«Ғасыр нұры» Ақтөбе қалалық мешіті қоғамдық қорының Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің облысымызда тұратын мүшелеріне ҮНДЕУІ
Құрметті ақтөбелік қажылар!
Алла күллі мұсылманға үмбетімнің айы деп жариялаған Рамазанда орындалатын, дұға-тілекке толы, сауабы мол, пенденің жан сарайына иман, ізгілік себезгілеген Ораза мүбәрак болсын!
Ел-халқымыз Жаратушының рақым-ризашылығына кенелсін!
Бәрімізге белгілі, облыс әкімі Мұхамбетов Архимед Бегежанұлының бастама-пәрменімен өткен ғасырдың басында салынған Ақтөбе мешітінің ғимаратын заманның талабына сай жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осынау игілікті, имани іске қалың бұқараның бетбұрысын ұйымдастыру шараларын жүргізудеміз. «Ғасыр нұры» қоғамдық қорының «Халық банкі» АҚ-нан есепшоты ашылды, облыс тұрғындарына үндеуі жарияланды.
Ел ұйғарған осындай игі істен Алланың дәргей-пәрменін мойындаған адам сырт қалмас деп ойлаймыз. Сіздер игі мұсылманның тәу етер тұғырлы мекені — Меккеге барып, қасиетті Қағбаны айналып, тәубә етіп, ғибадатты орындап келдіңіздер. Ресми деректерде Ақтөбе аймағы мұсылмандықтың кемел көрінісі, бесінші парызы — Қажылыққа барудан Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейінгі орында екені айтылады. Ендеше рухани дайындығы мол, жанарына ізгілік, жүрегіне иман ұялаған Сіздерді, қажылар қауымын, осы мешіт құрылысын насихаттауға, халықты жұмылдыруға, жамағаттың қадари-қалінше рухани-материалдық жағынан қолдауын ұйымдастыру ісіне атсалысуға шақырамыз. «Діни сенімі мықты елдің іргесі де мықты» деген лебіз бар. Шүкір, Ақтөбе облысы — дамуы жағынан да алда келе жатқан аймақ. Күмбезіне кие ұялаған, босағасына құт қонған Ақтөбе қалалық мешіті халқымызды жарасымды бірлікке, тату тірлікке шақырып тұратын ордаға айналсын! Сіздер Алланың нығметіне, халықтың құрметіне бөлене беріңіздер!
«Ғасыр нұры» Ақтөбе қалалық мешітінің қоғамдық қоры.



