АЛДЫН АЛУ ЗАҢДЫ БІЛУДЕН БАСТАЛАДЫ

Заң мен тәртіп
Ақтөбедегі дағдарыс орталығында «Заң мен тәртіп: қорғау, алдын алу, жауапкершілік» тақырыбында ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шара тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, қиын жағдайға тап келген әйелдерді құқықтық тұрғыдан сауаттандыру мақсатында «Заң мен тәртіп» республикалық акциясының аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге облыс әкімдігі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ризагүл Омарова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Аталған орталықта қазіргі күні тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға душар болған әйелдер мен олардың балалары тұрып жатыр.
Жиында әйелдерге қазіргі күні қолданыстағы заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетушілерге қандай әкімшілік және қылмыстық жаза қолданылатыны, жапа шеккен жағдайда психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек алу үшін қайда бару керегі, басқа да мәселелер бойынша заң талаптары түсіндірілді. Сонымен бірге мамандар олардың сұрақтарына да жауап берді.
Соңында қонақтар орталықтағы балаларға тәттілер ұсынды.
Айна САРЫБАЙ.



