын байқатады.

Алыстағы Ақтөбе мен орыстың Олениносын байланыстырған нәрсе қазақ жауынгерлерінің осы жерді қорғап, осы жерде ерлікпен қаза тауып, мәңгілік мекен еткендігі еді…

Сондай сабақтастықтан да болар, интернационалист-жауынгерлердің бастамасымен Ақтөбеден осында келген делегацияны жергілікті тұрғындар жылы көңілмен, айрықша құрметпен қарсы алды.    

 

Он үш олениндік — Кеңес Одағының Батыры

 

Оленино селосының орта тұсындағы «Батырлар аллеясы» ұқыпты күтіліп тұратыны, ескерткіштерге жергілікті тұрғындардың құрметпен қарайтыны байқалады. Ақтөбелік делегация осында арнайы келіп, ерлер рухына тағзым етті, гүл шоқтарын қойды. Осында болған митингіде сөз алған аудан әкімшілігінің басшысы Олег Дубов бүгінгі күні Қазақстанмен тығыз байланыста екенін айтып, Алматыдан, Тараздан, Ақтөбеден қонақтар жиі келіп тұратындығын тілге тиек етті.

— Біз тарихи тамырластықта өмір сүріп келеміз, — деді Олег Игорьевич, — Өйткені аталарымыз бен әкелеріміз осы арада шеп құрып, ортақ жауға қарсы бірге соғысты. Олардың мәңгілік мекені де бір жерде. Сондықтан ол жағдайды біз ұмыта да алмаймыз.

Қалай болғанда да сол күндердің салмағы ұмытылмайды. Ерлікке тағзым — мұндағы әр тұрғынның абзал парызы іспетті. Соның да бір айғағы болар, бұрынғы естеліктерді айтпағанның өзінде, мұнда кейінгі тұста «Жеңіске жол» («Дорога к победе») атты 3 томдық жинақ шығарылыпты. Ол кітаптарда олениндіктердің Ұлы Отан соғысы кезіндегі тағдыр-талайы жан-жақты баяндалады.

Фашистік немістер бұл аймақта он жеті ай бойы билік жүргізіп, халықты бұғауда ұстаған. Сол уақыт ішінде олар 595 адамды атқан, асқан. 1668 адам аштықтан өлген. Алты мыңнан астам ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер мен қарттар құлдыққа айдалған, 4 мыңдай олениндік концлагерьлерде азапталу үстінде жан кешкен.

Он үш батыр — Иван Гвоздев, Михаил Кузьмин, Павел Мамкин, Михаил Борисов, Афанасий Щеглов, Иван Струков, Тимофей Северов, Михаил Юрьев, Петр Виноградов, Андрей Фроленков, Николай Белов, Василий Кузнецов, Сергей Фильченков есімдерін мұнда құрметпен атайды, олардың өміріне, жауынгерлік жолдарына арналған ерлік сабақтары ұдайы өтіп тұрады.

Олег Дубов өзі басқарып отырған өңірдің бүгіні туралы да баяндап берді. Жаңа экономикалық қатынастарға қатысты өзгерістер, селолардың тұрғындарының қалаға қарай көшуі, басқа да проблемалар мұнда да бар екен. Бірақ осы ауданды он бес жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан, мамандығы журналист Олег Игорьевич әлеуметтік мәселелердің бірқалыпты шешіліп келе жатқанын, көпшіліктің өзі еңбегімен тіршілік етуге бейімдігін атап көрсетті.

 

Біздің ізшілер 

 

Ақтөбелік интернационалист жауынгерлерден құралған іздестіру тобының жұмыс істей бастағанына алдағы жылы ширек ғасыр толады. Кеңестер Одағы тарай бастаған тұста олар ешкімнен көмек күтпей, өз мүмкіндіктерін пайдаланып сапарға шығып тұрған. Мәселен, отряд командирі Олег Припадчев сол кезде кәсіпкерлікпен шұғылданған, сол еңбегінің қаржысын пайдаланып біршама уақыт іздестіру жұмыстарын жүргізіпті.

Қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Гумер Галеев бір кездері қазба жұмыстарына 150-ге дейін адам шыққанын айтады. Қазіргі уақытта отряд құрамы тұрақты он шақты адамнан тұрады.

