Мәдениет

Ақтөбе жәдігерлері — Ақсарайда

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында «Құтты мекен — арайлы Ақтөбе» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Бұл —  облыстың сексен жылдығына орай ұйымдастырылған шара. Облыстан апарған тарихи құнды  жәдігерлерді Түркістан жұртшылығы бір ай бойы тамашалайтын болады.  Көрмені облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық тарихи- өлкетану музейі ұйымдастырды.

 

Ырыс басы — ынтымақ

Көрме жәдігерлері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының, яғни Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің  Үлкен Ақсарай залына қойылды. Жұртшылыққа «Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы», «Ақтөбе — батырлар мекені», «Атақты жерлестер», «Ақтөбе — өнеркәсіп алыбы» тақырыбы аясында өңіріміздің археологиялық, этнографиялық, тарихи сәулет ескерткіштері мен жәдігерлері ұсынылды. Әбілқайыр хан туралы кітаптар қойылып, хан сүйегін Хан моласына қайта жерлеу рәсімі кезіндегі суреттер планшет арқылы көрсетілді. Нұрпейіс Байғанин мен Шығанақ Берсиевтің  тұтынған жеке заттары, Тама Есет Көкіұлының кіреуке сауыты, Қобыланды батыр кесенесінің кірпіші, Абат Байтақ кесенесінің макеті мен елімізде тек біздің облыста ғана кездесетін  сақ, сармат дәуіріндегі сүйек қасық пен домбыра, Бесоба шынтас қорымынан табылған құрбандық шалу ыдысы келушілердің ерекше қызығушылығын оятты. Батыр қызымыз Әлия Молдағұлова, шығыс қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби композитор Ғазиза Жұбанова туралы мәліметтер мен ХVІІ ғасырдағы қазақ батырларының қолданған бес қаруы жастардың назарына бірден ілікті.

Шараның ашылуында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбеков былтыр қыркүйек айында «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» тақырыбында осындай көрме Ақтөбе жерінде өткізілгенін, биыл аталған шара киелі Түркістанда жалғасын тауып жатқанын, бұл музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатынын айтты.

Ақтөбелік әріптестеріміз құнды жәдігерлерді қасиетті мешіттің Үлкен Ақсарай бөлмесінде көпшілікке ұсынып отыр. Көрменің бұл жерде өткізілуінің үлкен мәні бар. Себебі ілгеріде қазақ хандары мен билері дәл осы бөлмеде бас қосып, алқалы кеңес құрып,  мемлекеттік маңызы бар шаруаларды шешіп, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отырған. Соның арқасында бүгінгі ұрпаққа  ұлан-ғайыр жер мұра болып қалды. Сондықтан ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолының жалғасы ретінде ақтөбеліктерді Үлкен Ақсарай бөлмесінде қарсы алып отырмыз.  Яғни бабалар аманатына ұрпағының адал екендігін көрсетіп, осындай маңызы бар жиындарды осы бөлмеде өткізуді жөн көреміз. Мәселен, ілгеріде үлкен ас берілгенде Үш жүзге сауын айтылып, хабар таратылатын болған. Салыстырмалы түрде айтсақ, сол шара музей ішіндегі көрініске келеді. Себебі музейде көптеген жәдігерлер топтастырылады. Ал бұл жолғы көрме музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі. Ел жастары көрме арқылы тарихты тануға, ата- бабалар мұрасын құрметтеуге ұмтылады. Сондықтан Түркістан жұртшылығын көрмені тамашалауға шақырып, ақтөбелік әріптестердің жұмысына сәттілік тілеймін, — деді мұражай директоры.

Бұдан соң Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бақытжан Ешбай сөз алып, облысымыз еліміздегі рухани, мәдени, әлеуметтік экономикалық, интелектуалдық әлеуеті зор,  тарихы елдік пен ерліктің ұлы өнегелеріне толы  өңір екенін айтты.

— Ақтөбе өңірі — тарихта ізі қалған Әбілқайыр хан, Әйтеке би және Бөкенбай мен Есет Көкіұлының, Асау мен Барақтың  атамекені. Сондықтан кейінгі ұрпақ біліп өссін деген ниетпен тарихи маңызы зор жәдігерлерімізді әкеліп отырмыз. Қазіргі таңда музей қорында 103 мыңға жуық жәдігер болса, соның ішіндегі ең құнды дүниелерді  осында алып келдік. Мәселен, көрмеге қойылған белдік, сақина секілді отызға жуық бұйымдар Түркияның Анкара, Стамбул қалаларында өткен көрмелерге қатысып, жұртшылықтың қызығушылығын тудырған болатын. Ал бұл жолы аталған жәдігерлерді сіздер тамашалай аласыздар. Осы орайда бізді құрметтеп, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың мешітінен арнайы Үлкен Ақсарай бөлмесін ұсынып отырған мұражай басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді ол.

