Әлеумет

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы: Ақтөбе — көштің басында!

Ақтөбеде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Мұны жетілдіре түсу, қаржыландыру тетіктерін қарастыру, кондоминуим нысандарын тиімді басқару, тұрғын үй шаруашылығына энергия үнемдеу технологияларын енгізу секілді жұмыстарды одан әрі жандандыру қажет.

Ақтөбеде өткен «Тұрғын үй ғимараттарында энергия үнемдеу: тиімді басқару және энергия тиімділігі технологиялары» тақырыбындағы көшпелі семинарда осы мәселелер талқыланды, және аталған салада жасалған, жасалуға тиісті жұмыстар жөнінде айтылды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ мен Ақтөбе облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған шараға «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалы ресми қолдау көрсетті.

 

Биыл 24 үй жөнделеді

Семинарға келген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нарығына қатысушылар —  кондоминуим обьектілерін басқару органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, тұрғын үй инспекциясы мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат алып, энергия үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде ұсыныстарын айтты, тәжірибе алмасты.

— Ақтөбе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуы бағдарламасын іске асыру бағытында көш бастап отырған өңірлердің қатарында. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының көрсеткіштері жоғары. Осы орайда Ақтөбе облысында жасалған жұмыстардың оң тәжірибелерін сараптай отыра, семинар барысында айтылған ұсыныстардың барлығы есепке алынатын болады, — деді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ білім дамыту орталығының жетекшісі Есенбай Исламов. 

Көпәтерлі тұрғын үйлерді жөндеудің екі механизмі бар. Біріншісі — күрделі, екіншісі — ағымдағы жөндеу жұмыстары. Е.Исламовтың айтуынша, бұл екі механизмнің қайсысын таңдаса да тұтынушының өз еркі. Барлығы қаржыға келіп тірелетіндіктен, кей жағдайда қолданатын технология да, материалдар да сапасыз болып шығады.

— Бұл дұрыс емес. Бағдарламаның негізгі мақсаты — кешенді, яғни энергияны үнемдеу технологияларының озық түрлерін қолдану. Шатырды, жертөлені, инженерлік желілерді жөндеп не жаңартып алғаннан кейін, жөндеу жұмыстарын кем дегенде 20 жыл қозғамайтындай болу керек, — деді Е.Исламов.

Оның айтуынша, алдымен 60-70, тіпті одан ертеректе салынған үйлерді жөндеуге басымдық беріледі. Мысалы, Павлодарда 1930-1950 жылдары салынған көпқабатты азып-тозып тұрған үй жөнделіпті, қазір ол ескі Еуропаның үйлерінен кем емес көрінеді.     

Деректер бойынша, қазір еліміздегі көппәтерлі тұрғын үй қорының жалпы көлемі — 157,7 млн шаршы метр. Соның 2 пайызы апатты жағдайда тұр, ал 32 пайызы, яғни 50 087 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Елбасының тапсырмасы бойынша, 2015 жылға қарай бұл 32 пайыз 22-ге түсуі тиіс.   

Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығы Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, былтыр терможаңғырту бағдарламасы бойынша Ақтөбеде 55 тұрғын үй жөндеуден өткен. Биыл тағы 24 үй жөнделеді. Оның 4-еуі — бірінші, 20-сы екінші механизм бойынша жаңартылмақ.

— Жалпы, республикалық бюджеттен облыс үшін бұл мақсатта 812 миллион теңге қаржы бөлінді. Осының 562,5 миллион теңгесі Ақтөбеге берілді, — деді ол.

Ақтөбе қаласындағы мың жарымнан астам көппәтерлі тұрғын үйдің 30 пайыздан астамы жөндеуді қажет етеді. Бір қуантарлығы, бағдарламаны түсініп, соның арқасында үйлерін жаңартуға ниет етіп отырған тұрғындар саны артып келеді екен.

Семинардан соң бағдарламаны жүзеге асырушылар құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлерді аралады. Ибатов көшесіндегі №55, Әбілқайыр хан даңғылындағы №6 және Махамбетов көшесіндегі №20 үйлерге ат басын тіреді. Ибатов көшесіндегі бес қабатты үйдің тұрғындары екінші механизм бойынша жөндеу жүргізіп жатыр. Олар алдымен үйдің шатырын жөндеуге ниет еткен. Ал айтылған екі үйде күрделі жөндеу басталған.

