Мәдениет

Өмірін өрген өнермен

«Достық» үйінде белгілі күйші Момын Нұрпейісұлының 75 жасқа толуына арналған «Өмірін өрген өнермен» атты мерейтойлық кеш өтті. Оған музыка мамандары, жас домбырашылар, жасөспірімдер, оқу орындарының студенттері қатысты.

Ақын Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы бұл шараға өз үлесін қосу мақсатында кітап көрмесін және Момын Байғаниннің өнердегі өмірімен толық таныстыратын слайд жасақтап, көпшілік назарына ұсынды.

Үш бөлімнен тұратын кітап көрмесінің «Табаны таймас тарланбоз» бөлімі көрнекті жырау Нұрпейіс Байғанинге арналды. Оның шығармалары, бұрын жарық көрмеген толғаулары, термелері, жұмбақ өлеңдері мен жоқтаулары көрмеге қойылды.

«Күй — дала симфониясы» тақырыбын арқау еткен бөлімінде көпшілік қазақ күйлері туралы деректерге көз жүгіртті.

Ал көрменің үшінші бөлімі тікелей мерейтойдың иесіне арналды. Оқырман Құрманғазы, Дина, Қазанғаптың күйлерін насихаттаушы күйші, домбырашы  Момын Байғаниннің өмірі мен өнер жолы туралы оқып біле алды. 

1956 жылы шыққан Нұрпейіс Байғаниннің шығармалар жинағына қызығушылық зор болды. Бұрын жарық көрмеген толғаулары мен дастандарының, айтыстары мен нақыл сөздерінің соңғы шыққан 3 томдыққа енгенін көпшілік оқырман ерекше ықыласпен қабылдады. Ол Н.Байғанин атындағы мәдени қордың ұйымдастырушысы Ерболат Байғаниннің қолдауымен «Қазғұрт» баспасында жарық көрді және осы мерейтойға арналған шарада қонақтарға естелік ретінде таратылды.

Зинегүл ҚАРАСАЕВА,

Н.Байғанин атындағы облыстық

балалар кітапханасының

кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button