Ақтөбелік ізшілер соңғы уақыттары Тверь, Новгород, Калуга облыстарында болып қайтты. Олжалары да аз емес. Талай жаңа тізімдер қағазға түсті, сұрау салулар бойынша тың деректер табылды.

Қостанай облысының Жетіқара ауданында дүниеге келген Сергей Щербиннің балалық, жастық шағы Ақтөбе қаласында өтеді. Осында №20 мектепті бітіреді, №107 кәсіптік-техникалық училищеде білім алады. 1979-1980 жылдары Ауғанстан жерінде шайқастарға қатысады. Әскер қатарынан оралған соң Ақтөбеде құрылыс жұмыстарымен шұғылданған, қалалық кеңестің депутаты болып, мүгедек жандарға, интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің аналарына көмектесу шараларының басында жүрген. Қазіргі уақытта Орынбор қаласында тұрғанына қарамастан, Ақтөбедегі жауынгер жолдастарынан қашық кетпейді, қандай да іздестіру, қайырымдылық жұмыстарына қатысып тұрады.

Педагогикалық институттың шетел тілдері факультетінің түлегі Сергей Сысоенко азаматтық борышын Венгрия жерінде өтеген. Біраз жыл Ақтөбе қаласындағы №29 орта мектепте дене тәрбиесі, әскери іс пәндерінен сабақ берген. Кейін күзет қызметіне ауысқан. Тоқсаныншы жылдардың басынан бері «Әлия» іздестіру отрядының командирі. «Жауынгерлік бауырластық» қорының белсенді мүшесі.

Жонысқали Бердіғалиев — осы іздестіру тобының белсенді мүшелерінің бірі. Ол қандай да ұсынысқа, игілікті істерге ынтамен кіріседі, қиындық туындай қалса, бірінші болып алға шығады. Сонымен де іздестіру тобы мүшелері арасында ерекше құрметке ие. Оның кеудесіндегі жауынгерлік медальдар, басқа да құрмет белгілері Жонысқалидың жігерлі азамат екендігін танытқандай.

Құдайберген Жұмаевтың ізшіл болатындай бір реті — оның нағашы атасы қан майданның ортасында болып, сол арқылы да соғыс қасіретін жақсы сезінеді екен. Қобда ауданының Жиренқопа ауылынан 1941 жылы қазан айында армия қатарына шақырылған Сихат Сейітовтен алғашқы бір-екі айда хат келіп тұрған. Содан кейін хабар пышақ кескендей тыйылған. Жарты ғасырдан астам іздестірулер нәтижесінде Құдайберген Зейін ағасымен барып, аталарының басына 2011 жылы ғана зиярат еткен.

«Мен үшін атасын, әкесін іздеген ұрпақтарының көңіл күйі жақсы таныс, сондықтан да оларға көмектесуді азаматтық парызым деп түсінемін»,— дейді Құдайберген.

Осы сапар барысында біз соғыс біткен соң да сан жылдар бойы жүрегі күпті, көңілі алаң болып жүрген жандардың ішкі сезімдерін бастан өткергендей болдық. Өзіміздің ізшілер сол жағдайға қатысты сандаған мысалдарды ортаға салып отырды.

Мәселен, Нұраден Қалбаевтың атасы Ізмұқан Қалбаев колхоз басқармасы ретінде соғыстан қалу жеңілдігі болса да, майданға өз еркімен аттанады. Оның 101-ші атқыштар бригадасы құрамында болғаны кейінгі уақытта ғана анықталып отыр. Кешегі күнге дейін Қобда ауданынан майданға аттанған сол жауынгердің дерегін білмей келген ұрпағы енді ізшілердің көмегі нәтижесінде аталарының қайтқан күнін анықтап, дұға бағыштап отыратын болды.

Ақтөбе облысы бойынша майданнан қайтпай қалған жауынгерлер туралы естелік кітаптың бірнеше томдығы кезінде Ғиззат Ибатов ағаның тікелей басшылығымен шығарылған екен. «Енді сол кітаптарды толықтырып қайтадан шығаратын уақыт жетті, — дейді Гумер Галлеев,— өйткені кейінгі жиырма жылдың өзінде біздің қолымызда қаншама тың деректер жинақталды, олар — көпшілік үшін тарихтың жаңа беттері».

