СЕГІЗ ҒАСЫР САНАҒА СІҢГЕН КҮЙ

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген мақаласында: «Күй аңызы — әлі тексеріліп, ерекше жиналып зерттелмеген түрдің бірі. Бірақ қазақ халқының музыкалық фольклорын біліп, аңғарған адамның барлығына сыбызғы, қобыз, домбыра баян ететін көп күйлермен қатар, сол күйлердің ауызша айтылатын көркем, шебер әңгімесі болатыны мәлім» — деп жазыпты. Күй аңызы да ел, жер тарихының бір бөлшегі. Мысалы, аңыз «Ақсақ құлан» күйін Жошы Ұлысының бастауында тұрған әйгілі Жошы ханның өлімімен байланыстырады. Аңыз сан түрлі нұсқада айтылғанмен, бәрі де бұл күйдің о баста Жошының өлімін Шыңғыс ханға естірту үшін шығарылғанын жеткізеді.
Жошы — Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлының үлкені. Ол әкесі құрған империяның батыс бөлігіндегі алып аумақ — Дешті Қыпшақты еншіледі. Тарихшылар Жошы Ұлысының (немесе Ұлық Ұлыс, орыс тарихнамасында — Алтын Орда) өмір сүрген уақытын 1224-1459 жылдар аралығы деп көрсетеді. Қазақ хандары да осы Жошының тікелей ұрпағы екені баршаға белгілі. Қазақ жерінде, атап айтқанда, Жезқазған қаласынан 50 шақырым қашықта, Қаракеңгір өзенінің бойында Жошы ханның кесенесі де тұр.
Ғылымда Жошының шамамен 1225-1227 жылдардың бірінде қайтыс болғаны анықталған. Осыдан есептеп қарасақ, «Ақсақ құлан» күйінің қазақ даласында тартылып келе жатқанына 8 ғасыр уақыт толады екен.
Сегіз ғасыр дегеніміз — әлдеқашан тарихтың терең қойнауына айналған өте көп мерзім. «Ақсақ құлан» күйі — ата-бабаларымыздың заманалар бойы жанына азық етіп, сары алтындай сақтап, бүгінге дейін жеткізген асыл мұрасы.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, күйдің бастапқы аты «Ақсақ құлан, Жошы хан» болған. Бірақ кеңестік заманда цензураның жалаңдаған қылышына іліктірмей, күйдің өзін сақтап қалу үшін, оның атының бір бөлігін құрбан етуге тура келген. Сондай-ақ кейбір нұсқалары қазақ арасында «Естірту», «Жошының қазасын естірту» деген атпен де таралған.
«Ең шебер орындаушының бірі Қамбар Медетов еді»
«Ақсақ құлан» — кең таралған күй. Бұл күй Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс-
тық филиалының төрағасы Талап Хамзиннің репертуарында да бар.
— «Ақсақ құлан» күйін 1993-1994 жылдары үйрендім. Ол кезде қазіргі колледжіміз «Ақтөбе музыкалық училищесі» деп аталатын. Осында оқып жүріп, «Ақсақ құланды» Нұридин Омаров ағайымыздан үйренген едім. Содан бері репертуарымда бар, — деді ол.
Оның айтуынша, күйдің Әлмұрат Өтеғұлов, Рүстембек Омаров тартқан, Нұрғиса Тілендиев түсірген, т.б. көп нұсқасы бар.
— Әлмұрат Өтеғұлов — күйші Қамбар Медетовтің көзін көрген адам. «Ақсақ құлан» дегенде, ең бірінші Қамбар Медетовті айту керек. Ол осы күйді өте шебер орындаған. Өткен ғасырдың 20-жылдарының басында белгілі музыка зерттеу-
шісі Александр Затаевич «Ақсақ құлан» күйін осы Қамбардың орындауында жазып алып, өзінің еңбегіне енгізген. Кезінде бұл күй Қамбардың орындауында пластинкаға жазылып алынған деген дерек те айтылады, алайда ол сақталмаған. Өкінішке қарай, бізге жеткен жоқ. Қамбар Медетов —
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылуына атсалысқан тұлға. «Ақсақ құлан» күйінің ХХ ғасыр басында қайта жаңғырып, кең таралуына оның сіңірген еңбегі зор, — деді Талап Хамзин.
