Әбубәкір Кердерінің туғанына — 165 жыл

Кердері руынан шыққан белгілі ақын Әбубәкір Боранқұлұлының бейіті Алға ауданының аумағындағы Жабасай қорымында жатыр.
Ол 1861 жылы дүниеге келген. Зерттеушілер ақынның туған жері Батыс Қазақстанның Теректі өңірінде деп санайды. Алайда кейін түрлі жағдайға байланысты оның отбасы Ақтөбе жаққа келіп тұрақтаған. Әбубәкір
Орынбор, Троицк қалаларында мектеп, медреседе оқып білім алған. Орал, Орынбор, Жаманқала, Ақтөбе өңірлерінде бала оқытқан.
Шығармалары 1903 және 1905 жылдары Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасынан «Әдебиет қазақия, яки Әбубәкір молланың сөздері» деген атпен екі мәрте кітап болып шыққан. Өлең-толғаулары ел арасына да танымал болды.
Әбубәкір Кердері 1905 жылы өмірден өтті.
Оқырманға бүгін ақынның ұзақ толғау түріндегі шығармаларынан үзінділер ұсынып отырмыз.
Заманның опасыз халіне айтқан өлеңі
Жалған сөз азаматқа болды оңай,
Заман болды, халқым-ау, әлде қалай?
Сөйлемей тілің тістеп отырмасаң,
Аузыңнан жалғыз кәләм шыққан сөзің
Кезеді бір сағатта тоқсан тоғай.
Құдайым өзі сақтап отырмаса,
Болып тұр бұл замана судай ылай.
Кеуледі халықты өтірік, өсекпенен,
Кісі жоқ күнә қылған есеппенен.
Пенденің тілі жұмсақ, көңілі қатты —
Біреуді алдап-сулап жесек деген.
Ту алып, тұлпар мінген ерлерімді
Тосып жүр осы күнде есекпенен.
…Бұл күнде шоң асылдың базары жоқ,
Жүйріктен мәстек озды қамытқа тоқ.
Қартайды батырларым ашу жайлап,
Дұшпанға қылыш сілтеп, кезеген оқ.
Аузыңмен құс тістеген би де болсаң,
Басыңнан бақыт тайса, тарқайды топ.
Жігіттің аты шықпайды бақ қонбаса,
Кім қонар сай-салаға от болмаса?
Басады ерді қайғы топырақтай,
Мал, перзент, денсаулығы шат болмаса.
Осылар тегіс болса, орын табар,
Ере бер, қасиеті жоқ болмаса.
Би болмас, білгені елге жарамаса,
Пақырды, міскінменен жараласа.
Халалдың, харамменен шегін ашып,
Несі би, ғадыл тұрып қарамаса?
Ер жетпес мұратына талпынғанмен,
Әзелде бір Тәңірісі қаламаса.
Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Ағармас асылы арам жуғанменен.
Байқасаң, ажар басқа, ақыл басқа,
Пайда жоқ құр әдемі туғанменен.
Дос болмас сыртта жүріп мақтамаса,
Бір-бірін жамандықтан сақтамаса.
Бүгін тату болса да, ертең араз,
Достығы бүгінгінің тап-тамаша.
Бір-бірін қорықса сыйлайды бүгінгі адам,
Түсінер бұл сөзіме білімді адам.
Тілеуіңнің біреуі от, біреуі су,
Сөйледің екі түрлі тіліңді, адам.
«Тілі екеудің — діні екеу» деген сөз бар,
Аңдамай бұзып алма дініңді, адам.
Дау менен ер талабы сауда болды,
Түйеміз қатар-қатар арба болды.
Тар шалбар, қынамалы бешпет киіп,
Алхамды шала білген молда болды.
Шаруа, тамылжыған қазақ еді,
Мынау іс, байқап тұрсам, сорға болды.
Тар шалбар, бешпет шықты қынамалы,
Жігітке шапан киген ұнамады.
Сары жез самауыры тағы шықты,
Машина шүмегі бар бұрамалы.
Төсектен ерте тұрып, бас ауырса,
Бөтен ем шайдан басқа сұрамады.
Сол болды ауруының жаққан емі,
Халықтың бәрекелді тапқан емі.
Бір сиыр, бір мәстегі бар болса да,
Асылы, есінде жоқ малдың кемі.
Кәсіп жоқ, қарекет жоқ осы күні,
Тозуға жақындады жұрттың көбі…
Сырқау боп жатқанда айтқан өлеңі
Әуелі туғаннан соң бірге жеттім,
Еңбектеп екі жаста төрге жеттім.