 

Тарихи деректерге үңілсек

 

Ресми түрде баяндағанда 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы – Ұлы Отан соғысына қатынасқан қазақстандық әскери құрама.  Ол 1941 жылдың аяғында Ақтөбе қаласында жасақталған. Тұңғыш командирі – полковник Севастьян Яковлевич Яковленко, әскери комиссары Нұри Летфуллаұлы Әлиев, саяси бөлімнің бастығы Бекайдар Берниязов, парткомиссияның хатшысы Нұғыман Оразалин, саяси бөлім бастығының комсомол жұмыстары жөніндегі орынбасары Шайдахмет Серғазин.

101-ші дербес қазақ ұлттық атқыштар бригадасының батальондық құрамын көптеген зерделі, ержүрек командирлер басқарады. Олардың қатарында майор Хакім Бекішев, капитан Шаяхмет Хазияметов, капитан Мұса Сәдібеков, аға лейтенант Төлеген Алшынбаев секілді танымал азаматтар болады. Сондай-ақ бригаданың рота, взводтарына жетекшілік еткендер арасында Алматы мен Ташкенттегі әскери училищелерді енді ғана аяқтап келген жас офицерлер жеткілікті еді.

Негізінде 101-ші бригаданың жасақталуы барысында оған жоғары басшылық тарапынан көп көңіл бөлінгені байқалады. Мәселен, 1942 жылдың көктемінде Мемлекеттік қорғаныс комитетінің мүшесі, Кеңес Одағының Маршалы Климент Ворошилов арнайы келіп, бригаданың әскери жаттығуларын сын тезінен өткереді, құрама жауынгерлерінің әскери әзірліктеріне көңілі толатындығын білдіреді.

Алғашқы шайқасқа 1942 жылы 28 қараша күні Оленино маңындағы Кувшиново және Букарево деревнялары түбінде қатынасты. Екі айға созылған қантөгістен кейін жаудың екі жарым мыңдай адамын жойып, кеңестік бір дивизияның қоршаудан шығуына көмектеседі. 1943 жылы көктем-жаз айларында Великие Луки түбінде қорғаныста болды. Күзде Демидов, Сураж-Витевский қалалары бағытында шабуылға шығып, жаудың 3,6 мың солдаты мен офицерін саптан шығарады, 158 елді мекенді азат етеді. 1944 жылы жазға дейін Полоцк қаласы түбіндегі ұрыстарға қатынасты. 1944 жылы шілде айында таратылып, әскер күші 47-гвардиялық атқыштар дивизиясына және 90-шы гвардиялық атқыштар дивизиясына бөлініп берілді.

101-ші бригада құрамында болған жерлесіміз Шынықұл Қарамергеновтің майданда жүріп елге жазған хатындағы: «Қауіп пен қайғыны күштілер ғана жеңе алады. Қуаныш пен рахатты күштілер ғана әкеле алады. Біз — күштіміз. Патриоттық сезімі бойды билеп, ойды орағанда бүкіл совет халқының, сіздердің ынтымақтастығыңызбен күштіміз. Жеңіс біздікі! Жеңіс күнін күтіңіз!» деген жолдар жауынгерлік рухты, сол уақыттағы асқақ көңіл күйді білдіретіндей.

Шынықұл Қарамергеновтің естелік жазбаларынан біз бригада құрамында болған он үш жауынгердің жауынгерлік Қызыл Ту, он жеті жауынгердің бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» төрт жауынгердің Александр Невский, 146 жауынгердің «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталғанын білдік. Сонымен қатар 414 адамның ерлігі медальдармен атап өтілген.

Гвардия аға лейтенанты Шынықұл Қарамергеновтің өзі осы аталған бригадада 1-ші атқыштар батальонының рота хатшысы, кейін саяси жетекшінің орынбасары, батальонның саяси жетекшісі, батальон партбюро мүшесі, арнаулы барлау взводының саяси жетекшісі, бригадалық «Отан үшін» газетінің жауапты хатшысы болған.

…101-ші бригада тарихы алда да терең зерттеуді қажет етеді. Ол осындай жекелеген көріністерден, бүгінге дейін басы бірікпей келе жатқан естеліктерден құралары анық. Әрине, бұл — алғы күндердің, ендігі буынның шаруасы.

