ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

Дұрыс тамақтану — денсаулық негізі. Алайда көбіміз денсаулыққа немқұрайды қараймыз. Дәрігерлер тез дайындалатын тағамдардың зиян екенін айтса да, бүгінде үлкен де, кіші де фаст-фудқа үйір. Ал сол «ауырмайтын жолдың» ең дұрысы — иммунитетті көтеру. Ағзамыздың қорғанысы төмен болса, адам ауруға бейім келеді. Осы орайда халықаралық диетологтар ассоциациясы мүшесі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының аға оқытушысы, диетолог, ересектер және балалар нутрициологі Аймира Бекбауовамен сұхбаттасып, дәрігердің дұрыс тамақтану туралы кеңесін білген едік…

Таңғы ас құнарлы болуы керек
Диетолог әрі нутрициолог маман күнделікті ас мәзіріне көңіл бөлу қажеттігін айтады. Фаст-фудты көп жеген жағдайда семіздік қаупі де артады, өйткені оның құрамында көмірсулар көп. Сонымен қатар фаст-фудқа дәм, иіс күшейтуге арналған қоспа көп қосылады, ол аллергиялық дерттерді асқындырады. Сондықтан тұтынушы ас ішерде оның денсаулыққа қаншалықты әсері барын білуге тиіс дейді дәрігер.
— Қазір көп ата-ана балаларының тамаққа тәбетінің жоқтығын айтып шағымданады. Оның бір себебі — баланың уақытында тамақ ішпеуі, фаст-фудқа әуес болуы. Тез дайындалатын тағамдардың құрамында пайдалы компоненттер өте аз болғандықтан, бұл дәрумен жетіспеушілігі қаупін күшейтеді. Сондықтан отбасыңызбен бірге таңғы асты ішуді әдетке айналдырыңыз. Ол үшін «Сау тәрелке» ережесін қолдануыңызға болады. Ішетін астың сапалы, құнарлы болғанын қадағалаңыз. Тамағыңыздың 50 пайызы көкөніс болса, 25 пайызы ақуыз бен көмірсудан тұруға тиіс. Таңғы ас күні бойы сергек жүруге көмектеседі. Ұйқыдан тұра сала аш қарынға кофе ішу зат алмасу процесіне кері әсерін тигізеді. Әсіресе қан қысымы жоғары, өт жолдары ауыратындар кофеден бас тартқаны абзал. Себебі кофе ағзадағы дәрумендерді бойына сіңіріп, салдарынан адам лоқсып немесе басы ауруы мүмкін. Таңғы, түскі, кешкі ас ішудің арасындағы ұзақтық төрт-бес сағатты құрауға тиіс, — дейді диетолог.
Ересектер және балалар нутрициологі Аймира Бекбауова баланы гаджетке тәуелділіктен сақтандырып, оның орнына салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруды үйретуге баса назар аудару керегін айтады. Таза ауада серуендеп, отбасылық сейілдерді көбірек ұйымдастырған дұрыс. Мысалы, ауыл баласы шаң-топырақта аунап өскендіктен, олардың аурушаңдық деңгейі қала баласына қарағанда төменірек.
Оның айтуынша, егер адам көп ашуланып, күйзеліске түссе, белсенді қозғалыс болмаса асқазанында және қалқанша безінде өзгеріс болып, кейін түрлі ауру пайда болуы мүмкін. Күйзеліске бейім адамдар артық салмақ қосып алады.
— Бүгінде дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын сақтамаудың салдары семіздік, артық салмақ, қант диабеті сияқты ауруларға әкеліп соқтыруда. Ұйқының қанбауы — артық салмаққа әкелетін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан кешкі тамақтан соң серуендеп, ерте ұйықтауға тырысыңыз. Ұйқы бұзылса, гормоналды жүйеге әсер етіп, адам тез ашыға бастайды. Ондай кезде адамдардың тәтті жеуге тәбеті ашылады. Ал ұннан жасалатын тәтті тағамдардың құрамында көмірсу көп. Мұндай тағамдарға тез тойғанымызбен, ол ағзаға күш-қуат бермейді. Күнделікті тамақтану рационында ақ ұннан әзірленетін өнімдерді азайтып, оның орнына қара немесе екінші сорттағы ұнды пайдалануға болады. Буға пісірілген тағамдарды көбірек тұтынсақ, семіздіктің алдын ала аламыз. Артық салмақтың алдын алу үшін дәрумендерді де мөлшерімен қабылдауымыз керек, — дейді А.Бекбауова.
