Билік

Әкімдер есебі

Қобда

БИЫЛҒЫ ЖҮК: 76 СҰРАҚ, 5 МӘСЕЛЕ

ОҚШАУ АУЫЛ

Бұрын Қобда ауданының аумағында «немістердің ауылы» атанған Құрсай ауылдық округінде 80 үй, 368 тұрғын бар.

Аудан әкімі Любовь Исмағамбетованың есебін тыңдау үшін тұрғындар өз күштерімен 2003 жылы ашып алған ауылдық клубқа жиналды. Есептен ауданда атқарылған жұмыстармен қатар Құрсайға қатысты мәліметтерді де естіген ауыл тұрғындары өз талап-тілектерін білдірді.

Аудан әкімінен тұрғындар: «Біздің ауыл сайдың ішінде орналасқан. Түнде өткен жолаушы ауылды таба алмай қалуы ғажап емес. Сайға қонған ел барын білдіріп тұру үшін көшелерге бес-алты түнгі шамдар орнатуды сұраймыз», – деді. Құрсайлықтардың атынан айтылған бұл өтініштің жыл соңында аудан бюджетінде қаралмағанына ауылдың әкімі жауапты екенін айтқан аудан әкімі бірінші жартыжылдықтан кейін игерілмеген қаражат есебінен қанағаттандыруды уәде етті.

БЮДЖЕТ ҚАМҚОРЛАҒАН БАЛАБАҚША

Бүгінгі күні Бегалы ауылында 660 адам тұрады, өткен жылы 18 адам, яғни 5 отбасы көшіп келіп, тұрғындар саны көбейген. Аудан әкімінің Бегалыда өткен есепті кездесуіне Егіндібұлақ ауылының тұрғындары да қатысты.

Өткен жылы басталған Егіндібұлақтағы 50 орындық балабақшаның құрылысына облыс бюджетінен 126 млн. 400 мың теңге қаражат қарастырылып, биыл бұл жұмыстар аяқталатын болды. Әкім есебінде айтылғандай, осы жылы ауылдық округтегі мектептердің асханасы, спортзалы және мектепалды дайындық тобының кластары жаңа жиһаздармен, арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілетін болады.

Жиналыста зейнеткер Тәттіғали Үсенов: «Ауылда мал төлдеп, төлдері өліп қалып жатыр. Төрт түлік – ауылдың валютасы. Енді оны сақтап қалу үшін мал дәрігері керек», – деді.

Аудан әкімі Л. Исмағамбетова тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, талап-тілектерінің қашан, қандай жағдайда орындалатынын айтты. Әкім есебінде биылға қойылған міндеттер қатарынан Калиновка орта мектебіне 40 жылда бірінші рет күрделі жөндеу жасалатынын, мектепалды дайындық тобына арналған жаңа жиһаздар сатып алынатынын білдік.

ҮЙІРМЕСІ КӨП КЛУБ

Өткен жылы ауданның үш ауылдық округіне қарасты ауылдық клубтарды күрделі жөндеуден өткізу үшін 37 млн. теңге қаражат бөлінген еді. Осы жақсы жаңалықтан Сарбұлақ ауылының клубы да құр қалмады, 100 адам сиятын көрермен залы, сахнасы, би, вокал, халық жанры үйірмелеріне арналған бөлмелері жөнделді. Клубтың ішінде 580 оқырманға қызмет көрсетіп отырған кітапханаға да 17 млн. теңге қаражат жөндеу жұмыстары үшін бөлінді. Енді аудан әкімінің есебінен ұққанымыз бойынша, осы жылы модулді кітапхана ашу көзделіп отыр.

Аудан әкімі Любовь Қабылқожақызы И. Білтабанов атындағы ауылдық округте өз есебін бастамас бұрын, ауылдық округте жасалып жатқан және жоспарда тұрған жұмыстарға тоқталды.

Жыл сайын көктемде арнасынан шығып кететін Сауқайың өзеніне бөгет орнатылып, оған бөлінген 26 млн. 700 мың теңге игерілгенін ауыл тұрғындары біліп отырды. Ауылдық округ орталығының іргесіндегі халқының саны азайған Қосөткел мен Ропповка ауылдарына өткен жылы телефон байланысы орнатылғаны үшін тұрғындары алғыс жаудыртты. Одан басқа аудан әкімінің есебінен ауыл тұрғындары Ропповканың медициналық пунктіне күрделі жөндеу жасалатын болса, Қосөткелге жаңадан медпункт салынатынын естіді.

