Білім

Ұлықталған ұлағат

Өткен аптада облыстың 23 мың педагогі кәсіби мерекелерін атап өтті. Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» ойын-сауық орталығында «Ұстаз ұлағаты мәңгілік» тақырыбында Мұғалімдер күніне арналған кеш ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға қала әкімі Ерхан Омаров, қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова қатысты.

Қала мектептерінің 350 мұғалімінің басын қосқан мерекелік салтанатқа еңбек ардагерлері, білім мен тәрбие беру ұйымдарының басшылары, үздік мұғалімдер, тәрбиешілер шақырылған. Оның ішінде оқушылары әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың, ҰБТ сынағының, республикалық зияткерлік жарыстардың, білім сайыстарының жеңімпаздары атанған 20 мұғалімді қала әкімі ақшалай сыйлықпен және Алғыс хатпен марапаттады.

— Баланың өмірден өз орнын табуға ықпал ететін ұстаздардың еңбегі зор. Ұстаздар қауымы қай уақытта да қоғамда ерекше орын алады. Елбасының жас ұрпаққа сенім артып отырғанын ескерсек, бүгінгі оқушының келешегі, елдің болашағы қандай болмағы мұғалімдерге көп байланысты. Мемлекетімізді әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе дамуға жетелеген уақыт талабына жауап беретін білімді ұрпақты дайындап шығару — бүгінгінің мұғалімінің міндеті. Шығармашылықтарыңызға зор табыс тілеймін, — деді қала әкімі Ерхан Омаров.

Оның құттықтауынан кейін бір топ оқушы ортаға шығып, себет толы гүлдерді мұғалімдерге сыйлап, вальс ырғағымен ортада билеуге шақырды.

Ал облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова өзіне сөз кезегі берілгенде «Ең үздік жыл мұғалімі» республикалық байқауының жеңімпаздары атанған Ақтөбе қаласының №23 мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Наталья Пеннер мен №29 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Клара Игілікованың ҚР Білім министрлігі ұйымдастырған мұғалімдер балында министрдің қолынан әрқайсысы 1 млн. 800 мың теңге ақшалай сыйлық алатынын жеткізіп, олардан үлгі алуға шақырды.

— Облыстың әр мұғалімі бүгін марапатқа лайық. Балаға сапалы білім беру ғана емес, тәрбиелі ұрпақ өсіру ісінде де мұғалімге ата-анамен бірдей жауапкершілік жүктелген. Әсіресе, қала мектептерінде бала тәрбиесімен айналысу ауқымды, жүйелі жұмысты талап етеді. Қазіргі мұғалімнің алдында шығармашылықпен айналысу, дарынды баламен жұмыс жүргізу, жаңа технологияларды игеру, үш тілді меңгеру сияқты ізденбесе оңай еңсерілмейтін міндеттер тұр. Сондықтан қоғамда мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін мемлекеттік деңгейде көп шаруа атқарылып жатыр. Кәсіби мерекедегі марапаттар да мұғалім мерейін өсіруге бағытталып отыр, — деді Ж. Самұратова.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің қалалық кәсіподақ ұйымының тарапынан жас мамандарға еңбек жолы үлгі болатын мықты мұғалімдердің бірқатарына еліміздің шипажайларында демалу үшін жолдамалар берді.

Мерекелік салтанаттың концерттік бағдарламасын ұстаздарға арнаған әнімен бастаған жас әнші Димаш Құдайбергенов №32 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ берген өзінің мұғалімі Роза Қуанышқызын құттықтады. Одан кейін де сахнаға шыққан бір топ жас өнерпаздардың бәрі де мұғалімдеріне арнап би билеп, ән салды.

Салтанатты кештің екінші бөлімінде мұғалімдер ұйымдастырушылар тарапынан ойластырылған интелектуалдық ойындар мен байқауларға қатысты.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button