Әлеумет

Көш тоқтамайды

Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Биыл сәуір айында Үкімет бұл қаулыны кері қайтарып алды. Осыған сәйкес оралмандарға берілетін квота белгілі бір мерзімге дейін тоқтатылды. Қандастарымызды алаңдататыны: «Мемлекет қолдау көрсетіп, оралман ретінде квота бөліне ме?». Осы және көші-қон жөніндегі өзге де сауалдарға «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Базарбай Иманов жауап береді. 

Үкімет қаулыны кері қайтарып алғанын естігенде квота күтіп жүрген қандастарымыздың біраз әбігерге түсіп, абыржығаны рас. Дегенмен, көш тоқтап қалмайды. Квота уақытша тоқтап тұр. Сондықтан, қандастарымызды сол уақытты сабырмен күтуге шақырамын, — дейді Базарбай Нұрғалиұлы.

1999 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шет елден  келген қандастарға квота  тағайындалған болатын. Сол жылы Ақтөбе жері де

алғашқы көшті қарсы алды. Қазір біздің облыста 40 мыңға жуық оралман бар. Биылғы жылдың І тоқсанында облыстық көші-қон полициясында 4 350 шетел азаматы тіркелді, олардың 2 027-і — алыс шет елдерден, 2 323-і – ТДМ мемлекеттерінен келген. Ал жарты жылдың ішінде біздің облысқа 133 қазақ отбасы қоныс аударды. 600 адам «оралман» мәртебесін алды. Елге көш түзегендердің басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркіменстан мен Моңғолиядан келген.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 23-бабына сәйкес оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне квота бойынша әлеуметтік көмектің жеңілдіктер, жәрдемақылар сияқты бірнеше түрі беріледі. Бұдан бөлек квотаға ие болған оралмандарға пәтер алуға қаржы беріледі немесе баспана салу, қалпына келтіру, сатып алу үшін жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады.

Ақтөбеге ат басын тіреген қандастардың тұрмысы түзеліп, ісі ілгері жылжуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылып, соның арқасында Хромтау ауданында «Көктау-2» ауылы бой түзеді. 2010-2011 жылдары Хромтау ауданына қарасты Көктау ауылында 92 отбасы қоныстанды. Бұдан бөлек 26 отбасыға үй бөлініп тұр. Мұндағы 300 тұрғын үй мен 600 орындық мектепке газ, су құбырлары тартылған. Ақтөбелік оралмандар мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығына риза, — дейді «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Маусым айынан бастап «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігі «Алаш» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жобаның мақсаты — оралмандарға бейімдеу қызметтерін көрсету, оларға әлеуметтік, экономикалық, құқықтық тұрғыдан қолдау көрсету, қорғау. Жоба жұмысы аясында оралмандардың өзекті мәселелерінің шешілу жолдары қарастырылады.

Қазірдің өзінде жоба бойынша біраз шаруа жасалып жатыр. Мысалы, Хромтау мен Мәртөк аудандарында қоныстанған қандастарға заң тұрғысынан кеңестер берілді.

«Алаш» жобасы тарихи отанына қайтып келген оралмандарға барынша қолдау жасау арқылы олардың жаңа мүмкіндіктерге ие болуына көмектеседі, — дейді Базарбай Иманов.  Ол шеттен көшіп келушілерді есепке тіркеу қиындық туғызатынын айтады.

Көшіп келгендерді келген бойда есепке тұрғызбайды. Соттылығын анықтау үшін шетелге, мысалы, Өзбекстанға сұраныс жібереді. Ол жақтан жауап 2-3 айсыз келмейді. Ал біз келген бойда яғни бір аптаның ішінде есепке тіркеп, азаматтығына құжат тапсыруға мүмкіндік беруді сұраймыз. Қазір Қазақстанға келген оралман соттылығына қатысты жауап келгенше 3-4 ай бойы бос жүреді. Одан соң оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы 1 ай тексереді. Сөйтіп, уақыт өте береді. Ал қандасымыз осы аралықта қарызға батады. Өйткені, оны еш жер жұмысқа алмайды, ешқандай жәрдемақы төленбейді. Квотасын қарызына өтейді, қалған ақшасы мардымсыз болып қалады, —  дейді Базарбай Иманов.

Көші-қон мәселесіне байланысты барлық сауалдарға «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігі жауап беруге дайын. Мекен жайы: Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылы, Сәтпаев көшесі, 10-үй. Байланыс телефоны: 98-65-64,  e-mail kazah_i_ya@mail.ru 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button