Жастар заңды біле жүрсін…


Ақтөбе қаласындағы №4 орта мектепте «Жастарға кеңес» жобасының аясында кездесу өтті.
Жоғары сынып оқушыларымен өткен жиынға құқық қорғау, прокуратура органдарының қызметкерлері, Ақтөбе қалалық жастар ресурстары орталығының маманы және ұстаздар қатысты. Мектеп директоры Әлібек Төлегенов оларды оқушыларға таныстырып, жиынның мақсаты туралы айтты.
Қалалық прокуратура қызметкері, аға прокурор Әсел Өтенова оқушыларды буллингке жол бермеуге шақырды.
— Елімізде азаматтардың, соның ішінде, әрине, балалар мен жасөспірімдердің де құқығы заңмен қорғалған. Ешкімді қорлауға, зәбір көрсетуге жол берілмейді. Буллинг жасаған балалармен қоса, ата-анасы да жауапқа тартылады. Өткен жылы 32 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды, — деді ол.
Ол буллингке жол берген жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заңда қандай жауапкершілік шаралары көзделгенін айтып, буллингтің түрлері жөнінде түсіндірді. Сондай-ақ басқаның тарапынан буллингке ұшыраған балалардың да өздерін қорғау үшін прокуратура органдарына жүгіне алатынын, бұл үшін барлық мектепке флаерлер таратылғанын айтты. Көрнекі жерге ілінген флаерлерде QR-кодтар бар. Сол арқылы оқушылар WhatsApp желісімен прокурорларға хабарласа алады.
— Флаерлер таратылғалы бері, оқушылардан түскен хабарламалар бар. Хабарламаны құпия түрде жазуға болады. Өздеріңізді қорқытуға, бопсалауға, зәбірлеуге жол бермеу керек, — деді Әсел Өтенова.
Облыстық полиция департаментіне қарасты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров балалар мен жастарды интернет арқылы «торуылдайтын» алаяқтардың айла-амалдары, олардан сақтану жолдары туралы әңгімеледі. Интернет, әлеуметтік желілер арқылы сауда-саттыққа үйір болудың, ата-анасымен өзінің жеке деректерін танымайтын адамдарға жолдаудың қауіпті екенін нақты мысалдармен түсіндірді.
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Гүлім Қайырова осы орталықтың жұмысы жайлы баяндап, ерікті болуға ниетті, басқа да бастамалары бар жасөспірімдерді өздерімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
А.САРЫБАЙ.