Үш пенен төрт жасымда тілім шығып,
Шүлдірлеп ата-ананы ермек еттім.
Келген соң бес жасыма ойын білдім,
Ойыннан қалғанымды уайым білдім.
Алтыда балалармен асық атып,
Ойынның неше түрлі жайын білдім.
Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім,
Сегізде залал менен пайда білдім.
Айтса да бөтен қазақ жас бала деп,
Телегей өзімді өзім дария білдім.
Тоғызға толғаннан соң молда көрдім,
Атаның күшіменен зорға көрдім.
Үйреніп әліп-әбжат, әдеп-әркен,
Айналып келесі жыл онға келдім.
Оқуға он жасымда талап қылдым,
Ықыласпен оқыған соң сабақ білдім.
Сол жылы әптиек пен Құран шығып,
Ойынды қош айтысып, талақ қылдым.
Он бір мен он екіде түркі білдім,
Ғылымды зерек жанның мүлкі білдім.
Шығарған мүсәннәфтар назым қылып,
Түркіні тәмам тілдің көркі білдім.
Он үште араб көрдім, түркі танып,
Ойландым насихатты жадыма алып.
Молдамыз әр мағынадан жол көрсетіп,
Түсірді мұқтасарға алып барып.
Он төртте мұқтасарды араладым,
Әр баптан дәріс алып шамаладым.
Қарамай алды-артыма оқи бермей,
Қолыма қағаз алып, қараладым…
…Өткіздім жиырма бір, жиырма екі,
Жайылды Кіші жүзге сөзім шеті.
Тыңдаған азаматқа тілім дәрі,
Секілді арнап атқан қудың өті.
Жасадым жиырма үш, жиырма төрт,
Болса да тілім ұзын, көңілім мәрт.
Уәдеден бөтен жолға тайғаным жоқ,
Ойласып адамдармен байласам серт.
Жасадым жиырма бес, жиырма алты,
Алашқа өнерлі ердің шығар даңқы.
Іздесең ерлік те оңай, билік те оңай,
Жігіттің қабырғалы болса халқы.
Мен тұрмын жиырманың жетеуінде,
Жаманның жүргенім жоқ жетегінде.
Белгілі жақсыларға ой салысып,
Жаманның басы жүрді етегімде.
Көп еді маған құрмет қылған адам,
Тең-құрбы ортаға алып құрмалаған.
Дүние, қанша сені мақтасам да,
Түбінде баяны жоқ, сырғанаған.
Кім қалар өлшеулі өмір толған күні,
Кім жолдас көрде жалғыз қалған күні?
Білгіш деп қызыл тілім сонда айтармын,
Сайрасаң Мәңкүр-Нәңкүр сұраған күні.
Дүниеде нар көтермес жиған сөзің,
Тұрмайды бір мысқалға көмген күні.
Тіледім жатып-тұрып Жасағаннан,
Тілекке жаман сөзді қоса қалман.
Ауырып осы күні қуат кетіп,
Мұң болды аттануға босағамнан.
Аттауға босағамнан мұң болып тұр,
Жігерім пәни дүние құм болып тұр.
Келте емес, кезік емес, шешек емес,
Ауруды бұл секілді кім көріп тұр?
Мұң болды босағамнан аттануға,
Жайым жоқ бұрынғыдай мақтануға.
Алланың пәрменімен аққан дария,
Шара жоқ пәрмен болса тоқталуға.
Күн батса, атылмайды сарғайып таң,
Ойладым жатып-тұрып жаныма қам.
Айнадай жарқыраған айқын көңіл,
Осы күн басылып тұр, басқан соң шаң?
Тұруға ерінемін төсегімнен,
Сақтадың талай көрік, шешегіңнен.
Алладан зарлық қылып мен тілеймін:
«Бүгін күнім тәуір қыл кешегімнен».
Тілегім күннен-күнге артылады,
Қазынаң бермегенге тартылады.
Жар болған тарыққанда пірлерді айтып,
Күндіз-түн қызыл тілім шарқ ұрады.
Күндіз-түн шарқ ұрады қызыл тілім,
Болмай тұр саудағыдай ашық күнім.
Бір Құдай, жігіттікте қайғы салма,
Жасым бар жиырма жеті, тауық — жылым…
Табын досжан хазіретті жоқтап айтқаны
…Хазірет, ишандар көп әрбір жерде,
Досеке, Нұрпеке еді қазақ елде.