Ал Қамбардың өзі бұл күйді кімнен үйренген?
— Біріншіден, Қамбардың әкесі Ерғожа да өнерге жақын адам болды. Күй тартып, ән айтқан. Оны өнерге алдымен өзінің әкесі, әулеті баулыса керек. Екіншіден, Қазанғаппен замандас әйгілі күйші Үсен тө-
ре — Қамбардың қайын атасы. Үсен төре — өз заманында қазақтың күйшілік өнерін ілгері дамытуға үлес қосқан үлкен тұлға. Міне, Қамбар осындай мектептен өткен. Биыл Қамбар Медетовтің туғанына 125 жыл толады. Бұл мерейтойды атап өтуді жоспарлап отырмыз, — деді бізге Талап Хамзин.
Айта кетсек, Александр За-
таевичтің «Қазақтың 1000 әні» атты еңбегі ең алғаш 1925 жылы Орынборда жарық көрген. Өнер зерттеушісі Рүстем Нұркенов-
тің пікірінше, бұл еңбектің жарыққа шығуына ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ықпалы бар. Затаевич Орынборға 1920 жылы келген. Ал 1920-1925 жылдар аралығында Орынбор Қазақстанның астанасы болғаны белгілі. Осы тұста республиканың оқу-ағарту халық комиссары (қазіргіше министр) боп қызмет атқарған Ахмет Байтұрсынов Затаевичтің қазақтың ән-күйлерін жинақтауына көп көмек берген, естеліктерде тіпті кітап етіп шығаруға тапсырма бергені жөнінде де айтылады. Ал кітап республиканың сол кездегі үкіметі мен Затаевичтің арасындағы келісімшарт бойынша 1925 жылы Орынборда жарыққа шықты. Келісімшарттың жасалған уақыты — 1923 жылдың 17 қаңтары болса, бұл кезде Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, яғни қазіргіше үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин еді. Біздіңше, Рүстем Нұркенов-
тің: «Репрессия кезінде сотталып, атылып кеткен есімдер құжаттардан да өшірілетіні анық… Дегенмен басқа жерде жазылған естеліктер мен бұл мақалада келтірілген жанама дәлелдер негізінде. «Затаевичті ән мен күйімізді жинау-
ға, хаттауға, жасалған жұмыс-
тың қаламақысын беруге, да-
йын жинақты баспадан шығаруға көмектескен Ахмет пен Сәкен сынды бір топ азамат тұрды» деп сеніммен айтуға болады», —
деген сөзінің жаны бар. За-
таевичтің осы істі соңына дейін апаруын, жинақталған ән-күйдің ұрпаққа үлкен мұра еңбекке айналуын сол кездегі биліктегі қазақ зиялыларының бақылауда ұстағаны анық.
Затаевич осы еңбегін белгілі француз жазушысы Ромен Ролланға да ұсынады. Р.Роллан қаламгер ғана емес, музыка зерттеушісі ретінде де танымал еді. Ол еңбекпен танысып шыққаннан кейін, Затаевичке жолдаған хатында «Ақсақ құлан» күйіне қайран қалғанын айтыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күйді Затаевич Қамбар Медетовтің орындауында жазып алған еді. Өлкетанушы Зада Мұқашеваның дерегі бойынша, Қамбар музыка зерттеушісі, этнограф Затаевичке 22 ән-күй жаздырған.
Бір аңыз, үш тарау
Нақты тарихи оқиғаға негізделген «Ақсақ құлан» күйі, зерттеушілердің айтуынша, қазақ, қырғыз, өзбек, ноғай, қарақалпақ сынды түркі жұрттарына ортақ мұра. Әсіресе қазақ арасында күйдің өзі ғана емес, аңызы да түрлі нұсқада тараған.
