Білім

Балдырған

Бірлік бесігі

Отан — бұл біздің туған жеріміз. Әр адамның өз Отаны бар.

Менің Отаным — Қазақстан. Біздің Отанымыз — бейбітшілік бесігі. Біздің елімізде көптеген ұлттардың өкілдері тату-тәтті тұрады.

Ал жеріміздің асты, үстінде тұнып тұрған байлығымыз бар. Еуроазияның нақ жүрегіне орналасқан Астанамыз бар. Онда асқақтай бой көтерген Бәйтерегіміз бар. Бәйтерегіміз жан-жаққа бұтағын жайып, біз секілді ұрпақтың өсіп-жетілуіне арнап шуақ шашатындай.

Мен — бақыттымын. Себебі мен бүгін елімнің тыныс-тіршілігіне куә болып, білім алып жатырмын. Өз елімізде еш алаңсыз оқып, халқымыздың болашағына үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз. Отанымызды мақтан тұтып, қадірлейміз.

Біз осындай татулықты, бірлікті сүйетін Қазақстан елінде тұратынымызды мақтан етеміз.

Райса НАСАН,

Бөгетсай орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Сабақ

Мен қалай бестік алдым?

Сол күн әлі есімнен кетпейді. Екі апта бойына сабақтан баға алмағаннан ба, анам сол күні маған жаратылыстану пәнін он рет оқытып қойды.

Қайта-қайта оқығаннан ба, сөздерінің бәрі жатталып, санама сіңіп қалғандай. Әншейінде бір-екі сөзден кейін кібіртіктеп қалатын әдетімнен де бүгін жаңылғандаймын. Айтқан түсінігіме риза болған анам тақырыптың соңындағы сұрақтардың да жауаптарын жаттатып (бұл жауаптар оқулықта жоқ еді), пысықтап қойды.

Сабақ бастала сала ішімдегі білгенімді жасыра алмай бірден қол көтердім. Сол күні апайымыз семинарға кетіп, орнына басқа апай келіпті. Тақтаға шықтым да сабақты еш іркіліссіз зуылдатып толық айтып шықтым. Сыныптағы оқушылар: «Айбол, саған не болған бүгін, әлде бұрынғы апайдан қорқып айтпай жүрсің бе?» — деп жатыр.

Одан соң жаңа апай тақырыптың соңындағы сұрақтарды барлық оқушыларға қойды. Сұрақтардың жауабы оқулықта берілмегендіктен, оқушылар кібіртіктеп қалып жатыр. Үйден «қатты» дайындалып келген мен тағы да ерекше көзге түстім. Апай сұрақты қояды да оқушыларға қарайды, олар маған қарайды, мен лезде жауап беремін. Менің жауабыма риза болған апай бестік баға қойды. Сыныптастарымның бұдан кейінгі сөздеріне мән бермей, үйге ұшып жеттім.

Үйдегілер де мәз-мейрам. Бәрі менің айтқанымды екі етпей, бар тәттіні менің алдыма тасып жатыр.

Сыныптастарымды да, ата-анамды да, өзімді де таңқалдырған сол күн есімде қалып қойды.

Айбол ТОЛЫБАЙ,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Ырғыз ауданы.

Тіл

Өз тілің өгейсімесін

Тіл құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі мол.

Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Тіл арқылы біз оқып, білімімізді толықтырамыз, даналар сөзінен ғибрат аламыз.

Бірақ қазіргі уақытта адамдар тілімізді қадірлемейді. Өйткені адамдардың көпшілігі басқа шет елдердің тілдерін үйреніп, сол тілде сөйлеп, қазақ тіліне мән бермейді. Тіпті кейбір қазақтың балалары қазақша сөйлемеймін деп қашқақтайды. Ал шет елдің адамдары үйрену үшін арнайы қосымша сабақтарға қатысып жүр. Олардың айтуы бойынша, қазақ тілі өте қызықты. Неге қазақтың қарадомалақ балалары қазақша сөйлемейді, ал басқа елдің адамдары қызығушылық танытады?

Ата-бабамыздан қалған асыл қазына — тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқардың «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңіндегі:

Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,

Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.

Құтылмайсың басқа тілді білсең де,

Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей.

…Ана тілде ата-баба сыры бар,

Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар?!

Өсе келе құстың тілін білсең де,

Ана тілсіз оның қандай құны бар? —

деген жолдарда өз тілің өзге тілді үйренудегі басты тірек екені баяндалған.

Тіл халықпен бірге дамиды, өркендейді. Халқымыз да, тіліміз де өркендей берсін.

Ақниет САҒИ,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік, еркіндік — еліміздің айғағы,

Желбіресін әрқашан қазағымның байрағы.

Жиырма жылда өлкеміз алып елге айналды,

Соны көріп біздің де көңіліміз жайланды.

Алтын ЖОЛДЫҒАЛИЕВА,

Шұбарши орта мектебінің оқушысы.

Темір ауданы.

Ұстаз

Жақсы жолды нұсқаған,

Ұстазым менің — күшті адам.

Алфавитті үйретіп,

Білімімді ұштаған.

Аягөз ОМАРОВА,

В.Пацаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Менің лағым

Лағым менің, лағым,

Мынау сенің бұлағың.

Су іше ғой, шырағым,

Мен сені күтіп тұрамын.

Самал НАЗАРОВА,

Әйке орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Гүлдер

Қызыл, сары, көк гүлдер,

Әдемісің бәрің де.

Кіргізетін өздерің

Табиғаттың әрін де.

Арналады сендерге

Өлеңім де, әнім де.

Гүлфайруз ОЙДАН,

№3 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы.

Қандыағаш қаласы.

Ауылым

Ауылым керемет қой көркің сенің,

Толғанып жүрегімді серпілтемін.

Сенде туып мақтандым, сенде өскенмін,

Саған деген құштарлық — дертім менің.

 

Сен қайғырма алыстап мен кеткенде,

Алыстағы аһ ұрар мендік кеуде.

Оқу оқып, жұмыс істеп, қаржы тауып,

Гүлдендірем ауылымды ержеткенде.

Гүлсезім СЕРІКБАЕВА,

Еңбекту орта мектебінің оқушысы.

Әйтке би ауданы.

Сөзжұмбақ

Менің елім

      Қалам

сағАт

  қа3ақ

     Алма

     Нан

1. Жазу құралы. 2. Уақыт есептегіш. 3. Ұлт. 4. Жеміс. 5. Ас атасы.

Құрастырған Жадыра ІДІРІСОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Мен салған сурет

Менің лағым

Суретті салған Жанель ДҮЙСЕН,

Әйке орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы

Газетіміздің өткен санындағы (11.10.2012) сөзжұмбақтың жауабы

1. Қырғыз. 2. Алма. 3. Зебра. 4. Арыстан. 5. Қасқыр. 6. Су. 7. Ту. 8. Астана. 9. Нан.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button