ТІЗІМГЕ ЕНГЕН ЖИҺАЗДАР

Бұлақ ауылдық округінде өткен есепті кездесуге  Әлия ауылының, Бұлақ және Талдысайдың тұрғындары келді.

Аудан әкімі есебінде осы жылға қойылған міндеттер тізімінен Талдысайда балабақша ашылатынын, Талдысай, Ә. Молдағұлова атындағы, Бұлақ ауылдарындағы мектептердің мектепалды дайындық топтары қажетті жиһаздармен қамтылатынын айтты.

Әкім есебінен аудан бойынша 18 кемтар балаға 386 мың теңгенің протездік-ортопедиялық құралдары, екі адамға 112 мың теңгенің мүгедектер арбасы берілгенін, 48 адам сурдо-тифло жабдықтармен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілгенін, 1 мүгедек жанға қаржылай көмек көрсетілгенін естіген  мұғалім Жанна Жұмалина мүгедек баласына арнайы арба беру үшін кезекке тіркеліп, оның берілетін күнін күтіп жүргенін айтты.

ТЕНДЕР МЕН ТЕҢГЕ

Аудан әкімінің есебіне аудан бойынша 2 151 адам қатысып, кездесу барысында ауызша, жазбаша 76 сұрақ қойылыпты. Оның 71-іне аудан әкімі кездесу барысында жауап беріп, 5 мәселе ауданның іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Ауданда биыл да бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ. Соның бірі – Қобда ауданының 80 жылдығы.

Биыл аудан орталығында 280 орындық балабақша, 6 тұрғын үй салынады,

Ә. Молдағұлова көшесінің шетіндегі 18 пәтерлік, екі қабатты үй күрделі жөндеуден өтеді.

Тұрғындарға сөз кезегі берілгенде аудандық мәслихат қызметкері Мақсат Боханов облыстан келген өкілдерге: «Ауданның мектептеріне, бюджеттік мекемелеріне берілетін көмірді тасымалдау үшін жыл сайын облыс орталығында тендер ұйымдастырылып, оны ұтып алған серіктестік ауданға жанбайтын, сапасы ең нашар көмір әкеледі. Бағасы 8 мың теңгеден болғанымен, сапасы сын көтермейтін көмірдің жылуы жоқтығынан ауыл мектептері, аурухана бөлімшелері қыстай суық жерде отырып шығады. Көмір тасымалдаушы серіктестіктер арасында өтетін тендерді бізге аудан орталығында өткізуге мүмкіндік беріңдер. Осылай жалғаса беретін болса, бюджеттен көмірге бөлінген қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете береді», – деп ащы шындықтың бетін ашты.

Одан кейін сөз алған «Халық банкі» филиалының директоры Тимур Қарымсақов, аудандық интернат меңгерушісі Бағила Көшкінбаева, Жиренқопа ауылының тұрғыны Елемес Байтілеуов, Ақсай негізгі мектебінің мұғалімі Алтынай Демесіновалар аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға беріп, әрқайсысы өз саласында ауданның мерейі үшін жасап жатқан еңбектерін айтты.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

«АЙДАНА» ҚАРСЫ АЛАДЫ

Дүйсенбі күні Ақтөбеден Қобдаға кіретін жолдың бойынан «Айдана» шайханасы ашылды. Шайхананың ашылу салтанатына аудан әкімі Любовь Исмағамбетова бастаған бір топ мекеме басшысы қатысты.

Шайхананың иесі  жас отбасы Арман мен Айнұр Қамиевтер бұл тынығу орнын   Қобданың 80 жылдық мерейтойына арнағанын айтты.

Осыдан екі жыл бұрын екі жас осы шайхананың орнына темір будка қойып, кәсібін бастаған болатын. Сөйтіп, будкаға келушілер көбейіп, шаруасы дөңгеленіп жүре берді. Тапқан табысты жинап, жазда темір будканың орнына шағын ғимараттың құрылысын бастады. Қызыл шатырлы жаңа шайхананың іші жаңа заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, ішінде электр қуаты арқылы жылытатын пеш те бар. Шайхана иелері  екі аспазшы, бір ыдыс жуатын адамды жұмысқа алған.

Екі жастың ісіне риза болған аудан әкімі жастарға табыс тіледі. Ал үлкендер шайхананың айналасы жасыл желекке көмкерілсе деген тілегін жеткізді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Қарғалы

ШАҒЫН ЦЕХ – ШАРУАШЫЛЫҚҚА

Өткен жұмада аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиевтің есепті кездесуі Бадамшадағы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова қатысты.

