Басты жаңалықтар

Ақтөбені дамыту үшін бірыңғай дизайн-код әзірленеді

Қала

Бұл дизайн-код қаланың сәулеттік келбетін сақтауға, оның тарихи және мәдени ерекшеліктерін айқындауға, сондай-ақ қалалық ортаны заманауи, қолайлы және тұрғындар үшін тартымды етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста қаланың сәулеттік келбетін жақсарту және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру шаралары талқыланды.

Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, өткен жылы аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: жаяу жүргіншілер жолдарына жаңа тас төсемелер төселді, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында биіктігі 3-5 метрлік ағаштар егілді, орталық көшелер жарықтандырылды.

Сондай-ақ демеушілер мен кәсіпкерлер есебінен 15 гүлзар мен саябақ салынып, қала тұрғындары үшін экологиялық әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Мобильді топтар қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірген 58 заңсыз сауда павильоны мен 211 жарнама құрылымын бұзды, сондай-ақ көпірлердегі қоршаулар мен қауіпсіздік жүйесін жаңарту жоспарланған.

Қала әкімінің айтуынша, 2026 жылғы 1 наурызға дейін қаланың даму жоспарына өзгерістер енгізу, атап айтқанда, ғимараттардың қасбетін жаңарту, қоғамдық кеңістікті абаттандыру, шағын сәулеттік нысандарға, навигацияға, жарықтандыруға және көше жиһазына арналған бірыңғай стандарт орнату, сондай-ақ ландшафтық дизайн жоспарын және көгалдандыру стандартын әзірлеу қажет. Астана қаласының тәжірибесі негізінде жасалған дизайн-кодты, көгалдандыру бағытындағы бастамаларды және қаланың брендбугін енгізудің тиімділігін түсіндірді.

Өңір басшысы Асхат Шахаров қала әкімдігіне барлық жаңа және қолданыстағы нысан үшін міндетті талап ретінде бірыңғай дизайн-кодты әзірлеп, бекітуді тапсырды. Құжат қаланың тұтас келбетін сақтауды, оның тарихи және сәулеттік ерекшеліктерін ескеруді және заманауи, жайлы әрі тартымды орта қалыптастыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Ақтөбенің сәулеттік келбетін жақсарту және бірыңғай дизайн-кодты енгізу —  сыртқы көріністі реттеу ғана емес, заманауи әрі жайлы қалалық орта құрудың құралы. Қалада бей-берекет жарнама, әртүрлі қасбеттер мен келісілмеген маңдайшалар болмауға тиіс. Дизайн-кодты енгізу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуі қажет: алдымен орталық көшелер мен қоғамдық кеңістік, кейін тұрғын аудандар. Сонымен қатар кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс ұйымдастырып, талаптарды орындаудың нақты мерзімдерін белгілеу қажет. Дизайн-код талаптарының сақталуын бақылау тұрақты сипатта болуға тиіс: жауапты құрылымды айқындау, талаптардың орындалуын жүйелі түрде мониторингтеу және тәжірибені аудан орталықтарына тарату қажет,— деді аймақ басшысы.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button