Әлеумет

Қуаңшылықтың зардабы қандай?

Биылғы жыл еліміздің біраз өңірлері үшін қолайсыз болды. Жауын-шашынның кемдігі аптапты ыстық егіннің бір бөлігін күйдіріп жіберді. Табиғи шабындықтың шығымы нашарлады. Елбасына осы жағдай жөнінде жақында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі баяндады. Онда қуаңшылықтың басқа өңірлермен бірге, Ақтөбе аймағын  да шарпығаны айтылған еді.  Біз осы мәселеге байланысты республикада және жергілікті жерде нендей шаралар алынып жатқанын нақтырақ білмек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастағы Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВКЕ жолығып, әңгімелескен едік.

 

— Мұндайда мал өсіріп отырған аймақтың алаңдайтыны қысқа түсетін малға қажетті шөптің жағдайы ғой. Облыста мал азығын дайындау мәселесі қалай шешілуде?

— Облыс әкімі жаздың басында  аймақта бір жарым жылдық қор жасауға ұсыныс жасап, тапсырма берген еді. Осыған байланысты бір жарым жылға жететін шөп дайындау жөнінде екі айлық жарияланды. Мамандар  облыста қанша мал қысқа түсетінін анықтап, қанша пішен қажет екенін есептеп шығарды. Мысалға,  солтүстік беттердегі аудандарда мал 180 күн,  оңтүстік аудандарда 150 күн қолға қарайды, соның орта есебімен шығарып, біздің малымызға есептегенде, облысқа 1 млн. 412 мың тонна шөп қажет ететінін анықтадық.

Екі айлық жарияланғанда, пішеншілерді ынталандыру мәселесі де қаралды.

Мал азығын дайындауға байланысты облыстық штаб құрылды. Оның төрағасы — облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов.

Әрине, шөптің шығуы былтырғы жылдармен салыстырғанда  төмендеу. Дейтұрғанмен осы жұмысты ұйымдастырып, облыс аудандары бүгінгі таңға белгіленген мал азығының 90 пайыздайын дайындап үлгерді. Атап айтатын болсақ, ең көп мал азығын дайындап, жоспарларын артығымен орындап, Қобда, Ырғыз, Байғанин, Шалқар, Мұғалжар, Темір сияқты аудандар жоғарғы нәтижеге жетіп отыр. Мал азығын дайындау науқаны аудандарда әлі де жалғасуда.

— Өзге өңірлерден мал азығын дайындап жатқан шаруашылықтар бар ма?

— Ақтөбе қаласында, Алға ауданында  ондай жағдайлар бар. Соңғы аталған ауданда өткен жылы «Ак-теп» деген үлкен мал бордақылау алаңы ашылған еді. Сол  шөбі тәуірлеу Қобда ауданының Қиыл өңірінен пішен дайындап жатыр. Ақтөбе қаласының шаруашылықтары Бөгетсай жақтан, Ырғыз ауданынан мал азығын дайындауға шығып жатыр. Бұлардан да басқа шөбі молдау өңірлерден пішен дайындап жатқан, құнарлы жерлер қарастырып отырған  ұжымдар бар.

Осындай қам-қаракеттерге, қол жеткен нәтижелерге қарап,  мал қыстату науқанында біздің өңір биыл  қиналмайтын шығар деп ойлаймын.

— Мал азығы қандай әлеуметтік топтарға жеңілдіктермен беріледі? Пішеншілерге мемлекет тарапынан нендей көмек көрсетілді?

— Аз қамтылған отбасылары, ардагерлеріміз бар, оларға да жеңілдетілген бағамен шөп беру қарастырылуда.

Мемлекет тарапынан 1,5 мың тонна мал азығын дайындаушыларға арзандатылған, литрі  76 теңгеден жанар-жағармай берілді. Мысалға, ол кезде сол жанар-жағармайдың литрі  95 теңгеден болды, қазір 90 теңгеден. Ол да болса шөп дайындап жатқандарға көмек деп ойлаймын.

— Биылғыдай қуаңшылықтан соң, аймақтағы егіннің жағдайы қалай болып отыр?

— Егін шаруашылығы ойдағыдай емес. Аймақта әртараптандыру жүргізілгенін білесіздер. Мысалға бидай егісі бізде бұрын 88 пайызға дейін болса, соны биыл 75 пайызға дейін азайтып, оның орнына майлы дақылдар, мал азығына қажетті шөптер көлемін өсірдік, арпа ектік. Өйткені өңірде малдың басы өсіп келе жатыр. Аудандарға осындай бағыт беріліп, ол қолдау тапқан еді.  Өткенде де айттық, аймақтағы егістің шамамен 30-35 пайыздайының  жағдайы нашарлау болып тұр. Дегенмен адамның үміті үзілмейді, мүмкін, осы бір жетіде жауын-шашын болса, қалған егіннің кішкене дәні толысып, салмағы көтеріле ме деп те ойлаймыз. Жалпы, егістің қалған 60 пайызын қанағаттанарлық деп есептеуге болады. Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарының егіндері  жаман емес, орташа. Өкінішке орай, Әйтеке би ауданы туралы мұны айта алмаймыз. Мұнда 170 мың гектар егін егілген еді. Алға, Қобда аудандарындағы  бірқатар шаруашылықтардың  егістері де төмендеу.

— Қазір қара бидай егісі  орылып, бастырылуда. Басқа да дәнді дақылдарға орақ түскенін білеміз. Алғашқы қарқын, нәтиже қандай?

