Білім

Директорлар корпусының сапасын көтеру: конкурс қалай өткізіліп жатыр?

Енді 5 жыл бойы мектеп директоры болған педагогтің сол қызметте одан әрі жұмыс істеуі конкурстың қорытындысына байланысты болады. Бұл жөнінде  Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы шықты.   Министрліктің «Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығында бұдан басқа қандай өзгерістер бар? Конкурсқа қатысқан директорлардың бәрі бірдей бұл сынақтан өте алды ма?   Орта білім беру жүйесінде директорлық корпустың сапасын көтеру мақсатында қолға алынған жұмыстар жөнінде облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратовамен әңгімелескен едік.     

 

Ереженің ерекшеліктері

 

Биыл ақпанның 21-і күні шыққан бұл бұйрықта  мектеп директорларын тағайындауға қатысты біраз өзгерістер бар.

 Бұған дейін де орта білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау үшін конкурс өткізілетін. Дегенмен, ол конкурстың жөні басқаша-тын: бос лауазым үшін өткізілетін. Ал жаңа ереженің басты ерекшелігі, бос орынға конкурс жарияланумен қатар, әр 5 жыл сайын директорлық лауазымға конкурс жарияланады. Яғни мектеп директоры мектепті 5 жыл бойы басқарса, онда одан кейін басшылық қызметте болып, болмауын конкурс қорытындысы шешеді. 

Екінші ерекшілік, жергілікті әкімдік конкурсқа қатысушыны конкурстан өткізуі үшін  міндетті түрде облыстық білім басқармасынан келісім алуы тиіс. Бұған дейін мектеп директорларын қала, аудан әкімдері тағайындайтын. Егер конкурсқа 3 адам түсіп, облыстық білім басқармасы оның 3-еуіне де немесе 2 адамға келісім берсе, олардың қайсысын тағайындайтынын жергілікті билік шешеді. Егер облыстық білім басқармасы конкурсқа қатысушылардың 3-еуіне де келісім бермесе, онда конкурс қайта жарияланады.

Үшінші ерекшелік, конкурсқа кем дегенде 2 адам түсуі тиіс. Бұған дейін конкурсқа бір адам түссе де, конкурс өткізілетін. Конкурсқа қатысатын екінші адам табылмаса, конкурс 1 айдан соң қайта өткізіледі. Мұндай жағдайда конкурсқа түсуші бұрыннан мектеп директоры болып жұмыс жасап жатса, онда директордың міндетін атқарушы болады.

Міне, осы үш ерекшеліктің өзі директорлық корпустың сапасын көтеруде айтарлықтай ықпал етеді. Бұған конкурс өткізу үшін құрылған комиссия отырыстарында көз жеткізе түстім, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

 

Ереже талаптары

 

Облыстық білім басқармасы директорлық қызметке конкурс өткізуді тамыз айынан бастап қолға алыпты.

Себебі, тамыз айы — жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілетін уақыт. Сол жұмыстың бірі — қажет жағдайда мектепке директор тағайындау. Жаңа ережеге сәйкес, мектеп директорын тағайындауда облыстық білім басқармасының келісімі ескеріледі. Сол себепті, облыстық білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияға облыстық білім басқармасының ғана қызметкерлері емес, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық кәсіподақ ұйымының басшысы, облысымызға белгілі ардагер-педагогтар да мүше, — дейді Жанат Самұратова. Оның айтуынша, болашақта комиссия құрамына басқа мекемелердің де өкілдерін кіргізу жоспарда бар. Мысалы, облыстық балалардың құқықтарын қорғау, облыстық білім саласындағы бақылау департаменттерінің  және «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының өкілдері де енгізіледі. Ал комиссия отырысы әр аптаның сәрсенбі күні өткізіледі екен.

Комиссия отырысы әңгімелесу түрінде өтеді. Үміткерге қойылатын талаптарға тоқталсақ. Комиссия жұмысы үміткердің Қазақстан  Республикасының заңнамаларын қаншалықты білетінін анықтау мақсатын көздейді. Сондықтан, мектеп басшысы болуға ниетті адам «Білім туралы» Заңды, білім беру саласындағы бағдарламаны білуі тиіс. Бұл — бір.

Екіншіден, мектеп басқарудың өзіндік ерекшеліктері, тәртіп, талаптары бар. Мұнда үміткердің мектеп басқаруға қабілетін, біліктілігін анықтау мақсатында бірнеше сауалдар қойылады.

Үшіншіден, экономикалық мәселелер, қаржыландыру, қаржыны тиімді пайдалану жөнінде  сұрақтар қойылады. Сонымен қатар үміткер мемлекеттік сатып алу туралы да білуі тиіс.