Өткен жылы ауданда біраз жұмыстар атқарылды. Тұрғындарды алаңдататын басты проблема   ауыз су мен жол мәселесі жыл өткен сайын  ауыл-ауылдарда шешімін тауып жатыр.  Денсаулық, мәдениет саласында да ілгері басушылық байқалады. Қазір ауданның ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды даму үстінде. Бүгінде егіс алқаптарына күтім жасау жұмыстары  басты орында тұр, – деді аудан басшысы.

Жиналыста М.Жұмағазиев  ауыл әкімдеріне, ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал басын көбейту мен асылдандыру жұмысына жіті мән беруді  тапсырды.

Биыл ауданның Петропавловка, Қосестек ауылдарында ет, сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех ашылмақ.

Қарғалының шоқтығы биік, түтіні түзу ұшқан ауылдарының бірі – Степной. Қазір бұл ауылдың халқын газ бен ауыз су мәселесі толғандырып отыр. Дегенмен де аудан әкімінің осы ауылда өткен есепті кездесуінде облыстық мәслихаттың депутаты Аманғос Сансызбайұлы:

– 2010 жылы ауыз су мәселесі шешіледі. Бүгінде ауылдағы су құбырларының отыз жылдық тарихы болғанымен, бұл құбырларды жамап-жасқап келеміз, сусыз отырған күндер болған жоқ. Ал газ мәселесіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауылға газ тарту үшін 1 миллиард теңгеден артық қаражат қажет. Қазір Степнойда 40 шақты отбасы тұрады. Мұндай қаражатты жұмсау үшін ауыл өндірістік немесе халқы 5-6 мыңнан асқан аймақ болуы керек, – деп жауап берген еді.   

Мұңы бар Степнойдың жетістігі де жоқ емес. 2008 жылы 50 орындық «Ақбота» балабақшасы тәуелсіздіктің төл мерекесі тұсында ашылыпты. Бұрын шетел тілін оқытуға маман жетіспеген қазақ-орыс орта мектебі де жас мамандармен толығыпты.

Жиналыста ардагер ақсақал Т.Қайсаров ауыл тұрғындары атынан аудан әкімінің есебіне оң баға берді.

Бақыт Имашев,

Индира сПАНОВА.

Мұғалжар

БҰЛ ЕСЕП БҰРЫНҒЫ ЕСЕПТЕН ӨЗГЕРЕК

Өткен аптада Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов халық алдында биылғы жылғы қорытынды есебін берді. 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын және 2009 жылға арналған міндеттерді саралаған аудан әкімі биыл да жетістіктердің еселенетіндігіне сенім білдірді.

Қорытынды есепті ерекше өткізуге аудан әкімінің аппараты барынша тырысқандығы рас. Мәселен, бұрын-соңды тәжірибеде болмаған әдістерді қолдану арқылы мұғалжарлықтар әкімнің есебімен толық танысты. Атап айтқанда, жұмысшылары көп «Октябрь» мұнай-газ өндіру басқармасына және Қандыағаш қалалық №4 мектепке қойылған монитор арқылы Шаңғұтовтың есебі тікелей он-лайн жағдайында көрсетілді. Сонымен қатар көрермендер әкімге сұрақ қою мүмкіндігіне де ие болды. Бұған қоса жергілікті кабельді телеарна қызметін пайдаланатын 400-ден аса пәтерге де есеп тікелей эфирде көрсетілді. Мәдениет үйіне орнатылған телефон арқылы да аудан тұрғындарына сауал қою мүмкіндігі жасалды.

Енді есепке келсек… Әрине, қазба байлықтың, атап айтқанда, қара алтын қорының молдығы бюджеттің кіріс бөлігінің басым бөлігін жауып отыр. Өзге де өндіріс орындары көптеп ашылуда. Соңғы жылдары ғана Қандыағаш қаласында пайдалануға берілген үш бірдей зауытта жүздеген адам жұмыспен қамтылған. Осы силикат кірпішін өндіру зауыты, құрылыс материалдарын шығаратын газ-бетонды тас өндіру зауыты мен базальт талшығын шығаратын зауыттардың қарқыны күшті. Сондай-ақ, жылына 100 мегаВатт электр қуатын өндіретін газ-турбиналық электр стансасы құрылысының жұмыстары жүргізілетін болады.

Елбасы бекіткен «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыс бойынша кіргізілген 6 жобаның бірі болып енген Жаңажол газ өңдеу зауыты толық қуатындағы жұмысқа 2010 жылы қосылады. Бұл жылына 6 млрд. текше метр газ өңдеуге қуатты. Зауыттың өнімі – сұйытылған газ, түйіршіктелген күкірт, жеңіл мұнай.

