Жалпыға ортақ еңбек қоғамы
Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: тұрақтылық пен даму векторы
Қазақстанның әлемдік экономикалардың бәсекеге қабілеттілігінің жыл сайынғы рейтингінде 72-ден 51-ші орынға жоғарыға қарқынды секірісі, сарапшылардың пайымынша, қисынды және болжамды болып табылады. Бұл прогресс әлемдік жетекші экономистер атап өткендей, Қазақстан қызметінің бірден бірнеше салаларда жақсарғандығының заңды нәтижесі. Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік рейтингін белгілейтін Бүкіләлемдік экономикалық форумның пікірінше, макроэкономикалық тұрақтылық біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады.
Парламенттің V шақырылған ІІ сессиясының ашылуында 3 қыркүйекте сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтар мен алға қойған әлеуметтік жаңғырту міндетін көтеріңкі сезіммен қабыл алды. Біздің қоғам әлеуметтік дамудың айқын бағдарына ие болды. Ол Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» деп атап көрсетті. Қазақстан үшін әлеуметтік жаңғырту саясаты басымдыққа ие, оның қарқынды жүзеге асуының лейтмотиві іс жүзінде Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында көрініс табады. Әлеуметтік саланы одан әрі дамыту жөніндегі айқын бағдарлар 2012 жылғы Жолдауда да белгіленген. Тәуелсіз Қазақстанның табысты және ырғақты әлеуметтік-экономикалық дамуы осындай көзқарастың заңды нәтижесіне айналды. Әлеуметтік оптимизмнің жаңғыру үстіндегі қоғамның қуатына айналатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Біздің еліміз дамуының жоғары көрсеткіштері мемлекет пен қоғам қызметінің іс жүзінде барлық салаларын жетілдіру осы қорытындыны растай түсуде. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік оптимизм елінің көрнекі үлгісі болып табылады. Елдің экономикадағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы екі онжылдықта қол жеткізген жетістіктері сарапшылар мен тар ауқымды мамандар үшін ғана емес, былай да көзге ұрып тұр. Бүгінде сарапшылар арасында «Жалпыға ортақ жайма-шуақ» мемлекеттен «нақты мүмкіндіктер мемлекетіне» көшу) мәселесі қызу талқылануда. Бірқатар қазіргі заманғы социологтар мен экономистер өркениетті қозғалыс векторы Welfare State және Enabling State-ден бастау алады дегенді айтуда. Қазақстан Шығыс пен Батыстың артықшылықтары, кең ауқымды макроөңірлік кооперация мен жаһандық ықпалдастық үйлесім табатын өзінің әлеуметтік-экономикалық жаңғырту моделін үлкен қарқынмен жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта, әлемдік экономика дамуының қазіргі заманғы тенденцияларын, сол сияқты жеке алғандағы экономикалық қуатты және әлеуметтік жетілген мемлекеттерді ескере отырып, әлемнің бүкіл прогресшіл қоғамдастығы ХХІ ғасырдағы әлеуметтік мемлекетті қарқынды дамытуға ұмтылуда. Бұл ретте тыйымсыз, әсіре тұтыну мен әлеуметтік масылдықтан бас тарту басты шарт болып отыр. Айтқандай, таяуда өткен АҚШ-тың Демократиялық партиясының ұлттық съезінде осы партиядан президенттікке кандидаттыққа ұсынылған Барак Обама экономиканың нақты секторын күшейту мен қоғамдағы еңбекке деген құрметті қарым-қатынасты сақтауды АҚШ дамуының негізгі векторлары ретінде атағанын да атап көрсету қажет.