— Мысалы, Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі, белгілі күйші Мұрат Өскенбаев бұл күйді үш тарау етіп тартқан екен. Біріншісінде аңшылық кезіндегі оқиға баяндалса, екінші күй — Жошының өлімін естірту күйі, ал үшіншісі «Айдаһармен арбасу» деп аталады, оның оқиғасы аңыздан гөрі ертегіге келеді. Яғни қаһарлы қаған ұлының өлімін өзіне естірткен адамның көмейіне қорғасын құйып жазалайтынын айтып жар салған ғой. Қаралы хабарды естіртпек болып келген күйшінің домбырасы бір кезде «Балаң өлді, Жошы хан» — деп күңіренеді. Сонда хан: «Мынау не айтып тұр, балаң өлді, Жошы хан деп тұр ғой», — дейді қаһарланып. Күйші еш абдырамай: «Тақсыр, балаңыздың өлгенін өз аузыңыз-
дан естіп тұрмын», — деп жа-
уап беріпті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Хан күйшіні өлтірмейді, бірақ домбырасымен бірге алыс үңгірдегі айдаһардың алдына апарып тастауға бұйрық береді. Күйші айдаһардың алдына келіп те күй тарта бастайды. Айдаһар күйшіні ұзақ тыңдап, соңында апанынан ат басындай алтын алып шығып, сый көрсеткен екен дейді. Мұнда, әрине, ертегілік сарын басым. Басты ниет — күйдің құдіретін дәріп-
теу, — дейді Талап Хамзин.
Оның айтуынша, Қамбардан кейін «Ақсақ құлан» күйін асқақтатқан, жаңғыртқан тұлғаның бірі — Нұрғиса Тілендиев.
— Өзі ғажап домбырашы әрі композитор Нұрғиса Тілендиев «Ақсақ құлан» күйін өте әсерлі орындайды. Ол күйдің жаңа орындаушылық нұсқасын жасаған. Бұл нұсқада күй тыңдау-
шыны бірден баурап әкетеді. Қазір осы Нұрғиса Тілендиев нұсқасы көп таралған, — деді.
Сондай-ақ ол бұл күйді Қаршыға Ахмедияров, Қошқарбек Тасбергеновтердің де шебер орындағанын жеткізді.
Ал күйдің Ахмет Жұбанов орындаған нұсқасы Ресей архивінен табылыпты. Бұл нұсқа 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жанғали Жүзбаевтың құрастыруымен жарық көрген «Ақсақ құлан. Кетбұға бидің күй-мұрасы» атты жинаққа енді.
Авторы кім?
Әрине, кеңестік заманда «Ақсақ құлан» күйі «Нар идірген», «Шыңырау», «Ақсақ аю», тағы да басқа халық күйлерінің қатарындағы туынды ретінде аталды.
Алайда кейінгі уақытта бұл күйдің авторы Кетбұға (Кетбұқа, Кетбұғы) жырау деген пікірді жиі оқимыз. Кеңес заманына дейін күйшілер оны Кетбұғаның күйі ретінде орындаған деседі. Сондай-ақ қырғыз арасында қомуз аспабымен орындалатын «Кет буканын куусү» атты туындыда да «Ақсақ құландағы» секілді «Балаң өлді, Жошы хан» деген сарын естіледі.
Дегенмен әзірге Кетбұға тұлғасына қатысты талас та бар: кей зерттеушілер оны Иранда билік құрған Құлағу ханның әскербасы, 1260 жылы Таяу Шығыстағы соғыста қаза тапқан Кетбұқа деп санаса, екіншілері мұнымен келіспейді. Олардың пікірінше, бұлар —
аттары ұқсас (немесе бірдей) екі бөлек тұлға. «Ақсақ құлан» күйін шығарған Кетбұға жырау, жыршы, күйші ретінде танылған, ал қолбасшылық қызметте болмаған. Бұл арасын зерттеушілер алдағы уақытта анықтайды деп үміттенеміз. Бірақ бұрынғы жырау-жыр-
шылардың күйшілік өнерді де қатар алып жүргені белгілі. Бұған дәлелді алыстан іздеудің керегі жоқ. Мысалы, баласы Момынның дерегіне сүйенсек, Нұрпейіс Байғанин де жыр мен күйге бірдей жүйрік болған.
Индира ӨТЕМІС.