Халықты әлеуметтік қолдау саласындағы табыстар да қомақты. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен коммуналдық қызмет төлемдеріне көмек көрсету бағытында халықтың «әлжуаз» топтарына кешенді көмек көрсетілуде. Соның бірі аудандағы аз қамтылған отбасылар мен ең төменгі мөлшердегі әлеуметтік зейнетақы алатын зейнеткерлерге, жалпы аурудан болған 1,2,3 топтағы мүгедектерге, яғни жалпы саны  1762 адамға аудандық бюджет қаржылары есебінен 13 млн. 166 000 теңге атаулы әлеуметтік көмек, балалы отбасыларына балалар жәрдемақылары тағайындалып, толық төленген.

Селолық округтер мен шалғай ауылдардың тұрғындарымен үздіксіз кездесулерінен кейін аудан әкімінің түйгені көп. Серік Тілеулесұлының айтуынша, соңғы кездері тұрғындар атқарушы билікті жеке мәселелер бойынша мазалауды азайтқан. Айтылар әңгіме – елдің жайы. Тұрғындар жол сапасын арттыру, көгілдір отын жүргізу және ауыз судың тапшылығына алаңдайды.

– Бюджеттің нәтижелілігін арттыру мақсатында есептегі жыл ішінде аудан бюджетіне 5 млрд. 151 млн. теңгеден аса салық және басқа да бюджеттік төлемдер немесе 895 млн. 436 мың 100 теңге болжамнан артық түсірілді. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 980 млн. 890 мың 400 теңгеге артық. Ал 1998 жылғы аудан бюджетінің кіріс бөлігі 201 млн. 097 мың 200 теңге ғана құраған болатын. Бұдан бюджетіміздің 10 жыл ішінде 2562 есеге өскенін көруге болады, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Аудан әкімінің қорытынды есебі аудандық мәслихаттың кезекті сессиясымен қатарласа өткендігін атап өткен жөн. Сондықтан да жергілікті депутаттар тарапынан елінің жоғын жоқтаушылық басым екендігі байқалып тұрды. Мысалы, бұл өңірде экологиялық зиянды қалдықтар тастағандығы үшін өндіріс орындарынан жылына 5 миллиард теңге жиналады. Алайда бұл сомадан жергілікті бюджетке көк тиын да қалдырылмайды. Осы мәселеге байланысты депутаттар бұл қаражаттың белгілі бөлігі ауданда қалдырылса, көптеген әлеуметтік мәселелердің іркіліссіз шешілетіндігін сөз етті.

Ауданның басты табыстарының бірі – жұмыссыздардың аздығы. Мысалы, бір ғана Қандыағаш қаласының өзінде ғана өткен жылы 700-ге жуық адам жаңа жұмыспен қамтылған. Қазіргі күні жергілікті мейрамхана, дүкендер мен өндіріс орындарында жұмысшы мамандар қат.

Аудан орталығындағы жылу мәселесі де түбегейлі оңғарылған. Қазір қаланың үш ауданының дербес қазандықтарына ешқандай шағым жоқ. Сумен қамтамасыз ету де былтыр қазынадан бөлінген 367 миллион теңгенің арқасында тұтынушыларға үзіліссіз қызмет етпек.

Серік Тілеулесұлы өз есебінде аудан өмірінің барлық тұсын түгел қамтыды. Әттеген-ай дегізетін тұстарды да ұмытқан жоқ. Мысалы, аттестациядан сүрінген мемлекеттік қызметкерлерге шара қолдану да қарқынды жүргізілмек. Тіпті, қолданыстағы заңның талаптарын білмейтін мамандардың тікелей басшыларына шара қолданылуы бек мүмкін.

Аудан әкімінің есебі барысында сауал қоюшылар легі аз болды. Енді солардың бірқатарын шолып өтсек.

Қала тазалығы мен тұрғындардың бұл мәселеге салғырт қарауы, коммуналдық төлемдерді қасақана өтемеушілер, мектеп-интернатқа сұраныс, мектептерге аспазшыға штат бөлу және аудандарды газдандыру мәселелері де тұрғындар назарынан тыс қалмай, аудан әкімі барлық сауалдарға тұшымды жауап берді.

Кездесу соңында аудандық мәслихат депутаттары да сөз алып, атқарылған істер мен межеленген міндеттерге қанағаттанатындықтарын білдірді.

Сонымен қатар осы кездесуге арнайы барған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Мәлік Жекеев және облыс әкімінің бас инспекторы Қанымша Сисемалиевалар да Серік Шаңғұтовтың есебіне ризашылықтарын білдірді.