АҚШ бүгінде қуатты өндіріс пен адам еңбегіне ешқандай балама жоқ екенін мойындап, өз елінің экономикалық өрлеуі мен бәсекеге қабілеттіліктің көшбасшы позициясына қайта оралуын дәл осыдан көреді. Әзірге Құрама Штаттар осынау базистік қондырғыларды ескере отырып дамудың жаңа орамына дайындалып жатқанда, Қазақстан бұл бағытта алда болып шықты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев еңбек адамының рөлі мен мәртебесін арттыру қажеттігі туралы осыдан үш ай бұрын айтқан болатын. Бүгінде Қазақстанда нақты секторға бағдар ұстана отырып, экономиканы дамыту қарқынды жүруде, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында мемлекет мүмкіндігі мен әлеуметтік күтулер арасында тепе-теңдік қажет. Қазіргі заманғы әлеуметтік шындықта мемлекет «жайма-шуақ» әлемге апаратын абсолютті жолсерік болып табылмайды. Ол жағдайлар жасауға «көмектесуі» керек. Ал олар жүзеге аса ма, әлде жоқ па – ол енді адамның өзінің жауапкершілік саласына жатады. Қазақстан Республикасында дәл осындай тұжырымдама жүзеге асырылуда, өз сөздерінде Мемлекет басшысы дәл осыларды атап көрсетеді. Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты елде және әлемде орасан зор үнқатулар туғызған мақаласы әлеуметтік саясатты осылайша түсінудің іргелі импульсіне айналды. Екі ай өтпестен Интернеттегі іздестіру жүйелері 8 миллион сілтеме келтірді! Әсіресе, мақала сарапшылық қоғамдастықта үлкен қызығушылық тудырды. Ол әлеуметтік тақырып бойынша жаңа зерттеулер жүргізуге ынталандырушы қызмет атқарды. Алғашқы зерттеулерді үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың төрағалығымен құрылған Қоғамдық келісім және әлеуметтік жаңғырту саласындағы сарапшылық кеңес мүшелері жүргізді. Құрамына белгілі сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен меморгандар өкілдері кіретін сарапшылық кеңес сындарлы үнқатысу алаңқайы ретінде көкейкесті талдамаларды жинақтауға назар аударады. Сарапшылар Қазақстанның ТМД елдерімен және әлемнің өзге елдерімен салыстырғандағы әлеуметтік көрсеткіштеріне талдау жасады. Мұндай көзқарас Қазақстанның Еуразия өңіріндегі және әлемдегі әлеуметтік мемлекет ретіндегі орнын көрнекі түрде айқындауға жағдай жасады.
Дерек пен дәйек
Қазақстанда 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында ІЖӨ 12,4 триллион теңгені құрады.
Сарапшылар бірнеше тақырыптық блоктар көрсеткіштерін қарастырды:
● экономиканың өсуі: ІЖӨ динамикасы;
● халықаралық рейтингтерге қатысу;
● ауыл шаруашылығының дамуы;
● құрылыс динамикасы;
● кедейшілік пен жұмыссыздықты еңсеру;
● еңбекақының өсуі;
● білім беру жүйесінің дамуы;
● зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің дамуы.
Қазақстан экономикасының дамуы: ІЖӨ динамикасы
ІЖӨ-нің 10 жыл ішіндегі өсуі
Ішкі жалпы өнім динамикасы елдің табысты дамуын бағалауда шешуші маңызға ие. Соңғы 10 жылда экономика көлемі және сонымен бірге Қазақстан тұрғындарының әл-ауқаты 2 еседен астамға артты. Егер 2000 жылы республикада ІЖӨ 2 600 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы ол 6 200 млрд. теңгені (2000 жылғы бағамен) құрап, 138 %-ға ұлғайды.
ІЖӨ өсімі бойынша Қазақстан он жылда тек 60%-ы ғана болған Украина, Ресей – 66%, Өзбекстан – 111% сияқты елдерден алда тұр.
Қазақстанның және ТМД елдерінің 2011 жылғы ІЖӨ-сі
Қазақстан дамуының дағдарыстан кейінгі дамуы өзіне назар аудартады. Қазақстан дағдарысты еңсере отырып, өсу жолына шықты. 2011 жылы Қазақстанда ІЖӨ 186,1 млрд. АҚШ долларын құрады. 2010 жылмен салыстырғанда өсім 7,5%-ды құрады. ІЖӨ көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның Украина, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, тағы басқа елдерінен алда тұр. Украина халқы 45,5 миллион адамды құрап, Қазақстанға қарағанда 2,7 есе дерлік көп болғанына қарамастан, Қазақстан ІЖӨ-сі Украина ІЖӨ-сі (165 млрд.) көлемінен асып түсті.
