Мәдениет

Театр — тәрбие бесігі

Балауса

Ақтөбе қаласының білім бөліміне қарасты Балалар шығармашылық үйі жанынан құрылған «Өркен» жасөспірімдер театрына биыл бес жыл толды. Әртүрлі жастағы он екі жасөспірімді біріктірген бұл ұжымның жетекшісі — Гүлнәр Қалниязқызы. Ол өнер арқылы балалардың жан дүниесін байытып, сахна мәдениетін қалыптастыруға бар күш-жігерін арнап жүрген білікті маман.

Гүлнәр Қалниязқызы шәкірттерімен және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеп, қойылымды ұйымдастырушы, қоюшы әрі балалардың талантын ашушы ретінде үлкен еңбек атқаруда. «Өркен» театры қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

2025 жылы мамыр айында театр ұжымы «Супер финалға» қатысып, қомақты қаржылай жүлде алып,  балалар Алматы маңындағы Маралсайда демалып қайтты. Ақтөбелік өнерлі балалардың мәдени іс-шаралары қазір  бұл ұжымның қатысуынсыз өтпейді.

Осы ұжымның бір мүшесіЫрыс Орынтай— менің немерем. Ол актерлік шеберліктің қыр-сырын үйрене жүріп, бірнеше байқауда жүлделі орынға ие болды. 2023 жылы Алматы қаласында  Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған конкурста бас жүлдені иеленді. Балалардың өнерін жоғары бағалаған қазақстандық белгілі актер Шерхан Пірназар кейін Ырысты киноға түсуге шақырды. Былтыр сәуір айында немерем Шерхан Пірназардың «Jaryq cinema» актерлік мектебінің шәкірті  болды. Сөйтіп, мамыр айында анасымен  бірге Алматы қаласына барып,  төрт ай киноға түсуге  дайындалды.  Нәтижесінде бас продюсер Шерхан Пірназардың қолдауымен  «Ортақ тағдыр» атты фильмге түсті.

Театр балалардың тілін дамытып, ой-өрісін кеңейтеді, сахна мәдениетіне, әдемілікке, жауапкершілікке баулиды. Өзара сыйластық пен ашық қарым-қатынасқа үйретеді. Бұл — бала тұлғасын жан-жақты қалыптастыратын үлкен мектеп.Осы өнер жолында аянбай еңбек етіп жүрген Гүлнәр Қалниязқызына ата-ана ретінде алғысым шексіз. Денсаулығы мықты болып, еңбегінің жемісін көре берсін. Ұлт болашағы үшін қызмет етіп жүрген осындай жанашыр жандардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмасын.

Ұлсерік ҚҰЛМАНОВА,

                                                           Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button