Дегенмен кейін басқа дивизияларға құрамы бөлініп берілуіне байланысты тарихтағы аталуы көмескіленіп қалған 101-ші бригаданың бүгінде қайта жаңғыртылуы, көптеген есімдердің жарыққа шығуы — ерліктің өшпейтіндігінің бір айғағы.

 

Мәскеуден жеткен бауырлар

 

Ақтөбелік делегацияның жолға шыққанынан хабардар болып отырған Мәскеудегі қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің жетекшілері де аталған шараға қатысуға ықылас-ниеттерін білдірді. Мәскеудегі қазақ аймақтық ұлттық-мәдени автономиясы кеңесінің төрағасы Полат Жамалов бастаған топ сенбі күні таңертеңгілік Оленино жерінен табылды.

— Отан қорғау деген ұлы ұғым осы жерде сан ұлттың өкілдерінің басын біріктірді, осыдан жетпіс жыл бұрынғы сол тарих біздің санамыздан өшпеуі тиіс. Бүгінгі біздің бас қосуымыздың мәні де содан туындайды. Біздің әкелеріміздің ерлігі мен елдік туын биік ұстауы бізге үлгі, — деп тебірене сөз сөйлеген Полат Өнерұлы ендігі сапар Невель жерінде жалғасатынын, онда Мәншүк Мәметованың тоқсан жылдығына байланысты еске алу күндері өтетіндігін жария етті.

Мәскеудегі қазақ зиялыларының арасындағы белсенді азаматтардың бірі Асылбек Төлешов — сондағы құрыш балқыту және қорыту институтының доценті. Ол өзімен бірге он бір студентін ала келді. Жастардың арасында ақтөбелік екі түлек бар екен. Оның біреуі Мұрат Сәрсенбаев ырғыздық кәсіпкер Ибрагим Махайұлының баласы екен. Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытып, заман ағымына сай белсенді еңбек етіп жүрген танымал азаматтың ұлының енді өнеркәсіпті өркендетуге бағыт ұстауы қуантты. Екінші жас Гауһар Әкімжан институттың 3-курсында оқиды.

Аталған институтта магистратурада білім алып жатқан өскемендік Дамир Асқаров бүгінгі буынның атынан сөз сөйлеп, бабалар ізімен достықты, бірлікті берік ұстанатындығын білдірді.

Мәскеуден келген тағы бір азамат — әскери әрекеттерге қатысушы Бүкілресейлік ардагерлер ассоциациясы төрағасының орынбасары полковник Виктор Свиридов өзінің атасы соғысқа қатысып, осында бауырластар зиратында жерленгенін, мұның өзі халықтар достығына үндейтінін жеткізді.

Мәскеулік Дамиля Тасмағамбетованың мамандығы мәдениеттанушы екен. Сонымен бірге ол хореографиямен шұғылданады. Өлең шығаратын да өзгешелігі бар. Сол нәзік ару Тверьдің аяқ алып жүргісіз батпақты орманында топтың алдыңғы қатарында жүрді, «мен — керейдің қызымын» дегенді мақтанышпен айтып, жас жігіттерге жігер бергені көңілге жылылық сезімін ұялатты.

… Ембі қаласындағы №457 мектептің түлегі Асылбек Төлешов бұған дейін де екі ел арасындағы алтын көпірдің арқауы босамауына тынбай қызмет етіп жүрген жігіттердің бірі. Ол, әсіресе, майданда хабарсыз кеткен талай жауынгердің дерегін табуға қызмет етіп, елдегі олардың ұрпақтарының алғысына бөленгенін білетінбіз. Бұл жолы да ол жас буынды ізінен ертіп, ізгілік мұраттарына баулып жүргеніне ырза болдық.

 

Дмитрий Жук — «Достық» орденінің кавалері

 

Оленинодағы «Орел» әскери-тарихи іздестіру орталығының командирі Дмитрий Жук шын мәнінде өз ісіне берілген жан. Ол осы өлкенің өткені мен бүгіні туралы, соғыс кезеңінің әр бөлшегіне дейін жадына тоқып, санасына сіңірген тарихшы. Ол жаяу жүріп араламаған, зерттемеген, қазба жұмыстарын жүргізбеген елді мекен бұл арада жоқ деуге болады.