ІЖӨ-нің жан басына шаққанда өсуі
Жан басына шаққандағы ІЖӨ статистикадағы шешуші көрсеткіштердің бірі болып табылады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД-ның бүкіл елдерінен (Ресейден басқа) алда тұр. 2011 жылы Қазақстанда ІЖӨ тұрғындар басына шаққанда 11,2 мың долларды құрады (2010 жылмен салыстырғанда өсім 25%).
Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ Украинаға қарағанда 3,2 есе көп және Өзбекстанға қарағанда 7,4 есе көп. Сонымен бірге Қазақстан мен ТМД бойынша орташа көрсеткіш арасындағы айырма азаймай, керісінше, ұлғая түсуде.
Еуропа аясындағы Қазақстан ІЖӨ-сі
Қазақстан ІЖӨ-сінің сенімді өсуі тек ТМД елдері деңгейінде ғана емес, сонымен бірге Еуропа одағы елдері мен бүтіндей алғанда Еуропа деңгейінде де көзге ұрып тұр. Халықаралық валюта қорының мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы Қазақстан ІЖӨ-сінің деңгейі 7,5 пайыз құрады. Бүкіл Еуропа елдері ішінде бұл көш бастаушы орын. Мәселен, Германия 2011 жылы – 2,7%, Франция – 1,7%, Италия небәрі 0,6% өсімге қол жеткізді. Ал Грекияда ІЖӨ құлдырады және бірден 5%-ға құлады.
Қазақстан халықаралық рейтингтерде
Адам дамуының индексі
Адам дамуы туралы баяндама БҰҰ Даму бағдарламасымен 1990 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді. Баяндамада даму дегеніміз – ол басты тұрғыда адамдар мүмкіндігін ұлғайтуға бағытталған үдеріс деп атап көрсетілген. Адам дамуының индексі (АДИ) ІЖӨ индексіне халықаралық мойындалған балама болып табылады.
АДИ экономикалық өсім ғана емес, адамдар мен олардың өмірлері де елдер дамуын бағалаудың басты критерийлері болуы керектігін көрсету үшін әзірленген.
Адам дамуы бойынша жыл сайынғы есептерде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі дамыған елдер бірінші орынға шығады.
АДИ елдер жетістіктерін бірқатар аспектілер бойынша өлшейді: ұзақ және жақсы денсаулықтағы өмір, білім, білім берудің ұзақтығы, жан басына шаққандағы ІЖӨ, лайықты өмір деңгейі. Адам дамуы туралы БҰҰДБ-ның 2011 жылғы «Тұрақты даму және мүмкіндіктер теңдігі: барша үшін де жақсы болашақ» атты баяндамасында Адам дамуы индексі бойынша 187 елдің рейтингі келтірілген.
Қазақстанда АДИ 0,745-ке тең, оны адамның даму деңгейі жоғары елдер тобына қосады. 15 жылдағы тенденция мынандай: 1995-тен 2011 жылға дейін Қазақстанда АДИ 0,636-дан 0,745-ке дейін немесе 17%-ға (яғни жыл сайынғы өсім шамамен 1%) өсті.
Бұл біріншіден, Қазақстанда әлеуметтік саланың тұрақты дамығанын, екіншіден, Қазақстанның АДИ бойынша рейтингінің біртіндеп тұрақты өскенін көрсетеді.
Қазақстанмен бірге ТМД елдері ішінен адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобына Беларусь, Ресей, сол сияқты Грузия енді. Қазақстанның АДИ-де қол жеткізген маңызы Бразилияның (0,718), Түркияның (0,699), Иорданияның (0,698) және Қытайдың (0,687) көрсеткіштерінен асып түседі.
Бақыттың халықаралық индексі
Бақыттың халықаралық индексі (БХИ) адамдардың әл-ауқаты мен қоршаған орта жағдайын бейнелейтін индекстен тұрады. Оны 2006 жылы News Economics Foundation ұсынған.
