Әлеумет

Шетел тасымалдаушылары неге тайраңдайды?..

Былтыр 1 шілдеден бастап Кеден одағы өз жұмысын бастаған болатын. Биыл бір жыл толған Кеден одағы өз жұмысын одан әрі жандандыра түсті. Яғни, 1 шілдеден бастап Кеден одағының комиссиясын оның «мұрагері» Ресей, Беларусь және Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістігі ауыстырды. Мақсат — қатысушы мемлекеттер шекаралары арқылы тек тауарларды ғана емес, сонымен бірге қызметтерді, капиталдарды және жұмыс күшін ауыстыру еркіндігін қамтамасыз ету.

Кеден одағы аясында біздің облыс аумағында Қобда ауданындағы «Жиренқопа» мен қарсы беттегі Ресейдің «Первомайская», Әйтеке би ауданындағы «Союзный» мен қарсы беттегі Ресейдің «Союзный» кеден бекеттері жабылған-ды. Қазір кедендік аумақта тасымалданатын тауарлар кедендік транзит процедураларынан ғана өтіп, одаққа мүше елдер арасында емін-еркін тасымалданып жатыр.

Біздің өңірде жолаушыларды және багажды, жүктерді тасымалдау саласында, атап айтсақ, тасымалдаушылар тарапынан автомобиль көлігі саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау жүргізу міндеті Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау иснпекциясына жүктелген.

Осы инспекцияның автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің бастығы Амандық Зербаевтің айтуынша, Кеден одағына мүше елдердің бірінен екіншісінің аумағына кіретін автокөлік құралдары Кеден одағының ішкі шекараларында тексеруден өткізіледі.

— Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кеден бекеттері алынып тасталғаннан кейін шетел тасымалдаушылары тарапынан халықаралық келісім талаптарын бұзушылықтар жиілеп кетті. Мысалы, жыл басынан бері қарай жүктерді халықаралық тасымалдау барысында құқық бұзған шетел тасымалдаушыларына қатысты 247 әкімшілік іс қозғалып,  2 500 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, — дейді А.Зербаев.

Оның ішінде рұқсат қағазының болмағаны үшін 31 автокөлік жүргізушісі ұсталған. Ураинадан — 12, Түркиядан — 8, Белоруссиядан — 5, Ресейден — 4, Румыниядан — 1, Чехия мемлекеті бағытынан келе жатқан 1 автокөлік рұқсат қағазының болмағаны үшін ұсталған. Және 38 автокөлік иесі тахографы болмағаны, 41 көлік ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді арнайы рұқсатсыз тасымалдағаны үшін айып төледі.

Тауарлар негізінен Ресей, Украина, Түркия және Белорусь мемлекеттерінен көп тасымалданады. Деректерге қарағанда, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан негізінен, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары, минерал өнімдері, химиялық өнеркәсіп өнімдері әкелінеді екен.

Бұл жүк тасымалдаушылардың қатарында соңғы уақытта мерзімі өтіп кеткен рұқсат қағазымен жүрушілер көп деседі.

— Сондықтан, еліміз бен Ресей арасындағы шекарадан Қазақстан Республикасының аумағына қарай өтетін автокөлік құралдарының жүруіне жылжымалы көліктік бақылау бекеттері арқылы тәулік бойы бақылау жүргізу жолға қойылды, — дейді А.Зербаев.  Жылдың басынан бергі алты айда  бар болғаны 1028 көлік тексерілген. Бұл көрсеткіш аздау. Олай болатын себебі өңірлік инспекция құзырында тек төрт жылжымалы бақылау бекеті бар. Оның екеуі ғана республикалық жолдардағы жағдайды бақылайды, қалған екеуі облыс ішіндегі такси қызметтерінің жұмыстарын қадағалайды.

— Негізі аз. Бірақ, мұның барлығын қаражатқа келіп тіреледі. Орталық аппараттың алдында осыған байланысты мәселе көтердік, — дейді А.Зербаев.

Төрт жылжымалы бекет Самара-Шымкент автокөлік жолының Қобда, Хромтау бағыттарындағы жолдарын, Мәртөк ауданынан Ресей Федерациясына қарай Орынбор тас жолының бойын, облыс ішіндегі жолдарды қадағалайды. Рас, республикалық жолдарды қарайтын екі жылжымалы бекеттің барлық бағыттағы жолды бірден бақылауында ұстап тұруға мүмкіндігі жоқ. Негізінен шетелдік тасымалдаушылар көп жүретін жолдарға маңыз берілген. А.Зербаевтың айтуынша,  қазіргі уақытта шетел тасымалдаушылары негізінен Қобда, Мәртөк бағытындағы автокөлік жолдары бойымен көбірек жүреді.

… Қазір қаладағы айып тұрағында үшінші тараптан рұқсат құжаты болмағаны үшін ұсталған 18 автокөлік қаңтарылып тұр. Олар бұзған тәртібін жөндеп, айыппұл төлегенше осылай тұратын болады.

 М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button