Әлеумет

Шежірелі жылдар, кемелді кезеңдер

Биыл облысымыздағы өзіндік шежіресі бар, тағылымы мол тарихқа бай  Шалқар ауданының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Бұл — өткен жолдарды саралап, алдағы күндерге ауқымды міндеттер белгілеудің аралық кезеңі іспетті.

Осы мереке тұсында біз аудан әкімі Рахат Сыдықовпен сұхбаттасып, елдің бүгінгі ахуалы, мерекеге дайындық барысы туралы әңгіме өрбіткен едік.

 

— Ауданның құрылу тарихын сексен жылмен есептегенмен жалпы бұл өңірдің тіршілігі көне кезеңдерден бастау алып келе жатқаны белгілі ғой. Сондықтан әңгімемізді аймақтың ахуалына шолу жасаумен бастасақ.

—   Шалқар ауданы — облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Бастапқыда 1921 жылы аудан болып құрылған. 1922 жылы аумағында 6 болыс кіретін уезд, 1924 жылы 20 болысы бар аудан, ал 1932 жылы қазіргі облыс құрамында Шалқар ауданы болып құрылды. Жер аумағы — 62,2 мың шаршы километр. Орталығы – Шалқар қаласы талай тарихи кезеңді бастан өткеріп келеді.

Аудан тұрғындары 45 мың  шамасында. Аудандағы 48 елді мекен 1 қалалық және 12 ауылдық округке біріктірілген.

Кешегі күндері бұл аумақта сегіз кеңшар жұмыс істеді. Соның біреуінде ғана, мәселен, алпыс мыңдай қой өсірілгенін ескерсек, сол кездегі мүмкіндіктерді шамалауға болады. Әрине, заман ағымына, нарыққа көшуімізге байланысты сол көп мал ысырапсыз жұмсалды, айырбасқа кетті. Енді жеке қожалықтар өз еңбектерімен сол игіліктерді қалпына келтіруге ұмтылуда.

Облыстың 26,6 пайызы аумағын алып жатқан Шалқар ауданының жер бедері әр қилы. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 150-200 миллиметр. Аудан өте қуаң, шөл және шөлейт белдеуде орналасқандықтан, оның топырақ жамылғысының құнары да төмен. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, ақбөкен, қарақұйрық, жабайы шошқа, сарышұнақ, аламан, тағы басқалары тіршілік етеді.

Табиғаты қуаң осындай аймақта тіршілік кешудің де өзіндік қиындықтары бар. Бұған ауданның Арал апатты аймағы зардаптарын кешіп отырғанын және қосыңыз. Соған қарамастан ел тұрғындары ұйымшылдықпен еңбек етіп, алға ұмтылып келеді.

— Сексен жылдық белесті бағындырып отырған өңірдің бүгінгі шыққан биігі қандай? Әлеуметтік-экономикалық даму қандай деңгейде? Ілгерілеулер бар ма?

— Бұл сауалыңызға соңғы деректермен жауап қайтарайын. Биылғы алғашқы жартыжылдықта ғана өнеркәсіптік өнім өндіруші кәсіпорындар тұрақты жұмыс жасап, 4 миллиард 551 миллион теңгенің өнімін өндірді. Егер нақтырақ айтатын болсақ, 647,6 мың текше метр қиыршық тас, 2422 дана темір-бетон бұйымдары, 1812 дана вагон доңғалақтары шығарылып, пайдалануға берілді. 207,9 мың бөтелке минералды су, 244,8 тонна нан өнімдері өндірілді.

Былтыр Біршоғыр елді мекенінде құрылысы басталған құны 450,0 млн. теңге құрайтын «Ақшат-Ақтөбе» ЖШС қиыршық тас зауытының құрылысы аяқтала келді. Зауытта алғашқы жылы бес түрлі фракцияда бір желімен 450-500 мың тонна қиыршық тас өндіріледі, келесі жылы екінші желі және іске қосылмақшы.

«Теміржол жөндеу» АҚ Біршоғыр шағылтас зауыты өнім көлемін ұлғайту мақсатында қосымша цех құрылысын жүргізуде. Бұл зауыт «Бейнеу – Шалқар – Жезқазған» теміржолы құрылысының 476 шақырымдық бөлігін қажетті қиыршық таспен қамтамасыз ететін болады.

Ауыл шаруашылығында да біршама жұмыстар атқарылды. Бұл салада қазір 2 заңды тұлғалар, 473 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Мал басы көбейе түсуде. Бүгінгі күні біздің өңірде ірі қара 41,8 мыңға, қой-ешкі 209,8 мыңға, жылқы 15,1 мыңға, түйе 10,8 мыңға жетті.