Индекстің басты мақсаты – жан басына шаққандағы ІЖӨ-ні есепке алмастан, ұлттың әл-ауқатын бейнелеу. Бұл индексте адамдардың көбінің түпкі мақсаты бірінші кезекте бақытты және дені сау болу керек деген басты шарт ретінде алынады.
БХИ адамдардың көбі ұзақ және толыққанды өмір сүргілері келеді, ал елдер қолда бар ресурстарды ойлы пайдаланып, қоршаған ортаға нұқсан келтірмей, өз азаматтарының әл-ауқатын барынша жақсартуға қол жеткізу үшін мүмкіндіктердің бәрін жасауға ұмтылады деген жалпыға бірдей қағидаттарға негізделеді.
Бақыттың халықаралық индексі үш көрсеткіш негізіне есептеледі:
– адамдардың өз өміріне қанағаттануы,
– өмірдің күтілетін ұзақтығы,
– «экологиялық іздер» (адамның табиғатқа ықпалы).
АДИ мен БХИ ІЖӨ индексіне қатысты толықтырушы функцияны атқарады.
Егер 2006 және 2009 жылдардағы БХИ зерттеулерін салыстырсақ, онда осы кезең ішінде Қазақстанның 34 пунктке жоғары көтерілгенін атап өту қажет.
БХИ бойынша республика Чехиямен (38,3) және Украинамен (38,1) бір топта тұр және Латвияны, Ресейді, Беларусьті және Данияны, АҚШ-ты, Люксембургті және БАӘ-ні басып озды. Бұл индексте Қазақстан оң динамикаға ие.
Ауыл шаруашылығының дамуы
Аграрлық серпіліс
Өндіріс саласы ішінен бірінші кезекте ауыл шаруашылығындағы табыстарды атап өту қажет. 2011 жылы Қазақстанда 2,26 трлн. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері шығарылды, ол 2010 жылға қарағанда 26,7%-ға көп.
ТМД елдері ішінде ауылшаруашылық өнімі өндірісінің өсуі бойынша біздің еліміз бірінші орын алды. Ресейде 2011 жылы өсім 22%, ал Беларусь пен Өзбекстанда тек – 6,6%, Молдовада 4,6% ғана болды.
Қазақстанның аграрлық секторының зор әлеуетін ескере отырып, одан әрі де отандық ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің ұлғаятындығын күту қажет.
Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің дамуы
Қазақстан мен ТМД-дағы зейнетақылар: мөлшері және динамикасы
Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде халықты зейнетақымен қамтамасыз етуде белсенді, тәжірибе көрсетіп отырғандай, мейлінше тиімді шаралар қабылдауда.
2011 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері (доллармен) Қазақстанда 163-ті, орташа зейнетақы мөлшері 244-ті құрады. Бұл ТМД-дағы көш бастаушы позиция. Салыстыру үшін: Әзербайжанда ең төменгі зейнетақы – 108, орташа – 184, Беларусьте – 64 және 132, Өзбекстанда – 32 және 82.
Егер Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандыруды дамыту динамикасына зер салсақ, оның үнемі тұрақты өсіп отырғанын атап өтуге болады. 2007-2011 жылдар ішінде зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшерінің динамикасы (доллармен) Қазақстанда былайша болды: 2007 жыл – 85, 2008 жыл – 106, 2009 жыл – 140 және 2011 жыл (атап өтілгендей) – 163.
Зейнетақы төлемдерінің мұндай динамикасы Қазақстанның ТМД-ның бүкіл елдері ішінде көш бастаушы позицияны иеленуіне жағдай жасады. Мәселен, Ресейде 2007 жылы ең төменгі зейнетақы (доллармен) 64-ті, 2009 жылы 94-ті құрады, Беларусьте дағдарыс жылдарында тіпті ең төменгі зейнетақының төмендеуі орын алды: 2007 жылы – 72, ал 2011 жылы – 64. Осы жылдар ішінде Тәжікстанда ең төменгі зейнетақы болды – 2007 жылы – 6, 2011 – 17.
Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту
Мектептер мен балалар бақшаларының құрылысы
Әлеуметтік сала нысандарының құрылысы – Қазақстан әлеуметтік саясатының аса маңызды және басым бағыттарының бірі. Бұған іс жүзінде Мемлекет басшысының барлық Жолдаулары бағдарланған.
2011 жылы Қазақстанда жалпы білім беретін мектептерде 25,4 мың оқушы орны пайдалануға берілді. Және бұл 2000 жылғыдан 2,6 есе көп.
Оқушы орындарын пайдалануға қосу бойынша Қазақстан ТМД-ның барлық елдерінің алдында тұр. Салыстырмалы түрде алғанда, 2011 жылы Әзербайжанда 12,6 мың оқушы орны, Беларусьте – 3,6 мың, Арменияда – 0,4 мың оқушы орны пайдалануға берілді.
Қазақстан балалар бақшасы құрылысы саласында алға қарышты қадам жасады. Өткен жылы 17,9 мың орын мектепке дейінгі мекеме қатарға қосылды (Беларусьте – 1,3 мың орын, Әзербайжанда – 0,3 мың).
Соңғы 10 жылда Қазақстандағы мектепке дейінгі ұйымдар саны 4 еседен астамға көбейді. Егер 2000 жылы тұрақты мектепке дейінгі мекемелер саны бар-жоғы 1 089 болса, 2011 жылы олардың саны 6 133-ке жетті.
ТМД елдерінде осы кезеңде балалар бақшасының саны орташа алғанда тек 2 есе ғана өсті.
Жаңа ауруханалар мен емханаларды пайдалануға беру
Заманауи ауруханалар мен емханалар қарышты қадаммен салынуда.
2011 жылы 2,6 мың жаңа аурухана төсегі пайдалануға берілді. Амбулаторлық-емханалық мекемелер желісі жыл сайын теңейе түсіп келеді. Тек 2011 жылы ауысымына оларға барудың саны 6,8 мың адамға ұлғайды.
2000 жылмен салыстырғанда 2011 жылы Қазақстанда аурухана төсегі 20 есе өсті, амбулаторлық-емханалық мекемелерде 18,5 есе артты (ауысымына).
Аталған параметрлер бойынша ТМД елдерінің көрсеткіштері Қазақстандағыдан ондаған есе төмен. Мәселен, 2011 жылы Беларусьте бар-жоғы 0,7 мың аурухана төсегі пайдалануға берілсе, Әзербайжан мен Тәжікстанда одан да аз – сәйкесінше 0,3 мың және 0,2 мың. Осылайша, әлеуметтік бағыттағы нысандарды қатарға қосу жөнінен Қазақстан ТМД-ның басқа барлық елдерінің алдында тұр.
Білім беру жүйелерін дамыту
Ересектердің сауаттылық деңгейі
Елдің әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіші білім беру жүйесі болып табылады. Білім беру деңгейі бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар санатында.
БҰҰ ДБ-ның «Орнықты даму мен мүмкіндіктер кеңдігі: барлығы үшін жақсы болашақ» баяндамасында 2011 жылы Қазақстандағы ересек тұрғындардың сауаттылық деңгейі 99,7 % құрайтыны атап өтіледі. Бұл біздің елімізге әлемнің 187 елінің ішінде аталған көрсеткіш бойынша көшбасшы позициялардың бірін иеленуге мүмкіндік берді.
Ересек тұрғындардың сауаттылық деңгейі жөнінен Қазақстанға жақыны Ресей – 99,6 %, Италия – 98,9 %. Айтарлықтай төменгі көрсеткіштер Сингапурда – 94,7 % және Түркияда 90,8 %.
Бастауыш және орта білім беру:
АДИ рейтингі бойынша қамту
Қазақстан балалар мен жастарды бастауыш және орта білім берумен қамту бойынша 187 елдің ішінде Адам дамуы индексінің рейтингінде жоғары орында тұр.