Төртіншіден, үміткердің саяси сауаттылығын білу мақсатында біраз сауал  қойылады. Мектеп — ауылдың тірегі. Мектеп басшысы ауылға үлгі болуы тиіс. Мектеп директоры Елбасының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды біліп, оларды халыққа түсіндіре алуы керек. Үміткерге директорлық қызметке тағайындалуына келісім беру кезінде оның құжаттармен жұмыс істей білуі де ескеріледі. Конкурсқа қатысушыға сол ауылда қанша адам тұратындығы, бала санының қанша екендігі жөнінде де сауалдар қойылады. Себебі, бұл сауалға берілген жауап арқылы мектептің болашағын білуге болады. Сонымен қатар үміткердің мектептің тірлігін жандандыруға қоспақшы үлесі,  сараптама жасап, алдын ала жоспар, жобалар жасай алуы да анықталады. Ал мектеп басшысы болуға ниетті адам мұның бәрін білуі тиіс. Конкурс әңгімелесу түрінде өтетін болғандықтан, әңгіме барысында түрлі сауалдардың туындайтыны — заңды. Дегенмен, негізгі сауалдар осы төңіректе болады, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

 

Конкурс: кімдер қатысты?

 

Біздің облыста бұл конкурсты Ақтөбе қаласының мектептері бастапты. №34 және №37 орта мектептердің директорлық лауазымдарына (бос орынға) конкурс жарияланған. Одан кейін Алға ауданындағы Болгар, Алға мектеп-балабақшасының, Байғанин ауданындағы Сағи Жиенбаев атындағы орта мектептің, Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектептің (Қарауылкелді ауылы), Жарқамыс орта мектебінің, Мұғалжар ауданындағы (Жұрын ауылы) Құдайберген Жұбанов атындағы орта мектептің директорлық лауазымдарына конкурс өткізілген. Қобда ауданындағы 5 мектептің директорлық қызметтері үшін де конкурс жарияланған. Олар: Қиыл негізгі мектебі, Жарық мектеп-балабақшасы, Иманғали Білтабанов атындағы орта мектеп, Қаракемер, Терісаққан орта мектептері.

Бұл тізім одан әрі жалғаса береді. Конкурстың басым бөлігі бос орындар үшін өткізілді. Басшылық қызметте ұзақ жыл жұмыс істеген директорлар да бар. Бұл орындар үшін де бірнеше конкурс өтті. Конкурс болатындығы жөнінде әр аудандық білім бөлімі сол аудандағы мектеп басшыларына ескертеді.  Қазір білім басқармасына қарасты 4 білім беру мекемесінің (облыстық арнаулы түзетім, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты, Алға облыстық балалар үйі, Тамды көмекші мектеп-интернатының және облыстық психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы түзету мектеп-балабақшасы) басшыларына сол қызметке конкурс жариялантындығы туралы жазбаша ескерту берілді. Өйткені олардың директорлық қызмет істегендеріне 5 жылдан асты.

Облыста жалпы 449 мектеп бар. Конкурсқа барлық мектептердің директорлары өз ретімен қатысатын болады, — дейді облыстық білім  басқармасының бастығы.

 

Директор болуға кім лайық?

 

Конкурстар өткізіліп жатыр. Дегенмен, сыннан өтпегендер көп екен. Бұл туралы Жанат Бақытжанқызы былай дейді:

Өкінішке орай, сауалдарға үміткерлердің барлығы бірдей тұшымды жауап бере алған жоқ. Жалпы, конкурсқа қатысушылардың 50 пайызы конкурстан өте алмады. Олардың білім деңгейлеріне қарап, мектеп директоры болуға қалай ұмтылғандарына таң қалдық. Басшылық қызмет үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ал мектеп басшысы ұрпақ тәрбиесіне, олардың сапалы білім алуына жауапты. Біліктілігі, білімі жоқ басшы кімге үлгі болады? Оларға балаларды, ұжымды  қалай сеніп тапсырамыз? Жасыратыны жоқ, конкурста өтпей қалғандардың арасында 20 жылға жуық, 20 жылдан астам директорлық қызмет атқарған педагогтер де болды. Ұзақ уақыт мектеп басқарғандардың дені конкурстан өте алмады. Өйткені олар бұған дейін де, 20 жылдан бері мектепті көтеру үшін тер төкпеген. Бұдан кейін де білім сапасын көтермейтіні анық. Бұл адамдарға орынды білімді жастарға беріп, қарапайым мұғалім болғандары дұрыс екендігін айттық.  

Жанат Самұратованың айтуынша, конкурста өтпегендердің барлығы «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған» мемлекеттік бағдарламасын білмепті.

Мектепішілік бақылаудың не екенін түсіндіріп бере алмаған үміткер мектепті қалай басқарады? «Директор болғанда мектепке қандай өзгерістер енгізесіз?» деген сауал да жауапсыз қалды. Жаңа технологияларды меңгермегендер де жетерлік, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы.