Ауыл шаруашылығын қолдау бағытында біраз жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, «Қазагроқаржы» АҚ арқылы техника түрлері алынды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 7 қожалыққа 49,5 млн. теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 4 қожалыққа 53,0 млн. теңге несие берді. Бұл қаржыға асыл тұқымды малдар сатып алынуда. Шалғай жайылымдарда қой шаруашылығын дамыту мақсатында «Шалқар жайлауы» несие серіктестігі өз көмегін ұсынуда.

Бүгінгі күні ауданда мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы қысқа 146 мың 900 тонна шөп дайындауымыз керек болса, бұл жоспар қазірдің өзінде артығымен орындалды.

Шағын кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлудеміз. Қазіргі уақытта 1498 кәсіпкерлік субъектілері болса, оларда 9444 адам жұмыс істейді. Бұлардағы өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 4821,5 млн. теңгені құрады.

Елбасы Жолдауында айтылғандай, денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аударылуда. Ауданда 100 төсектік орталық аурухана, 60 төсектік туберкулез ауруханасы, 6 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік, 26 медициналық пункт жұмыс істейді. Аудандық емхана жанында 45 орындық күндізгі стационар және бар. Қазір облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Мөңке би елді мекенінен фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысы салынуда.

Биылдыққа ауданда жаңадан 428 жаңа жұмыс орны ашылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 205, әлеуметтік жұмыс орындарына 599 адам, жастар тәжірибесінен өтуге 176 адам, тұрақты жұмысқа 223 адам жіберілді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде аудан территориясымен Бұқара-Орал газ құбыры төселді. Содан бергі уақыт ішінде аудан орталығы — Шалқар қаласы газ желісіне қосылды. Одан кейін аудандағы Бозой, Бегімбет, Аққайтым, Қайдауыл елді мекендерінің тұрғындары көгілдір отын игілігін көруге қол жеткізді. Таяу маңда тағы да бірнеше ауылдарға газ желісі жеткізілмекші.

Осындай жеңілдіктер республиканың көптеген өңірлеріне әлі де жете қоймағанын ескерсек, бұл біздің артықшылығымыз деп есептеуге болады.

— Қазіргі уақытта өңірлерді жаңғырту мен жасартудың бір шарасы облыс әкімі бастамашы болған  «Көркейе бер, туған жер!» акциясы арқылы жүзеге асып жатқаны мәлім. Бұл ретте ауданда мерекелі жылы қандай жұмыстар атқарылып үлгерді? Түлектердің туған жерге мойын бұруы қалай?

— Әрине, өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған жерге іші жылымайтын адам болмайды. Аталған акция осы бағытта көп іске бағыттаушы болып отыр.

Акция бастау алғалы көптеген азаматтар хабарласып, өздерінің жоспарларын айтып, елге бір шарапатын тигізу ниеттерін білдіруде. Олардың алғашқылары іске кірісіп те кетті. Атап өтерлік жайт — елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлінуде. Біз жанашыр азаматтардың көмегімен емдеу орындарының ахуалын жақсартып, білім беру, балабақша ғимараттарын, спорт алаңдарын салуға қол жеткізіп отырмыз.

Мәселен, «Емшан» компаниясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейіржан Өндіргенов өзі туған ауыл — Қотыртас елді мекенінде балабақша салуды қолға алды. Қазір құрылыс салатын жер актісі алынды, елу орындық мектепке дейінгі мекеме көп ұзамай пайдалануға беріледі деген ойдамыз.

Алабас елді мекенінде көне мектеп ғимаратына алты бөлме қосылып, балабақшаға жарақталуда. Бұл жұмыстарды атқаруға «Тау-кен» ЖШС басшылығы 10 миллион теңге бөлді. Ал «АСТ ТрансэнергоРемстрой» ЖШС Шалқар қаласында педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің құрылысын жүргізуде. Қазіргі уақытта өсіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін аса қажет болып отырған осы мекеме құрылысына біз қала орталығынан арнайы жер бөлдік.

Жалпы әлеуметтік нысандарға құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты 91 миллион теңге қарастырылды. Осы жұмыстарды 133 адам атқаруда. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты да нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл реттегі қаржы 6 миллион жеті жүз елу бір мың теңгені құрап отыр. Мұнда жекелеген азаматтар, мектеп түлектері, ата-аналар бірігіп, әр түрлі құрал-жабдықтар, қажетті жиһаздарды алуда.

