Әлеумет

Ораза кезіндегі әңгімелер

«Садақаның жетпістен астам түрі бар, соның бірі — жылы сөз»

Ақтөбелік Зейнеш Сәлмен 1996 жылдан бері ораза ұстап келеді.

Бұрын ұстаздық еткен Зейнеш апай қазір қазақ мақал-мәтелдерінің Құран аяттарымен және Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың нұры жаусын!) хадистерімен үндестігі төңірегінде ізденіп жүр.

Мен әжемнің намаз оқып, ораза ұстағанын көріп өстім. Кішкентайымда бір қызық оқиға да болғаны бар. 1952 жыл еді. Жаздың ыстық күнінде әжемнің қараңғы бөлмеде аппақ матаға оранып, көзін жұмып жатқанын көріп, қорқып кетіп, далаға атып шықтым. «Әжем өлгелі жатыр» — деп шырылдаппын. Сөйтсем, бұл Рамазан айының іші екен. Ол тұста әжемнің жасы жетпіске жақындап қалған. Үлкен адам ғой: шілденің қайнаған ыстығына қарамай ораза ұстаған соң, шаршап әрі шөлдеп, ақ матаны сулап алып, көлеңкеде тынығып жатыпты. Ал мен көршілерді дүрліктіріп жүрмін… Әкем де дінге жақын адам еді. Әрине, әжем секілді ораза ұстап, намазын үзбей оқуға оның мүмкіндігі болмады. Бірақ әрдайым маған: «Балам, бір құдіретті күштің барын түбі түсінетін боласың» — деп отыратын. Кейде әкем жасырынып, түн ішінде намаз да оқитын. Мен әжем мен әкем туралы текке айтып отырған жоқпын. «Атам мешіт ұстаған, қажыға барған» — деп мақтанатындар көп. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы соғыстан көз ашпады, елінің, жерінің азаттығы үшін күресті, сөйте жүріп, ораза-намазын үзбеген. Дініне берік болған. Ал бүгінде бұған біріміз: «Міне, атам сондай болған!» — деп, құр ғана кеуде қақсақ, екінші біреулер, әсіресе, жасырынып намаз оқыған ата-әжені көрмеген жастар жағы: «Қазақтар дінді дұрыс ұстанбаған, ислам шарттарына салдыр-салақ қараған» — деген адам сенгісіз әңгімеге сеніп жүр. Біз ата-әжелеріміздің дінге деген адалдығын үлгі тұтуымыз керек. Халқымыздың дінге деген адалдығы, сенімі ауыз әдебиетінде де жатыр. Осыны ғылыми тұрғыдан зерттейтін жастар шықса деп тілеймін, — дейді Зейнеш апай.

«Халқымыздың дінге деген адалдығы, сенімі ауыз әдебиетінде де жатыр» — деген пікіріңізді жалғасаңыз?

— Қолыма 2006 жылы Алматыдағы «Көшпенділер» баспасынан шыққан Смайлова деген автордың «Қазақтың мақал-мәтелдері» деген кітабы түскен еді. Мұндағы мақал-мәтелдердің Құран аяттарымен, хадистермен үндестігі маған үлкен ой салды. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында Кеңес өкіметі қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін, ақын-жырауларымыздың шығармаларын жан-жақтан жинап, әбден сүзгіден өткізіп, көптеген жыр-дастандарға, ақындардың туындыларына тыйым салған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, сол тыйым салынған дүниелерге көз жіберсек, көпшілігі — Құранға, дінге негізделген шығармалар. Мысалы, Құрандағы пайғамбарлар тарихы үлкен жыр-дастандарға өзек болған. Ал мүлде жойылып кеткен дүниелер қаншама? Шын мәнінде, бұрынғы ақын-жырауларымыздың шығармашылығы, би-шешендеріміздің асыл сөздері Құранның, хадистердің халыққа ұғынықты тілде айтылып-таратылған аудармасы сынды әсер етеді.

Өкінішке орай, теріс ағымдарда жүрген жастарымыз ауыз әдебиетін, жыр-дастандарды, Әбубәкір Кердері сынды ислам дінінің жыршысы болған ақындардың шығармаларын оқымайды. Олар орысша сайттар мен орыс тіліндегі кітаптарды ғана оқиды.

