Басты жаңалықтар

«ӘННІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР…»

Ойтүрткі

Данагүл ҚАЗИХАН
«Ақтөбе»

Әу демейтін қазақ жоқ. Түбіне үңілсек, бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Мұнысы алдымен қазақ халқы табиғатынан дарынды екенін айтса, екінші жағынан, аузын ашқанның бәрі әнші емес дегенді білдірсе керек. Шынында да, қазір екінің бірі — әнші. Тіпті сахнаға шықпаса да, әлеуметтік желілер арқылы танылып жүрген жас әншілер көп. Олардың көбін халық танымайды, әндерін тыңдамаған. Дегенмен өздерін «жұлдыз» санайтындардың қатары күнен-күнге көбейіп барады…
Өзім ән тыңдағанды жақсы көремін. Әсіресе үй жинағанда, тамақ пісіргенде, көлік жүргізгенде, серуендегенде ән тыңдап, аздап қиялдағанды жаным сүйеді. Сондай кезде тыңдайтын ән таба алмай қиналатын сәттерім болады. Себебі қазіргі әндердің сөзінде мән-мағына жоқ. Әуені жақсы болғанымен, сөзі өте жеңіл-желпі жазылады. Оны кім жазғанын да ұқпайсың. Бүгінде елімізде әнін де, сөзін де өзі жазып, соны орындап немесе желіге шығаратындар көбейді. Өзін универсал сахнаға санайтын «өнер адамдарының» әндерін тыңдау мүмкін емес. Әуеніне мәз болып билегеніңмен, сөзі жүйкеңе тиеді.
Біз, журналистер, қашанда оқыған өлеңіміздің, тыңдаған әніміздің, көрген фильміміздің сөздеріне, мағынасына ерекше мән береміз ғой. Сондықтан қазіргі әндердің көбінің сөзі ұнамайды. Бірақ амал жоқ, «жоққа жүйрік жетпейдінің» кейпін киіп, кейде тыңдаймыз.
Ән тыңдағанда әркімнің талғамы болатыны сөзсіз. Дегенмен қазіргі зумерлердің (1997-2012 жылдарда туғандар) талғамы бізден әлдеқайда бөлек. Біз мектеп қабырғасында жүргенде Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сияқты танымал композиторлардың әнін жатқа айтатынбыз. Кейін студенттік жылдарда сол кездің «хитмені» болған жас әнші Қайрат Нұртастың орындауындағы «Арман» әнін жатқа айтатын болдық. Бұл әннің сөзі мен сазын жазған композитор — Бауыржан Есебаев. Сол сияқты «Музарт», «Жігіттер» тобының орындауындағы әуені де, сөзі де мағыналы, ерекше ритмдегі әндерді жаттап өстік. Ал қазір ше?
Қазір теледидар мен әлеуметтік желілерде тыңдармандарға «желі жұлдызына» айналғандардың әндері ұсынылады. Ән деген атауы болмаса, түк мағынасы жоқ. Әуені де өте жеңіл. Бірақ сол әндер жастарға өтімді. Оның қандай құдіреті барын білмедік. Мүмкін әлеуметтік желінің арқасында танымал болғанынан шығар?! Не десек те, қазір әндері хит болған жастар көбейді. Әрине, өнерге, сахнаға құлшынған жастарды көріп қуанасың. Дегенмен кез келген өнер адамында талғам, сапа, тәртіп, сахна мәдениеті болуы керек. Жоғарыда айтқандай, «әу» дегеннің бәрі әнші бола бере ме? Бұл да ой салатын дүние.
Әнші демекші, қай дәуірдің де өз әншісі, өз ақыны болады. Ән мен әншінің жақсы-жаманын уақыт көші өзі екшеп алады. Бұл орайда нотаға түсетін ән бөлек, фотоға түсетін ән бөлек. Халықтан асқан сыншы жоқ. Сондықтан мұндай әншілердің де дәуірі өтетін шығар деп ойлаймын. Не десек те, жақсы әнді тыңдап, жаның жайланғанға не жетсін!?
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, — деп Абай атамыз жырлағандай, көңілдің ажары — ән тыңдап жүрейік! Онда да халыққа даусымен, мәдениетімен, есті әндерімен танылған әншілердің өнерін тамашалайық!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button