Қазақстанда бастауыш білім берумен қамту деңгейі 108,8-ді құрайды. Мұның үстіне, Қазақстанға жақын топта Франция – 108, Австралия – 106, Корея – 104, Германия – 103 секілді дамыған елдер бар. Айтарлықтай төмен көрсеткіштер Түркия – 99, Сауд Арабиясы – 98, АҚШ – 98, Украина – 97, Ресей 96 сияқты елдердің еншісінде.
Қазақстандағы орта біліммен қамту деңгейі 98,5-ті құрайды. Бұл тіпті 97 көрсеткішіне ие Корея, Швейцария – 96, Чехия – 95, Украина – 94 секілді елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Орта біліммен қамту көрсеткіші бойынша бұдан да аз деңгей Грузияда – 87, Түркияда – 82, Қытайда – 78.
Аталған көрсеткіштер Қазақстанның бастауыш және орта білім беру жүйелерінде табысты және тиімді дамып келе жатқанына қосымша айғақ болып табылады.
Студенттер мен білім алушылардың саны
Дамыған білім беру жүйелерінің тағы бір маңызды көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққандағы білім алушылардың саны болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіштер ең жоғары деңгейде.
Мысалы, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде (колледждер мен т.б.) оқып жатқандар саны Қазақстанда 10 мың тұрғынға шаққанда 368 адамнан келеді.
Бұл көрсеткіш бойынша республика ЭДЫҰ елдері арасында көшбасшы позицияда тұр. Қазақстан 253 адам көрсеткіші бар Норвегияны және 237 адам көрсеткіші бар Ресейді басып озған. Франция – 180, Ұлыбритания – 135, Венгрия – 71 сияқты елдер көрсеткіші мүлдем төмен.
Сондай-ақ Қазақстан көптеген әлемдік державалардан (Франция, Ұлыбритания, Германия) тұрғындардың 10 мыңына шаққанда студенттер саны бойынша – 377 адамымен айтарлықтай озып кетті. Бұл цифр Францияда – 338, Ұлыбританияда – 272, Жапонияда – 222, Чехияда – 147, Әзербайжанда 59 адамды құрайды.
Еңбекақының өсуі
Қазақстанда соңғы 10 жылда орташа айлық номиналды еңбекақы
6 еседен астамға ұлғайды. Егер 2000 жылы орташа айлық номиналды еңбекақы 14 374 теңгені құраса, ал 2011 жылы 90 028 теңгені құрады.
ТМД тұрғысындағы еңбекақы
Халықтың табысты экономикалық дамуы мен әл-ауқаты жоғарылауының дәлелі орнықты еңбекақының өсімі болып табылады.
Қазақстанда соңғы 10 жылда, 2000 жыл мен 2011 жыл аралығында, орташа айлық номиналды еңбекақы деңгейі 6,3 есе ұлғайды. Егер 2000 жылы орташа айлық номиналды еңбекақы көлемі 14 374 теңгені құраса, ал 2011 жылы ол 90 028 теңгені құрады.
Осы көрсеткіш бойынша ТМД елдеріндегі жағдай қалай? Достастық елдер арасында Қазақстан еңбекақы көлемі бойынша 2000 жылдан бері көптеген елдерден тұрақты озып келеді. Атап айтқанда, 2010 жылы номиналды еңбекақы (доллармен) Әзербайжанда – 414, Беларусьте – 406, Украинада – 282, Тәжікстанда 80-ді құрады.
Кедейшілік пен жұмыссыздықты еңсеру
Қазіргі әлемдегі кедейшілікпен күрес
ТМД-ның барлық елдеріне қатысты қарағанда, 2011 жылы Қазақстанда табысы кедейшілік деңгейінен төмен ең аз тұрғындар тіркелгенін ерекше атап өткен абзал. Және бұл Қазақстан әлеуметтік саясатының қомақты және ең басты табыстарының бірі болып табылады.
Біздің еліміздегі кедейшілік деңгейі АҚШ – 2,8 есе және Жапония – 3 есе сияқты дамыған елдерден айтарлықтай төмен.