Мұғалжар ауданындағы 7 мектептің директорлығына конкурс жарияланып, 14 адам конкурсқа қатысыпты. Дегенмен, 3 мектептің конкурсқа түсушілеріне (6 адамға) келісім берілмеген.

Әйтеке би ауданындағы Қыналы негізгі мектебі, Комсомол, Қарабұтақ және Оразалин атындағы орта мектептерге конкурс жарияланып, конкурсқа қатысуға 8 үміткер келген. Конкурс қорытындысында 2 мектептің — Қыналы негізгі мектебі мен Комсомол орта мектебінің директорлық қызметіне конкурсқа қатысушыларға келісім берілген жоқ.

Үміткерлерді іріктеу барысында көңіл қуанарлық, мақтап айтуға тұрарлық жағдайлар да болды. Мысалы, Ақтөбе қаласында тұратын Әлімжан Тасқынбаев есімді азамат Мұғалжар ауданының Жұрын ауылындағы Құдайберген Жұбанов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. Біз бұл педагогты  бұрыннан білетінбіз. Ол — Хромтау ауданында туып, өскен. Кезінде сол аудандағы мектепте, аудандық білім бөлімінде жұмыс жасады. Аудандық білім бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Дегенмен, 2005 жылдан бастап Хромтау ауданынан көшіп кетіп, басқа салаға жұмысқа ауысқан. Комиссия отырысында ол кісі: «Сабаққа бара жатқан, мектептен қайтып келе жатқан балаларды көрсем, мектептердің маңынан өтсем, мектепке қайта оралғым келіп кетеді… Бірде облыстық «Ақтөбе» газетінің бетінен Мұғалжар ауданындағы Құдайберген Жұбанов атындағы орта мектептің директорлық қызметіне конкурс жарияланғанын көзім шалды. Содан конкурсқа қатысуға өтініш бердім», — дейді. Әлімжан Тасқынбаев білім саласын өте жақсы біледі. Міне, мұндай кісілерді қалай қолдамаймыз?

Шалқар қаласындағы №5 мектепке жаңадан тағайындалған мектеп директоры  Әлия Әбдіғапарова да мақтауға лайық, — дейді Жанат Самұратова.

Ырғыз ауданындағы Мамыр негізгі мектебінің директорлық қызметіне жарияланған   конкурсқа (бос орынға) жастар қатысыпты. Олардың екеуі де жұмыс жасауға құлшынып тұр екен. Облыстық білім басқармасы үміткерлердің екеуіне де қолдау білдіріпті. Олардың қайсысын тағайындайтынын аудан әкімі шешеді.

 

Білімді жастарды қолдаймын

 

Конкурс ашық, жариялы түрде өткізіліп жатыр. Көпшіліктің санасында «Мектеп директоры болу үшін  міндеті түрде пара беру керек» деген түсінік қалыптасқан. Конкурсты өткізу арқылы біз жұртты осы ойдан арылтқымыз келеді. Бұған халық журналистердің материалдары арқылы көз жеткізе түссе деген ниетпен болашақта комиссия жұмысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де шақыру жоспарда бар. 

Мен әркез білімді жастарды қолдауға  дайынмын. Әрбір қарапайым мұғалімнің бұл конкурсқа қатысуға құқығы бар (жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес). Сондықтан олар ешнәрседен қорықпай, батыл қимылдағандары жөн. Меніңше, мұғалімдердің көпшілігі: «Мені қолдайтын, маған қолдау білдіретін ешкім жоқ. Конкурстан бәрібір өтпеймін» деп өздерін-өздері кері тартып, конкурсқа қатыспайтын сияқты. Конкурс талабы бойынша конкурсқа қатысушылардың саны 2-ден кем болмауы тиіс. Кей жағдайда конкурсқа қатысатын 2 адам табылмай, конкурс өтпей қалады. Сонда ол мектепте директор болуға ниетті, лайықты адам жоқ па? Мен бұған сене алмаймын. Мұғалімдердің ерік-жігері жетпейді деп түсінемін. Мүмкін ол мектепке директор басқа мектептен, басқа ауылдан, тіпті басқа ауданнан баратын шығар? Бұған шектеу жоқ, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

Облыстағы барлық аудандардың кейбір мектептеріндегі директорлық лауазымға конкурс жарияланып жатыр. Бұл туралы әр аудандағы аудандық газеттерде жариялануда.

Менің ойымша, ауыл мектептерінің директорлық қызметіне жарияланған конкурсты аудандық газеттерде ғана емес, облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне де жариялаған дұрыс. Әрине, басылымдарда конкурс жариялануы үшін қаржы төленеді. Дегенмен, білім сапасын көтеру мақсатында қолға алынатын істе бұл кедергі болмағаны жөн. Сонда сол аудандағы мектепке қаладан, бәлкім басқа аудандардан білікті басшы келуі мүмкін ғой, — дейді Жанат Самұратова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button