Ол қазақстандықтарды әрдайым құшақ жая қарсы алады. Өйткені ол зерттеп жүрген жауынгер жолының бір тіні қалай болғанда да Қазақстанға тартылады.
Ол басқаратын «Орел» отрядының жұмыс істей бастағанына он бес жылдан асты. Бұл күнде әскери археологияның маманы саналатын Дмитрий іздестіру жұмыстарымен ғана шұғылданбайды, сонымен бірге бауырластар зираттары мен жауынгерлік қорымдарда ескерткіштер орнатуға да үлес қосуда.

Алғашқы мұндай ескерткіш Мирный деп аталатын селода орнатылыпты. Оны дайындап, ауданға сыйға тартқан — «Орел» іздестіру отрядының мүшелерінің бірі, мәскеулік мүсінші Андрей Смирнов. Ол 2009 жылы 9 мамырда осындай үшінші ескерткішті Молодой Туд селосындағы қазақстандықтар жерленген әскери кешенге де орнатты.

Дмиртий Жук Қазақстанның жастар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істегенін өз отрядының жарқын беттерінің бірі санайды. «Бірде жастар түсініксіз белгілері бар медальонды тауып алды. Оны түсінуге бізге мұражайдағы ақпараттар көмектесті. Кейінірек белгілі болғанындай, медальон иесі 117-ші аралас атқыштар бригадасының жауынгері Ахметжан Нәшкеев екен», — деп еске алады Дмитрий.

«Орел» іздестіру орталығының мүшелері Калинин майданының 39-армиясының құрамындағы 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадаларының тарихын зерттеуге де тыңғылықты кіріскен. Бұл бригадалар «Марс» атауын алған кеңестік жауынгерлердің ірі шабуылдау операциясына қатысқан. Өкінішке қарай, көптеген жерлестеріміз бораған оқ пен оттың ортасынан аман шықпаған.

Дмитрий бізбен бірге болған сәтінде Молодой Туд селосы аумағындағы қазақстандық 100-ші бригаданың ерлікпен шайқасқаны туралы деректерді баяндап берді. Оның қолындағы мәліметтерде былай деп жазылған: «Сегіз күн бойы Плеханово үшін тайталасқа түстік. Екінші және төртінші батальондардан түгелімен айырылдық. Пулеметшілер батальонында отыз адам ғана қалды. Бірінші және үшінші батальон да сиреп қалды. Бәрібір нысанаға ие бола алмадық. Қарсыластар күшті бекінген». Бұл — бригаданың әскери әрекеттер журналынан алынған 2 желтоқсан күнгі жазба. 3 желтоқсанға қараған күні 100-ші бригада құрамында әуелгі құрамдағы 4751 адамнан 1994 жауынгер ғана тірі қалады.

Дмитрий Жук осындай ерен еңбектері  үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Достық» орденімен марапатталды.

Дмитрийдің осындай жоғары құрметке шын мәнінде ие екенін осы жолы да байқадық. Ол қазақстандық делегация мүшелерімен күні-түні дерлік бірге жүрді, қиын жерде жол бастады, қалың орманның ортасына алып барды. Соның бәрін біз оның жалпы адам баласына, ерлікке, елдікке деген құрметі деп ұқтық.

 

Есте қалған көріністер

 

Куркинодағы бауырластар зираты талай сырды бауырына басып, ақ қайыңдар арасында мүлгіп тұрғандай. Ақтөбелік делегация осында ескерткіш тақта орнатқаннан кейін ерекше күйге енгендей болды.

Экспедиция мүшелері осы арадан бұрынғы Мишуково деревнясына дейін балшықты орман арасымен жаяу жол тартуға мәжбүр болды. Ол жерде де ескерткіш тақта орнатылды.

Молодай Туд селосындағы зират басында тұрғанымызда қасына кішкене немересін ертіп біздің жанымызға келген Вера Буянова есімді әже бұл күнде жетпіс жасқа келіпті. Өзінің үш баласы, он немересі, екі шөбересі бар екен. Соғыс қызып тұрған 1942 жылы дүниеге келген сәби бұл күнде абзал ардагерге айналған. Ол ұзақ жыл тарих пәнінен сабақ беріпті шәкірттерге.

