Заң мен тәртіп

БЕЙСАУЫТ ЖҮРГЕН 25 ЖАСӨСПІРІМ АНЫҚТАЛДЫ

Қалалық жастар ресурстық орталығы құқық қорғау өкілдерімен бірлесе түнгі рейд ұйымдастырды. Ювеналды полиция бөлімшесінің өкілдері мен орталық мамандары ойын-сауық және тамақтану орындарын аралап, қауіпсіздік талабының сақталуын бақылады.

Бұл іс-шара кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді.
— Жасөспірімдер қылмысы ата-ананың бақылауынсыз жүрген балалардың қатысуымен болады. Осындай рейдтік іс-шарадан соң түнделетіп көше кезіп жүргендердің ата-анасына ескерту жасалды. Тәртіп сақшылары жастар көп жиналатын ойын-сауық орталықтарын, кафелер мен компьютерлік клубтарды аралады. Оған қоса орталық мамандары «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз, балалар» сияқты жедел алдын алу іс-шараларына атсалысып, құқық қорғау өкілдерімен бірге жұмыс істейді, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық.
Қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Аслан Жақсыбаевтың айтуынша, іс-шара барысында 40-қа жуық ойын-сауық орталығында рейдтік қадағалау жүргізілген.
— Түнгі рейд барысында құқықбұзушылық жасаған 25 жасөспірім анықталды. Ата-аналық міндетін орындамағаны үшін 21 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ түнгі уақытта ішімдік сатқаны үшін бір дүкен иесіне ескерту беріліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабының 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Бүгінде жасөспірімдер қылмысы мен оның алдын алу маңызды мәселеге айналды. Рейд кезінде түнімен көз ілмей, компьютерлік клубтарды жағалайтын жастардың аз емес екенін байқадық. Бүгінде қылмыстың дені бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлмейтін отбасыларда жиі кездеседі. Сондықтан осындай рейдтерге жиі шығып тұрамыз. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің келеңсіз оқиғаларға тап болуына тосқауыл қояды деп сенеміз, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button