Театр сахнасында жаңа қойылым


Жексенбі күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында А.Островскийдің әйгілі «Доходное место» комедиясы сахналанды. Қойылым бұған дейін былтыр 27-28 қараша күндері алғаш рет көрерменге жол тартқан болатын.
Спектакльде адалдықты өмірлік ұстанымына айналдарған жас жігіттің өмір жолы көрсетіледі. Ол әділ қызмет етуді қалайды, бірақ айналасынан пара мен танысқа сүйеніп, жеңіл жолмен мансап жасағысы келетін адамдарды көп кездестіреді. Қойылымда сол адалдық пен жеңіл өмір арасындағы таңдау, адамның ар-ұжданы сынға түскен сәттер ашық суреттеледі.
Бұл қойылым ең алғаш рет былтыр күзде сахналанған.Театр директорының орынбасары Жандос Еспанбетовтің сөзінше, ұжым репертуарына енген әр қойылым бес мәрте сахналанғанша премьера деп саналады.
Қойылымның режиссері — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жеңісбек Қалқабеков. Қоюшы-суретші — «Мәдениет қайраткері» атағының иегері Әсия Кұрманалина. Дыбыс режиссері — мәдениет саласының үздігіТимур Ерімбетов. Режиссердің көмекшісі — Татьяна Кинжибаева.
— Спектакльде барлығы 12 актер өнер көрсетті. Басты рөл — Жадов бейнесін театрдың жас актері Нариман Костыр сомдады. Ол кейіпкердің жан дүниесін, ар-ождан алдындағы күресін шынайы көрсете білді. Оны көрерменнің қошеметінен сезуге болады.
Спектакльді сахналауға шамамен үш айға жуық уақыт дайындық жүргізілген болатын. Премьераны көрермен өте жақсы қабылдап, екі күн қатарынан залда аншлаг болды, — деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі Жансая Дәулеткерей.
Айта кету керек, қаңтар айында театрда шамамен 15-ке жуық қойылым жоспарланған. Биыл қазақ труппасы өзінің 35-маусымын, ал орыс труппасы 61-маусымын өткізуде.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