«Талай қиындықтарды бастан өткердік қой, ең бастысы, сондайда кімнің кім екенін жақсы түсінесің. Мен тарих арқылы бұл жерде орыстар мен қазақтардың бір қатарда тұрып соғысқанын жақсы білемін. Ал соғыстан кейінгі жылдары Қазақстаннан қанша адам келіп жатыр ата-әкелерін іздеп. Мен солармен ылғи да дидарласып, әңгімелесіп тұрамын, өйткені біздің арамыздағы бір жақындықты сезінемін», — деді ол.

Негізінде Молодой Туд селосының тұрғындары бейбіт күннің қадірін жақсы біледі. Өйткені күні-түні жауған оқ, зәрені ұшырған снарядтар даусы оларға әлі күнге дейін естілетіндей. Себебі, жел ұшырған топырақ астынан гильзалар, жауынгер каскалары, тіпті адам сүйектері әлі күнге дейін шығып қалады.

Біз осында болған үш күнде Оленино аспаны ашық болып, күн нұрын төгіп тұрды. Жергілікті тұрғындар бір ай бойы үзбей жауған жаңбыр мен бұлтты күндердің қайда кеткеніне таң қалумен болды.

Бәлкім, бұл туған жерден, өскен өңірден шалғайда шейіт болып, мәңгілік қоныс теуіп жатқан қазақ жауынгерлерінің рухтары артынан іздеушісі барын сезінуден болар…

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ақтөбе-Мәскеу-Тверь-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Дорогая редакция!
    Спасибо за статью.
    Вечная память погибшим на Оленинской земле бойцам 101 стр.бр !
    Вот еще список безвозвратных потерь, установленные поисковым отрядом «Орел», возглавляемым Д. Жуком.
    Погибшие воины 101-й о.с.бр., увековеченные
    в списках братской могилы «Куркино»:

    1. Агатаев Сагинтай , 1921 г.р., мл. сержант , Актюбинская обл., Челкарский район. Погиб 27.11.1942 г. в бою за рер.Мишуково
    2. Бухарбаев Джолдас , 1922 г.р., красноармеец, Кзыл-Ординская обл, Кармакчинский р-н, к/з им. Энгельса. Погиб 02.12.1942г. в бою за дер. Мишуково.
    3. Бекмурзаев Жуматай, 1910 г.р., красноармеец, Южно-Казахстанская обл., Арысский р-н. Погиб 22.12.1942г. в бою за дер.Соустьево.
    4. Байтасов Тургельда, 1911 г.р., красноармеец, Южно-Казахстанская обл., Арысский р-н. По донесению : пропал без вести между 27.11.1942 и 20.12.1942г.
    5. Шорманов Орюкбай, 1912 г.р., красноармеец, г. Кзыл-Орда . Убит между 27.11.1942 и 20.12.1942 в бою за дер.Мишуково.
    6. Аимбетов Бахитжан, 1916 г.р., мл. лейтенант, Кзыл-Ординская обл., г.Казалинск. Погиб 01.12.1942г.
    7. Арапов Жолдыбай, 1916 г.р., лейтенант, Джамбулская обл., г.Джамбул, ул. Красноармейская, 18. Погиб 19.12.1942г.
    8. Гапаров Жиянкесген, 1903 г.р., красноармеец, Западно-Казахстанская обл., Джангалинский р-н, а. № 25 . Погиб 01.12.1942г.
    9. Есимов Клыш, 1905 г.р.,красноармеец, Гурьевская обл.,Испульский р-н Погиб между 27.11.1942 и 20.12.1942 в боях за дер.Мишуково.
    10. Ибрашев Калекбай, 1922 г.р., сержант, Актюбинская обл., Мартукский р-н. Погиб 29.11.1942г. в бою за дер.Мишуково.
    11. Усин Толебек , 1924 г.р., красноармеец, Семипалатинская обл., Жанасемейский р-н. Погиб 01.12.1942 г. в бою за дер.Мишуково.
    12. Черноморченко Степан Яковлевич , красноармеец, Сумская обл., Сумский р-н, Кресельский с/с. Погиб 02.12.1942г. в бою за дер.Мишуково.

    г. Москва

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button