Білім

Атамекен

Гүлденген шақ

Қазақ даласы — өте кең, байтақ әлем. Шіркін, табиғатын айтсаңшы!

Осы табиғаты тамаша қазақ даласы не көрмеді!? Қазір гүлдер жайнап тұрған дала төсінде кезінде азаттық үшін күрескен талай бабаларымыздың қаны төгілді. Талай өлкеміз қолдан сусып та кетті. Алайда біздің батыр да жауынгер ерлеріміз бәрібір бұл жердің тек бізге ғана тиесілі екенін ұқтырды.

Сен, далам-ау, не көрмедің!? Тұтқиылдан шапқан жау гүлдеріңді қуартты, тауыңды қопарды, өзенің қанға толды. Сол кезде сен қатты қиналдың, әлсіредің, мұңайып қалдың. Қайғыңды ешкімге түсіндіріп айта да алмадың. Өйткені сен сөйлей алмайсың ғой. Бірақ сенің жалғыз ғана үмітің болды. Сен «Менің топырағымнан жаралған батырларым қайтсе де аман алып қалады» деп сендің. Сенің үмітің ақталды.

Ал қазір қандайсың. Қазір сенің гүлденген шағың. Сенің төсіңде көптеген тамаша қалалар бой түзеді. Сенің арқаңда мол астық алдық, құшағымыз гүлге толды, қойнауыңдағы пайдалы қазбаларыңды ақтардың. Сенің үмітіңді еліміздің тәуелсіздігін аңсап келген батырлар ақтады және сен де олардың үмітін ақтадың.

Біз өте бақыттымыз. Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан сен де бақыттысың.

Ендігі кезек — біздікі. Біз табиғатты, елімізді одан да әрі көркейте түсуге тырысамыз. Сен аман бол, ғасырлар бойы жасап келе жатқан Ұлы Дала! Өйткені сенің амандығың біз үшін өте маңызды.

 Ақниет ТҮКТІБАЕВА,

Бершүгір орта мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Тіл

Жоғалмайтын қазына

Қазақ тілі — асыл қазына. Небір ғұламалар осы тілде сөйлеп өткен.

«Қазақ тілі — бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, қазақ тілі — көркем тіл.

Қазақ тілі қазақ халқымен бірге қалыптасып, одан әрі жетіле түсті. Қанша ғасыр өтсе де бізге дейін аман-есен жетті.

Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Сонымен бірге Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақша сөйлеуі керек. Себебі мемлекеттік тіл — үлкен өмірге жол сілтейтін бағдар.

Біз қазақпыз, азатпыз. Біздің қасиетті қазақ тіліміз бар, біздің ұлттық рәміздеріміз бар. Бізде бәрі бар. Бізге керегі, міне, осыларды сақтай білу.

Сонымен қатар біз қазақша сөйлесек қана ұлттық қалпымыздан айрылмаймыз. Және біздің тілімізді басқа елдер де мойындайды. Қандай алпауыт ел болса да, меніңше, ортақ тілі болмаса, бірліктері жараспайды. Әрине, айту оңай. Бірақ біз мұны теориямен бірге тәжірибе жүзінде де дәлелдеуіміз керек.

Менің айтайын дегенім: «Ей, қазақ, шет тілде сөйлеп, өз-өзіңді қорлама, қазақ тілін жоғалтып ап, сорлама».

Тіл — тірегің, тіл — абыройың.

 Жеткерген ҚОЖАБАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Кітап

Ғажап дос

Мен мектеп табалдырығын аттамас бұрын «Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама» деген жұмбақты естігем. Оның жауабы кітап екенін де білгем. Алайда кітаптың адам өмірінде алар маңызын онымен жақын танысқанда ғана біле бастадым.

Кітаптан не іздесең де табасың. Оның білмейтіні жоқ. Кітап арқылы үйіңде отырып-ақ бар әлеммен танысасың, алыс жерге саяхат шегесің, түрлі елдермен табысасың, тарихыңды білесің.

«Әр адамның ең жақын досы, өмір досы кітап болуы тиіс» деген ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Шынында да, кітап сырыңды жария қылмайды, үндемей-ақ әрқашан көмек береді. Дәл бір адал досың секілді.

Кітапты оқып ойыңды да, бойыңды да түзеуге болады. Кейбір кейіпкерлердің жаман істерін көріп шошынасың. Енді бір кейіпкерлерге көңілің толып, сондай болсам деп армандайсың.

Кітап сенің сөздік қорыңды байытып, ой-өрісіңді кеңейтеді, өмірдің ащы-тұщысын үйретеді.

Еліміз өркениеттің көшінен қалмауы үшін біз білімді болуымыз керек. Ал білімнің кәусар бұлағы кітап екені бәрімізге белгілі. Сондықтан мен балаларды кітап оқуға, оны бағалай білуге шақырамын. Кітаптан асқан қазына жоқ. Ешқандай байлық оның орнын баса алмайды.

 Бекнұр ТҮМЕНОВ,

№8 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Оқушының өлеңі

Менің елім

Қыраны көкте самғаған,

Жерінде гүлі жайнаған.

Ел қамын жастар ойлаған,

Сәбилер күліп ойнаған.

Менің елім осындай

Қызыққа біздер тоймаған.

 Ғасырбек МӘЖЕН,

Бегалы орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Қобда ауданы.

 

Ұлы абай

Бала кезден болашағын барлапты,

Ақылшысы — Зере әжесі жан-жақты.

Сана көзін ақырындап ашыпты,

Қара сөзі қорғасындай салмақты.

 

Қара сөзін ұранымдай көремін,

Түсінуге тырысамын өлеңін.

Тереңіне барған сайын сөзінен

Жас жаныма қуат алып келемін.

 Жұлдыз ӨМІРЗАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Асан қайғы

Асан туды қуандырып халықты,

Ол әуелден елдің мұңын таныпты.

Елі үшін жайлы қоныс іздепті,

Ұмытпаймыз біздер асқақ алыпты.

 

Мазасыз жан елдің қамын ойлаған,

Шаршаса да жер іздеуін қоймаған.

Қайғы атанған Асан ата мұрасын

Ұрпағы — біз, терең сезіп бойлаған.

 Айзат САПА,

№3 мектеп-гимназияның оқушысы.

Қандыағаш қаласы.

 

Күз

Сары алтын күз келді,

Жапырақ төгілді.

Шаттандық біз де енді,

Айнала көңілді.

 Алмат БОРАНТАЕВ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Сөзжұмбақ

Менің елім

Түтін

Әке

Уыз

Ешкі

Лас

Сыпырғыш

Іні

Зебра

Доп

Ін

Кесіртке

1. Көмейден шығып тозаңы, Көкке мойнын созады. 2. Үйдің отағасы. 3. Алғашқы сүттен жасалған тағам. 4. Төрт түліктің бірі. 5. Таза емес. 6. Буған белін шешпейді, кір-қоқыспен өш дейді. 7. Ағадан кейінгі туыс. 8. Жолақ-жолақ ала, Ат көрдің бе, бала? 9. Футбол құралы. 10. Тышқанның «үйі». 11. Жау көрсе, қатты сасады, Құйрығын тастай қашады.

 Құрастырған Гүлдана ӨТЕТІЛЕУОВА,

Северный орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Мен салған сурет

Тырау-тырау тырналар

Суретті салған Жұмаділ ОРАЛБАЕВ,

Нұрлы көш орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Көктау ауылы,

Хромтау ауданы.

 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨТКЕН САНЫНДАҒЫ (18.10.2012) СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ

1. Қалам. 2. Сағат. 3. Қазақ. 4. Алма. 5. Нан.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button