Жұмыссыздықты қысқарту
Қазақстандағы әлеуметтік саланың ырғақты даму оң үрдісін тұрғындардың еңбекпен қамтылуы туралы статистикалық мәліметтер де қуаттайды. Соңғы онжылдықтар беделінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2 еседен астамға төмендеді. Егер 2000 жылы республикадағы жұмыссыздық деңгейі 12,8 % құраса, 2011 жылы ол 5,4 %-ға, яғни 2,4 есеге азайды.
Салыстыру үшін: ТМД елдерінің арасында ең үлкен жұмыссыздық Тәжікстанда тіркелді – 11 %, Қырғызстанда – шамамен 9% және Украинада – 8%.
Қазақстанның көрсеткіштері (және олардың динамикасы) жұмыссыздық деңгейі бойынша экономикалық дамыған елдермен салыстырғанда да позитивті. Еуроаймақта жұмыссыздықтың орташа деңгейі – 10 %. Атап айтқанда, Испанияда – 21%, Францияда – 9,7 %, Италияда – 8,4 %, ал АҚШ-та – 8,9 %.
Өсу цифры
Қазақстандағы кедейшілік деңгейі АҚШ көрсеткішінен 2,8 есе төмен
Қорытындылар
Қазақстан мен Еуразия өңіріндегі елдердің әлеуметтік даму саласындағы статистикасын салғастыру арқылы бұлардан бірқатар тұжырымдар жасауға болады
Біріншіден, Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мақсатты әлеуметтік саясат жүзеге асырылып келеді.
Оның үстіне, Қазақстанның 90-шы жылдардың басындағы тырнақалды жағдайлар, сарапшылар қоғамдастығына жақсы белгілі болып отырғанындай, ТМД-ның басқа көптеген елдеріне қарағанда айтарлықтай күрделі еді. Алайда, бүгінде Қазақстан орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуда көшбасшы болып отыр.
Екіншіден, Президент Н.Ә.Назарбаев бастамашылық танытқан нақ осы белсенді әлеуметтік саясат Қазақстанның ТМД-да мектепке дейінгі мекемелер саны, кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту, ауыл шаруашылығы өндірісінің деңгейі жөніндегі көрсеткіштер бойынша бүгінде көшбасшы позициясын қамтамасыз етті.
Сондай-ақ бұл Қазақстан тұрғындарының жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі, оқушылар орны мен аурухана төсегін ұлғайту, еңбекақы өсімі және ең аз және орташа зейнетақы көлемі бойынша көшбасшы топқа енуге мүмкіндік берді.
Бұл көшбасшылық соңғы ондаған жылдар бойы сақталып келеді.
Оның үстіне Қазақстанның табыстары жай сандық көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар, сенімді өсім қарқынымен де айқындалып отыр.
Үшіншіден, Қазақстан бірқатар көрсеткіштер бойынша Еуропа мен әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Бірінші кезекте, бұл ІЖӨ өсімі көрсеткіштеріне, ересектердің жоғары сауаттылық деңгейіне, бастауыш және орта біліммен қамтуға, сондай-ақ студенттер мен білім алушылардың санына қатысты. Және бір маңыздысы, Қазақстанда көптеген елдерге қарағанда, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасуда.
Адам индексінің дамуы мен халықаралық бақыттылық индексі сияқты әлеуметтік бағыттылыққа ие іс жүзіндегі барлық халықаралық рейтингтерде Қазақстанда жыл сайын оң динамика байқалып отыр.
Атап айтқанда, адам дамуы индексі бойынша Қазақстан көшбасшы топта тұр. Сондай-ақ бақыттылықтың халықаралық индексі бойынша Қазақстан ТМД-ның көптеген елдерінің алдына шығып кеткен.
Тұтастай алғанда, Қазақстан жаһандық деңгейде тек ТМД елдерінің ғана емес, сондай-ақ әлемнің көптеген дамыған елдерінің алдын орап, өмір сапасы жоғары топта тұр.
