Мәдениет

Өртсөндірушінің зейнеті

19 қазан — Төтенше жағдайлар қызметтерінің құрылған күні. Атаулы күн қарсаңында Ақтөбедегі өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің №2 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, өртке қарсы қызметтің прапорщигі Самат Туринмен әңгімелестік.

Мектеп бітірген кезде Самат көп бала секілді әскери киімге қызығып, Ақтөбедегі ұшқыштар даярлайтын оқу орнына барады. Жолы болмай, оқуға түспегесін, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. 1987 жылы әскерден келе сала жұмыс іздейді.

— Сол жылдары біздің көрші жігіт қазіргі №2 өрт сөндіру бөлімі бастығының көлігін жүргізетін еді. Ол: «Біздің мекемеге барып көрші», — деп ұсыныс айтты. Жұмысқа қабылданатын болып, медициналық тексеруден өтіп, сол жылдың желтоқсанында мен өртсөндіруші боп жұмысқа орналастым. Уақытында оқи алмай қалдым. Бірақ қазіргі қызметімді мақтан тұтамын. Кенеттен орын алған төтенше жағдайларда тұрғындарға көмектесемін. Өмірдегі ең басты құндылық — адам өмірі. Сондықтан да адам өмірінің қауіпсіздігін қорғау менің парызым деп санаймын, — дейді Самат Қабылұлы.

Кезінде бір мамандықтың дипломын ала алмаса да, ол — өз кәсібінің озаты. Алдағы желтоқсанда осы қызметте еңбек еткеніне 25 жыл толады екен. Осы жылдар ішінде тілсіз жаумен қаншама рет айқасып, жалын арасынан қаншама ақтөбелікті алып шықты. Еңбегі де елеусіз қалған жоқ, ол — «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» әр жылдары берілетін І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдардың иегері.

Сондай-ақ өртсөндіруші 2008 жылы «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Ал биыл сәуір айында «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. Самат Қабылұлы қазір бөлімше командирі болғанымен, оқиға басына барғанда қарап тұрмайды: қасындағы әріптестеріне тапсырма бере жүріп, өзі де кірісіп кетеді.

— Бұрын техникаларымыз ескі болатын. Соңғы жылдары техникалар да жаңарып жатыр. Бір кезекшілікте 13 адам жұмыс істейді. 101 нөміріне қоңырау шалынса, дабыл қағылып, сақадай сап түзеп, бір машинаға 6-7 адам тиеліп, оқиға орнына барамыз. Өрт оқиғалары жылыту маусымы басталған кезде  көбейе түседі. Себебі, қазір үй салушылар көп. Көбі техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Сосын ток желісі қысқа тұйықталып, өртке ұласу жағдайлары байқалады. Кейде тұрмыстық электр бұйымдарынан ақау шығуы да мүмкін. Енді бірде моншаны жағып, сөндіруді ұмытып кететін жайттар да кездеседі. Тағы бірі газ құбырын үйіне кіргізгенімен, пешін дұрыс жаға алмайды немесе газын ашық қалдыруы мүмкін. Кішкентай балалардың сіріңкемен ойнап, өртке себеп болатыны да бар. Талай ірілі-ұсақты оқиғаларды көзбен көрдік. Оқиға басында өрт сөндірумен қатар отқа оранған нысан ішінен адам іздейміз. Үйде біреу-міреу болған, болмағанын көршілерінен сұрастырамыз. Тұрғындарды тілсіз жаудан аман алып қала алсақ, біздің мерейіміз. Жазда басқа бөлімдердегі әріптестерге көмектесіп, дала өрттерін сөндіруге де шығамыз. Негізі біздің бөлімшеге тиесілі аумақ — Ақтөбенің ескі бөлігі жағы. Әрқашан да сақтықтың қауіпсіздік кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да үйден шығарда газды, токты сөндіруді ұмытпай, мұқият қадағалау қажет,  — дейді ардагер өрт сөндіруші.

Кейіпкерімізді ардагер дейтін себебіміз де бар: 19 қазанда Төтенше жағдайлар қызметтерінің құрылғанына 17 жыл толады, әрі бұл күні өрт сөндіру қызметінде үзіліссіз 25 жыл еңбек еткен Самат Қабылұлы 45 жасқа толып, зейнет демалысына шығады. Өмірін күн сайын қатерге тігіп жүретін өртсөндірушілердің басқа кәсіп иелерінен ең басты айырмашылығы да — осы, бір орында 25 жыл еңбек еткен адамды зейнетке басқалардан ерте шығарады.

Айтпақшы, ардагер өртсөндіруші отбасында келіншегі Айгүлмен бірге үш бала тәрбиелеп отыр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button