— Қобда ауданында қазір қара бидай егісінің әр гектарынан 4 центнерден өнім жиналуда. Мәртөкте қара бидай егісінің түсімі 5,5 центнерге жетті. Демек, бұл аудандардың аталған дақылдан тұқым құйып, артығын сатып, пайдасын көруге мүмкіншілігі бар деуге болады.

Арпа егісіне де бірен-саран оңтүстік аудандар бастап кірісіп жатыр. Бірақ түсім төмен, гектарына 2,5 центнерден айналуда.  Қарғалы, Мәртөк сияқты нағыз егін өсірумен шұғылданатын аудандар әлі орақты бастаған жоқ.

— Әйтеке би ауданында жағдай қалай?

— Бұл аудан астық жинауды әлі бастаған жоқ. Әрине, егіннің шығымын әңгімелегенде  технология мәселесін де айта кету керек. Ылғал сақтау технологиясын толық сақтап,  агротехниканы дұрыс пайдаланған шаруашылықтарға, ол өз көмегін тигізді. Ал енді дайындалмай, әйтеуір қолына түскен тұқымды шаша салған, себе салған шаруашылықтардың көрсеткіштері әлгілерге қарағанда әлдеқайда төмен болды.

— Қуаңшылыққа байланысты Үкімет тарапынан қандай жәрдем көрсетілуде?

— Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп біліп отырсыздар, Үкімет тарапынан да қуаңшылыққа байланысты шаралар алынуда.  Бұл жердегі саясат — нанның бағасын қымбаттатпау,  бірінші сортты бидай мен ұнның, нанның бағасын тұрақты ұстау болып отыр. Яғни, бір бөлке нанның бағасын  қазіргі уақыттағыдай 42-43 теңгеден асырмау қажет. Ол үшін Азық-түлік корпорациясы бізге биылғы жылы тоннасын 28 мың теңгеден астық бөліп жатыр. Біздің облысымыздың әкімі Қостанай облысына барып, сондай келісім-шарт жасасты. Биылғы 1 тамыздан бастап осы астық беріледі. Қазіргі кезде көріп отырсыздар, еш жерде нанның, ұнның  бағасы көтерілген жоқ. Біздер ұн тартатын үлкен диірмен, комбинаттармен тығыз байланыста жұмыс жасап, осының бәрін бақылап отырмыз. Бұл — Үкімет тарапынан бір жылға беріліп отырған жәрдем.

Алған несие, техникаға байланысты қарыздарды өтеу де кейінге ысырылуға тиіс. Үкімет тарапынан осындай жәрдем көрсетіледі.

— Қиыншылыққа байланысты малдың басы кеми ме?

— Осындай жағдайда да аналық малдың басын сақтап қалу көзделуде. Бұл жерде мен шаруашылық құрылымдарындағы мал туралы айтып отырмын. Ет бағытындағы аналық малға 15 мың теңгеден, сүт бағытындағы ірі қара малына 25 мың теңгеден ақша қаралып отыр. Бұл жерде жекенікі қосылмайтынын айта кеткен лазым.

Тағы бір мәселе жеммен қамтамасыз етуге байланысты. Бұл ретте де жеңілдіктер қаралады деп жатыр. Біз тізімдерін дайындап, нақты есептерін бердік.

Біздерде екі құс комбинаты, шошқа фермасы бар, оларға бөлек Азық-түлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген бағамен  жем бөлінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай жеңілдіктерді қарастырып жатыр.

— Аймақта өзімізге жететіндей  астық алудың мүмкіндігі жоқ па?

— Қазір болжап айту қиын… Соңғы егілген егіндер жаңбыр күтіп тұр. Алдыңғы егілген егіндердің жайы енді белгілі. Мысалға Әйтеке би ауданының көптеген шаруашылықтары кеш екті. Жаңбыр жауып жатса, өзгеріс жасауы мүмкін. Біз әлі де содан үміттеніп отырмыз.

— Біздің аймаққа қанша азық-түлік астығы керек?

— Бізге тұтынуға облысқа 135 мың тонна азық-түліктік бидай керек. Мұны Үкімет қазір шекті бағамен қарастырып жатыр. Биылғы жылы өзімізді астықпен толық қамтамасыз ете алмайтынымызды көріп отыр. Тұқымнан да жәрдем бермек, бірақ әзірге мөлшері белгісіз. Астықты орып қараймыз, сапасы, саны қандай болады дегендей.

— Өзге аймақтарда егіннің шығымы қалай?

— Қуаңшылық бар жерге де зардабын тигізді.  Батыс Қазақстанда да жағдай төмен. Қостанайдың бергі бетінде де қиын…

— Шегірткенің егінге қандай зияны болды?

— Шегірткеден пәлендей зиян болды деп айта алмаймын. 318 мың гектарға улау жұмыстары жүрді. Үйірлі шегірткеге  республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді, саяқ шегірткеге жергілікті бюджеттен қаржы қаралды. Келесі жылға дайындық жүріп жатыр. Қазірдің өзінде болжап отырмыз, келесі жылы шегіртке болады. Мәселе сол кезде жұмысты дұрыс ұйымдастыруда болып отыр.

— Жалпы аудан, ауыл қысқа жақсы дайындықпен баратынына сенімді ғой?

— Аудандардың басшылары, мамандары  шөп жетеді, қыстан малды аман алып шығамыз деп сендіріп отыр. Бұған негіз бар!

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button