АДАЛ ҰРПАҚ — ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН КАПИТАЛЫ

Тәрбие
Жас ұрпақ — ел тірегі, ертеңіміздің берік кепілі. Бүгінгі ұстаздар алдында өз Отанын шексіз сүйетін, еліміздің болашағы мен оның гүлденуіне аянбай үлес қоса алатын білімді жеткіншектерді тәрбиелеу міндеті тұр.
Баланы қызықтыра отырып тәрбиелеу оқушының білім мен ғылымға деген құлшынысын арттырып, оның өркендеуіне аса қажет шығармашылық қабілетін ашады. Білім сапасы тікелей мұғалімнің кәсіби деңгейіне, білім дәрежесіне және үздіксіз ізденісіне байланысты. Ұстаз болашақ азаматтың тек білімін ғана емес, оның болмысын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Ол баланың санасына «өткізе алсаң, өтірік айтуға болады» деген түсінікті емес, «шындықпен жүру қиын болса да дұрыс» деген адал ұстанымды сіңіреді. Осындай тәрбие көріп өскен бала болашақта әділ шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті терең сезінетін азаматқа айналады.
Бұрын оқушы көбіне тыңдаушы әрі орындаушы рөлінде болса, бүгінгі таңда оны өздігінен білім іздейтін, ойлай алатын жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ерекше мән беру қажет.
Нағыз капитал — банктегі есепшот емес, адам жүрегіндегі адалдық. Ал сол адалдықты қалыптастыратын басты күш — ұстаз. Ұстаз тәрбиелеген адалдық ұлтты әлсіретпейді, керісінше, оны биікке жетелейді. Сондықтан ұлттың ең үлкен капиталы — ұстаз қалыптастырған адал ұрпақ.
Білім берумен қатар, тәрбиелі, адал азамат қалыптастыру — мұғалім мен ата-анаға ортақ әрі үлкен жауапкершілік. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген нақылсөзі осыны дәлелдей түседі. Елін, ұлтын, Отанын шексіз сүйетін жас ұрпақты тәрбиелей отырып, білімді саналы түрде бойына сіңіре алсақ, бұдан асқан бақыт жоқ.
Науат ТӨЛЕГЕНОВА,
№78 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.



