Білім

Балдырған

Мектеп — тірек, ұстаз — жүрек

Міне, алтын күзді де орталап қалдық. Ал мен жаз бойы сыныптастарымды, достарымды, ұстаздарымды сағынып жүрдім. Мектебімді, сыңғырлаған қоңырау даусын да ұмытқан емеспін. «Сабақтарыңды оқыңдар! Адам болыңдар! Осы елімізді әлемге танытатын өздерің!» дегенді көп естимін.

Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты деп ойлаймын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей,  өнегелі ұстаздан тәлім алған шәкірт жаман болмайтыны даусыз.

Ұстаз — ұлағатты есім. Оқушыларын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік жолында бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қасиетті тұлға болып қала береді.

Осы Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке апарар жолдың бастауы мектеп болса, мектептің басты тұлғасы, жүрегі — мұғалім.

Оқушының жақсы азамат болып қалыптасуында ата-анамен қатар, мұғалімнің де ролі зор. Ұрпақ болашағы, еліміздің келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.

Ұстаз болу — жүректің батырлығы,

Ұстаз болу — сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы, — деп Ғафу Қайырбков ақын жырлаған екен.

Әрине, ұстазға артылар жүк ауыр. Өйткені адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу нағыз шеберлік емес пе?!

Бала бойына ата-анадан кейін адамгершілік қасиеттер, ақыл-ой, ар-ұят, әдептілікті сіңіруші — мұғалім. Осы ұлы тұлға ұстаз жайлы ұлы батырымыз Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» десе, Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім — мектептің жүрегі» деген. Шәкірттеріне бар білгенін үйретіп, биік шыңға жетелейтін ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз. Оқушыларының бойына адамгершілік дәнін себетін мұғалімдер турасында дана Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деген.

Шәкірттерінің заман талабына сай, біліммен қаруланған, адамгершілік қасиеттері мол болуын тілейтін ұстаздар қауымын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! 

Гүлім ГИНЕТ,

М.Құсайынов атындағы облыстық-мектеп интернаттың

7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Елорда

Әсем қала

Жазғы демалыста Астана қаласына қыдырып бардым.

Қаланың ең әдемі, қызықты жерлерін көріп таң қалдым. Аңыздағы бәйтерек, су астындағы неше түрлі балықтар, саябақтар ерекше әсер қалдырды.

Астана — арман қала, әсем қала.

Алтынбек САРҚЫТ,

Сарат орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Тілек

Мен бейбітшілікті қалаймын

Мен бейбітшілікті қалаймын, яғни соғыс өрті болмаса екен деп тілеймін.

Біздің Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өзара достық қарым-қатынас, бірлік, татулық — бейбітшілік негізі. Сол ынтымығымыз жараса берсе деймін.

Ұлы Отан соғысында 2 миллион халқымыздан айрылдық. Енді соғыс болмасын!

Сымбат ЗЕЙНЕШ,

№41 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Мақсат

Білім — біздің көркіміз

Білімді адам көрікті болады.

Білім — біздің болашағымыз. Өйткені біз білімді болсақ, армандаған мұратымызға жетеміз.

Мен күнбе күнгі сабағымды ықыласпен орындап, жан-жақты ізденемін. Болашақта дәрігер болуды армандаймын.

Бекзат СӘКЕН,

Жарөткел негізгі мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Менің ертегім

Еңбек

Бірде қасқыр тиіндердің ашықпау сырын білгісі келді.

— Тиін, осы сендер қалай ашықпайсыңдар? — деп сұрады.

— Біз еңбек етіп ашықпаймыз, — деді тиін.

Қасқыр жалқаулықты білгенімен, еңбек деген сөзді түсінбеді. Тиін түсіндірді:

— Еріншек ерініп жатты,

Күн көзінде керіліп жатты.

Еңбеккер еңбегін істеді,

Демалып күлшесін тістеді.

Қасқыр түсінгендей болып, өз жөнімен кетті.

Бекнұр ТҮМЕНОВ,

№8 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Оқушының өлеңі

Ұстазым

Ұстазым барда мақтанам,

Ұстазым барда шаттанам.

Барлық бала біледі:

Ұстаз — өмір жүрегі.

Аида БОЛАТОВА,

4-сынып оқушысы.

Мұғалжар стансасы.

Өмір тірегі

Ана — өмірдің тірегі,

Сәби — оның жүрегі.

Баласын ойлап жан ана,

Тыным таппай жүреді.

Ана — біздің әніміз,

Аялайық бәріміз.

Құрмет тұтып жүрейік,

Келгенінше әліміз.

Айдана МАЙЛЫБАЙ,

№3 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Қандығаш қаласы.

Тіл

Жүрегімді қайнатады от өрлей,

Тіл парызы жатыр неге өтелмей?!

Ақынға жыр, жүрекке нұр сыйлаған,

Ел болмаспыз тілімізді көтермей.

Мақсатым бар тіл дегенде көздеген,

Әділет пе бұл шындықты сезбеген?!

Мақал-мәтел, қара өлеңі қазақтың

Биік тұрар бәрінен де өзгеден.

Тілімізді сақтайықшы жоғалтпай,

Жүректерде алмас қылыш болаттай.

Бұрынғы өткен батыр ата-бабалар

Сөзбен жеңген дұшпандарын оқ атпай.

Гүлтәжі СҮЙІНОВА,

№2 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Ана

Уа, анам, қиындықтан жасқанбадың,

Балаңды өсіру боп басты арманың.

Мейманның бірі кетсе, бірі келіп,

Жиылмайтын береке дастарқаның.

 

Наданды сескендірдің айбатыңмен,

Мені өсірдің қажырлы қайратыңмен.

Әрқашан қабағыңды шытқан жоқсың,

Келесің көңілімді жайнатумен.

Әйгерім ЕРНАЗАРОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button