Досжандай Қашақұлы талап қылсын,
Дін үшін қызмет қылса әрбір пенде.
Досеке пірі болды Кіші жүздің,
Раушан нұры болды түсіміздің.
Барына уағыз айтып, басшы болды,
Дін үшін талап еткен кісіміздің.
Мағұлым, рух заты болды табын,
Дұғалы етті Құдай тіл мен жағын.
Дабысын екі жұртқа мәшһүр етіп,
Талабын келістіріп ашты бағын.
Табынның тайпасы еді шөміш,
Қауымның ортасынан тапты өріс.
Дүниеде бір нәрсеге мұқтаж болмай,
Дәреже, бақыт, ғылым — бітті тегіс…
…Шариғат, ғылым жолын бірден тапты,
Пірі еді, сұрасаңыз, Олдан атты.
Мүлейім қызметімен пірге жағып,
Рұқсат сол пірінен алды хатты.
Рұқсат пірден алып, болды ишан,
Сондай бол — ізгілікке жанды қисаң.
Мақсатқа әр пендені ұшыратар,
Сүйеніп бір Аллаға нәпсің тыйсаң.
Мұнан соң мешіт салды Қарашыңға,
Мың сегіз жүз елуінші жылдың шамасында.
Тасастау-Қайнар деген бір терең сай,
Мағұлым Қарашыңның арасында.
Құба жон мешіт салған өзі бұлақ,
Жамағат намаз оқып, етті тұрақ.
Халфе ұстап, бала оқытып көп жыл тұрды,
«Азаматтан із» деген, шәкірт құрап.
Жиналған шәкірт мыңдап бала болды,
Шұйықтап қарияға қала болды.
Қазаққа штат деген хабар тиіп,
Жылында алпыс сегіз хауа болды.
Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,
Штаттың хабарынан білмей қорқып.
Падишаның әміріне қарсы болмай,
Досеке бермен көшті мейлі тартып.
Ойылдың көшіп келді Шилісіне,
Асыл зат тәбәріктің мыйлысына.
Келген соң мешіт салып, ғылым ашты,
Құдайым жолықтырды игісіне.
Халфе ұстап, мешіт түзеп, ғылым ашты,
Батыннандыр жауһар білім ашты.
Салтанат, бақыт, дәулет бірдей қонып,
Келісіп біреуіне бірі ұласты.
Дәреже бірі ұласты біреуіне,
Жалғанның кім жараған тіреуіне?
Пенденің ісі нешік келіспесін,
Ерген соң Қызыр-Ілияс көмегіне.
Тәуекел еткен құлға Тәңірі көмек,
Дін күткен асыл пенде халыққа керек.
Секілді мешіт Ақши жай салдырды,
Бойына Шилісудың қонып бөлек.
Салынды дүние қажет тәмам бәрі,
Көбейді ғаскер болып жарандары.
Мешітке қызмет қылып жәрдем берді
Бес шүрен Майлыбайдың адамдары.
Мешітті таңғажайып салды оңдап,
Ұстаны Бірман атты алды таңдап.
Ойы мен зейіні артық шеберлерді
Қасына жүз шамалы қосты жалдап.
Бір жылда салып болды керегесін,
Қондырып кісі бойы терезесін.
Терезе алдынша, бөлмесі алты
Сөйлейтін құтты құдут дәрежесін.
Төбесі бөлме-бөлме іші бұрау,
Бағана асты-үстінен жоқ-ты тіреу.
Салдырған ақыреттік үйін сондай,
Лайық ишандарға барып түнеу.
Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,
Төбесін күмбез қылып бұрып қосқан.
Жүз шамның бір өзінде жарығы бар,
Бес жерден бес жүз сомдық қандел асқан.
Кеңдігі бес мың кісі жай тұрғандай,
Онан да қалып орын артылғандай.
Жарығы, хадис жазған нақыштары
Ішінде жұлдыз туып, ай тұрғандай.
Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,
Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.
Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,
Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен…
Хұжыра шәкірт жатқан жүз елу бар,
Үшбулары және басқа қонақжайдан.
Айтуға зейінімнің хатта жетпес,
Көргендер бейнесіне қалар қайран.
Мұнара және салған жарастырып,
Төбесін биік таумен таластырып.
Шығарды әрбір түрлі үлгілерді,
Наданға ғылымменен жол аштырып…
Баршасы үшбулардың пірім деді,
Хазірет ақылы дана, білімді еді.
Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,
Өзінен халықтың қамын бұрын жеді…