Әрине, жаман қылып, құбыжық қылып көрсетейін десе, қай нәрсе де бұрмаланады. Дінсіздер иманды, сенімді де мазақ етеді. Сол сияқты біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін сан-саққа жүгіртетіндер бар. Мысалы, Құранда қайтыс болған адамды тезірек жерлеу керек делінген. Бірақ қайтыс болған адамды нақ сол күні жерлеу керек деген мағынаны бере ме? Араб елдерінде күн өте ыстық. Өлген адамның денесін ұзақ ұстау мүмкін емес. Сол себепті ол жақта қайтыс болған адам тез арада жерленеді. Ал қазақтың жері кең, халқымыз туыстық, бауырмалдық қатынастарға үлкен мән береді. Сондықтан марқұмның алыстан келетін туыстарын күтіп, жерлеу рәсімін бірер күн аялдатады. Міне, осындай, жер жағдайына, ел жағдайына байланысты әр халықтың өзіндік ерекшеліктеріне бұрынғы ислам ғалымдары кінә қоймаған, керісінше, құрметпен қараған. Осыған ден қою керек.

— Бақыт дегенді Сіз қалай түсінесіз?

— Жаратқан Алланың адам баласына берген нығметтері шексіз. Сан түрлі қуаныш бар. Соның бірі — күнәсіз өткен күн. Мен осыны есте ұстауға тырысамын.

— Адамдар бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бағалайсыз?

— «Садақаның жетпістен астам түрі бар, соның бірі — жылы сөз» — деген. Шын көңілімен жақсы сөз айтып, жылы жүз, ақ пейілімен айналасына шуақ шашып жүретін жандарға жақын болғым келеді.

— Жастар туралы түрлі пікір айтылады. Бірақ кінәлаудан бұрын, тәрбиені ойлау керек қой. Бұл тұрғыда Сіздің үлесіңіз?..

— Әсіресе, келіндер тәрбиесі мені қатты толғандырады. Келін — ұрпақтың анасы. Шаңырақтың, әулеттің берекесі, сыйластығы — келіннің қолында. Алдағы уақытта жас келіндерге арналған«Сырласу» клубын ұйымдастырғым келеді. Бұл тұрғыда облыстық «Руханият» музейімен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Неміс ғалымдары ораза туралы

Төменде неміс жұртының әлемге әйгілі «Р.М.» журналында жарияланып, батыстықтарды  ойландырған  «Оразаның пайдасы» атты зерттеу мақаланы оқисыздар. Неміс зерттеушілері осы еңбектен кейін оразаны екі-ақ сөзбен «Пышақсыз операция» деп атаған екен.

Зерттеуші Жозеф Чепач ораза туралы мақала жазу үшін 1 айдан астам уақыт ораза ұстап көрген.

Оның пікірінше,  ораза Ислам мемлекеттерінен тысқары елдерде де өте тез тарауда. Бұл тақырыпты көптеген ғалымдар зерттеуде әрі аурулардың алдын алу үшін науқастарға ораза ұстау керектігін айтатын дәрігерлердің саны да күн өткен сайын көбейе түсуде.

Жозеф Чепач мынандай деректер келдіреді: Қазір Германияның 29 клиникасында науқастарға ораза арқылы ем жасалынады екен. Ораза көптеген аурулардың алдын алумен  қатар артық салмақтың да болмауына көмектеседі. Оразаны зерттеуші ретінде танылған доктор Гельмут Лацнердің айтуынша, ораза – денедені көп жылдар бойы сақталып қалған улы, артық лас нәрселерден арылтудың ең табиғи жолы екен.

Жозеф Чепач бұл мақаланы жазбай тұрып алғашында 10 күн, кейіннен 25 күн бойы ораза ұстаған. Зерттеу нәтижесінде мыналарға анық көз жеткізген:

1) Ораза ұстаған кісі өзін аш сезінбейді.

2) Ораза дене мен  ойдың сезімталдығын арттыра түседі.

3) Ораза адамның дене бітімін бір қалыпта сақтайды.

4) Ораза ұстау барысында артық салмақтан арылуды ғана көздемей, оның рухани, ішкі әсерін де білгім келді. Өйткені, тамақтанудың адамның дене мен рухына да қатар  әсер ететінін білгендіктен, одан қорғанған кезде ой мен рухтың тазаратындығына сене түстім.

Ораза тек қана адамға емес, бүкіл жан-жануарларға да тән. Апталар бойы, немесе айлар бойы аш жүру — әрбір аңда болып тұратын құбылыс.

