Мәдениет

Аудио кітаптар келіп жатыр

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінде «Кітапхана — білім ордасы» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды.

Кітап оқуды насихаттау, жаңа кітаптармен таныстыру, жастардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен шарада «Жаңа кітаптар әлеміне шақырамыз!» атты көрме ұйымдастырылып, «Талғампаз оқырманға — таңдаулы кітап» атпен слайд көрсетілді.

Ашық есік күнінде оқырмандардың кітапхананың әр бөлімімен, ондағы кітап қорымен танысуына мүмкіндік туды.

Қазір кітапхананың қорында 358 мыңға жуық кітап бар. Оқырмандардың сұранысы бойынша, жаңа кітаптардың 70 пайызы қазақ тілінде келеді. Қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық тақырыптар мен білім саласына қатысты келетін кітаптардың тізімі де жыл сайын көбейіп жатқаны қуантады.

Ашық есік күнінде оқырмандар «Ел шежіресі», «Алматы кітап», «Қазақ энциклопедиясы», «Фолиант» баспаларынан шыққан жаңа кітаптармен танысты. Көрмеде оқырмандар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген көркем әдебиеттермен қатар, ғылыми-танымдық, техника, педагогика, тарих, құқық саласына қатысты оқулықтарды тамашалады. «Жазушы» баспасынан шыққан М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының 8 дыбыстық дискіге жазылған толық нұсқасы, Абай өлеңдері мен Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі аудио жинаққа енуі  оқырман қызығушылығын арттырды.

Шараға Ақтөбе құрылыс-монтаж, байланыс және телекоммуникация, гуманитарлық-техникалық, «Болашақ» көпсалалы колледждерінің оқушылары мен тұрақты оқырмандар қатысты.

 

Қ.РАЙЫМБАЕВА,

кітапханашы.

Ақтөбе қаласы.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button