Төртіншіден, Қазақстан дағдарыс жылдарында және дағдарыстан кейінгі кезеңдерде де әлеуметтік салада оң динамикасын сақтап қалды. 2007-2008 жылдарғы кезеңге дейін жинақталған «беріктік» қоры мемлекетке өзінің барлық әлеуметтік міндеттерін орындауға мүмкіндік берді. Бұған қоса, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстан, қуанышқа қарай, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын, зейнетақыны, стипендияны, жүктілік және туу мен басқа да жағдайлар бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды төлеген бірден-бір ел болды. Сол шақта іс жүзінде әлемнің барлық елдерінде әңгіме тек әлеуметтік төлемдерді азайту, жұмыс орындары мен еңбекақыны қысқарту туралы жүріп жатты.
Сарапшылар атап өтіп отырғанындай, жаһандық дағдарыс жағдайында көптеген елдерде сенім ресурстары теріс эмоциялармен, экономикалық сілкіністермен, пессимизмнің өсуімен күрт азайып кетті.
Осы тұрғыда Қазақстанның экономика мен әлеуметтік саланы басқарудың шынайы да тиімді тетіктерімен нығайтқан болашаққа нақты сенімі жаһандық дағдарыстың тайғақ кешулерін бұзып өткен энергетиканың негізі болып табылады.
Бесіншіден, Қазақстанда белсенді әлеуметтік саясат пен экономиканы дамыту арасында тепе-теңдік сақталғанымен, экономикаға әлеуметтік салмақ салуға жол беріліп отырған жоқ.
Алтыншыдан, қазақстандықтар тәуелсіздік жылдарында өз өмірлерінің шекарасынан асып, басқа халықтар тұрмысының биігіне көз жүгіртуді де үйренді. Бұл саламатты әлеуметтік шамшылдыққа ынталандырып, әлемдік трендтер арнасында болуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік зерттеулер көрсетіп отырғанындай, Қазақстан барлық посткеңестік елдерден біздің қоғамдық психологияда әлеуметтік оптимизм жеткілікті түрде кеңінен тамыр жайғанымен ерекшеленетінін қуаттайды.
Жетіншіден, ішкі саяси тұрақтылық, экономикалық өсім мен әлеуметтік оптимизм ел дамуының жаңа кезеңінде әлеуметтік жаңғыртуға бағыт ұстануға мүмкіндік берді.
Бұл бағыттың ядросы Қазақстан қоғамының резервтері ашылуын ынталандыруға мүмкіндік беріп, пассивтік-масылдық көңіл-күйге тосқауыл қоятын және барлық салаларда лайықты адал және тиімді еңбек мәртебесін көтеретін Президент Н.Назарбаевтың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы тұжырымдамасы болып табылады.
Сегізіншіден, елдің қолдағы экономикалық, ресурстық, әлеуметтік, интеллектуалдық әлеуеті Қазақстанның қазіргі әлеуметтік табыстарында ұзақ мерзімді құбылыстарды көруге, әлеуметтік салада ТМД-дағы оның көшбасшылық позициясын болашақта нығайта түсуге мүмкіндік береді. Бұл үшін барлық жағдай бар.
Осылайша, салыстырмалы талдау көрсетіп отырғанындай, Ұлт көшбасшысы бастамашылық танытқан әлеуметтік жаңғырту саясаты Қазақстанда табысты жүзеге асырылып келеді және тәуелсіздіктің 20 жылының нақты нәтижесі мен болашаққа оптимистік бағдар болып табылады.
Әлеуметтік дамудың қол жеткен деңгейі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының құндылықтары мен шындықтарын нығайта түсу үшін берік негіз. Конституция күніне арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей: «Нақ Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамында еңбексүйгіш адам өзін толық көлемінде өз тағдыры мен өмірінің қожайыны сезінетініне сенімдімін».
Материалды Қоғамдық келісім және әлеуметтік жаңғырту саласындағы сарапшылық кеңесі ұсынған.
2012 жылдың мәліметтеріне шолу үстіміздегі жылдың соңында берілетін болады.
«Егемен Қазақстан» газеті,
15 қыркүйек 2012 жыл.