 

Масылдық көңіл күйден арылуымыз керек

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ерлан Блиевтің айтуынша, өңірдегі энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу технологияларын арттыру, тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту үшін ірі инвесторларды тарту керек.  

— Үкіметтің 2011-2020 жылдарға арналған аймақтарды қолдау бағытындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» және «Ақбұлақ» бағдарламаларының аясында облыста екінші жыл қатарынан аталған бағытта жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді  — ескірген жылу, су құбырлары, кәріз және электр желілерін жөндеу, жаңғырту жөніндегі жобалар жүзеге асырылуда. Көппәтерлі үйлер жөндеуден өтіп жатыр.    

Облыс орталығындағы және басқа елді мекендердегі желілердің әбден тозығы жеткендері бар. Бұлар инженерлік коммуникациялардың дұрыс жұмыс жасамауына, апатты жағдайлардың орын алуына, материалдық-техникалық ресурстарды артық шығындауға, су мен энергияны шамадан тыс пайдалануға әкеліп соқтыруы мүмкін. Желілер мен жүйелер құрылғыларының жағдайы тиісті деңгейдегі коммуналдық қызмет көрсету талаптарына сәйкес келмейді, — дейді Е.Блиев.     

Оның айтуынша, тұтынушылардың электр мен жылуды үнемдеуге аса құлқы жоқ секілді. Энергияны шамадан тыс пайдалану соның салдарынан болса керек. Қазір көптеген үйлерде есептеу құрылғылары мен жылу энергиясын реттеу құралдары жоқ, соның салдарынан радиаторлар күн жылына бастаған мезгілдерде де толық қуатында жұмыс жасайды. Ыстықтың әсерінен тұрғындар үйдің есіктері мен терезелерін ашып қоюға мәжбүр болады.

— Сондықтан, аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін тұрғындар арасында энергияны үнемдеуді жиі насихаттау қажет, — дейді Е.Блиев.

Былтыр Ақтөбеде бірінші механизм бойынша 8 үй, екінші мехнизм бойынша 47 үй жөндеуден өтті. «Екі жылда бір рет өткізілетін әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде сіздің өңірде жасалған бұл жұмыстардың сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын анықтадық. Бұл Ақтөбенің жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айғақтайды», — дейді Е.Исламов.

Е.Исламов, сондай-ақ аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында пәтер иелері кооперативтері төрағаларының ролі туралы да айтып өтті. Оның пікірінше, қазір ПИК төрағалары бұл жұмыстан шет қалып отырғанға ұқсайды.

— Осы жұмысқа білегін түре кірісіп кетудің орнына ПИК төрағаларының неге «сен тимесең, мен тиме» позициясын ұстанып отырғандарына таңмын. Мемлекет оларға бірнеше жыл бойы басқарып отырған үйлерді жөндеуге тамаша мүмкіндік беріп отыр емес пе? — дейді Е.Исламов…

Оның айтуынша, біздің қоғам «мемлекет бәрін жасап береді» деген масылдық көңіл күйден толық арыла алмай келеді, өз өміріміз үшін, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өзіміз жауапты болып үйренуіміз керек.

 

Семинар барысында «Нұр Отан» ХДП филиалының партиялық бақылау инспекторы Амангелді Мектепбаев аталған бағдарламаның өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылайтын арнайы бекеттер ашылғанын, осы бекеттердің жұмысының жайын мәлім етті. Сонымен қатар көпәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау, оларды жөндеу үшін тұрғын үй көмегін алудың ережелері, күрделі жөндеу жүргізу барысындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ролі, көпәтерлі үйлерді басқарудың тиімді тәсілдері, жөндеу жүргізудің алгоритмдері, ұсынылатын пакеттері, т.б. тақырыптарында баяндамалар оқылды.

Қатысушылар «Капитал-Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында осы тақырыпқа байланысты арнайы ұйымдастырылған көрмені де тамашалады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button