Дәл қазіргі таңда көптеген дамыған мемлекеттер аса тоқшылықта  өмір сүруде. Осы тоқшылыққа әбден үйреніп алғандықтан, аз ашығуға аса қиналады. Бұл мемлекеттерде шамадан тыс көп тамақтанудың салдарынан ауру түрлері күн өткен сайын көбеюде.

«Діни мерекелердің рухани дәмін сезіну үшін ораза ұстап дайындалу керек» деген психолог Журген Вом Шейд тағы бір сөзінде:

«Ораза ұстамаған адам оразадағы жасырын, сырлы қасиеттерді біле алмайды. Яғни адам дүниеге салынған сайын, руханияттың дәмін де сезбейді» дейді.

Оразаның тағы бір түрі – аңдардың ұстайтын оразалары. Сырқаттанған не қатты жараланған аңдар ішіп-жеуді сап тыяды. Денеге қауіп төнгенде, ол ас қорытумен айналысқысы келмейді. Өйткені, дененің жинаған энергиясының үштен бірі тамаққа жұмсалады. Сондықтан да энергияны өз бойынан алып, бар күшін ауруға қарсы бағыттайды.

Оразаның ұмытылған ерекшеліктерін батыстықтарға қайта ескертуде айтарлықтай үлкен үлесі бар доктор Отто Бачингер (Otto Buchinger 1882-1970) «Шипалы ораза» атты кітабында қатты бір ауруға шалдыққанда өзінің ораза ұстағандығын жазған.

Буын ревматизміне ұрынған Бачингер ауруы артқан сайын бұлшық еттерінің суалғанын, бауыры ісіп, өтінің қайта-қайта асқынғанын көргенде ораза ұстай бастаған.

Бачингер ең озық неміс маманы Густав Риедлдың бақылауымен ораза ұстап, ауруынан құлан-таза айыққан.

Доктор Бачингер он мыңдаған ауруларға жүргізген зерттеуін былай қорытындылайды: «Дене қызуын түсіруден бастап ораза мың да бір ауруға ем. Ораза — пышақты қажет етпейтін операция».

Психолог Журген Вом Шейд бұл жайлы былай дейді:

«Өзін әр нәрсеге әбден тәуелді қылып тастағандар үшін ораза аса маңызды. Ораза кезінде олар өздерін еркін сезінеді. Сонымен қатар, ораза арқылы небір ауруларды, нашақорлар мен араққа салынғандарды да психотерапевт жолымен емдеуге болады».

Сонымен, Жозеф Чепач ораза барысында ой мен рухта мыналарға көз жеткізген:

1) Ораза барысында бар зейінімді толықтай бір нүктеге жинақтай алдым.

2) Денеммен мен қоса ойлау, сезіну қабілетім арта түсті.

3) Күнделікті бойкүйездіктен арылдым. Тырысқақтығымның азайғанына куә болдым.

4) Велосипедке міну, жаяу жүру секілді жеңіл спорт түрлерінде денемде жеңілдік сезіндім.

Оразаны зерттеушілерден Хельга Бахлер ханым «аштық жариялау» мен «оразаның» арасындағы айырмашылықты былай атап көрсеткен:

«Екеуінің арасындағы бір ғана ерекшелік – ол адамның ниетінде. Ораза – өз қалауыңмен болатын іс. Ал, аштық жариялау болса, бір нәрсеге көңіл толмаушылықтан, қатты ашуланудан барып туындайды. Ашулану мен ерегес салдарынан асқазан  оксид бөледі, ал, бұл   оксид болса қарынды қатты аштырады. Сондықтан да, ораза ұстаған кісі аштықтықты сезінбейді де, аштық жариялағанның қарны тез ашады».

Доктор Гельмут Лацнер «Оразаның арқасында жаңа туғандаймын» деген кітабында:

«Ораза ұстаушының  ашығу кездері – оның емделу сеанстарына ұқсайды, дейді. Бұл кездер – зиянды нәрселердің бірте-бірте денеден ажыратыла бастаған сәттері. Ораза кезінде кейбіреулерде кездесетін ауыз бен тер иістері осы зиянды нәрселердің денеден сыртқа шығуы».

Доктор Гельмут Лацнер сөзін былайша жалғастырады:

«Мынандай пайдаларын  білгеннен кейін ораза ұстаудың қасиетін ұғына түсеріңіз анық:

— Рухани өсу;

— Еске түсіру қабілетіңіздің жоғарылауы;

— Өзіңізге деген сенімнің күшеюі».

 Е.ЖОЛАУШЫ.

 muslim.kz  сайтынан

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button