«Көп түкірсе — көл» дегендей, біраз шаруа осылай атқарылуда. Бұл ауданымыздың мерекелік жылындағы жақсы сабақтастық болып отыр.

— Өңірдің сексен жылдық мерейтойымен қатар аудандық «Шалқар» газетінің де осындай белеске жеткені атап өтілгелі отырғанын біліп отырмыз. Осы арадағы сабақтастық туралы бірер сөз айта кетсеңіз.

— Бұлай болуы заңды да. Өйткені, қай кезде де баспасөз қоғамның қозғаушы күші ретінде қызмет етеді. Сондықтан аудан құрылуымен бірге одан қалыспай өз уақытының үні, Ахмет Байтұрсыновтың аузымен айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» өз жұмысын бастап кетуі жарасымды әрі қажеттілік емес пе?!

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басы ел үшін қасіретті кезең болғанына қарамастан «Социализм туы» газеті жарыққа шығып, оның алғашқы редакторы Әбиболла Биекенов болған. Ол кісі кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейін өзінің білімділігі және біліктілігі арқасында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы болған адам.

Бұл басылым «Коммунизм таңы» атауын алған жылдарда облыстағы таралымы көп газетке айналып, сол тұстағы Одақтық деңгейдегі шығармашылық конкурстарда жүлдегер атанып жүрді. Қазіргі уақытта да сол ілгері дәстүрлер лайықты жалғасуда.

Тілеужан Шойғарин, Тауман Төреханов, Үмбетбай Уайдин сияқты ағалардың айқын қолтаңбасы қалған газеттен көптеген белгілі қаламгерлер түлеп ұшты.

— Табиғат қорғау мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түспейтіні анық қой. Осы орайда Шалқар көлінің жай-жағдайына алаңдаушылық көбірек байқалады. Осы бағытта қандай шаруалар тындырылуда?

—   Шалқар көлі бұл аймақтың қашаннан сәні болып келді.  Қазіргі уақытта бұл көлдің айналасында проблемалар баршылық. Соңғы жыл­дары табаны мен жағасы тұтасып кетуге айналған көлге судың келуі әр жылда әр қилы.

Жалпы, Шалқар жоғарғы және төменгі Шалқар көлдерінен тұрады. Жоғарғы Шалқардың суы тұщы. 1927 жылы көлдің екі арасына шлюз құрылысы салынды. Көл сыйымды­лығы — 28,0 млн текше метр. Жыл сайын көктемде Мұғалжар тауынан Қауылжыр өзені арқылы 10,0 млн. текше метр су келіп, көлге құяды. Жоғарғы Шалқар көлінің бөгет салу арқылы тұйықталғанына бір ғасырдай уақыт болыпты. Гидротехникалық қондырғылар мен бөгеттердің әбден тозығы жеткен. Көл табаны батпаққа толып, су қорының азаюына әкеліп соқ­тырып отыр. Бұл Шалқар қала­сының микроклиматына да әсер етеді.

Яғни, көл табанын тазартып, су дең­гейін сақтап қалу керек. Осы бағытта мәселе қазір республикалық деңгейде қозғалуда. Шешімін табар деген ойдамыз.

— Сексен жыл адам ғұмыры іспеттес. Шалқардың келешегі қандай болады деген сауалға осы топырақтың перзенті ретінде не айтар едіңіз?

— Адам баласы жағдайы бар жерде табан тіреуге ұмтылады. Бір кезде бабаларымыз Ұлықұм, Кішіқұмның бойына қыстауларын салып, мал баққан ғой. Бүгінде табиғат жағдайы өзгергенімен, Шалқарда жаңа заман ағымына сай әлі де көп шаруа тындыруға болады. Мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істеуде. Жаңадан тағы да теміржол желісі тартылмақшы. Көгілдір газ ауылдарға жеткізілуде. Ендеше осындай себептермен-ақ Шалқардың келешегіне күмән келтіруге болмайды.

Сексен жылдық мерекеміз бізге өткенімізді түгендеуге, барымызды салмақтауға мүмкіндік береді. Осы ретте өңірдің шежіресін тиянақтау шаруалары қолға алынуда. Бұған дейін «Шалқар» энциклопедиясы жарыққа шыққан болатын. Енді ондағы мәлімет-деректерді толықтыра түсу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Батыр бабаларымыз ат тұяғын ойнатып, әнші апаларымыз сазды әуенге бөлеген Шалқар даласы алғы күндерде де жаңғырығып, жасара түспек.

 Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button