Серік ӘБДІБЕК.

Хромтау

ДӨҢ ЖӘНЕ ДӘРІХАНА

Өткен аптада Абай, Дөң, Тасөткел, Бөгетсай, Көктау, Аққұдық, Көктөбе, Қызылсу, Никельтау селолары  тұрғындары алдында аудан әкімі Бауыржан Қаниев есеп берді.

Аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің есебінде алдағы жылы елді мекендерді толықтай ауыз су электр энергиясы газ және телефон байланысымен қамтамасыз ету міндеті айтылды. Қай бағытты алмайық, істелген жұмыстар аз емес. Екі мыңнан астам тұрғыны бар Бөгетсай селосында өткен жылы орта мектеп пен  балабақша, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі ашылды. Қазір ауыл тұрғындары ұялы телефон байланысын пайдаланып отыр. Көпір де жөнделіп, халық игілігіне берілген. Ал аудан орталығынан шалғай жатқан Тасөткел селосында қиыршық тас зауытының құрылысы іске қосылып, ауылға барар жол жөнделіпті.

Биыл  Дөң селосында дәріхананың іргетасы қаланбақ.

Аудан әкімі Майтөбе селосындағы  жұртшылықпен кездесуінде түйінді мәселелерге көпшілік назарын аударды. Бауыржан Нұралыұлының айтуынша,  өскелең ұрпақтың  білімі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе –  кадр жайы. Жас мамандарды ауылдық жерге көптеп тарту ісінде ауыл әкімдеріне ерекше тапсырма берілді.

Б.Қаниев алдағы уақытта Дөң селосына балабақша мен Мәдениет үйінің салынатынын, Оңғар селосына газ, Ақжарға су құбырын тарту ісі жүзеге асырылатынын айтты. Табантал, Никельтау, Абай ауылдарын да ауыз су және газбен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған көрінеді.

Ләззат ӘБДІРОВА.

Ойыл

ЕКІ АУЫЛДЫҢ ЕРТЕҢГІ ҮМІТІ

Өткен аптада аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлының аудан халқының алдындағы есебі Қайыңды, Саралжын ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесуімен жалғасты.

Аудан басшылығына келген соң әкім бұған дейін де ауданды аралап, тұрғындардың тұрмыс, тынысымен танысып шыққан еді. Сондықтан да әрбір ауылдың әлеуеті мен мүмкіндігін саралаған Қанатбай Елеусізұлы тұрғындардың қандай сауалына да тиянақты жауап берді.

Аудан әкімінің есебі алдымен Қайыңды селолық округінде басталды. Аудан әкімі әдеттегі дәстүрмен алдымен округ тұрғындарына облыстың бүгінгі тынысы мен өткен жылы қол жеткізген табысы туралы баяндады. Әсіресе, ауданға тиген шапағатына ерекше тоқталды. «Соңғы екі жыл «Ойылдың жылы» болды», – деген әкім ауданның өркендеуіне облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей басшылығымен бөлінген қаржының көлемін де термелеп өтті. Аз қаржы емес. Ұзын-ырғасы екі жарым миллиард теңге. Мұны әрбір тұрғын жеке сезінбеуі мүмкін. Бірақ сан ұрпақтың армандап өткен көпірі мен жолын бүгінгі буын көрді. Кеше ғана пайдалануға берілген аурухана мен қайта «жасанған» «Шұғыла» мен Ойыл қазақ орта мектебі…

Ауданның әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталған әкім түйінді мәселелерді шешу жолдарын да айтып өтті. Облыстың, ауданның осындай көрсеткіштеріне қарамастан қай округте де қоғамның әлжуаз тобына жататын отбасылар әлі бар. Ауыл шаруашылығынан басқа өндірісі жоқ ауданда кедейліктің шеңберінен шығудың бір ғана жолы бар, ол – мал өсіру. Өйткені басқа да округтерде өткен есепті кездесулердің барысында әкімге қойылған сұрақтардың басым бөлігі – жұмыспен қамту мәселесі. Себебі Қайыңдыда да әкімге қойылған сауалдардың дені әлеуметтік мәселелерден әрі асқан жоқ.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған ауыл тұрғыны Амангелді Есенғазин өзінің жеке мәселесімен қатар ауылға мешіттің қажеттігін алға тартты. «Шағатай» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Тілегенов тауарлы несие алудың  жолын сұраса, Кәдірғали Тәтебайұлы шаруа қожалықтарына берілетін жеңілдіктердің жайын сұрады. Тұрғындардың сауалдарына орай аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік Наурызбаев түсінік берді.