Диетолог кеңесі
Күнделікті тұтынып жүрген тағамдарда дәрумендер, минералдар және микроэлементтер бар. Оны бәріміз жақсы білеміз. Диетолог маманның пікіріне сүйенсек, дәріханаларда сататын дәрумендерді қабылдауға асықпай, денсаулыққа пайдалы өнімдерді тұтынған абзалырақ.
— Жидектер антиоксиданттарға, дәрумендерге, минералдарға және амин қышқылдарына бай. Әсіресе балаларға пайдалы. Ол иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Майлы балықтарда бүкіл ағзаға арналған бірінші нөмірлі қабынуға қарсы құрал омега-3 майлары, Е дәрумені бар. Жұмыртқа — ақуыздың көзі және ағзаға кальцийді сіңіруге көмектесетін D дәрумені бар тағамдардың бірі. Сондай-ақ жұмыртқа құрамында темір, А дәрумені және В тобындағы дәрумендердің көп мөлшері кездеседі. Апельсин, киви, қызыл және сары бұрыш, қызылшада С дәрумені бар. Жалпы, қанық түсті жеміс-жидектер антиоксиданттарға бай. Олар микробтармен күреседі. Дәрумендер — қарсы көрсеткіштері бар дәрі-дәрмектер. Олар көптеген жанама әсер тудыруы мүмкін, сондықтан оларды дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек, — дейді диетолог.
Нутрициологтің айтуынша, баланың да, ересек адамның да ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істеуі үшін ұйқыдан тұрғаннан кейін міндетті түрде бөлме температурасындағы бір кесе су ішу гастриттің алдын алады. Содан соң 15-20 минуттан кейін таңғы ас ішуге қамдану керек. Диетолог кешкі сағат 19.00-ге дейін кешкі асты ішіп болу ас қорыту жүйесіне түсетін ауырлықты төмендететінін айтады.
— Адамның ағзасы кешкі тамақты тез қорыта алмайды. Сондықтан асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алу үшін кешкі асты 18.00-19.00 аралығында ішкен жөн. Жатар алдында газдалған сусындар мен энергетиктерді ішпеңіз. Оның орнына айран, сүт, шұбат, қымыз ішкен пайдалырақ. Аталған өнімдер асқазан-ішек жолында тез сіңіп, иммунитетті күшейтеді. Ағарған өнімдер ағзамызды қабынудан қорғап, қуат береді. Ал сорпаның орнына коланы қолдану тіпті зиян. Жалпы бояғыштары бар жасанды сусындарда қанттың мөлшері көп болады. Кез келген адам салмағына қарай күніне 2-3 литр көлемінде су ішсе, қан қоюланбайды. Су жүрек-қан ауруларының алдын алып қана қоймай, терінің серпімділік қасиетін нығайтады, — дейді ол.
Диетологтің айтуынша, адамдар дұрыс тамақтанбайды. Ал оның салдары көптеген ауруды қоздырады. Сол себепті салмақты реттеудің оңтайлы жолы — тамақтану күнделігін жүргізу.
— Бүгінде күйбең тіршілікпен жүріп, дұрыс тамақтануға мән бермейміз. Өзіңді сергек, әрі тартымды сезіну үшін, ең алдымен, ас мәзірімізді жоспарлап алуымыз керек. Арнайы күнделік арнап, оған күнделікті қандай тамақты қанша мөлшерде жегеніңізді жазып отырыңыз. Бөлшектеп тамақтану ережесін ұстаныңыз. Кешкі тамақтан бас тарту — артық салмақтан арылудың ұтымды жолы. Сондай-ақ арықтататын дәрілерді сақтықпен пайдаланбасаңыз, оның пайдасынан гөрі зияны орасан. Тіпті әлеуметтік желіде жарнамасы дүркіреп тұрған кейбір препараттар адамды уақытша арықтатқанымен, одан бауыр мен бүйрек зардап шегеді. Ал «ашығу» диетасын диетологпен кеңескеннен кейін ғана жасаңыз. Себебі кей адамдар бірден арықтағысы келіп, денсаулығына кері әсерін тигізіп жатады. Маман ретінде ашығудан гөрі, дұрыс әрі құнарлы тамақтануға кеңес беремін, — дейді А.Бекбауова.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану мен уақтылы ұйқы біздің ұзақ әрі сапалы өмір сүруге ықпал етеді. Өз денсаулығын ойлайтын әрбір адам бұл қағидаларды сақтаса құба-құп.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