Бұдан соң Бақытжан Ешбай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинованың  Алғыс хаты мен Бөкенбай батыр және батыс пен шығысты жалғастырған Көкжар жәрмеңкесі туралы кітаптар мен арнайы сыйлықты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбеков пен аталған мұражайдың экспозиция және көрме жұмыстарын жасақтау тобының жетекшісі Берік Байболовқа табыстады. Ал  Мәулен Садықбеков «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалар» атты серия бойынша жарық көрген кітаптарды ақтөбеліктерге тарту етті.

Жиында  Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры Досай Кенжетайұлы,  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Әбдікәрім Манапов секілді бірқатар азаматтар көрменің жастар үшін игілікті шара екенін айтып, әрі қарай жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.

 

Сауыт пен домбыра

Көрменің ашылуына келушілер көп болды. Әсіресе, жастар жәдігерлерді ерекше қызығушылықпен қарады.

— «Ақтөбе — батырлар мекені» деген сөздің бүгін ақиқатына көз жеткізгендейміз, мені Әбілқайыр хан туралы деректер мен Тама Есет Көкіұлының кіреуке сауыты және ХVІІ ғасырда ел қорғаған  қазақ батырларының қару-жарақтары, ақын-жазушыларымыздың тұтынған заттары  қызықтырды. Ахмет Жұбанов, Виктор Пацаев, Жансен Кереев туралы құнды  мәліметтерді оқып,  көп нәрсені білдім.  Яғни көрме арқылы ата- бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін көз алдыма келтіргендеймін. Сондықтан осындай шараны өткізуге ұйытқы болған үлкендерге айтар алғысымыз шексіз, —  деді Түркістан қаласындағы этнопедагогикалық колледждің екінші курс студенті Бағылан Әуезов.

Ал Қазақстан қолөнер шеберлері одағының мүшесі Нұрғали Оспанов  көрменің жастарға берер тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

—Түркістандықтардың барлығы бірдей Ақтөбе облыстық тарихи- өлкетану мұражайына бара бермеуі мүмкін. Ал бүгін біз осы жерде сол мүмкіндікке қол жеткізіп отырмыз. Көрмеден алған әсерім өте керемет. Мәселен,  батыс өңірінің өзіндік қолтаңбасы түскен  зергерлік бұйымдар  ерекше көз тартып тұрса, Нұрпейіс Байғанин қолданған домбыраны көру біз үшін үлкен қуаныш. Әсіресе,  сақ дәуірінде жасалған сүйек қасықтар жасалуы жағынан мені таң қалдырды, — дейді қолөнер шебері.

Көрмеге келушілерге Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Орал Өтепова және  музейдің аға ғылыми қызметкерлері Айнұр Мақсатқызы мен Азамат Қалмағанбетовтер жәдігерлердің тарихын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді.

 

Даму — дәуір талабы

Өткен жылы қыркүйек, қазан айларында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының көрмесі біздің  облыста ұйымдастырылғаны белгілі. Осы орайда аталған мұражайдың  директоры Мәулен Садықбеков бұндай байланыс музей саласының дамуы үшін өте қажет екенін айтты.

Еліміз әлемдік қауымдастыққа кіріп, соған сәйкес жұмыс жасау үстінде. Осы тұрғыда музей саласы дамуы жағынан кенже қалып отыр. Егер өзімізді батыс елдерімен салыстыратын болсақ, олар бізден 70-80 жылға, ал көршіміз Ресей 20-30 жылға ілгерілеп  кетті. Сондықтан өркениеттің көшіне ілесу үшін қаласақ та, қаламасақ та солар жүріп өткен жолмен жүріп, солардың үлгісін пайдаланамыз. Осы тұрғыдан келгенде көрме өткізу музейдің ең негізгі жұмысының бірі болып есептеледі. Егер көрме жиі өткізіліп, әр түрлі тақырыпты қамтыса, соғұрлым жұмыс жүйелі жүреді. Бұндай жоба 2008 жылы басталды. Алғаш рет біз Ұлытау өңіріне көрме апардық. Осыдан кейін еліміздің барлық қалаларын араладық.  Мақсат — музейлер арасындағы байланысты нығайту, дамыту. Біз бір-біріміздің мәселелерімізді біліп, жақсылығымызға қуанып, кемшілігімізді түзетуіміз керек. Мәселен, қордағы жәдігерлердің сақталуы, ғылыми негіздемелер, тіпті жәдігердің қай жерде сақталып, қалай орналасуы, оған жарықтың қалай түсуі секілді мәселелер ортаға салынуы тиіс. Музей педагогикасы мен коммуникациясы — үлкен ғылым. Біз Қазақстанда соның ғылым ретінде қалыптасуына үлесімізді қосуымыз керек. Ал осындай көрмелердің барлығы ғылымның дамуына септігін тигізеді, — деді мұражай директоры.

Мәулен Садықбековтің айтуынша, мұражай қоры екі бағытта, яғни бірі —тарихи мәдени ескерткіштерді қор ретінде сақтау, насихаттау, екіншісі — музей мұражай саласы бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мұражайда  137  тарихи ескерткіш бар. Ескерткіштердің барлығы арнайы қорғауға алынған.  Мұражайда жылына отыздан астам көрме өткізілсе, оны тамашалау үшін 618 мыңнан астам адам келеді екен.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Түркістан — Ақтөбе

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button