Ал Саралжын ауылындағы кездесуде ел іші болғасын өздерінің жеке мәселесіне орай сауал жолдағандар болды. Бірақ әкімге жазбаша қойылған сұрақтардың негізі – ауылдың ортақ мәселесі. Ақкемерде құм көшкінін тоқтату, Саралжындағы «сақалды құрылыс» – бұрынғы балабақшаға арналған ғимараттың қазіргі қауіпті жағдайы, ауыз су, асыл тұқымды мал өсіру үшін несие алу жайы…

Мұнда да аудан әкімі алдымен облыс экономикасының бүгінгі қуаты туралы тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп өтті. Әрине, күре жолдың бойындағы ауылдың биылғы көрген игілігі де әкімнің әңгімесіне арқау болды.

Алғашқы болып сұрақ қойған зейнеткер Бағдәулет Бейісов өзінің осыдан бірнеше жыл бұрын жол апатына түскенін, сол кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері алып кеткен кейбір құжаттарын әлі ала-алмай жүргенін айтып, мүгедектігіне байланысты тиесілі жеңілдіктерін сұрады. Бұл сауалға орай Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы аудандық бөлімінің бастығы Мұратбек Әділханов зейнетақы, жәрдемақылар туралы басқа да тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп өтті. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Серік Смағұлов зейнеткердің өтінішін бақылауға алатынын баяндады.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ.

Әйтеке би

70 МЛН. ТЕҢГЕ – ЖОЛҒА, 35 МЫҢ ГА – ШАРУАШЫЛЫҚТАРҒА

Аудан әкімі Есімхан Есенбаев Жамбыл, Сұлукөл, Әйке селоларында болып, халықпен кездесті.

Өткен жылы аудан әкімінің есепті кездесулерінде тұрғындардан алпысқа жуық ұсыныс-пікір түскен. Аудан әкімінің айтуынша, бұл сауалдардың барлығы бүгінгі күні шешімін тауыпты. Өткен жылы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есепті баяндамасында айтылған ауданның Қарабұтақ селосындағы «Мир» кинотеатрын күрделі жөндеуден өткізіп, бұл ауылға газ тарту мәселесі де қазір шешімін тауып отыр.

Қазір Тереңсай, Құмқұдық және Қызылжұлдыз ауылдарында мектеп ғимараттары салынуда. Жаңа нысандар алдағы оқу жылында толық пайдалануға берілмек.

Аудан әкімінің айтуынша, Әйке стансасына апаратын көтерме жолға 70 млн.теңге бөлініп, биыл жұмыс басталады.  Білім, байланыс жүйесі, ауыз су, табиғи газ, ауыл шаруашылығы, денсаулық салалары бойынша біраз шаруалар осы жылы шешімін таппақ.

Есімхан Есенбаевтың айтуынша, соңғы екі жылда жерді игере алмаған ұсақ шаруалардан 35 мың гектар алқап мемлекет иелігіне қайтарылып, қазір бұл жерлер ірі шаруашылықтарға пайдалануға берілген. Оның үстіне, ауданға көршілес Қостанай облысының «Алтынсарин» ЖШС бос жатқан егіс алқаптарына қызығушылық танытыпты. Қазір бұл серіктестік Әйке, Сұлукөл селолық округтері аумағынан 23 мың гектар алқапты жалға алып, өңдеу жұмыстарын жүргізуді қолға алып отыр.

Сұлукөл селосының тұрғыны Наказ қария ауылдағы құрылысы аяқсыз қалған мектеп ғимаратын іске қосу мәселесін көтерді. «Қазіргі Сұлукөл орта мектебінің  сынып бөлмелері өте тар, парта мен тақта арасы – 1,5 жарым метр», – деді қария. Бұл орайда аудан әкімі  қарияның ұсынысына қолдау көрсететіндігін айтты.

Әйке селосының ақсақалдары аудан әкіміне ауылдағы дүкендерде азық-түлік бағасының тұрақсыздығын айтып, осы істі бір жолға қоюын өтінді.

Г.СМАЙЛҚЫЗЫ.

Алға

БАСПАНА МЕН БАСПАСӨЗ

Аудан әкімі Марат Тағымов тұрғындар алдындағы есепті кездесуін Ильинка және Сарықобда ауылдарынан бастады.

Әкім жыл бойы атқарылған істерге есеп беріп қана қоймай,  әр салада орын алып отырған кемшіліктерді де баса айтты. Мәселен, ауданда мәдениет саласына жас мамандарды тарту ісі әлі «ақсап» тұрса, ұлттық бірыңғай тест тапсырудың нәтижесінде ауданның білім көрсеткіші төменгі орындарда жүр. Аудан әкімінің айтуынша, соңғы кездері ауданда қылмыс көбейіп, мал ұрлығы өршіп тұр. Ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің  бұл істегі салғырттығы да тілге тиек етілді.

Жиналыста ауыл тұрғындарының аудан басшысына қойған басты сауалдары – жол мәселесі. Әсіресе, қыс мезгілінде оқушыларды аудан орталығында болатын олимпиадалық немесе басқа да жарыстарға жеткізу мүмкін болмай тұр. Ал жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі төңірегінде қойылған сауалға аудан басшысы Ильинканың өзінен бұл мақсатқа үш үй сатып алынғанын айтты. Сарықобдада да үй мәселесі шешілген, бірақ бұл үйлер әзірге бос тұр. Марат Тағымов жас мамандар үшін Көлтабан ауылынан да үй мәселесін шешіп беруге уәде етті.

Ауыл жастары үшін демалыс орнының жоқтығы, газет-журналдардың оқырман қолына уақытында тимеуі секілді сауалдарға тұрғындар нақты жауап алды.

Сарықобда ауылының тұрғыны, зейнеткер Мырзағали Текебаев  аудан басшысынан ауылға газ тартып, телефон желісін жүргізіп беруін сұрай келе, М.Тағымовтың есепті баяндамасына оң бағасын берді.

Бибінұр ҚҰЛМҰХАНБЕТҚЫЗЫ.

10 компьютер мен «бір терезе»

Аудан әкімінің ауыл тұрғындары алдындағы есебі Черноводск  елді мекенінде жалғасты.

Аудан басшысының  биылғы  есеп беру  жиналысының өзгешелігі сол – өзге ұлт өкілдеріне синхронды аппараттар таратылып, олардың  баяндаманы түгелдей тыңдауына жағдай жасалды.

Жиналыста ауылдық амбулаторияның аға дәрігері  А.Құрманова жұмыс орнының салқындығын айтты. Қазір ауылдық амбулаторияда отын болғанмен, қолдан жасалған пеш жылымайды. Аудан басшысы бұл мәселені тез арада шешуді ауыл әкімі Т.Сұлтановқа тапсырды. Тұрғындардың газ, жол мәселесіне қатысты қойған сауалдарына Марат Мырзағалиұлы түсінікті түрде жауап  берді. Ауыл көшелеріндегі трансформаторларды жаңарту мәселесі де осы жиналыста айтылды.

Мұғалім Б.Сармурзина өткен жылы мектепке  10 компьютер мен интерактивтік тақтаның берілгенін зор мақтанышпен айтты. Бүгінгі күнге дейін ауыл мектебінен алпысқа жуық адам  компьютерлік курстан өткен.

Черноводск ауылынан кейін аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Маржанбұлақ селолық округінде жалғасты. Өз кезегінде аудандық деңгейде атқарылған игі істерді, алға  қойылған  міндеттерді баяндап болған аудан әкімі тұрғындардың пікірлері мен сауалдарын тыңдады. Тұрғындар ауылдағы Мәдениет үйі жөнделіп, халыққа қызмет көрсетсе деген тілектерін айтты, Қарағандысайдан  қатынайтын  мектеп оқушыларына автобус бөлінуін сұрады.

Облыс орталығына жақын орналасқан Маржанбұлаққа сырттан қоныс аударушылар көп. Аудан әкімінен жер бөлу, газ тарту мен ауыз су мәселесін шешу жайы көп сұралды. Ауыл тұрғыны Ж.Телағыс ауылдық ауруханаға жедел жәрдем көлігі берілуін өтінсе, келесі тұрғын жайылымдық жерді кеңейту жайын айтты. Ауыл тұрғындары аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің ауылға жиі келіп, рейдтер жүргізуін құп көріп отыр.

Аудан орталығынан ашылған «Бір терезе»  бөлімі қызметкерлерінің жұмысына, ондағы мамандардың кішіпейілдіктеріне ауыл тұрғындары дән риза екені де осы кездесуде анықталды.

Л.ОРАЗЫМБЕТОВА.

КЕШЕН МЕН КОММУНАЛДЫҚ БАЗАР

Қарабұлақ селолық округінде де шешімін таппай отырған бірқатар әлеуметтік мәселелер бар. Соның бірі – мал етін өткізу. Ауыл тұрғыны Қарылға Махова жеке  мал етін аудан орталығында сатуға жағдай жасауды өтінді. Аудан әкімі бұл ұсынысты қолдап, жақын күндері аудан орталығында коммуналдық базардың ашылатындығын айтты.

Бестамақ мектебінің акт залында өткен аудан әкімінің есепті кездесуіне де халық көп жиналды. Орталыққа жақын орналасқан бұл селолық округтің шешілмей жатқан аса көп проблемасы жоқ. Ауыл тұрғыны Жәкен Айекешов Бестамақ орта мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, селода интеллектуалдық мектеп ашу қажеттігі жөнінде ұсынысын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары Есет батыр кешенін көркейтіп, көгалдандыру туралы пікірлерін білдірді.  Бесқоспа ауылында медициналық пункт ашу, ондағы орта мектепті жөндеуден өткізу жайы да айтылды.

Б.СЕЙІТОВА.

Темір

ЖОСПАР – 3 КЛУБ, 5 ҮЙ, СТАДИОН

Аудан әкімі Мәлік Серікбаевтың Кеңқияқ өңірінің тұрғындарымен болған есепті кездесуі пайдалануға жақында ғана берілген ауылдағы Мәдениет үйінде өтті.

Биыл Кеңқияқта спорт ғимараты салынып, жолдар жөнделмек. Әсіресе, Кеңқияқ пен Саркөл арасындағы көпірді жөндету – тұрғындардың басты тілегі. Тұрғындар аудан әкіміне жайылымдық жерлерді кеңейтіп, кентке кіре берістегі «Келінтөбеге» абаттандыру жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын да айтты.

Бұдан әрі аудан әкімі Шұбарқұдық кентінде есеп берді. Мәлік Абдоллаұлы өз есебінде биыл құрылыс саласына екі жарым миллиард теңгенің үстінде қаржы бөлінетінін айтты. Үстіміздегі жылы аудан орталығында мал соятын, сақтайтын цех, Жамбыл ауылына барар жолға көпір салынбақ. Сондай-ақ, ауданда үш клуб үйі, 5 коммуналдық тұрғын үй, кент орталығында стадион бой түземек.

Жиналыста сөз алған зейнеткер Нағмет Нұржанов үш өзеннің тоғысқан жерінде орналасқан Шұбарқұдықта бау-бақша егіп, мал басын өсіру ісінің өз дәрежесінде жүзеге аспай отырғанын айтты.

Жиналыста аудан әкіміне тұрғындар тарапынан сұрақтар көп қойылды. Ауылдағы газ бағасының қымбаттығы мен тазалық мәселесі, орталық моншаның жоқтығы да көпшілікті алаңдатады.

Кездесуде аудан әкімі М.Серікбаев қойылған сауалдардың ескерусіз қалмай, болашақта оң шешімін табатынына уәде етті.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ.

Байғанин

ҚҰБЫР ТАРТЫЛДЫ, ҒИМАРАТ САЛЫНАДЫ

Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі Қызылбұлақ селолық округінің орталығы Кемерши ауылында басталды.

Кездесуде аудан әкімінің міндетін атқарушы Абат Аманғос өткен жылғы аудан әкімінің есеп беру жиналысында көтерілген мәселелердің бүгінде тоқсан пайызы орындалғанын айтты.

Қазір Кемерши ауылында 320 орындық мектеп ғимараты тұрғызылып  жатыр. Жаңа нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Есепті баяндамада үстіміздегі жылы да бұл округ бойынша көптеген игілікті істер жоспарланып отырғаны айтылды. Жаңатаң ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынғалы отыр.

Дегенмен Кемершиде шешуін күтіп тұрған проблемалар да аз емес. Тұрғындардың дені Жаңатаң, Бұлақтыкөл елді мекендеріне байланыс желісін тартып, осы ауылдарға қосымша телехабар таратқыш орнатылса деген тілектерін айтты.  Жиналыста Кемершиде салынып жатқан мектеп ғимаратының алдына Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовтың мүсінін орнату жайындағы ұсыныстар да тыңдалды.

Өткен жылы Жарқамыс селосына газ құбыры тартылып, әлеуметтік мекемелерге газ жүргізілді. Қазір көгілдір отынның жылуын ауылдағы жетпістен астам отбасы тұтынып отыр. Селода үш мыңға жуық халық тұрады. Күн көрістің негізгі көзі – мал өсіру.

Жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер де жоқ емес. Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы ауруханаға дәрігер маманы қажет, Жарқамыс орта мектебіне спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Аманғос бұл мәселелердің жақын аралықта шешілетінін айтты.

К. ӘБУБӘКІРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button